Home » Баяндамалар » Педагогтардың кәсіби қабілеттіліктерін шыңдауы

Педагогтардың кәсіби қабілеттіліктерін шыңдауы

ХХІ ғасырдың басындағы білім беру жүйесінде, сонымен қатар жалпы білім беруде, мектепішілік ұйымдастырушылық құрылымдары, жаңа әдістерін, түрін, мазмұнын және тағы басқа іздеу, мектептік білім беру мақсатын қайта қарау, білім беру үрдістерін жетілдіру мен ұйымдастыруда жаңа философиялық, психологиялық-педагогикалық тәсілдерді дайындау және жүзеге асыру талап етіледі.

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Қазіргі мектептердің, біріншіден, практикалық қызметінде жинақталған барлық игіліктердің сақталуы, екіншіден, қоғамның интеллектуалдық қуатын жетілдіру, еліміздің материалдық-қаржылық ресурстарын әрі қарай дамытып жұмылдыру міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін мектеп ұжымдары, әр мұғалім күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практика, жаңа қарым-қатынас жасаулары қажет», -деп атап көрсетілуі мұғалім іс-әрекетіне жаңа бағыт сілтейді. Бұл заңда қазіргі кезеңде мұғалімдердің біліктілігін жеділдірумен қатар, кәсіби қызметін, ғылыми негіздерін практикада қолдануға, практикалық іскерлік пен дағдыны қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінген. Қазіргі кезеңде педагогика ғылымының бір ерекшелігі – баланың тұлғалық дамуына бағытталған оқыту технологияларын шығаруға ұмтылуы. Ал, мұның өзі мұғалімдер қауымына зор жауапкершілік, үлкен міндет жүктейді.

Мұндай міндеттерді шешу мұғалімдерден оқушыларға берілетін ғылым негіздерін олардың болашақ іс-әрекетінің берік негізі әрі тірегі болатындай етіп оқытуды, оқу-тәрбие үрдісін, білім мазмұнын жаңартумен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдері мен әр алуан құралдарын қолдану тиімділігін арттырудың, оқытудың инновациялық технологиясын меңгеруді, педагогикалық жаңалықтарды тәжірибеге батыл енгізуді талап етеді. Мұғалімдердің инновациялық даярлығын қалыптастыру – олардың жаңа педагогикалық технологияны меңгеруінің алғы шарты. Ал мұғалімдердің жаңа педагогикалық технологияларды меңгеруі мен оны оқу-тәрбие үрдісіне енгізу – уақыт талабы. Өйткені, жаңа педагогикалық технологияны меңгеру мұғалімдердің іскерлігін, ізденісін туғызып, шығармашылықпен жұмыс істеуіне жол ашса, оқушылардың білім сапасын арттыруға өз үлесін қосады. Бастауыш мектеп – бұл оқушы тұлғасы мен санасының дамуы қуатты жүретін ерекше құнды, қайталанбайтын кезең. Сондықтан да бастауыш білім – үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы. Осыған сәйкес оқушыға белгілі бір көлемдегі білім, білік, дағдыларды меңгертумен қатар, олардың экономикалық ойлары дамыған іскер адамдар туралы түсініктерін кеңейтіп, шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Болашақ ұрпаққа қоғам талабына сай тәрбие мен білім беруде мұғалімдердің инновациялық іс-әрекетінің ғылыми негіздерін меңгеруі – маңызды мәселелердің бірі. Үздіксіз іздену – бүгінгі күні мұғалімдеріне қойылып отырған басты талаптардың бірі. Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі – әдістеме саласындағы ғылыми жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік игеру. Оларды өзінің қызметінде пайдалана білу, осы орайдағы мұғалімнің шығармашылық еңбегі, ең алдымен, сабақпен байланысты. Жақсы нәтижеге жету үшін мұғалім өзіне-өзі бақылау жасап, өз жұмысына талдау беріп отыру керек. Өйткені, мұғалімнің жүргізген жұмыстарының мазмұны өз шеберлігінің арқасында зерттеу жұмыстарын жасауға, жүйелеуге бағыт береді. Мұғалімнің өзіне-өзі бақылау жасау жолдары мына негіздемені қамтиды:

  1. Теориялық дайындығы, яғни өз пәні бойынша білімі жеткілікті, ол білімге деген талап деңгейін жете білуі.
  2. Әдісін жетілдіру, яғни өз жұмысында пайдалана білу ерекшелігі, әр тәсілдің жетістігін дұрыс пайдалана отырып, тиімді және тиімсіз жолдарын анықтау. Оларды дұрыс сараптап, тиімді пайдалану жолдарын шеше білу керек.
  3. Өз жұмысының мазмұны мен мәнін түсіну, оның қоғамға керектігін дұрыс түсіну, зерттеу жүргізу, өз жетістігін көрсетіп бағалай білуі.
  4. Мұғалімдік жұмысында белгілі бір мақсат қойып, теориялық, іскерлік тәжірибесін оқыту мен тәрбиелеуге бағыттау.
  5. Шығармашылықпен еңбек ету кезеңі.
  6.  Барлық жұмыстарына жеке-жеке талдау жасап, баға беріп, әдіс-тәсілдерін таңдап, жүйелеп тақырып алуға дайындау.
  7. Озық педагогикалық тәжірибесін жинақтап көпшілікке ұсыну.
  8. Өз тәжірибесінің технологияға сай немесе өз әдіс-тәсілінің қолданудағы жетістігі, тиімділігі мен қиыншылығы туралы талдау жасау.
  9. Тақырып мазмұнын практикалық жағынан ашу үшін сабақ беретін технологияны өзге мұғалімдер қалай қолданып жүр, әдіс-тәсілдеріндегі өзгешелігі неде, өз жұмысымен салыстыру, саралау, талдаулар жасау.
  10. Өз тәжірибесінің нәтижелерін дәлелдеу негізінде, ашық сабақтарын, оқушылар жетістігін, пән бойынша мониторингілеу қорытындысын, диаграммалар, сызба нұсқаларды жинақтау.

Мұғалім саяси сауатты, жан-жақты білімді, өз бойындағы сол білімді, оқушы жүрегіне еркін ұялата аларлықтай әдістемелік шеберлігі болуы шарт. Мұғалімнің осы талап тұрғысынан табылуы кәсіби даярлығын, шеберлігін шыңдайтын мектептегі әдістемелік кеңес жұмысының ұйымдастырылуына тікелей байланысты. Бұған педагогикалық оқулар, ғылыми әдістемелік семинарлар, байқаулар, олимпиадиалар, шығармашылық есеп, іскерлік ойындардың берері көп. Осындайда мұғалімдер кәсіби шеберліктерін шыңдайды, қисынды ойлай білетін дара тұлғаларды тәрбиелейтін шебер болып табылады. Мұғалімнің басты міндеті – өз еңбегін зерттеп, саралап, шеберлігін арттырып, оқушымен шығармашылық байланысты нақты танымдық іс-әрекетке ұластыру.

Тәуелсіз ел тірегі – білімді ұрпақ десек, жаңа дәуірдің күн тәртібінде басты тұрған мәселе – сапалы білім беріп, ғылымды дамыту. Осыған орай білім ордасы – мектеп, ал мектептің жаны – мұғалім екендігі баршаға мәлім.

Ал, атақты педагог В.А.Сухомлинский «Мұғалімдік мамандық – бұл адамтану, адамның күрделі және қызықты, шым-шытырығы мол рухани жан-дүниесіне үңіле білу. Педагогикалық шеберлік пен педагогикалық өнер – ол даналықты жүрекпен ұға білу болып табылады» деп, ұстаздық өнерге ерекше баға берген.

Қазіргі мектеп жағдайында оқыту мен тәрбиенің соңғы тәсілдерін меңгерген, педагогикалық-психологиялық диагностиканы қабылдай алатын, педагогикалық жұмыста қалыптасқан бұрынғы ескі сүрлеуден тез арада арылуға қабілетті және нақты тәжірибелілік іс-әрекет үстінде өзіндік даңғыл жол салуға икемді шығармашыл педагог-зерттеуші, интегративті ойлауға бейім мұғалім қажет.

Баланың бойына білім нәрін себетін басты тұлға – ұстаз. Жас ұрпақты оқытуда тиімді жағдайлар жасау көбіне мұғалімге байланысты. Ұстаз алдында егеменді еліміздің болашағы – жас ұрпақты оқыту және тәрбиелеу міндеті тапсырылған.

Қазіргі біздің заманымыздың, ХХІ ғасыр мұғаліміне қойылатын талаптар:

-біріншіден, мұғалім жеке көзқарасы бар және соны қорғай алатын жігерлі тұлға және маман мұғалім болуы қажет;

-екіншіден, өз ісін жетік білетін, зерттеушілік, ойлаушылдық қасиеті болуы керек;

-үшіншіден, мұғалім әрбір күніне есеп бере алатын, азаматтық ар-ожданын үнемі қорғай алатын болуы тиіс;

-төртіншіден, мұғалімнің педагогикалық ойлау қабілеті ғылыми түрде қалыптасуы тиіс;

-бесіншіден, мұғалім білім негіздерін өз бетінше оқып үйренуге міндетті;

-алтыншыдан, жаңа заманға лайық негіздер мен қағидалармен қаруланған болуы керек;

-жетіншіден, педагог өз білімін толықтырып, шығармашылығын арттырып отыруға міндетті.

Мұғалімнің өз бетінше білімін жетілдіру, кәсіби шеберлігін шыңдау әрекеттері қазіргі педагогикалық жаңа технологиялық оқыту әдістерін, педагогикалық басылымдардағы материалдарды меңгерумен шектелу жеткіліксіз екені түсінікті. Өзінің жеке тұлғалық зерттеушілік мәдениеті мен кәсіптік мәртебесін өзі де, өзге де құрметтеп мойындаған мұғалімнің, ұстаздар ұжымының әлеуметтік беделі жоғары.

Мұғалімнің кәсіби білігін шыңдаудың үздіксіздігі – оның шығармашылық қабілетінің дамуының кепілі және өзіндік жеке педагогтік тәжірибесінің дамуының алғы шарты. Ұстаздың кәсіби шеберлігінің негізі, мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымы, пәнді жетік білуі, ойын оқушыларға жеткізу үшін жан-жақты, терең дайындықпен баруы. Мұғалімнің шеберлігі – шәкіртіне үлгі. Бастауыш сынып мұғалімі шәкірттер үшін ең қасиетті, білікті адам. Оның айтқаны – олар үшін заң, істегені үлгі, тұла бойы тұнып тұрған игілік. Баланың ең қиын оқу еңбегі кезінде ұстамдылық пен төзімділікті байқату шарт. Мұғалімде әр баланың өсуіне, ержетуіне, жетілуіне қуану әдетінің болуы керек. Сонда ғана бала өзінің ілгері басқанын көріп, өз күшіне сенімді болады. Бала мен ұстаз арасындағы үйлесімділікпен қатар мұғалімнің ойлаған жетістікке жетуі үшін осындай бейімділік қажет. Мектептегі басты тұлға – мұғалім. Ол қазіргі заман талабына сәйкес білімді, жоғары дәрежеде дамыған, адамгершілігі мол, өз пәнін оқытуды жақсы меңгерген, бала жанын жақсы түсінетін мәдениетті тұлға болу керек. Солай болса ғана, бәсекеге қабілетті мамандардың өз мамандығын арттыруға, шеберлігін жетілдіруге, қоғамдық өмірге етене араласуына мүмкіндік береді. Ұстаздың саяси сауатты, жан-жақты, білімді өз бойындағы білімді оқушы жүрегіне ұялата аларлықтай әдіскерлік шеберлігі болуы керек. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз бала тәрбиелеу жолында, оқушының психологиялық ой-өрісінің өсу, даму дәрежесін бақылай алатындай болуы керек.

Мұғалімнің кәсіптік мәдениетін көтеру мектептің әдістемелік жұмысының жетекші саласын құрайды. Ал, әдістемелік жұмыс дегеніміз — педагогтердің ғылыми-теориялық, жалпы мәдени, психологиялық-педагогикалық дайындығын, кәсіби шеберлігін көтеруге бағатталған жүйелі жеке және ұжымдық жұмыс. Мұғалім қазіргі заманға лайық өзінің білім беру ісінде рухани шығармашылық ізденіспен жұмыс істеп, өмірге еніп жатқан жаңа технология мен техниканы меңгерген, білігі мен білімі жоғары ұлағатты тұлға болуы тиіс.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Бастауыш сыныпта оқыту. №2   2009 ж.
  2. Бастауыш мектеп.   №3   2009 ж.
  3. Қазақ тілі мен әдебиеті. №4 2010 ж.
  4. Бастауыш білім. №5 2010 ж.
  5. Білімдегі   жаңалықтар.   №1   2009 ж.
  6. Бастауыш сынып. №9   2012 ж

Габдуллиева Шолпан Анарбекқызы

Атырау облысы Махамбет ауданы

Таңдай орта мектебінің бастауыш сыныптар мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.