Home » Мақалалар » Оқушыларға патриоттық тәрбие беру – ел ертеңінің кепілі

Оқушыларға патриоттық тәрбие беру – ел ертеңінің кепілі

азіргі уақытта  қазақстандық патриотизм мәселесі барлық қоғамдық, мемлекеттік, саяси, мәдени-рухани тақырыптардың өзегіне айналуда.  Қоғамдардың даму тарихы патриотизмнің мемлекет тарапынан қажетті және пісіп жетілген өзгерістерді жүзеге асырудың басты ресурсы екендігін көрсетті. Мемлекет пен қоғамның белсенді бөлігі аса маңызды реформаларды жүзеге асыру кезінде сәйкесінше символиканы, құндылықтарды, идеалдарды, мақсаттар мен принциптерді, бір сөзбен айтқанда, идеологияны қалыптастырады және оларды қорғай отырып дамытады.Мұндай мәселелер қазіргі таңда тәуелсіз даму жолына енді ғана түскен мемлекеттердің көпшілігінің алдына қойылуда. Ендеше бүгінгі патриоттық идея да, патриоттық тәрбие де қазіргі заман адамдарына, олардың талғамдары мен мүдделеріне сай анық та түсінікті түрде болғаны жөн. Қазіргі заманғы патриоттық идеология мемлекеттің құрылу үдерісіндегі барлық жетістіктерді, сондай-ақ ұзақ мерзімді басымдықтар мен талаптарды да назарына алуы керек.

Өз халқыңның тарихының өнегелі жақтарын білу, өз еліңнің кешегі және бүгінгі қаһармандарын мақтаныш ету, олардың ерлігіне тағзым ету, оларға сай болу патриотизмнің басты құрамдас бөлігі болып табылады. Бұл тұрғыда алғанда, Қ.Сәтбаев мектебінің  оқу-тәрбие саласында белгілі деңгейде әр түрлі шаралар жүргізілуде. Аймақ тарихының жарқын беттері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихатталуда, ауылдан шыққан ардақты тұлғаларымыздың есімдері ұлықталып, түрлі кездесулер ұйымдастырылды. Алайда тарихтың ақтаңдақтарын жеткіліксіз оқып-үйрену, түрлі тарихи және ғылыми теориялардың арасындағы келіспеушіліктер мен айырмашылықтар, жастардың төл тарихына деген қызығушылығының айтарлықтай аз болуы, өзге, әсіресе батыстық идеология мен теориялардың басымдық ықпалы бұған көп кедергі жасауда. Көп ретте жастардың бұқаралық, тіпті кейде арзан мәдениетке елтіп, этномәдени, дәстүрлі, ұлттық бастаулардан алыстап кетуі, өкінішке қарай, қалыпты және кеңінен тараған үрдіске айналды. Біздің ойымызша, одан шығудың басты жолы — қазіргі білім беру мекемелерінде этномәдени білім мен тәрбие беруге ерекше көңіл бөлу.

Патриоттық сезім отбасынан басталады. Өкінішке қарай, нарықтық қатынастардың кеңінен орын алуы, ересектердің тәрбиеге жеткіліксіз көңіл бөлуі, ата-аналардың уақытының жетіспеушілігі мен қолдарының тимеуі отбасындағы жастар тәрбиесінің ролін түсірді. Әрине, мұндай жағдайларда өзінің ескі арнасын жоғалтқан патриоттық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыру мен оған тәрбиелеудің жаңа жолға оңайлықпен түсіп кете алмасы анық. Патриоттық сананы қоғамдық өмірде бекітетін бірден-бір институт —білім мен тәрбие беру мекемелері. Олардың көмегімен патриоттық сана қоғамдық өмірге бекітіліп, мемлекет тарапынан қолдауға және бағдарлауға ие болады. Өскелең жастар қоғамның әлеуметтік құрылымында ерекше орын алады. Ендеше, қазіргі  жастар өздерінің тұлғалық-кәсіби нығаюға бет алуының жоғары деңгейімен, шығармашылық потенциалымен, Қазақстанның әлеуметтік жаңғыру процесіне шынайы іс жүзінде қатысуға деген белсенді қызығушылығымен, қоғамдық өмірдің түрліше жақтарына, өзінің әлеуметтік бағдарларына деген даралық көзқарастарымен ерекшеленуі тиіс. Өскелең ұрпақ еліміздің әлеуметтік-саяси, экономикалық және мәдени дамуының анықтаушы күші де болып табылады. Олай болса, оқушы жастардың тұрмысы мен болмысына, тәлімі мен тағылымына үстірт қарауға болмайды. Бұл туралы Президент Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуына қатысты жақында жазылған Бағдарламалық тапсырмалық мақаласында ерекше ескерте келіп: «Мен жас ұрпақтың ел болашағы үшін маңызын атап көрсетіп келдім және атап көрсете беремін. Мемлекет әрбір жас адамның өз еліне міндетті түрде қажет болуы үшін бәрін де жасайды» — деген болатын. Осы ұстанымды басшылыққа алатын болсақ, бізге,  тек оқу және оқыту үдерістерін төңіректемей, оқушылар  болмысына әсер ететін құбылыстарды тұтастыра қарағанымыз жөн.Қазақстанның егемен мемлекет ретінде қарқынды дамуы тәрбие процесін жөнге келтіру мен оның бағыттарын айқындаудың қажеттілігін нақты түрде ұғынуға әкелді.  Республика көлемінде де, жекелеген оқу-тәрбие мекемелерін алсақ та патриоттық тақырыпқа байланысты іс-шаралар қазақстандық патриотизмнің заманауи болашағын кешенді түрде қарастыруды талап етеді. Алайда, нақты мақсаттарсыз, жоспарларсыз, жүйеленген міндеттерсіз бұған қол жеткізу мүмкін емес.Біздің мектебіміздегі тәрбие жұмыстарының негізгі мақсаты: рухани дүниесі бай, денсаулығы мықты, жоғары азаматтылығы гуманизммен ұштасқан, әлеуметтік тұрғыда белсенді, бастамашыл, толерантты, шығармашылықты, инновациялық, әлеуметтік-мәдени өзгерістерге қабілетті XXI ғасырға лайықты, елін сүйген патриот тұлға қалыптастыру мен дамытуға жағдайлар жасау. Тәрбие қызметіміздің басты міндеті: оқушылардың корпоративтік рухын көтеруге бағытталған, жеке тұлғаның рухани және шығармашылықты үздіксіз дамуына, өзін-өзі дамытуына, кәсібилік, бәсекеге қабілеттілік, сыни көзқарас пен ойлаудың стандартты емес үлгілерінің болуына, мәдени-толеранттылық, белсенді жасампаздық бастау, тағы да басқа адами ұстанымдарды қалыптастыратын тәрбие беру жүйесі мен тәрбиелік ортаны құру мен қолдау. Аталған міндеттер мен мақсаттар болашақ жас ұрпақ бойында корпоративтік рухты қалыптастыруға; мектептің түрлі мұражай, тарихи ескерткіштер сынды мәдени ұйымдармен бірлесе тәрбиелеу жұмыстарын жүзеге асыруы; өз отанының  дәстүрлерін құрметтеуге, сақтау мен молайтуға; білім алуға деген жауапкершілікті күшейтуге; азаматтық және патриоттық құндылықтарды, көзқарастар мен сенімдерді қалыптастыруға; мемлекеттің Рәміздері — Қазақстан Республикасының Елтаңбасын, Туын, Гимнін мақтаныш етіп, оларға құрметпен және қастерлеп қарауға; қоғамдық-саяси сауаттылық негіздерін қалыптастыруға; оқушыларды заңдылықтарды, қоғамдық және ұжым өмірінің нормаларын құрметтеу рухында тәрбиелеуге; ұлтымыздың өткені мен мәдени мұрасына құрмет көрсетуге; Қазақстанда тұратын барлық ұлт өкілдерінің мәдениетіне толерантты түрде қарауға; әр түрлі әлеуметтік мәселелерді шешуге және үн қосуға даяр болу сияқты иммунитет қалыптастырады деген ойдамыз. Осылардың ішінде біз патриоттық тәрбие мен қоғамдық-саяси сауаттылықты қалыптастыруға басымдылық береміз. Өйткені патриотизм оқушылармен қоғамдық сана негізінде ұғынылуы керек. Оқушылар  бойында қоғамдық-саяси сауаттылықтың негіздерін қалыптастыру, олардың заңдылықты, қоғамдық өмір нормаларын қастерлеуге, біздің халқымыздың тарихи өткені мен мәдени мұрасына құрмет көрсету рухында тәрбиелеу егемен, тәуелсіз ел үшін — қажеттілік.    Біз патриоттық тәрбие беру шеңберінде азаматтық-патриоттық тәрбие, қоғамдық-саяси және құқықтық тәрбие, рухани-адамгершілік тәрбие беру секілді бағыттарды дамытуды көздейміз. Аталмыш бағыттар бойынша жұмыстар оқушылар бойында нық азаматтық ұстаным мен патриоттық сананы қалыптастыруға септігін тигізеді. Кешенділік, салмақтылық, орнықтылық, ерлік, толеранттылық, қарапайымдылық, еңбекке қабілеттілік, шын берілгендік пен жауапкершілік — патриоттық тәрбие саясат ағынындағы қазіргі заманғы шаралардың басты сипаттары.  Патриотизм кеше мен бүгіннің байланысы, ұлттар мен ұлыстардың дәстүрлерінің, мәндерінің, құндылықтарының тоғысы. Патриотизм құрдан-құр, жалаң орында туындамайды. Оның қайнар көздері — ел тарихын терең білуде, оның тәуелсіздігі мен гүлденуін қамтамасыз еткен, оған күш салған аға ұрпақтардың іс-әрекетін ұғыну мен құрметтеуде жатыр. Президент өзінің бағдарламалық мақаласында: «Қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын арттыру, демек зейнет жасындағы, бірақ еңбекке қабілетті жастағы адамдар санын арттыру денсаулық сақтауды дамытудың нақты нәтижесі болып табылады» — дей келіп, алдыңғы аға ұрпақтың мол тәжірибелерін пайдалану қажеттігін ескертеді. Білім мен ғылым саласында еңбек еткен аға ұрпақтың Тәуелсіз Қазақстанның егеменді дамуындағы орны ерекше.   Патриотизм санмен өлшеуге көнбейді және ол адамдарды біріктіретін сезімдерден көрініс табады. Олардың ішіндегі ең бастысы — әр адамның өзінің туған жері мен тұрақты еңбек етіп жатқан жерін өз Отаны ретінде қадір тұтуы, территориялық бірлікке деген махаббат пен қамқорлық, жергілікті дәстүрлерді құрметтеу, сол аймаққа деген өмірінің ақырына дейінгі адалдығы. Оқушыларды патриотизге тәрбиелеу мақсатында мектебімізде түрлі іс-шаралар -мемлекеттік Рәміздерді білуге арналған  конкурстар мен олимпиадалар, «Бұл — біздің Ту!», «Бұл — біздің Елтаңба!», «Бұл — біздің Гимн!» патриоттық акциялары, Қазақстан тарихын білуге арналған конкурстар мен олимпиадалар,әдеби конкурстар, патриоттық әндер конкурстары, мемлекеттік мерекелер — Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне, Наурыз мейрамына, Қазақстан халқының бірлігі күніне және т.б. арналған мерекелік бағдарламалар өткізіледі. Мектебімізде халық шығармашылығының дәстүрлерін дамытатын шығармашылық ұжымдар — би үйірмесі,  хор үйірмесі  жұмыс жасайды және олардың репертуарына Қазақстанның музыкалық-көркемдік мәдениетінің шығармалары енгізілген, сонымен қатар, спорттық үйірмелер де жемісті жұмыстарын көрсетуде. Тәуелсіз елдің биік те қасиетті ұғымдарының бірі — отансүйгіштік біздің халықты біріктіретін Қазақстанның бірлігі мен жалпыұлттық идеясының негізі болып табылады. Ол аса маңызды стратегиялық, ұлттық, мәдени және т.б. проблемаларды шешуге бағытталған қоғамның маңызды мобилизациялық ресурстарының формасы. Мемлекеттің саяси құжаттарында нақты белгіленген патриотизмнің ықтималды нәтижесі ел азаматтарының нақты іс-әрекеттерінен көрінуі тиіс. Себебі, азамат, патриот болу үшін батыр немесе асқан ерекше адам болудың қажеті жоқ. Тек өз Отанынды жеткілікті дәрежеде сүюің, ол үшін қам жеуің, оның барлық қиындығы мен қуанышын бірге бөлісуің қажет.

 

Ускенбаев Копжасар Төлегенұлы

Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы,

Қ.Сәтбаев атындағы орта мектебінің директоры

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.