Home » Балабақша » САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ – «САМАЛДА!»

САЛАУАТТЫ ӨМІР САЛТЫ – «САМАЛДА!»

Астана қаласындағы №46 «Самал» санаториялық балабақшасы 2010 жылы іске қосылып, бүлдіршіндерге құшағын айқара ашқан болатын. Осы мектепалды мекемені 2012 жылдың қаңтар айынан бері білікті де білімді маман – Балауса Төлеуғалиқызы Қайырғалиева басқарып келеді.
Сегіз жылдық тарихы бар бұл мектепалды мекемесінде балалардың жас ерекшеліктеріне қарай құрылған топ бойынша 200-ге тарта бала тәрбиеленуде. Аталмыш балабақша жыл сайын жүзден астам бүлдіршінді мектеп табалдырығын аттауға шығарып салады.
Дана халқымыз бала тәрбиесіне көп көңіл бөлгені белгілі. Оның бойына рухани байлық пен адами қасиетті дарыта білу кез-келген адамның қолынан келмейтіні анық. Ол Б.Қайырғалиева сынды жүрегі мейірімге толы, балаға деген сүйіспеншілігі мен махаббаты шексіз мамандардың ғана атқара алатын ісі.
Балауса Төлеуғалиқызы өзі басшылыққа кіріскен кезден бастап балабақшаға қымыз терапиясын енгізіп, балалардың жылдам сауығуына мол мүмкіндік жасады.
Ағымдағы жылдың 26-сәуірінде Астана қаласы әкімдігінің №46 «Самал» санаториялық балабақшасы «Дәстүрден тыс әдіс-тәсілдер арқылы баланың денсаулығын нығайту» атты тақырыпта қалалық семинар-практикум өткізді.
Бүлдіршіндердің бақыт мекенін басқаратын Балауса Қайырғалиева семинар шымылдығын аша отырып, оны өткізудің мақсат-міндетін, балабақша қызметкерлері мен өскелең ұрпаққа берер пайдасын тілге тиек ете келе, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, балабақша саябағымен таныстырды.
Жер-Анаға көрік беріп, тыныс алып жүрген ауамызды жақсартып, тазартып тұратын тіршіліктің сәні ол – жасыл желекті белдеулер екені баршамызға аян. Дөңгеленген дүние дидары әр мезгілде адамзатқа әлдебір қуаныш, тыныштық, қуаныш сыйлайды. Айлы аспан астында, жеті қат жердің үстінде тамыр жайған табиғаттың адамға берері мол. Көңілді көлеңке басқанда да табиғаттан сая мен тыныштық іздейтініміз жасырын емес. Ал, біз табиғат үшін, адам ағзасының пайдасы үшін не істей аламыз?
Бұл сауалға Балауса ханымның сөзбен емес, іспен дәлелдер нәтижесі мол! Балабақша территориясының ауқымды жерін саябаққа айналдырып, оған «Астана саябағы» атауын бергеніне куә болған көпшілік басшы идеясы мен ұжым еңбегіне тәнті болды. Аталмыш балабақшаға басшылыққа келісімен бел буып, білек сыбана 46 шырша мен бірнеше емен, қарағай түптерін отырғызып, бүгінде кісі бойлайтын талдарды баққа айналдыру көптің қолынан келе бермес ауқымды шаруа екені хақ! Ботаникалық бақ аралағандай әсер алған көпшілік әрі қарай семинарға бет алды.
Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының кластер бағыты бойынша педагогтармен іс-тәжірибе алмасуды мақсат еткен аталмыш шараға Астана қаласындағы бірнеше балабақша меңгерушілері мен БАҚ өкілдері, атап айтсақ, «Балапан» телеарнасы, «Білім айнасы» газеті тілшілері, сондай-ақ, ата-аналар қауымы мен бүлдіршіндер қатысты.
Семинардың негізгі мақсаты — балалардың бойында қимыл-қозғалыс дағдылары мен ептілігін дамытудың дәстүрден тыс жолдарын оқыту мен тәрбиелеу процесінде енгізу болатын. Яғни, хабарламалар, слайд материалдары арқылы бала өмірін қорғау, денсаулығын сақтау мақсатында ата-аналармен бірлескен жұмыс түрлерін жүргізу. Салауатты өмір салты негіздеріне баулу.
Білім басқармасының мамандары, педагог-практиктер, әдіскерлер, мектепке дейінгі мекеме меңгерушілері қатысқан айтулы шара балабақшада өзара оқулар мен практикалық жұмыстар арқылы бала денсаулығын нығайтудың дәстүрден тыс әдістерін қолданудың тиімді жолдарын енгізуді мақсат еткен. Осы арқылы мектепке дейінгі мекемелер жұмысында дәстүрден тыс әдістерді тиімді қолдану білім беру нәтижелерін жоғарылатып, педагогтардың бала денсаулығын сақтау мен нығайтудағы құнды бағдарларын қалыптастырады.
Балабақшаның спорт нұсқаушысы Адгамова Светлана Александровнаның «Дені саудың тәні сау» атты көрме таныстырылымы қатысушылардың бой сергітуіне мүмкіндік берді. Сондай-ақ, «Использование здоровьесберегающих технологий на физкультурных занятиях» атты тақырыптағы баяндамасымен бөлісіп, слайд-презентация көрсетті.
Қатысушылар арасындағы «Тазалық – денсаулық кепілі» танымдық ойын көпшілікке көңіл-күй сыйлады.
Балабақша дәрігері Нұрасыл Кенжегүлдің «Ас –адамның арқауы» — дұрыс тамақтану жайлы баяндамасында ароматерапия, фито-шай жайлы кеңінен тың ақпараттар беріліп, қонақтар керемет шәйдің дәмін татты.
Баяндама «Спорттық жаттығулар арқылы бала белсенділігін арттыру» атты тақырыптағы Жумамуратов Ернар Аймирзаұлының баяндамасында қимыл-қозғалысы төмен балалармен күннің екінші жартысында жүргізілетін жаттығулар жан-жақты қамтылған. Баяндама барысында келген қонақтар тарапынан қойылған сауалдарға нақты жауап берді.
Бағдарлама бойынша балалар шығармашылығынан базарлық болды. Тәп-тәтті бүлдіршіндер тартымды тақпақтарын паш етті.
Тәуелсіз елде балғын балалықтың бал шырынын татып өсіп жатқан өскелең ұрпағымызға қарап, тәубе дестік.
Релаксациямен жалғасқан шара семинарға қатысушылардың пікір алмасуына ұласты.
Балауса Төлеуғалиқызы басшылық ететін балабақша ұжымы ұйымдастырған шарадан қатысушылардың көкейге түйгені көп болды.
Салауатты өмір салтын қалыптастыруға жетелеп, ұтымды шара ұйымдастырып, оны көпшілік назарына ұсынып, әріптестерімен бөліскен балабақша ұжымына жиналған қауым зор ризашылықтарын білдірді.
Шара барысында бірнеше балабақша меңгерушілері мен келген қонақтар өздерінің алған әсерлерімен бөлісе келе, «Самалдықтарға» толағай табыс, жемісті еңбек тіледі.
Балалар үшін барын жасап жатқан «Самалдың» қадамына біз де сәттіліктер тілеп қайттық.

  Гүлжазира ЕРТАСОВА,
“Білім айнасы” газетінің Бас редакторы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.