Home » Жаңалықтар » Даулар мен жанжалдарды реттеу бойынша Татуластыру орталығы ашылады

Даулар мен жанжалдарды реттеу бойынша Татуластыру орталығы ашылады

Бүгін Ақмола облыстық соты және Ақмола облысының кәсіподақтар Орталығы арасында өзара әріптестік жөніндегі Меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ішкі саясат басқармасы.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Досжан Әміров және Ақмола облысының кәсіподақтар Орталығының төрағасы Қали Рахметов өзара әріптестік жөніндегі Меморандумға қол қойды.

Дауларды бейбіт түрде шешу және қоғамдағы даулардың деңгейін төмендету, Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» Стратегиясында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Рухани жаңғыру» бағдарламаларында қойылған тапсырмаларын орындау үшін халықтың еңбек және басқа да дауларды татуласу тәртібімен шешу мүмкіндіктерін арттыруға бағытталған біріккен іс-әрекеттер қабылдау мақсатында, облыстық сот және кәсіподақтар Орталығы даулар мен жанжалдарды реттеу бойынша тұрғындарға кешенді қызмет көрсету үшін Татуласу орталығын ашуға шешім қабылдады.

Сот және кәсіподақтар бірлестіктері қол қойылған Меморандумға сәйкес, Татуласу орталығының жұмысын ұйымдастыру мәселелері, халық арасында татуласу рәсімдері туралы насихат жүргізу, дауларды татуласу тәртібімен реттеу рәсімдері бойынша заңнаманы жетілдіру, медиаторларды оқыту және қызмет көрсету сапасын жетілдіру бойынша өзара әрекеттесетін болады. Тараптар татуластыру рәсімдерін және дауларды бейбіт жолмен шешу тәжірибесін дамыту бойынша, қажетті ақпараттармен алмасуға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қамтамасыз етуге, қоғамдағы даулардың деңгейін төмендетуге бағытталған бірлескен жобаларға қатысуға, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін жүзеге асыруды қамтамасыз етуге және басқа да бірлескен іс-шаралар өткізуді жоспарлады.

Ақмола облыстық сотының төрағасы Д. Әміров іс-шарада сөз сөйлей отырып, медиацияны кеңінен қолдану және дамытудың маңыздылығын түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, медиаторлардың қатысуымен соттарда қаралған істердің саны туралы статистикалық мәліметтер жөнінде айтып өтті.

Мәселен, Ақмола облысы соттарымен 2016 жылы медиация тәртібімен 3,3%, ал 2017 жылы – 7,4%, 2018 жылдың екі айында 12,1% қаралды.

«Дауды медиация тәртібімен реттеу туралы келісім жасаудың тараптарға тиімділігі олардың талап арыз беру кезінде мемлекеттік бюджетке төлеген мемлекеттік баж сомалары қайтарылады. Мысалы, 2016 жылы – 19 002 996 теңге, 2017 жылы – 94 102 392 тенге, ал 2018 жылдың екі айында – 5 797 493 теңге мемлекеттік баж талап қоюшыға қайтарылды» — деді төраға.

Д.Әміров медиация институтын одан әрі дамыту мақсатында еңбек даулары мен жанжалдарды шешу мәселелерінде, медиаторларды оқыту және татуластыру рәсімдерінің тиімділігі мен оны насихаттауда соттар мен кәсіподақ ұйымдарының бірлескен жұмыс атқарулары қажеттілігін атап өтіп, сонымен қатар, бастапқы бірлесіп жасалып жатқан іс-қимылдары үшін алғыс білдірді.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.