Халыққа экологиялық білім беруді ең алдымен мектептен бастаған дұрыс. Онда жас адамның алғашқы қалыптасуы, көзқарасы, азаматтық саналарының жүйеге түсуі экологиялық жауапкершілікті сезінумен бірге тәрбие алу қажет. Бұл тұрғыда қазіргі мектептегі оқушыларға беретін экологиялық білім жүйесінің ретсіздігін, онда жастарды біліммен қатар жауапкершілікке үйрету жетіспейтінін айту керек. Қазіргі оқу программалары әлемнің тұтас жүйесін сезінуге, білуге, адамның сол әлемнің қарым-қатынасын сезуге көмектесе алмайды. Табиғат пен әлеуметтік тіршіліктің байланысын зерттейтін оқу пәндерінде біртұтас мақсатқа жұмылу жетіспейді. Мұндай қиыншылықтар оқудың интегралдық принциптерінің жетіспеуінен, оқу-тәрбие жұмысына тұтастық тұрғыдан қараудың аздығынан туып отыр. Сондықтан да мектепте экологиялық білім беру ісін тәрбие жұмысымен бірлікте қарастыру абзал. Түпкі мақсат-мұраттың бірлігі жүргізілетін жұмыстардың жүйелілігін, оқу, тәрбиелеу әдісі мен құралдарының бір мазмұнға ынғайлануын туғызады. Оның бәрі табиғатқа біртұтас көзқарас қалыптастырып, жас адамның бойында жауапкершілік сезімін оятады. Оның табиғатпен қарым-қатынасында белгілі бір жүйе қалыптасады, практикалық ісінде де ойлылық туады. Сөйтіп оқу пәндерін экологияландыру және пәнаралық байланыстық тұтас жүйесін қарау жас ұрпаққа өзін қоршаған ортаға үнемі зерттеушілік көзбен қарауға, онымен адамгершілік, эстетикалық ұғым-түсінік тұрғысынан қатынас жасауға үйретеді. Осы жолмен олардың бойында бүкіл тіршілік атаулыға деген биік сезім мен жауапкершілік қалыптаса бастайды.
Адамның қоршаған ортаның бірлігін мектеп оқушыларына үйретудің тұтас жүйесі бұл саладағы негізгі проблеманы – басты идеяны және экологиялық ұғымдарды айырып алуды қажет етеді. Интегралдық курстар жаратылыстың ғылыми негізін ұғынуға көмектеседі. Табиғат аясындағы адамды оны қорғауға үйретеді, сол ортадағы адамның тәртібі мен өзін-өзі ұстануының жүйесін қалыптастырады. Ал, гуманитарлық-эстетикалық пәндер негізінде оқушының табиғат әсемдігін түсінуге, байлықты бағалауға, қадірлеуге үйретуге жол ашылады, табиғат байлығын үнемдеп пайдалану қажеттігін үйретеді. Табиғатты күту мен оған қамқорлық жасауда еңбек тәрбиесінің, дене шынықтырудың да мәні зор. Сапалы еңбек адамның өзін-өзі шынықтыру табиғат аясында онымен түсінісу, сыйласу жағдайына өтеді. Жастардың табиғатпен қарым-қатынасын ретке келтіруде өлкетану жұмыстарының мәні үлкен. Алайда жұмыстың бұл саласы көптеген мектептерде ұмытылып барады. Өлкетану тек саяхатпен ғана шектелмей, азайып, құруға бет алып бара жатқан өсімдік түрлерін тауып, оны күтуге бағытталуы керек. Табиғатты ғылыми тұрғыда түсіну жұмысын жүргізетін өлкетану музейлерін ұйымдастыру қажет. Мектепте экологиялық білім беру және тәрбие жұмысын жүргізу программаларына пәнаралық байланыс негізінде өткізілетін жинақтау сабақтары, семинарлық лекциялар, конференция ұйымдастыру да кіреді. Олардың тақырыптары да қоғам мен табиғаттың байланысын анықтау тұрғысынан қаралады. Пәнаралық байланыс сабақтарын қоғамтану (қоғам мен табиғат), тарих (қоғам мен табиғаттанудың тарихы), әдебиет (совет жазушыларының халықты табиғатты қорғауға шақыруы), биология (биосфера және адам, адамның денсаулығы және қоршаған орта), география (экология проблемалары мен табиғи орта, оны шешудің жолдары), химия (адамның биосферадағы химиялық қызметі), физика (техника және қоршаған орта). Тағы басқа пәндер негізінде жүргізуге де болады. Орта мектептерде география пәні білім-ғылым біріне өзінің ой-пікірлерін қоса алады. Ол табиғат компоненттерінің ішкі байланысын, құбылыстардың сабақтастығын, қоғам мен шаруашылық салаларының мүдделестігін ашады, табиғат ресурстарын тиімді пайдалану мен оны қорғаудың жолын түсіндіреді. Географияны оқыту ісінде әр өлкенің өз табиғатын (қаланың, селоның) табиғи жағдайларын танудың маңызы зор. Бұл сол өлкенің болашақ қызметкерлерінің өз ауданының табиғи құрылымын жете білуіне, жер жағдайын ескере жұмыс жүргізуіне көмектеседі. Әрі теориялық материалды нақты мысалмен ұғынуына мүмкіндік береді. Табиғат құбылыстарының ішкі байланысын терең түсіну оқушының бойында материалистік көзқарастың қалыптасуы үшін де қажет. Табиғат бөлшектерінің бәрінде болатын өзгеріс қалғанын қозғалысқа келтіреді. Сондықтан география пәні арқылы жердің геологиялық құрылысын, рельефін, климатын, суын, топырағын, өсімдіктер мен жануарлар дүниесін, табиғи территориялық комплекс есебінде тұтас қарап үйрету керек. Сонда оны қорғау мен экологиялық жағдайын түсіну жеңілге түседі.
Қазіргі жариялылық заманда табиғатта болып жатқан өзгерістерді экологиялық жағдайдың күрделілігін, оның себептерін балалардан жасырудың керегі жоқ. Олар Арал теңізінің осындай күйге ұшыраған себебін білуі керек. Ондағы адамдардың ата кәсібінен – балық аулаудан, мал шаруашылығынан қол үзіп, кәсіпсіз қалғанын түсінсін. Аурулардың көбейіп, халықтың келешегіне қауіп төніп отырғанын да көрсін! Мұның бәрі – олар үшін сабақ.
Бұл жастарды ойландырады, бұл жағдайдан құтылудың жолын іздестіруге бағыттайды. Жастарға экологиялық білім берудің екінші басқышы – жоғары мектепте осы жағдайлар кеңінен ескерілуі керек. Жоғары мектептерде экологиялық білім беруді болашақ мамандардың көзқарасын қалыптастыратын, саяси және арнаулы білімін толықтыратын пәндер бірлігіне негіздеу керек. Оларға саяси, адамгершілік, құқықтық, эстетикалық білім беру мен тәрбиелеуді табиғат құбылыстары арқылы түсіндірген жөн болады. Бұған жоғары мектептің коғамдық ғылымдар кафедралары, педагогика, психология мамандары батыл араласып, бұл саладағы жұмысты арнаулы кафедралар мен бірлесе жүргізсе, іс нәтижелі болмақ. Экология саласында білім беру мен тәрбие жүргізудің мұндай комплекстік үлгісі СССР Жоғарғы Советінің 1989 жылғы қарашаның 27-жұлдызында қабылданған «Елді экологиялық тұрғыда сауықтырудың шұғыл шаралары туралы» қаулысында атап көрсетілген.
Эколог мамандар экологиялық құбылыстар мен процестерді дұрыс түсініп талдауға қоршаған ортаңғы қорғаудың инженерлік жұмыстарының үлгілерін, пайдаланатын су көздерін тазарту жолдары газ, шаң, т.б. ауаны ластайтын зиянды заттарды тоқтатудың әдістерін азық-түліктегі химиялық қоспаларды анықтаудың амал-айласын жетік білуге тиіс. Ол үшін бұл мамандықтағы студенттерді оқытуға халық шаруашылығының әр саласындағы білікті маман кадрларды кең тарту керек.
Бүкіл елімізде Халыққа, Халық шаруашылығы қызметкерлеріне (алдыңғы кезекте шаруашылықты ұйымдастырушылар мен арнаулы іс бабындағы адамдарға) сабақ ашу және мамандықты жетілдіретін қысқа мерзімді курстар ашу керек. Арнаулы экологиялық мамандардың жетіспей жатқан кезінде халық көпшілік пен іс жағдайынан хабардар адамдарды жинап оқыту олардың қоғам мен табиғат алдында жауапкершілігін көрсетеді. Уақыт қазір осыны талап етіп отыр.
Г.С. Алимбаева
№177 Жалпы білім беретін мектеп
география пәнінің мұғалімі,
Алматы қаласы, Жетісу ауданы