Home » Айтарым бар » Түркістан – тарих бесігі

Түркістан – тарих бесігі

Еліміздің рухани астанасы, ежелден мұсылман атаулы тәу етіп барып, зиярат қылатын құтты орын, түркілердің төл мекені – Түркістанмен танысу мақсатымен ғылыми-танымдық іс-шара жүзеге асырылды.

Жақында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру дайындығы кафедрасы шетелдік студенттеріне «Айналаңды нұрландыр!» бағдарламасы аясында, өзінің көне тарихымен танымал, қазақтар үшін сондай рухани алып, бүкіл қазақ халқы мойындайтын піріміз, тарихи қала, діни туризм орталығы – Түркістанға экскурсия ұйымдастырды. Бұл экскурсия өзінің тарихи-мәдени бағытымен ерекшеленді.

Осы іс-шараны Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арнайы кафедраның «Саяхат» атты өлкетану клубының жетекшісі Т.В. Курманова ұйымдастырды. Шараны осы кафедраның ұстаздары Г. Машинбаева, И. Кильдюшова, А. Ахмедовалар ерекше қолдай отырып, АҚШ, Испания, Қытай, Ауғанстан, Түркия, Вьетнам, Ливан, Оңтүстік Корея, Жапония, Монғолия, Швейцария, Германия, Иран және басқа да елдерден қазақ және орыс тілдерін оқу үшін Қазақстанға келген шетелдік студенттерді саяхаттауға алып барды.

Қасиетті Түркістан жеріне барған қазақ халқы Арыстан бабтың қабіріне орнатылған кесенеге де бармай кетпейді. Сондықтан саяхат ең алдымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы тарихи, киелі орын Арыстан баб кесенесіне барудан басталды. Бұл жерде баба мүрдесі қойылған ерекше бөлмені көріп, арнайы тілек тілейтін орында болып, Арыстан баб құдығының қасиетті суының дәмін татты. Студенттерді таңқалдырған, оларды қызықтырған ерекше нысан болды. Бұл Арыстан бабтың қабіріне түнеп, мінәжат етуі, оның тарихы студенттерді бей-жай қалдырмады. Бұл киелі орыннан соң Шәуілдір кентіндегі Отырар мұражайына саяхат жасап, «Отырар опаты» болған көне Отырар қаласының орнын, қаладағы моншаның орнына жүргізілген қазба жұмыстарын және құмырашылар шеберханасын тамашалады. Түскі астан кейін Түркістандағы Ахмет Яссауи кесенесіне саяхаттады. Саяхат барысында шетелдік студенттер еліміздің түркі тілдес халықтардың рухани орталығы, Қазақ хандығының саяси астанасы болған Түркістан қаласын, XV ғасырда Қ.А. Яссауиге арнап тұрғызылған кесенесін аралап, ғажайып «Тайқазанды», Ахмет Яссауи мүрдесіне қойылған құлыптасты, жерленген бөлмені, Абылай хан ескерткішін көрді, тарихымен танысты. Одан соң жер асты мешітіне барып, Ахмет Яссауи қылуетке түскен жерді көздерімен көрді. Шығыс моншасы мен Жұма мешітінде болды, Рабия Сұлтан Бегімнің кесенесін тамашалап, ерекше әсер алды.

Ежелгі қазақ хандығының астанасы болған Түркістанның елдік бейнеміздің кәусар бұлағы екенін, оның пайда болу тарихын осы қала арқылы біз өткен тарихымызды, мәдениетімізді білетінімізді шетелдік студенттерге дәріптеу, оларды ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды құрметтеуге тәрбиелеуде саяхаттың берері мол болды.

Бұл, біріншіден, қазақ халқының жоғары мәдениеті мен өнегелік қасиеттері туралы шетелдік студенттердің тарихи-мәдени білімдерін көтерудің өзгеше формасы, екіншіден шетелдік студенттердің ой-танымын қалыптастырудың негізі болар бірден-бір жақсы шара болды.

20161022_135102

img-20161024-wa0005Сонымен қатар, студенттер Түркістанның ежелгі заманда да, қазір де үлкен саяси орталық екені, бұл қаланың сол ғасырлар бойы елдің басын біріктіріп, рухани негізді сақтап қалуға сіңірген еңбегі ұлан-теңіз екені, қаланың жалпы мұсылман әлемінде «Екінші мекке» атануы тегінен тегін емес екені, осындай бой көтерген зәулім кесене — Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ЮНЕСКО–ның «Қызыл кітабына» енгізілгені, қасиетті қала кезінде шашыраған халқымыздың басын біріктіріп, елдігіміздің нышанын айдай әлемге паш еткені туралы мәліметтер алды.

Саяхат тек тарихи нысандарды аралау және олармен танысумен шектелмей, әрі қарай ғылыми-көпшілік бағдарламаларымен жалғасын тапты.

Бұл экскурсияның танымдық қызметімен бірге тәрбиелік, сауықтырушылық және спорттық мәні де зор болды. Бұл тарих саласы мен ой-танымдық мәдениетіне және шынайы тәжірибе алмасуға бағытталған бұл саяхат көпке үлгі болары сөзсіз.

А.Е. Саденова., Т.В. Курманова.

Шетелдіктердің тілдік және жалпы білім беру

дайындығы кафедрасының оқытушылары

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.