Home » Білім және тұлға » Педагогтердің желілік қауымдастығы – кәсіби қажеттілік

Педагогтердің желілік қауымдастығы – кәсіби қажеттілік

img_6345Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру деңгейлік курсының идеясын дамытудың бір жолы – педагогтердің желілік қауымдастығы. Білім саласында жаңа білім мен инновациялар алмасу үдерісінде желілік қауымдастық қызметінің маңыздылығын көптеген білім ұйымдары мойындап отыр. Заман ағымына сай сындарлы оқыту теориясына негізделген заманауи мектепке жаңа талаптар қойылып отыр, атап айтқанда: білімнің жаңа мазмұны, оқу процесіне ақпараттық-коммуникациялық технологияларды интеграциялау; оқу әрекетінің белсенді түрлері, соның ішінде, жобалау, зерттеу әрекеттері, қашықтықтан оқыту формасы, жекелеу тұрғысы; педагогтің мектептегі жаңа ролі; жаңа сандық және электрондық оқу құралдарын қолдану; мектепті басқарудағы жаңа әдіс-тәсілдер.

Бұл талаптар мұғалімдер алдына жаңа мақсаттар мен міндеттерді белгілейді. Белгіленген бағытпен қойылған міндеттерді орындау жалғыз пән мұғаліміне ауыр тиеді. Ал егер жаңа әдіс-тәсілдермен жұмыс істеп жүрген шығармашыл педагогтер қауымдастығы болып жұмыс жүргізсе, мәселені шешуге болар еді.

Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мұғалімдер тәжірибесіне терең еніп кетті, күнделікті пайдаланып жүр десек те болады. Уақыт өте келе компьютерлік технология қызметін кәсіби түрде пайдалану қажеттілігі туындауы заңдылық. Мысалы, қандай да бір озат тәжірибені насихаттауда, болмаса оқыту жүйесінде туындап жатқан өзекті мәселелерді талқылауда, педагогикалық идеялармен алмасуда мұғалімдердің командалық іс-әрекеттері нәтижелі көрсеткіштерге жетелейтіні сөзсіз. Осы орайда мұғалімдердің желілік қауымдастықтары аталған қажеттіліктерді қанағаттандыратын бірден-бір құрал болып табылатыны айқындалып отыр.

Желілік қауымдастық деңгейлік бағдарламалардың концептуалдық идеясын тарату және тәжірибе алмасу, қарым-қатынас жасау мақсатымен ұстаздар арасында құрылады. Өзара белсенді қарым-қатынас жасайтын әрі заманауи ақпараттық технологиялардың көмегімен бірлесіп әрекеттесетін педагогтер тобын қауымдастық деп атаймыз. Қауымдастықтың ортақ мақсаты, қызығушылығы, қажеттіліктері және оның барлық мүшесі қолдана алатын ортақ ресурстары болады.

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен 2016 жылдың 20 тамызы мен 20 қазан аралығына Деңгейлік Бағдарламалар бойынша сертификатталған мұғалімдерге арналған «Жаңа толқын» желілік қауымдастықтың белсенді қатысушысы» республикалық on-line байқауы өтті.

Педагогтердің ғаламтор желісіндегі бірлескен іс-әрекеттеріне қолдау көрсету арқылы кәсіби өсуіне ықпал ету және олардың жетістіктерін тарату, насихаттау Байқаудың мақсаты болып табылады. Сонымен қатар, ұстаздарды өз білімін жетілдірудің құралы ретінде мүдделес топтар арасында қарым-қатынас жасаудың заманауи түрін қолдануға бағыттаудың тиімді болатынына назар аудардық. Қазіргі уақытта желілік қауымдастықтың белсенді қолданушыларын анықтау және олардың табысты оқытуындағы жетістіктерін насихаттай отырып компьютерлік желілік құрылғылар арқылы педагогтер арасында белсенді қарым-қатынас жасаудың тиімді жолдарын көрсету аса маңызды. Желілік қауымдастықтың көмегімен өз тәжірибесін таратып, оған кері байланыс

алып, өзінің жоғары кәсібилігін, ұйымдастырушылық қабілетін дамытып жүрген ұстаздардың тәжірибесін таратуды қажет деп санадық.

Байқауға Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қостанай, Жамбыл облыстарының сертификатталған ұстаздары белсенді қатысты. Қатысушылар деңгейлік Бағдарламамен танысқаннан бастап жүргізген желілік қауымдастықтағы белсенділігін дәлелдейтін материалдарды ұсынды. Нәтижесі біз күткендей болды: ұстаздар кәсіби желілік қоғамдастықтар жұмысына қатыса отырып, қоғамдастық мүшесі қызықтырған тақырыбы бойынша ең өзекті ақпаратты уақытында ала алады; сарапшы, тренерлерден кәсіби кеңес пен көмек алады; әдістемелік деректер қорына және зерттеу нәтижелеріне қол жеткізе алады; өз материалдарын жариялайды, жарияланған материалдарға пікірлерін білдіре алады; кәсіби конкурстарға қатыса алады.

Байқаудың қорытындысы бойынша келесі жеңімпаздар анықталды:

І- орын иегері — Колесникова Ирина Евгеньевна, Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Уриц орта мектебінің мұғалімі

ІІ-орын иегерлері – 1. Горевич Оксана Афанасьевна, Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы, Соколов орта мектебінің мұғалімі; 2. Талипбаева Бакытгуль Бериковна – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Бейсенбек Тайшапұлы орта мектебі, математика пәні мұғалімі.

ІІІ- орын иегерлері — 1.Медеркулова Анара Жарылкасыновна – Жамбыл облысы, Қордай ауданының ағылшын тілі мұғалімі; 2.Майер Ольга Ивановна – Жамбыл облысы, Тараз қаласы №2 орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі; 3.Примкулова Аида Баймуратовна – Жамбыл облысы, Жамбыл ауданы, Қаламан ауылы А. Айтиев орта мектебінің ағылшын тілі мұғалімі.

Номинация иегерлері:

«Лучший опыт»/«Үздік тәжірибе» — Құлбарақ Маржан Қожабергенқызы, Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, № 4 жалпы білім беру орта мектебінің мұғалімі;

«Лучший инициатор»/«Үздік бастамашы» — Макушева Елена Геннадьевна, Қостанай облысы, Қарасу ауданы, Қарасу орта мектебінің мұғалімі;

«Автор лучшего материала»/«Үздік материал авторы» — Мартыненко Любовь Владимировна, Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Уриц орта мектебінің мұғалімі;

«Лучший руководитель»/«Үздік жетекші» — Кулмаганбетова Тендик Саркеновна, Солтүстік Қазақстан облысы, Петропавл қаласы, Қазақ мектеп-гимназиясының мұғалімі;

«Самый активный учитель»/«Ең белсенді мұғалім» — Антощук Лариса Анатольевна, Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Уриц орта мектебінің мұғалімі;

«Лучший советник»/«Үздік кеңесші» — Дуйсебаева Катира, Жамбыл облысы, Тараз қаласы, №54 орта мектебінің мұғалімі;

«Лучший информатор»/«Үздік ақпаратшы» — Абдуалиева Алуа Ауесбековна, Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Чапаев орта мектебінің мұғалімі;

«Лучший организатор»/«Үздік ұйымдастырушы» — Кунанова Калампыр Куанышкалиевна, БҚО, Бөкей ордасы ауданы, Саралжын ауылы, Қ.Сағырбаев атындағы орта мектебінің мұғалімі;

«Лучший эксперт»/«Үздік сарапшы» — Султангалиева Гульжанат Талгатовна, Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Саумалкөл қазақ орта мектебінің мұғалімі.

Байқау жеңімпаздарын құттықтаймыз!

Желі жұмысын табысты ету қажырлы еңбек пен табанды жұмысты талап етеді. Кез келген мұғалім кәсіби әрекетінің қандай кезеңінде болмасын өз білімінің шыңырау шегіне жеттім деп айта алмайды. Желілік қоғамдастық жұмысына қатысу – бұл тек уақыт талабы ғана емес, оқу процесіне жаңа стандартты енгізетін кез-келген пән мұғалімінің өнімді еңбек етуі үшін қажеттілік болып табылады.

Байқауға қатысқан ұстаздың пікірі:

Желілік қоғамдастық – кәсіби даму жолы
Абдуалиева Алуа Ауесбековна
Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Чапаев орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Тиімді желінің ең басты ерекшелігі сенімділік болып табылады. Тиімді мектеп аралық желілер ересек адамдарды оқытуда жаңа мүмкіндіктер ұсынады. Желілік қызмет білім алуға және әртүрлі мектептерде жүріп жатқан үдерістерді біліп отыруға, сондай-ақ оқыту жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. Желілік қоғамдастықтардың пәндік бірлестіктерден гөрі атқаратын қызметі ауқымды, қамтитын көлемі кең.

Өзгеріс күрделі үдеріс, дегенмен, біз өз жұмысымыздың табысты нәтижесін көріп, бағдарламаның қолдау табатынына сенімдіміз. Ойымды ұлы Абайдың сөзімен аяқтағым келеді, «Өзгеріс керегіне сену керек, қиындықты тек жігермен жеңу керек!»

Шығармашылықпен айналысу арқылы жетістікке жетуді көздейтін, бағдарламаны дамыту үстінде жүрген, өз іс-тәжірибесін таратып, тәжірибе алмасуды таңдайтын ұстаздарға қолдау көрсеткендеріңіз үшін «Жаңа толқын» желілік қауымдастықтың белсенді қатысушысы» республикалық on-line байқауын ұйымдастырған «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы Жамбыл облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұжымына алғыс білдіремін!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.