Home » Мақалалар » Пилоттық жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

Пилоттық жоба жаңа мүмкіндіктерге жол ашты

Оралдағы Мұстақым Ықсанов атындағы ЖББ №36 орта мектеп –жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу бойынша еліміздегі пилоттық отыз мектептің қатарында.

2012 жылдың тамыз айынан бері осы мектептің басшысы қызметін абыроймен атқарып жүрген білікті педагог Азима Ғұбашева ұжымымен бірге жаңа жұмыс жүйесіне көшкелі тынымсыз еңбектенумен келеді. Республикалық, облыстық деңгейлердегі жиындарда өз іс-тәжірибелерін әріптестерімен бөлісіп жүрген іскер мамандар 12 жылдық білім жүйесіне көшудің алғашқы сатысын сәтті игерді деп айтсақ болады.

– Еліміздің Тұңғыш Президентінің «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 76-шы және 89-шы қадамдарында 12 жылдық білім беру жүйесіне кезең-кезеңмен көшу және мектептегі қолданыстағы оқу бағдарламаларына Мәңгілік ел құндылықтарын енгізу міндеттері белгіленді. Осыған байланысты ҚР Білім және ғылым министрлігі Назарбаев зияткерлік мектептерімен бірлесіп жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу бағытында нақты шараларды белгілеген болатын.  Ол – орта білім беру мазмұнын жаңарту және мектеп бағдарламасына Назарбаев зияткерлік мектептерінің озық іс-тәжірибесін тарату. Осыған байланысты Білім және ғылым министрлігінің 2015 жылғы 25 сәуірдегі 327-ші стандартымен бастауыш сыныптардың бағдарламасы белгіленіп, қазіргі таңда сонымен жұмыс жасаудамыз, – дейді Азима Зиннатқызы.

Мектеп басшысының мәліметінше, пилоттық мектептерге 12 жылдық білім беру жүйесі бойынша бірінші кезекте құзырлы министрлік, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы, «Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымдары тарапынан үлкен қолдау болған. 2015-2016 оқу жылында жаңа жүйеге пилоттық жоба аясында көшкен оралдық білім ошағының апробация сыныбы биыл межелі мерзімді, яғни 4-сыныпты тәмамдағалы отыр. Жеткен жетістіктері де аз емес.

– Апробация сыныбындағы 68 оқушымыз соңғы мониторинг бойынша 86,6 пайыз білім сапасын көрсетті. Апробация сыныптарына он мұғалім сабақ береді. Үш бастауыш сынып және жеті пән мұғалімі. Пилоттық жоба қолға алынған бастапқы жылы бұл педагогтардың  сапалық деңгейі 30 пайызды құраса, бүгінгі таңда 90 пайызға жетті. Бұл ретте мұғалімдердің кәсіби деңгейі жаңартылған білім беру мазмұны аясында өсті деп айтуға толық негіз бар, – деді мектеп директоры А.Ғұбашева. Мұғалімдер осы жылдар аралығында облыстық және республикалық семинарларға қатысып, өз іс-тәжірибелерімен бөліскен. Жаңартылған білім беру мазмұны бойынша авторлық бағдарламалар мен әдістемелік жинақтар да шығарылыпты. Өз іс-тәжірибелерін қалалық, облыстық деңгейде таратып жүр. Сонымен қатар жергілікті М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті, Ж.Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжінің сарапшылары ретінде ондағы оқыту семинарларына қатысып келеді. Тағы бір айта кетерлігі, ата-аналардың белсенділігі. Олар да ұл-қыздарымен бірге аталмыш бағдарламаны сезініп, бірқатар жұмыстарды жүргізуге атсалысқан.

М.Ықсанов атындағы №36 орта мектеп директорының бастауыш сыныптар жөніндегі орынбасары Гаухар Макаримова – 4 «а»-апробация сыныбының оқытушысы. Апробатор-ұстаз жаңартылған білім мазмұнымен жұмыс жасау үрдісін мұз жарғыш кеменің әрекетімен салыстырды. – Қатып қалған мұзды ерітіп, оған жол салу – өте күрделі жұмыс. Сол секілді апробация сыныптарына да бұл жұмысты бастау оңай болмады. Мұғалімдердің жұмысы мен оқушыларға білім берудің өз қиындығы болды. Жеті түрлі баспадан шыққан оқулықтар қолданылғандықтан, оқытушылардың бір-бірінен көмек сұрау мүмкіндігі аз болды. Бізге «Өрлеу» біліктілікті арттыру институты, Педагогикалық шеберлік орталығы, Орал қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебі, облыстық білім басқармасы мен қалалық білім беру бөлімі үлкен қолдау көрсетті. Нәтижесінде, қазір жұмыс бір жүйеге келтірілді. Жаңартылған білім берудегі балалардың ерекшелігі қандай десек, олар өз ойларын еркін айта алады. Функционалдық сауаттылықтары өте жоғары деңгейде дамыған. Балалар баға үшін қорықпайды. Олар мұғалімнен де, досынан да, басқа ұстаздардан да көмек сұрай алады. Еркін қарым-қатынасқа түсе алады, – деді Гаухар Абылайқызы. Әр тоқсан сайын жүргізілетін жиынтық бағалау үрдісі оқушылардан үлкен жауапкершілікті талап ететінін айтты. Жиынтық бағалау бір рет жүргізіледі, әрі түзетілмейді екен. Педагог пилоттық жобаны ойдағыдай еңсеруге ата-аналармен өткізілген кеңес сабақтардың көп көмегі болғанын жеткізді.

Жаңартылған бағдарламаның алғашқы қарлығаштары қатарына баласы қосылған ата-аналардың бірі – Кәмшат Бисенғалиева. – Балаларымыздың жаңа білім мазмұнын қиындықсыз меңгеруіне мектеп ұжымы бар күштерін жұмсауда. Мектеп директорының жаңа бағдарламаны меңгертуге үлес қосқан ата-аналарды алғыс хаттармен марапаттап отыруы да бізге күш-жігер сыйлайды. Ұл-қыздарымыз ұстаздарының «ақылдысың», «дарындысың», «өте жақсы», «жарайсың» деген бағалаулары нәтижесінде одан да үлкен жетістіктерге ұмтылып келеді. Ұлым Еркебұлан үйде өткен тақырыпты өз бетінше ізденіп оқиды. Мұның өзі – зор жетістік. Бес күндік оқу аптасының да тиімділігі жоғары. «Kundelik.kz» күнделігі арқылы балаларымыздың оқу үрдісін бақылап отырамыз. Бірінші сыныптан бастап жаңартылған бағдарламамен білім алып келе жатқан ұлымның оқуға белсенділігі артып, өз ойы мен көзқарасын еркін айтуға талпынатыны байқалады. Ағылшын тілін меңгеруге көңіл бөледі. Мұның барлығы – талмай еңбектенген ұстаздардың еңбегінің жемісі, – дейді Кәмшат Орынбайқызы.

Төрт жылғы бойғы жұмыстарын сәтті қорытындылауға жұмылған мектеп ұжымы апробация сыныптарындағы өскелең ұрпақтың келешекте отансүйгіш, ұлтжанды, азаматтық тұлғасы асқақ азаматтардың қатарын көбейтеріне сенімді. Наурыздың 26-28 күндері Оралда облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Батыс өсу векторы» жобасының бастауыш сынып және «Өзін-өзі тану» пәні мұғалімдеріне арналған кезеңінде біздің әңгімемізге өзек болған мектептің төрт жылдық жұмысы таныстырылды. Жүйелі жұмыстарды әріптестері жоғары бағалап, ұжымның еңбегіне тәнті болғандарын жасырмады.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», Орал

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.