Home » Мақалалар » ПАВЛОДАР – БАҚЫТТЫ БОЛАШАҒЫМНЫҢ КУӘСІ

ПАВЛОДАР – БАҚЫТТЫ БОЛАШАҒЫМНЫҢ КУӘСІ

Мемлекеттік грант аясында

 Кенжекөл ауылының тұрғыны Кукенова Марина Қондыбаевна Павлодар қаласына 2014 жылдың жазында Тараз қаласынан келді. Мемлекеттік гранттың қолдауымен, Павлодар мемлекеттік педагогикалық институтына түсіп, 2018 жылы  тәмамдап шықты. Қазіргі кезде Шақат жалпы орта білім беру мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді.

            —  Марина, сонау оңтүстіктен Павлодарға келуіңізге не себеп болды?

Мен Тараз қаласының тумасымын. Ата-анам мен сіңлім Таразда тұрады. Біз отбасында төрт адамбыз: ата-анам, сіңлім Құралай және мен. 11 сыныпты «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы мектебінде «жақсы» деген бағамен бітірдім. Ұлттық Бірыңғай Тестілеу кезінде орыс тілінсіз ағылшын тілін таңдадым. Өкінішке орай, алған 80 ұпаймен өз қаламда грантқа ие бола алмадым. Маған төрт қаланы таңдау мүмкіндігі берілді. Мен: Алматы, Тараз, Өскемен, Павлодар қалаларын таңдадым. 2014 жылдың тамыз айында маған Павлодардан хабарласып: «Сіз бізге грантқа түстіңіз»,-деді. Алыстағы, бұрын-соңды көрмеген жер болғандықтан, аздап жүрексінгенім рас, алайда, көңілімдегі күдікті «жоғары білім аламын» деген қуанышым жеңіп кетті. Сөйтіп, тамыз айының 20-сы күні мен Павлодар қаласына келдім. Қала маған бастапқыда ұнай қойған жоқ, өте суық және барлық адамдар орыс тілінде сөйлейтіндей көрінді. Оқу орнына келген соң, бірден жатақханаға орналастым. Онда өзім сияқты жан-жақтан білім іздеп келген жасөспірім қыздармен таныстым, кейін қалаға да үйренісіп кеттік. Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты (қазір Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті) мені жақсы қарсы алды. Мұғалімдері өте білімді, жақсы адамдар. Олардан оқып-тоқығаным өте көп. Осында көптеген достар таптым. Тіпті, өз қалама кету туралы ойымнан да айнып қалдым.

Еңбек тәжірибесін Шақат жалпы орта білім беру мектебінде өтуді өзіңіз қаладыңыз ба?

— Иә. 4 курсты аяқтаған соң, маған қай ауылда жұмыс істегім келетінін сұрады. Менде ауыл квотасымен грант болғандықтан, үш жыл ауылда тәжірибеден өтуім керек болды. Мен Шақат ауылдық мектебін таңдадым. 27 тамыз күні құжаттарымды тапсырып, сонда жұмысқа орналастым. Алғашқы күннен-ақ, мектептегі әріптестеріммен тез тіл табысып кеттім. Қайсысы қай кезде болмасын, қолұшын беруге дайын. Сондықтан да, өзіме үлгі болған мейірімді, жақсы жандарға айтар алғысым шексіз.

            — Тараздан мемлекеттік грантпен қанша адам келдіңіздер?

— 9 адам. Бірақ, олардың үшеуі оқуларын Тараз қаласында жалғастырып жатыр. Қалғандарын білмедім…

Павлодарға деген қазіргі көзқарасыңыз қандай? Осында біржолата қалып қойғыңыз келмей ме?

—  Өте ұнайды. Ол да мүмкін…

            — Таразға жиі қатынап тұрасыз ба?

— Еліме жылына екі рет: қыста, жазда барып-келіп отырамын.

Үкімет берген үйден не себепті бас тарттыңыз?

— Болашақ күйеу жігітім құптамады. Оның үстіне, маған Шақатқа барып-келу еш қиындық тудырмайды.

Ағылшын тілі пәнін қай сыныптарда бересіз? Және мамандығыңызды қаншалықты жақсы меңгердім деп ойлайсыз?

— 1сыныптан 11 сыныпқа дейін ағылшын тілі пәнінен сабақ беремін, оның арасында орыс сыныптары да бар. Еркін сөйлеп, мектеп оқушыларының барлық сұрақтарына тосылмай жауап бере алатындай дәрежедемін,- деп ойлаймын.

Пән маманы ретінде мектепішілік сайыстардан басқа, қандай да бір ірі жобаларға қатыстыңыз ба?

— Жоқ, әлі қатысып үлгерген жоқпын.

            — Ұстаз ретінде қазіргі оқушыларға қандай мінездеме берер едіңіз?

— Оқушыларымыз өте алғыр, білімге құштар, тіл үйренуге деген талпыныстары да керемет! Мен олардың осы ұстанымдарын толық қолдаймын.

— Мемлекеттік гранттың артықшылығы мен кемшілігі туралы не айтасыз?

— Артықшылығы – республикамыздың өзің қалаған, кез келген қаласында білім алуға құқылысың, ал кемшілігін байқамадым. Менің ойымша, мемлекеттік грант – мектеп бітірушілердің өздері ұнатқан кез келген сала бойынша кәсіби мамандықққа қол жеткізіп, тегін жоғары білім алу мүмкіндігін арттырып отыр. Сондай-ақ, мемлекеттік грант – жастардың болашаққа деген арман-тілектерін жүзеге асырушы ең тиімді, ең маңызды жоба,-деп санаймын. Мен Қазақстанның қай түкпірінде жүрсем де, осы бағдарлама аясында өмірден өз мақсатымды, өз орнымды тапқаныма қуаныштымын!

            — Алға қойған жоспарларыңыз қандай?

Жоспарым көп, солардың ішіндегі ең үлкені – өзім меңгерген бар білімімді шәкірттеріме үйретіп, биік жетістіктерге солармен бірге жету.

            — Әңгімеңізге рахмет! Еңбегіңіз жемісті болсын!

 

Айгүл МОЛДАШ.

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.