Home » Білім және тұлға » ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҮДЕРІСТЕГІ РЕФЛЕКСИЯ

ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ҮДЕРІСТЕГІ РЕФЛЕКСИЯ

«Рефлексия» деген сөздің өзі «артқа қарау, көрсету» дегенді білдіретін «reflexio» деген көне латын сөзінен шыққан. Шет тілдер сөздігінде рефлексия ой електен өткізу, өзін — өзі тану, өз — өзіне есеп беру деген сөз. Бұл адамның өз іс-әрекетінің заңды түрде жүзеге асуының теориялық формасы.

Философия ғылымында рефлексия 1) ақыл мен ойлаудың өзіне жүгіну қабілеті, 2) жаңа білім алу мақсатында білімді талдау, 3) ақылы мен рухани жай-күйін өзін өзі бақылау; 4) өзін жүзеге асыру негізіне бағытталған зерттеу актісі деп түсіндіріледі.

Рефлексия мазмұнының көлемі мен көп қырлылығы, белгілері мен қасиеттері мол. Қазіргі уақытта психологияның жекелеген салалаларында рефлексиялық үдерістерді зерттеу жалғасуда. Рефлексия ұғымының психологиялық мазмұнын ашу үшін, сананы (Выготский), ойлауды (Алексеев Н.Г.), шығармашылықты (Понамарев Я.А., Степанов С.Ю.), қарым-қатынасты Андреева Г.М., Кондратьева С.В.), жеке басты (Выготский Л.С.) зерттеу тәсілдері ретінде еңбектерде қарастырды.

Бүгінгі таңдағы мұғалім қызметіндегі педагогикалық үдерістегі рефлексия- өзін өзі бақылау, дамыту, сондай-ақ педагогикалық үдерістің оң және теріс жақтарының себептерін анықтауға, қайта ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Педагогтық қызметте орындайтын функцияларына байланысты рефлексия негізгі үш нысанда қарастырылады. Олар: жағдайлық, ретроспективті және перспективті рефлексия болып табылады.

Жағдайлық рефлексия — «уәждеме» және өзін-өзі бағалау түрінде талдау жұмысында «осы жерде, қазір» рефлексиясы жүзеге асырылады.

Ретроспективті рефлексия — жүзеге асырылған іс әрекеттен кейінгі, орын алған оқиғаларға талдау және бағалау қызмет атқарады. Мұғалім өз жетістіктері мен сәтсіздіктері туралы, сәтсіздікті жеңу жолдарының себептерін анықтайды.

Перспективті рефлексия — алдағы уақытқа жоспарлауда тиімді жолдарды қарастыруды қамтиды.

Рефлексияның кәсіптік қызметтегі рөліне тоқталсақ:

біріншіден — кәсіптік қызметті меңгеру үшін;

екіншіден — кәсіптік қызметті меңгеру үдерісін бақылау және басқару;

үшіншіден — кәсіптік білім қызметінің шарттары өзгерген кезде;

төртіншіден — өзінің даму тетіктерінің негізі болып табылады.

Мұғалімдер білімі мен кәсіби білім беру дайындықтарында толғаныста болатыны шындық, дегенмен бұл жердегі мақсат: іс әрекеттегі меңгеру үдерісін бақылау және басқару қызметіне басқа мұғалімдерді ортақ етіп отырады. Кәсіптік білім шарттарының өзгеруі кезінде ой толғаныста бола отырып, өзінің даму тетіктерінің негізін жоспарлайды — деп, Д.Дьюи мен Д.Шонның «Рефлексиялаушы практик» еңбектерінде көрсетілген [1]. Рефлексияланушы мұғалім — бұл ойлаушы, талдаушы, өз тәжірибесін жетілдіретін зерттеуші педагог.

Д.Дьюи еңбектерінде көрсетілгендей өзін-өзі дамыту және өзін-өзі жетілдіруге жалықпайтын қажеттілігі бар «өз кәсібінің мәңгілік оқушысы».-деп қарастырса, қазақтың ақыны О.Сүлейменов «Адамның рухани ізденіс-сілкіністері үш-ақ сауалдың аясына сияды: 1) не біле аламын, 2) не істеуім керек, 3) үміт артарым не?» — яғни, адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады.

Ресей педагогы Б.З.Вульфов еңбектерінде: «Кәсіптік рефлексия деп- педагогикалық жұмыс ерекшеліктерімен және жеке педагогикалық тәжірибесінің байланысының мазмұны – деп анықтама берсе [2], Е.Е.Рукавишникова кәсіптік рефлексия деп — маманның өзіне және кәсіптік қызметіне қатысты талдамалық позиция ұстану қабілетінен көрінетін кәсіптік өзін-өзі жетілдіру мен өзін — өзі өзектендірудің психологиялық тетігін түсінеді [3].

Педагогикалық үдерісте рефлексия мынадай қызметтерді атқарады:

-жобалау (педагогикалық үдеріске қатысушылардың қызметін жобалау)

-ұйымдастырушылық (тиімді әдіс — тәсілдерді өзара іс қимыл нәтижесінде ұйымдастырушылық)

-коммуникативтік (педагогикалық үдеріске қатысушылардың қарым- қатынастары)

-уәждемелік (педагогикалық үдеріске қатысушылардың бірлескен нәтижелілігін анықтау)

— түзетуші (іс – қимыл нәтижесіне өзгерістерді өзара енгізу)

Мұғалім әр оқушының «ішкі жан дүниесін» көрсету үдерісі арқылы рефлексиялық үдеріс қызметін атқарып отырады. Мұғалім зерттелетін объекті туралы өз пікірі болып қана қоймай, сонымен қатар оқушының осы объекті туралы қандай ұғымы бар екенін білуі тиіс. Сондықтан әрбір мұғалім өткен сабағына оқушыдан кері байланыс алып, рефлексия жүргізуі, оқыту үдерісін ойлану әдісі ретінде қарастырады. Кері байланыс алу арқылы әрбір оқушының ішкі жан дүниесін мақсатты түрде тереңдетіп, дамытуы тиіс. Осылайша мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыстың тиімді диалогы жүргізіледі.

Нәтижесінде оқушы үшін: өтілген сабақ туралы эмоциялық тұрғыдан сабаққа баға беруі, сабақтың қалай өткені, қандай мәселелер қарастырылғаны туралы ойлау үдерісі жүріп, есте сақтау қабілеттерін жүзеге асырады. Өзінің білім деңгейінің қандай сатыда екенін, өзін-өзі дамыту қажеттілігін ұғына отырып, өз бетінше ізденуіне жол ашады.

Мұғалім үшін: өз іс-әрекетіне рефлексия жасай отырып, оқушылар туралы диагностикалық зерттеу жүргізуді, қысқа және ұзақ мерзімді перспективалық жоспарлауды біледі, сабағына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздеп, жетілдіру жолдарын қарастырады. Өзін-өзі бағалай отырып, оқушы жұмысының белсенді қызметінің нәтижесін жүзеге асыра біледі. Осылайша, мұғалім рефлексиялық басқару қызметін атқарады.

Рефлексиялық басқару қызметі үш деңгейді қамтиды.

Орындаушылық қызмет рефлексиясы: (нақты ұсыныстар мен кеңес беру жұмыстары, нұсқау беру)

Іс — қимыл стратегиясын әзірлеу деңгейі (іс қимыл бағдарламасын таңдау және оқушылардың шешу дайындығы).

Жасалған іс-қимыл стратегиясында бағдарламаны талдау, бағалау. Қойылған мақсаттар мен міндеттерге салыстыру жасау.)

Рефлексиялық басқару педагогикалық қызметті, қарым-қатынасты, кәсіптік жеке тұлғаның тұлғалық қасиеттерін жетілдіруді көздейді. Аталған қасиеттер негізінде субъектінің кез-келген үдеріске және функционалдық құрылымға беру қабілеті рефлексиялық қабілет деп аталады [4].

Рефлексиялық қабілеттің дамуы, өзін-өзі реттеудің барлық кезеңдерінде орын алады, оның барысында ойлау мен қызмет өзгереді, ақыл-ой, ерік аспектілері өзгеріп, дамып отырады.

Ұлы ойшыл Абай: «Күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің?» -деп адамның рухани өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызына тоқталады.

Мұғалім идеалы – білімнің құндылығын айқын түсінетін, мәдениеті жоғары адам, өз пәнінің жетік шебері, педагогика мен психологияны терең меңгерген, жеке тұлғаға бағытталған педагогикалық әдістерді қолдана алатын, өзін жеке тұлға ретінде дамытып, рухани өсуге деген қажеттілігі мол болуы тиіс.

Білім берудің жаһандану жағдайы маман құзыреттілігін қалыптастыруды, олардың дара тұлғалық сапасын дамытуды талап етіп отыр. Құзыретті білім беруді іске асыру әдістемелік және теориялық мәселелерді шешудің жолдарын қарастырады. Дамыған елдердің оқу жүйесінде кеңінен қолданыла бастаған «құзыреттілік», «құзырет» терминдері әдістемелік терминдер сөздігінде «Құзыреттілік (латынның competentis-бейім сөзінен) қандай да бір оқу пәнін оқыту үдерісінде қалыптасатын білім, білік, дағдылар жиынтығы, сонымен қатар, қандай да бір қызметті орындай алу қабілеттілігі», – делінген, Таубаева Ш.Т.: «Құзыреттілік – ол тұлғаның оқыту және әлеуметтену үдерістері барысында меңгерген білім мен тәжірибеге негізделген, оның жалпы қабілеті мен іс-әрекетке даярлығы ретінде айқындалатын, тұлғаның кіріктірілген қасиеті» — деп қарастырады [5].

Қазіргі білім беру жағдайында мұғалімнің құзыреттілігін мынадай кешенде сипаттауға болады:

мәндік аспект- өтілетін материалды жете түсінуі, ұғынуы және оған деген қарым-қатынас, бұл жағдайда оқытудың теориялық негізін, өткір мәселелерді ұғыну;

мәселелік практикалық аспект- бұл осы жағдайда педагогтың алдына мақсат орындау жолдарын, міндет нормаларын қойып жинақтауды сипаттайды;

коммуникативтік аспект — бұл-педагогтың оқу үдерісіне қатысын және өзара ықпал жасауын қамтамасыз етеді.

Әлеуметтік құзіреттілік – бірлескен кәсіптік қызметпен айналысу қабілеті (ұжыммен, топпен), қызмет ету, басқару кәсібінде қабылданған кәсіби қарым-қатынас тәсілдерін қолдана білу. Яғни, мұғалім оқушылармен қарым-қатынаста тактикасын баланың жасы, рухани өсуіне байланысты өзгертіп отыруы керек. Оқушыларды топтық, ұжымдық жұмыстар жасай алуға, соның ішінде жеке тұлғаның дамуына мән беруі керек.

Білім беру құзіреттілігі – білім беру қызметінде кәсіби білімді, білік пен дағдыны, мақсат қоюшылықты игеруге деген қызығушылық және білім беру қызметінде субьектілік пен креативтіліктің дамуына ынталылық, педагогикалық және әлеуметтік психологияның негіздерін қолдана білу қабілеті.

Қазіргі білім беру жағдайындағы жаңа тұрпатты мұғалімі үш түрлі құзыреттілікке ие болуы тиіс: әдіснамалық, жалпымәдени, пәндік-бағыттылық. Педагогикалық қызметтің шығармашылық бағытталуы, біріншіден, мұғалімге мамандығы үшін мәні бар күшті және әлсіз жақтарын (өзін-өзі тануын, эмоционалдық қалпын, коммуникативтік және дидактикалық қабілеттерін және т.б.) бағалай алуы; екіншіден, зияткерлік мәдениетін (ойлау, ес, қабылдау, зейін), мінез-құлық, қарым-қатынас, соның ішінде педагогикалық қарым-қатынасты меңгеруі; үшіншіден, қазіргі интеграциялық үдерістер, әлемдік білім берудің даму тенденцияларын бағдарлай алу сияқты мәселелерді қарастырумен байланысты.

Бүгінгі мұғалім білім беру үрдісінде оқушылардың өз бетімен білім алуының, жаңалауының қажеттілігіне, өзін-өзі дамыту мен өзін-өзі жетілдіруде табандылықпен еңбек етуді жете түсінетіндей жағдай жасауға бағдарлануға міндетті.

Ибрагим Индира Әменқызы

Исмайлова Уркия Курбантаевна

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы ОҚО бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты. Деңгейлік бағдарламалар орталығының халықаралық дәрежедегі тренерлері

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.