Home » Жаңалықтар » РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБИЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБИЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың, ҚР Білім және ғылым министрлігінің Балалар құқығын қорғау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ержан Ерсаинов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының Ұлттық орталығы» РМК директоры Жәмила Баттақова, «Жыныстық және репродуктивтік денсаулық жөніндегі Қазақстан қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Наталья Рахальская, БҰҰ бағдарламаларының өкілдері, прокурорлар мен Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы, жастар денсаулығы орталықтарының, Қазақстанның басқа өңірлерінен келген білім беру және денсаулық сақтау саласы өкілдерінің қатысуымен «Жастардың денсаулығы мен өмірлік дағдылары: заманауи тәсілдер және озық тәжірибелер» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияның мақсаты облыс жастарының денсаулығын нығайтуға жасалып жатқан заманауи қадамдарды талқылау, жастар денсаулық орталықтарының қызметіне талдау жасау және Қазақстанның өңірлерінің білім беру және денсаулық сақтау мамандары мен ғалымдарына Қызылорда облысында енгізілген жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу жобасының жүзеге асырылу тәжірибесімен бөлісу, балалар арасындағы суицид мәселесімен күрес жүргізуге көмегін беретін басқа да жобаларды талқылау болып табылады.

Республикада алғашқы рет 2015-2016 оқу жылдарында Қазақстандағы БҰҰ-ның /ЮНИСЕФ/ Балалар қоры және Қызылорда облысы әкімдігінің бірлескен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын-алу жобасы енгізілген болатын. Бұл алғашқы жобаның жұмыс істеуі, бүгінгі күні, өзінің оңды нәтижелерін беріп отыр. Бұл жобаның бастау алуы мен жобаның облыста іске асырылуы туралы, қиындықтар мен жетістіктері жөнінде облыстық білім басқармасының басшысы Бахытжан Әбдіхалықұлы Сайлыбаев өз баяндамасында республиканың барлық өңірінен келген білім саласының мамандарына таныстырып өтті. «Ең бастысы баланы ашылып, өз ойын ашық білдіруге шақырғаннан кейін оған нақты көмек көрсетуге де дайын болуымыз керек екендігіне, яғни «тәуекел тобына» кірген әр балаға білікті психологиялық, қажет болса дәрігерлік және психиатриялық көмек көрсетілуі керек екендігіне көзіміз жетті. Бұл өте маңызды мәселе. Жобаның бар ерекшелігі де осыған негізделеді. Пилоттық жобаның енгізілуі осы басталған жұмыстың жалғасы ретінде суицидке талпыныс жасаған және жасауға бейім балаларды дер кезінде  анықтап, олардың өмірін сақтап қалуға көп септігін тигізіп отыр. Осындай жетістіктерге жете отырып, өз әріптестеріме жобаның еніп, сапалы жұмыс жасауы үшін, өз тараптарыңыздан оның барысына тікелей араласып, оған үнемі қолдау көрсетіп, жетекшілік жасап отыру қажеттігін атап өткім келеді», — деді өз сөзінде Б.Сайлыбаев. Қазіргі таңда Қызылорда облысына енгізілген тәжірибені еліміздің барлық өңірлеріне тарату жұмыстары жүзеге асырылуда.

Конференцияда білім беру және денсаулық сақтау ұйымдарының басшылары, жастар арасындағы суицидтің алдын алу жөніндегі мамандар сөз сөйледі. Конференцияның пленарлық мәжілісінен кейін республиканың әр өңірінен келген сала мамандарының қатысуымен секциялық отырыстары өткізілді. Сондай-ақ қатысушылар БАҚ өкілдеріне брифинг беріп, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығының, перинаталдық орталықтың, балалар ауруханасының, облыстық медицина орталығының және облыстық жастар денсаулық орталығының жұмыстарымен танысты. Шара қорытындысы бойынша конференция қонақтарына арналған гала-концерт ұйымдастырылды.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.