Home » Мақалалар » Рухани жаңғыру өзіңнен басталады

Рухани жаңғыру өзіңнен басталады

Тәуелсіздік алған ширек ғасырда экономика біршама дамыды, халықтың тұрмысы да түзелді. Қазақ елі біреуден ілгері, біреуден кейін болса да әйтеуір тыныштық пен молшылықта күн кешуде. Бірақ, замандастарымыздың көбі күнкөріс қамының, тән құмарының соңына түсіп кетіп, руханияттан алшақтай бастады. Азаматы жан азығын алмаған соң қоғамды түрлі індеттер меңдеп барады. Жалақорлық, жемқорлық, жағымпаздық, жеңілтектік, көзбояушылық, тасбауырлық… Ішімізден ірітіп, адамдықтан алыстатып бара жатқан қасиетсіздіктер осылар. Осының бәрінің ортасында өмір сүре жүріп мұндай істерге немқұрайлы қарайтынымыз қай-қайсымыздың да рухани дімкәс екенімізді көрсетеді. Сырқаттан айығу үшін рухани сілкініс керек. Мұны парықтап,санада салмақтаған кезде Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласының не себепті жазылғанын ұғына қоясыз.

Көп адам рухани жаңғыруды мемлекеттің өзі қабылдап,өзі жүзеге асыратын қатардағы көп бағдарламаның бірі деп ойлайтын секілді. Солай ойлағандықтан да жаңғыру үшін түрлі жобалар жасап, іс-шаралар ұйымдастыруды ләзім санайтындар баршылық. Мейлі, мемлекеттік органдар өздеріне жүктелген міндеттерді толық орындады-ақ делік. Елбасының еңбегінде айтылғандай, киелі орындардың картасы жасалып, оны кәрі-жасымыз аралапта шығармыз. Бірақ тамашалаған тарихи орындарымыз жанымызға қозғау салмаса, ол жердің киесін сезініп, іштей тазаруға ұмтылмасақ, бұл жай кезекті бір саяхат болып қалмай ма?! Әлемдегі үздік 100 оқулықтың қазақ тіліне аударылуы — керемет бастама! Алайда, балаларымызды кітапқұмар етіп тәрбиелей алмасақ, ертең ол жүз кітап та кітапханалардың шаң басқан сөрелерін толтыра түсуден өзгеге жарамай қалатынын ұмытпайық. Айтайын дегеніміз, әрбір адам, тіпті тұтас қоғам болып рухани кемелденуге ұмтылмасақ, бар жауапкершілікті биліктің мойнына артып қойып қарап отырсақ, бұл бағдарлама жаңғыруға бастамай, құр жаңғырық болып қала береді.

Өзін-өзі түзеуге ұмтылмаған адамды да, қоғамды да ешқандай билік те, заң да түзете алмайды. Ондай пендені Алла да түзу жолға салмайды. Өйткені, Жаратушы Иеміз жақсы мен жаманның арасындағы таңдауды өз еркімізге қалдырған. Бұл – қасиетті Құранда жазылған қағида.

Сөздің түйіні, Рухани жаңғыруды әркім өзінен бастау қажет. Ал,рухани жаңғыру дегеніміз ол — адалдық, әділдік, ішкі жан тазалығы. Айналаңызға зер салып қараңызшы, қайда барсаңыз өз ісін білмейтін мамандар, уәдеде тұрмайтын адамдар, сапасыз істелген жұмыстар, жөнделіп болмай жатып қайта тесілген жолдар, жарылған құбырлар, шашылған қоқыс… Сабақтан қашқан оқушылар,емтиханды ақшамен жапқан студенттер, жол ережесін бұзып, ұсталмай кеткеніне мақтанған көлік жүргізушілері, парақор полицей мен жемқор басшы… «Арым — жанымның садақасы» дейтін мәрт қазақтың елінде мұның бәрі неге қалыпты жағдайға айналып кетті?! Өйткені, бойымызда әлгі айтқан үш ізгі қасиет кеміді.

Бәріміз елде жемқорлық жайлап кеткені үшін билікті кінәлаймыз. Бірақ өзіміз қандай болсақ, біздің елдің билігі де сондай болып қала беретінін ұғынуымыз керек.

Ғасырдың ортасына қарай елімізде жемқорлықтан ада, әділетті, халықтың қамын ойлайтын билік орнасын десек, алдымен өзіміз адал болуға ұмтылайық. Істеп жүрген ісімізге, жалақы алатын мекемемізге, отбасымызға адал болайық. Кішкентай болсын ұрлықтан, қиянаттан аулақ тұрайық. Сол арқылы елмен жердің, арымыздың алдында адал бола аламыз.
Рухани жаңғыру деген осы, құрметті ағайын! Бұл істі өзіңіз қолға алмасаңыз, сіздің ішкі жан-дүниеңізді сырттан келіп ешқандай күш өзгерте алмайды. Ал, жақсы өмір сүру үшін, Елбасы айтқандай, өзгере білуіміз керек.

Макаева Айнұр Арқабайқызы,
ОҚО, Түлкібас ауданы, Састөбе ауылы,
А.Макаренко атындағы интернат тәрбиешісі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.