Home » Балабақша » ЖҰЛДЫЗЫҢ ЖОҒАРЫ БОЛСЫН, «ЖҰЛДЫЗ!»

ЖҰЛДЫЗЫҢ ЖОҒАРЫ БОЛСЫН, «ЖҰЛДЫЗ!»

«Қазіргі адамның ең үлкен  ашылуы –
физикалық және рухани жағынан жаңару қабілеті».
П. Брэгг.

Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы бүгінгі күні білім саласының басты нысанасына айналып отыр.
Ұлт көшбасшысының Жолдауында «Сапалы білім мен тәрбие беру – Қазақстан-ның мемлекеттік саясатының басымдылығы. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» деп айтылғандай, Астана қаласы Білім басқармасының жоспарына сәйкес ағымдағы жылдың 25 сәуірінде «Салауатты өмір салты» кластерінің аясында өтетін «Мектепке дейінгі жастағы балалардың салауатты өмір салты әдетін қалыптастыру» тақырыбында Астана қаласы № 28 «Жұлдыз» санаториялық балабақшасының ұйымдастыруымен кластер жұмысының жоспарына сәйкес семинар өткізілді.
Аталмыш балабақша 1964 жылы іске қосылып, бүлдіршін-дерге құшағын айқара ашқан болатын. Жарты ғасырдан астам уақыт бала денсаулығына шипа дарытып, еміне дәру, науқасына ем болған санаториялық балабақшаның республикамызда орны айрықша.
Бүгінде 140-тай бала тәрбиелеп отырған балабақшада бала ағзасына пайдалы барлық дәрумендермен қамтамасыз етілген азық-түліктерді аянып қалмаған. Атап айтсақ, тәулігіне 7 мезгіл тағам мен түрлі шөптен жасалған су және қымыз терапиясын қолдану арқылы баланың аттай шауып кетуіне өз септігін тигізуде.
Семинар мектепке дейінгі жастағы балалардың салауатты өмір салты әдетін қалыптастыру бойынша  серіктес балабақшалар педагогтары арасында тәжірибе алмасуды мақсат еткен.
Семинарға серіктес балабақшалардың меңгерушілері мен әдіскерлері, ата-аналар мен бүлдіршіндер қатысты.
№ 28 «Жұлдыз» санаториялық балабақша-сының меңгерушісі Кенжетай Сағындыққызы Жамалиева аталмыш семинар шымылдығын аша отырып, оны өткізудің мақсат-міндетін, балабақша қызметкерлері мен өскелең ұрпаққа берер пайдасын тілге тиек ете келе, балабақшаның алдағы жоспарларымен бөлісті.
Семинар барысында үйірме жетекшісі Жунусова Ж.Д. «Шағын туризм» атты тақырыптағы слайд- презентациясын көпшілік назарына ұсынды. Әрі қарай музыка жетекшісі Ержанова Ш.М. «Музыка оқу қызметінде логоритмика элементтерін қолдану» тақырыбындағы презентациясымен практикалық жұмысты жалғастырды.
Ал тәрбиеші Апраимова Р.Е. ересектер тобының орыс бөліміне «Дұрыс тамақтану туралы» викториналық сұрақтар ұйымдастырып, бүлдіршіндер тарапынан ұтымды жауап алып, қонақтарды тәнті етті.
Жумашева А.Б. өткізген «Иога элементтерін қолдану» атты  презентациялық жұмысы өзге балабақшаларға үлгі болды десек болады.
Иога жаттығулары тың серпін пен сергектік сыйлайтынына көз жеткіздік. Логопед тәрбиеші Б.Е. Токенованың «Балабақшада логопед жұмысында денсаулық сақтау технологиясын қолдану» атты педагогтармен өткізген шеберлік сыныбының пайдасы зор болды десек артық айтқандық емес.
Ал әдіскер Р.Т. Ищанованың «Мектепке дейінгі жастағы балалардың салауатты өмір салты  әдетін қалыптастыру» атты тақырыптағы педагогтармен «Іскерлік ойын» түрінде өткізген шеберлік сыныбының салмағы басым болды.
Ал психолог  М.М. Жаманованың «Мен өз жанұяма денсаулығымды сыйлаймын» атты психологиялық тренингі тыңнан түрен салғандай әсер қалдырғаны жасырын емес.
«Елім де тыныш,
Жерім де тыныш,
Көк туым тұғырынан таймасын!», – деп әуелете ән салған балғындардың өнері мен қызғалдақтай қыздардың биі көпшіліктің көңілін тағы бір серпілтіп тастады.  Тәуелсіз елде алаңсыз балалықтың бал шырынын татып өсіп жатқан өскелең ұрпағымызға қарап, тәубе дестік.
Балабақша бүлдіршіндерінің әуелете салған әсем әндері мен мың бұралған билерінен соң балабақша меңгерушісі Кенжетай Жамалиева мектепке дейінгі жастағы балалардың салауатты өмір салты әдетін қалыптастыру бағытында жүргізілген жұмыстарға тоқталып өтті.
Семинар соңы пікір алмасумен қорытындыланды. Педагогтардың біліктілігі мен білімін арттырып, мектеп жасына дейінгі балалардың жан-жақты дамуына мүмкіндік беретін айтулы шарадан қатысушылардың көңілге түйгені көп болды.
Тәуелсіз елімізде таудай жұмыс атқарып жатқан Кенжетай Сағындыққызы басшылық ететін ұжым қызметкерлеріне зор жетістік, баянды бақыт тілей отырып, біз де редакция тарапынан жұлдызың жоғары болсын, «Жұлдыз!» демекпіз!

Гүлжазира ЕРТАСОВА,
«Білім айнасы» газетінің Бас редакторы,
ҚР Журналистер одағының мүшесі,
Астана

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.