Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 17 ақпандағы №232 қаулысына сәйкес елімізде ТМД елдері арасында ешқандай баламасы жоқ, біліктілік арттырудың жаңа жүйесі – «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» Акционерлік Қоғамы құрылды. Оның құрамына Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыратын республикалық институты, Алматы, Астана қалалары және 14 облыстық педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру және қайта даярлау институттары енді. Бұрын әрқайсысы өз бетінше жұмыс жүргізіп келген институттар бір жүйеге біріктірілді.
2013 жылы наурыз айында жаңадан «Инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыстану (гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасы құрылды. Оның профессор-оқытушы құрамына жоғары оқу орындарынан ғалымдар, атап айтсақ, педагогика ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі Ақбембетов Болат Ескалиевич, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Ахметова Бахыт Нәдировна, педагогика ғылымдарының кандидаты Ешимова Ұлтай Зікіровна, филология ғылымдарының кандидаты Исаева Жанар Аманжолқызы, химия ғылымдарының кандидаты Махмұтов Болат Бижанович, педагогика ғылымдарының магистрі Есенбаев Төлеген Жұбатырович шақырылды.
Кафедра құрамында 19 оқытушы қызмет атқарады. Оның ішінде 4 ғылым кандидаттары, 8 педагогика ғылымдарының магистрлері және облыстағы мұғалімдер арасында алғашқы Сорос-Қазақстан қоры ұйымдастырған гранттық жобаның иегері, 2004 жылы бастау алған аймақтық өлкетану бағытындағы «Сыр қойнауы» бағдарламасының авторы, 1-7 сынып оқушылары арасында Ғылыми жоба жазуды ұйымдастырушы Мария Айтбайқызы Орманова, алыс және жақын шетел ғалымдарымен бірлесе түрлі деңгейдегі ғылыми зерттеулердің үйлестірушісі Раушан Өмірбекқызы Марсали, Ұлбала Хамитқызы Есмағанбетова, химия пәнін оқытуды үштілділік деңгейде оқыту әдістемесінің авторы Жанар Рзабекқызы Жубауовалар еңбек етуде.
Қазіргі таңда «Өрлеу «БАҰО» АҚ құрылған күннен бастап, осы күнге дейін педагогтердің біліктілігін арттыру жүйесінде ауқымды жұмыстар атқаруда.
Кафедраның штаты толық бекітіліп, ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік жұмыстарының бағыттары айқындалды.
Қазіргі таңда оқу-тәрбие процесін технологияландыру мақсатында кафедра оқытушылары педагогтардың біліктілігін арттыру жүйесінде ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Білім саласындағы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыруда PISA халықаралық зерттеуін жүргізу аясында оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту, орта білім беру мазмұнын жаңарту бағдарламасы (пәндер бойынша), қысқа мерзімді курстар нәтижелі жүргізілуде.
Білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында басшы кадрлардың мектеп басқарудағы жұмыс мазмұнын жаңғырту, пән мұғалімдерінің және олардың үздіксіз білім беру үдерісіндегі кәсіби шеберлігін арттыруда кафедра оқытушыларының курсаралық шараларға да аса мән беріледі. Бұл біліктілікті арттыру жүйесінде педагогтің бәсекеге қабілеттілігі мен мәртебесін арттыруға бағытталған озық педагогикалық идеяларды іздеу, тиімді инновациялық тәжірибені тарату мақсатында халықаралық семинар-тренингтер, республикалық, облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциялар, семинарлар, шеберлік сыныптар ұйымдастырылуда. Осы іс-шараларға кафедраның ұйымдастыруымен шет мемлекеттерінен, республикамыздың біліктілікті арттыру орталықтарынан және ғылыми-зерттеу, ЖОО ғалымдары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Атап айтсақ, «Білім беру жүйесіндегі психологиялық-педагогикалық мәселелер: ізденістер, тәжірибелер, шешімдер» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясына «Көкше» академиясы, әлеуметтік зерттеулер және педагогика, психология ғылыми-зерттеу институтының директоры, психология ғылымдарының докторы, профессор Асия Хайрушевна Кукубаева, «Өскелең ұрпақтың психологиялық денсаулығын сақтау мәселелеріндегі заманауи көзқарастар» семинарына саяси ғылымының кандидаты, психоаналитик-терапевт Ирина Борисовна Терентьева, сонымен қатар «Мектеп-денсаулық-білім беру: нәтижелер мен даму болашағы», «Білім беру мекемелерінің әкімшілік жұмыстарындағы қолданылатын жүйелік ықпал және психологиялық денсаулығын алдын алудың негізі ретінде» атты халықаралық семинар-тренингтерге Германияның Гессен қаласынан доктор А. Гарбер және әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Жалпы және этникалық психология» кафедрасының профессоры, психология ғылымдарының докторы С.Қ. Бердібаева, 12 жылдық білім беру жобасының облыс мұғалімдері арасында ұйымдастырылған біліктілік арттыру курстарына еліміздің танымал ғалымдары, оның ішінде педагогика ғылымдарының докторы бастауыш сынып оқулықтарының авторлары С. Рахметова, А. Жұмабаева, Г. Уайсова арнайы шақыртумен келіп әдістемелік семинар-тренингтер және шеберлік сыныптарын өткізді.
Аталмыш іс-шаралар біліктілікті арттыру жүйесінде педагогтың бәсекеге қабілеттілігі мен мәртебесін арттыруға бағытталған озық педагогикалық идеяларды іздеу, облыстық, республикалық деңгейде өзекті және тиімді инновациялық тәжірибені тарату мақсатында ұйымдастырылды.
Біздің жалпы міндетіміз – жинақталған озат тәжірибені сақтай отырып, отандық білім беру жүйесінің әрбір даму кезеңдерінде оны ұлғайтып отыру. Біліктілікті арттырудың икемді әрі үздіксіз жүйесі облыс педагогтарына өздерінің кәсіби деңгейлерін арттыруға ынталандыратын білім қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Үздіксіз даму жолындағы табысты мұғалім мен оқушы моделі педагогтың жаңа ақпаратты меңгеру, қолдану, іздену және бағалау деңгейлеріне дейін өсуін қамтамасыз етуге жол ашады. Шеберлік сыныптары педагогтердің оқытуды жаттанды ақпараттардан бойын алыс ұстап, оқу мақсаттарына сәйкес қойылған мәселені зерттеуге, талдауға және салыстыруға, бағалауға және өз тұрғысынан тиімді кері байланыс беруге мүмкіндік береді.
2012-2017 жылдары аралығында кафедра оқытушыларының 26 әдістемелік құралы, 14 әдістемелік нұсқаулығы, 45 әдістемелік жинағы, 454 мақалалары жарық көрді, оның ішінде импакт-фактор деңгейіндегі Б.Е. Ақбембетовтің Prague — Czech Republic «The title ethnos in Kazakhstan: psychological aspects of value sphere» атты мақаласы Прагада, ал «Psychological features of aggressive reactions among adolescents with deviant behavior» және «The study of ethnic identity and self-esteem of modern Kazakh teenagers» атты 2 мақаласы Жапонияның Якахама қаласында жарық көрді.
«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының» Акционерлік қоғамының бес жылдық мерекеге орай Сіздерді шын жүректен құттықтаймыз! Ұжымымыздың телегей табыстары мол болсын! Әрбір игі істер мен жаңа бастамаларымызға сәттілік, отбасыларымызға бақыт, бақ-береке тілейміз!
Акбембетов Болат Ескалиевич,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша ПҚБАИ
Инновациялық технологиялар және ғылыми-жаратылыстану
(гуманитарлық) пәндерді оқыту әдістемесі кафедрасының меңгерушісі,
педагогика ғылымдарының кандидаты