Home » Мақалалар » Оңтүстікте өткен «Блум таксономиясы» туралы семинар

Оңтүстікте өткен «Блум таксономиясы» туралы семинар

       Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Еліміздің болашағы белсенді, білімді және денсаулығы мықты ұрпақ» деген болатын. Білімді ұрпаққа бағыт беретін тұлға — білімді ұстаз ғана. Ендеше, «Білімді ұрпақты» дайындау ұстаздар еншісінде. Шәкірт білімділігі ұстаз білгірлігі мен шеберлігіне байланысты. Сондықтан педагогтардың шеберлігі мен білімін шыңдауда білім беру жүйесі өзгерді.

Білімді ұрпақ дайындаудағы негізгі өзгерістерге тоқталсақ: Білім бар жерде ғылым бар, ғылым бар жерде – жарқын болашақ бар. Өмірдің шырағын жағып, айналасына жарық сыйлайтын да білімді адам. Осыған орай, білім саласына өзгеріс енгізіліп, білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды! Яғни, жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұны өзгерді.

Жаңартылған білім — заман талабы! Талапқа сай білім беру — білім ошақтарында («Өрлеу», «Педагогтардың шеберлік орталығы») «Жаңартылған білім беру бағдарламасының мазмұны» бойынша ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында оқу курстары ұйымдастырылды. Негізгі мақсат – «Блум таксономиясымен» дұрыс жұмыс жүргізу.

Қазақстан Республикасы Білім және Ғылым министрлігінің қолдауымен орталық Азия университеті, МГТУ мен «Астана» университетінің ректораттары «Білім беру жағдайында ЖОО мен жалпы білім беру мектептері ұстаздарымен аралық ынтымақтастық» атты ұстаздардың біліктілігін арттыру ғылыми-педагогикалық семинарын жүргізу мақсатында:

Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстан Білім Озаты – Д.Т. Тәңірбергенова және 2007 жылғы ҚР ЖОО – ның Үздік Оқытушысы», ҚР биология пәнінен жаңа буын оқулықтарының авторы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ә.Қ. Қисымова оңтүстік өңіріне бет бұрған жайы бар.

Қазақтың қанына біткен қонақжайлылықты Облыстық білім басқармасына келген жаңа басшы – Сағындықов Исатай Өмірзақұлы және оның бірінші орынбасары – Ергашова Раушан Естлеуқызы көрсете білді. Мән-жайды ұғып, ұстаздар қауымы үшін бұл мәселенің маңызды екенін бірден түсінді.

Өз қызметінің кәсіби маманы Ергашова Раушан Естлеуқызы байыптылық пен байсалдылық танытып, аудандық білім бөлімдерінің аталған семинарға жиналуын ұйымдастырып берді.

Алғашқы семинар Шымкент қаласындағы А. Навои атындағы №11 жалпы орта мектептен бастау алып, Сарыағаш, Қазығұрт, Отырар, Төлеби аудандарында және Арыс, Түркістан қалаларында жалғасын тапты.

Шымкент қаласы бойынша Ергашова Раушан Естілеуқызының ұйымдастыруымен 500-ге жуық, Арыс қаласы бойынша 150, Шардара ауданы бойынша 240, Отырар ауданы бойыша 250, Түркістан бойынша 300, Сарыағаш ауданы бойынша білім бөлімінің бас әдіскері – Cәлима Қонысбекқызының ат салысуымен 400-ге жуық, Қазығұрт ауданы бойынша Әлия Әлиакбар қызының ұйымдастыруымен 300, Төлеби ауданы бойынша Анар Бердібекқызы, Гүлзинат Мекенбайқызы, Гүлнар Әбдіхалыққызы және Маржан Үшкемпірқызы сынды әдіскерлердің ұйымдастыруымен 500-ден аса педагог қатысты.

Білім саласына енген өзгерістің ерекшелігі неде? Осы ерекшелікті білу мақсатында Ә. Қисымқызының семинарына өзімнің де толық қатысуыма тура келді.

Көргені мен түйгені мол, жаны жаңашылдыққа құмар, өз білгенін өзгеге үйретуден жалықпайтын білікті де білімді ұстаз. Совет өкіметіндегі білімді қазіргі біліммен ұштастыра білген маман. “Адамзатқа жақсылық жасау – менің миссиям» деп білуді жөн көріп, оны сабақ барысында пайдалану керектігіне баса назар аударған. Мектеп бағдарламасындағы барлық пәндерге жеке-жеке тоқталып, өмірлік мысалдар мен құндылықтарды жіктеп берді. «Блумдағы негізгі мақсат – құндылықта» екенін дәлелдеп берді.

Өзінің кәсіби білімін бөлісіп қана қоймай, пайдалы кеңестерін де аяған жоқ: Шотановтың «Куда исчезли тройки?» (Үштіктер қайда кетті?) атты кітабын негізге алып, «Үштік» деген бағаға жол бермеуге және үштікті болдырмауға, бала мен ата-анаға психологиялық көмек көрсету керектігін, өсу жолындағы білім деңгейін төмендетпеуге және баланы үнемі көтермелеуге шақырды.

Зал лық толы. Жалпы семинардың өтілу барысы менің ғана емес, зейін қойып тыңдаған ұстаздар қауымының да көңілінен шықты. Мәресіне жеткен семинар соңы ұстаздар алғысы мен сұрақтарына толы болды. Мектеп қабырғасында ұзақ жылдар еңбек еткен ұстаздар көкейдегі сан сауалдарының жауабын тапқанын айтып, ақ тілектерін жаудырып жатты. Болашақта Ә. Қисымовамен бірлесіп жұмыс жасауға, оңтүстіктің әр өңірінен білікті мамандарды, ғалымдарды дайындауына ұсыныстар айтылды. Өте жоғары деңгейде өтті.

Ұстаздар жүрегіне жол таба білген семинар үлкен сұранысқа ие болып, ағартушы қауымның талпынысына, өзін-өзі жетілдіру мақсаттарына жол ашты.

Мадина Серікқызы,

«Білім айнасы» газеті,

Оңтүстік Қазақстан облысы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.