Home » Мақалалар » Оқу үрдісінде жас ұстаз бен оқушылар арасындағы қарым-қатынас психологиясы

Оқу үрдісінде жас ұстаз бен оқушылар арасындағы қарым-қатынас психологиясы

 Оқушылар мен жас ұстаздар арасындағы өзара қарым-қатынас жасау мәселесі психология ғылымындағы және тәлім-тәрбие ісіндегі әрі маңызды, әрі күрделі проблемалардың қатарына жатады. Бұл салада жүргізілген бірсыпыра зерттеулер мен осы бағытта жинақталған тәжірибелердің нәтижелері оқушылар мен ұстаздар арасында қарым-қатынас орнатуда айтарлықтай ерекшеліктер мен сипаттар, түрліше түсініктер бар екендігін көрсетті. Міне, мұндай мәселедегі елеулі жәйттің бірі – мұғалім мен оқушылар арасында қарым-қатынас жасауда әрқилы қиыншылықтардың үнемі кездесіп отыратындығы.

Ересек балалар мұғалімнің әрбір қимыл-қозғалысына, іс-әрекеті мен сөйлеген сөзіне, оның ақыл-кеңесіне, өзге адамдармен қарым-қатынасына, шәкірттерге қоятын түрлі талаптарына өздерінше іштей сын көзімен қарайды. Осы мәселені анықтау бағытында арнайы жүргізілген психологиялық және педагогикалық зерттеулер ересек оқушылар арасында үлкендердің айтқан сөздеріне құлақ аспау және айтқанынан қайтпайтын мінез көріністерінде әрқилы кедергілер мен себептер болатындығын анықтады. Әрине, мұндай мәселенің түпкі себептерін психологиялық жағынан тереңірек зерттеу-тәлім-тәрбие ісінде маңызды мәселе болып саналады.

Тәлім-тәрбие ісіндегі жасөспірімдермен қарым-қатынас жасауда мұғалімнің өзіндік сапа ерекшеліктерімен қатар, оның өзге адамдармен, әсіресе шәкірттердің даралық ерекшеліктерімен санасып отыру қажеттігіне баса мән беріледі. Осындай талапты анықтап оны жүзеге асыру жолында мұғалімнің бойында өзіндік сапа, ұстаздық қасиет және арнайы білімі болу керек деген міндет қойылады.

Мұғалім мен оқушы арасындағы тартысты туғызатын себептерге оқушылар тобы, олардың жас және өзіндік ерекшеліктері, мұғалім мен оның оқушылар ұжымына басшылық ету стилі де әсер етуі жатады. Психология саласында жүргізілген зерттеу нәтижелерін жинақтап қарастырғанда мұғалім мен оқушылар арасындағы тартыстардың туындап, олардың етек алуының бірнеше түрлері болатындығы байқалады.

Оқу ісін жүзеге асырып, оны бірізділікпен жүргізуде кедергі болатын жәйттер мұғалімнің білім деңгейі мен оны шәкірттерге тиімді әдіс-тәсілдермен жеткізе алмай, тәжірибесіздік көрсетіп, оқушыларға серпінді ықпал ете алмайды. Сондай-ақ мұғалім оқушыларға қоятын талабын үнемі өзгертіп қалыпты жағдайдан жиі ауытқып отырады. Соның салдарынан шәкірттердің тәртібі де нашарлайды.

Жеке бастың өзі ұстанған адамгершілік қасиеттерге байланысты кездесетін кедергілер мен талас-тартыстар. Баланың өз басына талап қоюы, айналасына зер салып, әрбір нәрсеге мән беруі баланың өсіп жетіле бастағанын көрсетеді. Мұндай ерекшеліктерге баланың ересек адамдармен қарым-қатынас жасап, өзінің есейгендігін байқатуы оның адами-этикалық жағынан да талап-тілегінің өскендігі деп санау керек. Ересек адамдармен салыстырғанды мұғалім мен оқушылар арасындағы өзара қарым-қатынас едәуір күрделі. Өйткені, мұндағы бірінші жақ-мұғалім толық қалыптасқан, мораль, этикалық жағынан жетілген, мінез-құлқы орныққан адам. Екінші жақ- оқушылар. Бұлар небәрі өз ұстазының сезімі мен ақыл-ойына ынтыққандар ғана. Мұғалім мен оқушының ойлану, түсіну сипаттары да түрлі деңгейде. Ұстаздарға айдай анық құбылыс шәкіртіне нанымды бола бермейді. Кейде мұғалім мен оқушы бір құбылысқа, сөзге немесе қылыққа беретін бағалары да түрліше. Тіпті қарама-қарсы мәнде де болуы мүмкін. Ұстаз бен шәкірттер арасындағы қарым-қатынаста тартыстың туындауына ұстаздық методикалық тұрғыда қате жіберіп жаңылысуы, не оқу материалын тиянақты түсіндіре алмауы да себеп болады.

 Оқушылардың даралық ерекшеліктеріне тән жағымсыз қасиеттері мен мінез-құлқына орай туатын дау — дамайлар. Оқушылар арсындағы ұшқалақ мінезді, қызу қанды, айтқанынан қайтпайтын өжет, жан дүниесіеің шеңбері тар өзін қатар құрбыларынан жоғары санайтын балалар да бар. Олардың сөйлеген сөзі, істеген қылығы өзгелердің зығырданын қайнатып тұрады. Ондай балалармен қарым-қатынас жасау мұғалімдерге оңай тие қоймайды. Негізгі мақсат мінезі ерекше оқушылармен қалыпты қатынас орнатудың тиімді әдісі – оларды ұжымдық өмірдің ыңғайына қарай бейімдеп, олардың іс-әрекеттерімен үйлестіру. Дегенмен, мұндай жағдайда ұстаз бен шәкірт арасындағы айырым шығатын жәйттер жиі болып тұрады. Мұндайда ұстамды ұстаздар шыдамдылық пен тапқырлық көрсетіп, қалайда шәкірттермен тиімді қарым-қатынас орнатудың әдіс-тәсілдерін ізденеді. Жастардың мінез-құлқындағы жағымсыз қылықтарын жөндеуге күш жұмсап, әрбір оқушының даралық ерекшеліктеріне баса көңіл аударады.
Мұғалім мен оқушылар арасында кейде бірін-бірі жете түсінбей өзара келіспеушілік сияқты қолайсыз жәйттер кездеседі. Мұндайда баланың даралық ерекшеліктері мен жан дүниесінің сырына терең бойлап, олардың мінез-құлық ерекшеліктерімен санасқан тиімді. Бала психикасының қарқынды дамып отыруына орай түрлі тілек талаптары мен қажеттіліктері, әрбір нәрсенің сырын білуге құштарлығы арта түседі. Тәлім-тәрбие ісінде баланың санасы мен ақыл-ойының дамуындағы саналы өзгерістерді ескеріп, оларды дұрыс жолға пәрменді бағыттап отыратын болса, онда шәкірт мінезінің ұнамды қасиеттерін бірізділікпен қалыптастыруға болады.
Қорыта келе психология саласында қарастырылған бірнеше зерттеулерде көрсетілгендей, мұғалімдер мен оқушылар арасында кездесетін наразылықтар мен керіс-жанжалдар мұғалімнің жеке басындағы мінез-құлық мен қызметіндегі кәсіби олқылықтарына байланысты екенін аңғартты.
Мұғалімнің мінез-құлқы өз мамандығының талаптарына сай болса, онда мұндай қолайсыз жағдай болмас еді. Қолдан келгенше өзара қақтығыстар мен реніштерді тудырмаған жақсы. Ондай жәйттер кімге де болса абырой әпермейді. Болашақ ұстаздар мұндай жағдайлардың мән-жайын терең барлап түсінгені дұрыс.

Қазіргі таңдағы білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын – еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру» деген тұжырым жасады. Ол үшін әрбір ұстазға ең алдымен бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет.

Толқын Құттықбайқызы Ержанова,
Орал газ, мұнай және салалық технологиялар
колледжінің психологі,
БҚО, Орал қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.