Білім беру жүйесі – қоғам дамуының негізі. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін қазіргі өмір талаптарына сай оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беру, оларды жан – жақты дамыту қоғам алдында тұрған басты міндеттерінің бірі.
Қазіргі заманда «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп Абай атамыз айтпақшы, шәкіртіне тәлім – тәрбие беруден жалықпайтын, білімді, мәдениетті, озық технологияларды толық меңгерген, әлемдік білім беру кеңістігіне құлаш ұрған жаңашыл ұстаз ғана ұлағатты ұрпақ тәрбиелей алатыны белгілі. Бүгінгі күнгі жаңартылған бағдарламаның мазмұны жеке тұлғаны қалыптастыру, оның функционалды сауаттылығын арттыру. Бүгінгі оқушы – ертеңгі маман. Бәсекеге қабілетті маман – креативті ойлай алатын, кез келген тақырыпта өзіндік ой – пікірі бар, сыни тұрғыдан қарап, ұтымды жауап бере алатын адам. Ал мұндай жеке тұлғаны қалыптастыру міндеті ұстаздар қауымына жүктелетіні белгілі. Аса жауапкершілікті істе ұстаздардың қызметі орасан зор. Осыған орай сәуірдің 21 –де Балтабай орта мектебінде жас мамандардың «Педагогикалық дебют – 2018» байқауы өткізілді.
Жас мұғалімдер 1 тур бойынша «Менің мамандығым – мұғалім» тақырыбында презентация қорғады.
Мұғалім жан-жақты жетілген, білімді, әдістемелік шығармашылығы мол, халықтық дәстүр, әдет – ғұрып пен салт-сананы кәсіби түрде меңгеруі тиіс. Сондықтан аталған тақырыпта өз ойларын топшылап, факт – аргументтерді пайдалана отырып, өз көзқарастарын 2 тур – Эссе жазуда жеткізе білді.
3 турда мұғалімдер бейнесабақ өткізіп, білім беру жүйесіндегі жаңалықты, озық технологияның пайдалы тұстарын, әр пәнді заман талабына сай өз деңгейінде игерту жолында еңбектеніп жатқанын көрсетті. Әр түрлі әдіс-тәсілдерді жүзеге асыру үшін іздене жүріп өз тәжірибелерін ортаға салған жаңашыл ұстаздардың бүгінгі дебюті жайлы аудандық білім бөлімінің әдіскер мамандары Айжан Төкенқызы, Толқын Мұқанқызы жылы лебіздерін білдірді.
Балтабай орта мектебінде өткізілген игілікті шараның маңыздылығын айта отырып, мектеп директоры Б. Калиева, оқу – тәрбие ісі жөнідегі орынбасары С.Балгабекова ұстаздарға сәттілік тіледі.
Байқау нәтижесінде:
І орынды – Шелек аулындағы Алтынсарин атындағы мектептің жас маманы Туганбаев Д. және Бөлек батыр атындағы мектептің жас маманы Әділхан А., ІІ орынды Жексембеков атындағы мектептің жас мұғалімі Султанмуратов Б.және Балтабай орта мектебінің жас маманы Рахимова К., ІІІ орынды Қайыпов атындағы мектептің жас маманы Танатова С. иеленді Осындай іс – шаралар арқылы жас мамандарымыз шыңдала түспек, Қызығы мен қиындығы мол ұстаздың жолында жастарға табандылық пенен шыдамдылық тілейміз!
Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екенің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
А.Смагулова,
Балтабай орта мектебінің мектеп директорының
әдістемелік-инновациялық ісі жөніндегі орынбасары