Home » Мақалалар » Рухани дүниені қайта жаңғырту арқылы балаларымызды тәрбиелейміз

Рухани дүниені қайта жаңғырту арқылы балаларымызды тәрбиелейміз

 

– Рухани жаңғыру жайы көптен бері ойда жүрген мәселе. Ғалымдар да, зиялы қауым өкілдері де әр сөзінде, мақалаларында, басқа да жерлерде айтып жүретін. Жалпы, бізге қазір керегі – ХХІ ғасырда рухани даму­дың жаңа парадигмасын жасау. Сол үшін нақты-нақты іс-шаралар керек. Шындығында, әлемдік дағдарыс болып, нарық экономикасына өтеміз, барлығын базар реттейді деп әуреленіп, біз руханиятты ұмытып бара жатырмыз. Руханият екінші сатыда қалып қойды. Дүниежүзілік дағдарыстың өзі содан.
Абай «Дүниенің көрінген сырын да, көрінбеген сырын да қатар игерген адам толық адам болады» дейді. Капиталистік мемлекеттер дүниенің көрінген сырын тезірек игеріп, байып, үстемдік жасап, руханиятты ұмытып кетті. Соның «жемісі» – дүниежүзілік дағдарыс. Соған қарағанда біз рухани дүниені қайта жаңғыртуымыз керек. Ол үшін сана психологиясы өзгеруі тиіс. Жай, күнделікті айтып жүрген мәселеден аулақ болу керек. Ол үшін еліміздің барлық азаматтары психологиясын өзгертуі тиіс.
Сондықтан да біз қазақтың ұлтжанды мықты ақын-жазушыларымыздың бізге қалдырып кеткен асыл мұраларын балабақшадан бастап жоғары оқу орындарына дейін насихаттауымыз қажет. Осы орайда мен балабақшадағы бүлдіршіндерге қазақ қайраткерлерін, батырларын насихаттауда ең бірінші орынға рухани жаңғыру бағдарламасына  сәйкес туған жерге тағзым етіп,  ҰОС-ның батыры Бауыржан Момышұлына тоқталар едім.
Балаларға қазақ батырлары деп Б.Момышұлы, Т.Бигелдинов, М.Мәметова, Ә.Молдағұлова, Қ.Қайсеновті нағыз ержүрек, мықты тұлғалар болған деп, бүлдіршіндердің бойына патриоттық тәлім-тәрбие беруге болады.
Бауыржан Момышұлы (1910-1982) — екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақ халқының дарынды жазушысы, халық қаһарманы, Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау мекенінің тумасы. Өзі батыр, өзі жазушы Бауыржан прозаларымен қатар, мән-мағынасы зор нақыл сөздерді мәдени мұра етіп қалдырды. Халқымызда: «Көш бастау қиын ба, ел бастау қиын ба, сөз бастау қиын ба?» — дейтін танымдық пайымдау бар. Бұл мағыналы аталы сөз Алаштың атақты батыры Бауыржан Момышұлы туралы айтылғандай… Өйткені Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы бұл қиындықтадың барлығын абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленген тұлға. Яғни сөздің қадірін білетін хас батыр, даңқты жазушы көптеген нақыл сөздері арқылы қазақтың қара домалақ бүлдіршіндері мен жалынды жастарын, тіпті орта жастағы ел ағаларымызды тәрбиелеп тұрғандай. Оның тәрбиелік мән-мағынасы зор нақыл сөздерін  Қайыржан Толғанай атты мектеп оқушысы қазақ мақал-мәтелдері мен өзінің мақал — мәтелдері және өзінің афоризмдері деп үш топқа бөлген. Ал нақыл сөздеріне келсек, олар әртүрлі тақырыпта жазылған. Ерлік пен жаужүректік, адам, өмір мен өлім, ел, отан, білім, ақыл, және ізгілік адамгершілік туралы, еңбек және бірлік туралы, ақиқат пен шындық жайында, халық пен ұлт, тіл және сөз құдіреті туралы, атақ, абырой, бедел және тәртіп туралы нақыл сөздері салмақты ойға жетелейді.
Мәселен, «ердің туы — намыс», «намысты нанға сатпа»  деген адуынды сөздері ер жігіттің бойындағы намысы туралы айтылса, «Отаның үшін отқа түс күймейсің», «ел бақыты ер қолында», «опасызда Отан жоқ», «өсер елдің баласы әкеден де асып түсер» деген түйінді сөздері ел мен Отан туралы айтылған. Жалпы, кейіпкеріміздің бұл тақырыптағы нақыл сөздері намысы биік ер жігіттердің жүрегін дір еткізіп, олардың бойына отаншылдық сезімді ұялатады. Ал, «терлеп еңбек етпегеннің, тілегіне жеткенін көргенім жоқ», «тілекке еңбек тірек болмаса, ойға омалып қырдан аса алмайсың», «жұмысқа жарап тұрғанымда өзімді кәрілердің тізіміне қоса алмаймын» деген нақыл сөздері адам баласы тек еңбекпен ғана бейнетке жететіндігін дәлелдеп тұр. Сөз өнерінің қадірін тереңнен ұғатын Баукеңнің «сөз жүйесін, мал иесін табады», «жылытатын да, жұбататын да сөз», «жаман айтпай – жақсы жоқ», «жігерсіз сөз жүрекке жетпейді» деген нақыл сөздері, оның бұл салада шебер суреткер екендігін дәлелдейді.
Міне, Б. Момышұлының нақыл сөздерін балаларға түсіндіріп, жаттатқызу арқылы олардың жүрегіне отанға деген сүйіспеншілікті орнықтыруға болады. Балалар бұл мақал-мәтелдер мен нақыл сөздер арқылы мықты, өжет, патриот болып өседі. Елбасының былтырғы мақаласында да осы мәселелер қамтылған, яғни туған жерге тағзым ету арқылы біз өз еліміздің  нағыз өртұлғалы азаматы боламыз.
«Ел боламын десең бесігіңді түзе» демекші, балаларға осындай тәлімді, мағыналы жылы сөздермен тәрбие берсек қана біз болашағымызды кемелдендіруге үлкен қадам жасаймыз. Ал балалар – біздің болашағымыз!

 

 

Қазбекова Фарида Тұрсынбекқызы
Жамбыл облысы, Тараз қаласы,
№9 балабақша тәрбиешісі

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.