Home » Баяндамалар » ОҚУШЫЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ОТБАСЫ МЕН МЕКТЕП ТӘРБИЕСІ

ОҚУШЫЛАРДЫ ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ОТБАСЫ МЕН МЕКТЕП ТӘРБИЕСІ

Әрбір отбасы қоғамның кішкентай бір бөлігі болып табылатындықтан, қоғам өркениетілікке жеткізу, ең алдымен, әрбір отбасындағы өмірді ұйымдастырудан басталмақ. Тәрбиенің бастапқы әліппесін бала отбасында алады. Салауатты отбасында ғана салауатты ұрпақ қалыптасады. Заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезовтің «Ел болам десең, бесігінді түзе» деген нақыл сөзінің мәні тереңде жатыр. Яғни, болашақтың тізгінұстары, елінің ертеңі болар, халқының үмітін ақтай білетін дені сау, білімді де саналы жас ұрпақты өсіру талабынан туындап отырады. Осы ұлы мақсаттарға жету жолында киелі де қасиетті екі түсінік бар.
Бірі, баланың бастапқы тәрбие мектебі алтын бесік — отбасы болса, екіншісі, алтын ұя — мектеп. Бұл екі ортаның да мақсат-мүддесі ортақ. Отбасы, ата-ана адамды дүниеге әкеліп, қалыптастырып, дамытып жетілдірсе, адам бойындағы бар игі қасиет мектеп қабырғасында қаланады. Бұл киелі жерде қызмет ететін мұғалім мен ата-анаға жауапкершіліктің үлкен жүгі артылған [1].
Ұлы Абай атамыз «Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп көргендікпен ой түйген. Бала өміріне қажетті тәлім-тәрбиенің іргетесы ата-ана арқылы отбасында қаланады. Дана халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, ата-ананың әрбір іс-әрекеті балаға үлкен сабақ. Әрбір ата-ана өз балаларының тұңғыш тәрбиешілері. Бала – ата-ананың адамгершілік өмірінің айнасы. Адамгершілік қасиет отбасы мүшелерінің бірін-бірі қадірлеуінен, олардың өзара бірлігі мен түсінушілігінен, ата-ана мен балалар арасындағы мейірімді, қарым-қатынастан, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді толып жатқан жазылмаған заңдылықтар арқылы көрініс табады. Баланың жаны мен тәні таза, рухани бай, дені сау етіп өсірумен бірге еңбекке деген сүйіспеншілікке, ұлтжандылыққа, адалдыққа, жинақылыққа, адалдыққа жинақылыққа баулып өсіруі шарт. Осы тамаша қасиеттердің бәрін ата-ана бойынан тауып, соған еліктеп өссе және әрбір ата-ана баласының жүрегіне жол тауып, оның өміріндегі шынайы досына айналса, тер төккен еңбегінің жанғаны. Ал мектеп баланы болашаққа дайындап, келешек өмірін қай бағытпен жүрсе дұрыс екенін, өздерінің керекті, бейім мамандық таңдауға жол, бағыт беретін ұя. Мектеп пен отбасы арасында саналы да тәрбиелі бала тәрбиелеу үшін өте тығыз байланыста болуы керек. Бірлік арқылы біз көздеген мақсатымызға жетеміз және де адамға тән жақсы қасиеттерді бойына сіңірген саналы ұрпақ тәрбиелеп шығарамыз [2].
Бала тәрбиесі – баршаға ортақ болғандықтан жас ұрпақты саналы азамат етіп тәрбиелеу – ең негізгі міндетіміз. Тәрбиенің бастапқы әліппесін бала отбасында алып, онда адамгершілік пен ізгіліктің негізі қаланады. Әрбір отбасы қоғамның кішкентай бір бөлігі болып табылатындықтан, қоғамды өркениеттілікке жеткізу, ең алдымен, әрбір отбасындағы өмірді дұрыс ұйымдастырудан басталмақ.
Бүгінгі отбасыларындағы ата-аналардың бала тәрбиесін заман талабына сай ұйымдастырудағы қабілеттері мен мүмкіндіктері бірдей болмай отыр. Қазақ зиялылыларының бірі — М.Жұмабаевтың «Тәрбиедегі мақсат — баланы тәрбиешінің дәл өзіндей етіп шығару емесе, келешек өз заманына лайық қылып шығару» деп айтуы балалар тәрбиесінде ата-аналар алдында үлкен жауапкершілікте тұрғандығын дәлелдейді. Әрине, отбасы өзінің дербес әрекеті арқылы тәрбие саласында ауқымды мәселелерді шешуде әлсіздік танытады. Ол үшін отбасы мен мектептің өзара ынтымақтастығын нығайту өте маңызды. Ал тәрбие қоғамдық құбылыс болғандықтан, оны қоғам талаптарынан тыс ұйымдастыру мүмкін емесе. Бұл тұста үштік одақ: мектеп, отбасы және қоғамдық мекемелер жұмысындағы өзара сабақтастық және ынтымақтастық өз үйлесімін табуы тиіс. Бүгінгі отбасы тәрбиесінің барысын екі жақты қырынан байқауға болды. Біріншісі, отбасының мектеппен ынтымақтаса әрекет етуге өте ынталы болып отырғандығы. Мұнда ата-аналар балаларының сапалы білім алып, жан-жақты дамуы үшін оларды ең таңдаулы мектепке оқуға береді. Оқушылардың ұлттық тәрбие алу мен қоса әлемдік тәрбие жетістіктерін пайдалану қолға алынуда. Мектеп пен отбасының өзара ынтымақтастығы нәтижесінде ата-аналар тарапынан мектептің педагогикалық қызметіне әр түрлі көмектер көрсету, атап айтқанда, демеушілік жасау, тәрбие тәжірибелерімен бөлісу, кәсіби қызмет саласын кірістіру және т.б. жүзеге асырылады. Екіншіден, отбасының мектеппен ынтымақтастықты орнатуға немқұрайлық пен қарауы орын алуда. Бұл күнкөріс жағдайы мен отбасындағы балалар тәрбиесіне көңілдің бөлінбеуі, тіпті, ата-аналардың жиналысқа келмеуі, мектеппен байланыс жасауға талпыныстың болмауы, бала тәрбиесінен қатысты аз оқитындығы және т.б. арқылы айқындалады [3].
Мектеп — өскелең ұрпақты тәрбиелеу жүйесіндегі шешуші буын. Оның жас ұрпақты тәрбиелеудегі рөлі өте зор. Еліміздің жастары мектеп арқылы өмірге жолдама алады. Мектеп еш уақытта отбасынан, қоғамнан бөлініп, автономиялық мекеме болған емес. Сондықтан оның іс-әрекеті отбасымен, жұртшылықпен, еңбек ұжымдарымен тығыз байланысты. Міне, мектептің үлкен тәрбиелік қызметі осында. Осы тұрғыдан мектеп балалармен тәрбие жұмысын ұйымдастырып, жеке адамның дамуында және қалыптасуында әр түрлі факторлардың ықпалын үйлестіріп, біріктіретін орталық. Мектепте іс-әрекеттің ең бастысы — тәрбие түрлерінің (дүниетаным, еңбек, мінез-құлық, эстетикалық дене тәрбиесі) мақсаттары мен міндеттері жүзеге асырылады.
Мектеп басшылығымен жүргізілетін тәрбие жұмыстарының формалары көп. Олар: ата-аналармен жұмыс, сынып жетекшілерінің және мұғалімдердің отбасымен жұмысы, сыныптан және мектептен тыс тәрбие жұмыстары. Осы жұмыстарға мектеп басшылық жасайды, көмектеседі, тиісті адамдармен, ұйымдармен бірігіп іске асыруды қамтамасыз етеді.
Тәрбие жүйесінде, әсіресе, жеке адамның жоғары моральдық қасиеттерін қалыптастыруда, адамгершілік сезімін, эстетикалық талғамын дамытуда қоғамдық тәрбие институттарының алатын орны ерекше.
Отбасы белгілі дәстүрлердің, жағымды өнегелердің, мұралардың сақтаушысы. Онда бала алғаш рет өмір жолымен танысады, моральдық нормаларын игереді. Сондықтан отбасылық өмір — жеке адамның азамат болып өсуінің негізі. Отбасы ғасырлар бойы адам баласы тәрбиесінің құралы болып келеді. Сондықтан ол адам үшін ең жақын әлеуметтік орта. Отбасы — оқыту мен тәрбие жұмысындағы мектептің одақтасы. Ол бала тәрбиесі жөнінде мектеппен тығыз байланысты болуды өте жақсы түсінеді. Бала тәрбиесінің отбасында, мектепте нәтижелі болуы ынтымақтастыққа негізделеді. Отбасы тәрбиесі — бұл қоғамдық тәрбиенің бір бөлігі, мемлекет алдындағы ата-аналардың борышы. Үкімет отбасына үнемі қамқорлық жасауда [4]. Қамқорлықтың түрлері: балалар мекемелері жөнінде халықтың қажеттілігін толық қанағаттандыру, балалардың еңбек, спорт лагерьлерінің, көркем шығармашылық үйірмелерінің жұмысын кеңейту; ананы, балалық шақты қорғауға ерекше көңіл бөлу, отбасы мүшелерінің демалуы үшін санаториялардың, демалыс үйлерінің жүйесін кеңейту; аналар жағдайын еске алып, өйелдердің халық шаруашылығына қатысуын үйлестіру. Отбасындағы басты мәселелердің бірі — баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру: баланың тәртібі, міндеттері, қойылатын  талапттар, оның үй еңбегіне қатысуы, оқу-әрекеті, бос уақытын, ұйымдастыру.
Бала өмірін және іс-әрекетін ұйымдастыруда негізгі жағдайлардың бірі — ұтымды ырғақ жасау. Күн тәртібі — өмір тәртібі, еңбек пен демалыстың парасаттылықпен, кезектесіп өтуі, талаптардыр орындау, жақсы әдеттерді қалыптастыру. Балалардың күн тәртібі жұмыс қабілетін толық сақтау үшін еңбек пен демалыстың кезектесіп өтуінің қажет екендігін көрінетін И.П. Павловтың іліміне негізделеді. Күн төртібін баланы жинақылыққа, тілалғыштыңқа, дәлдікке  мұқияттылыққа үйретеді, денсаулығын нығайтады, еңбек қабілетін жақсартады. Дұрыс ұйымдастырылған күн ырғағы белгілі дағдыға үйретеді, дағды әдетке айналады. Әдет келешекке бала қажетін қанағаттандырады [5].
Күн тәртібін жасауда ата-ана баланың жасын, үй жағдайын, денсаулығын мұғалімдер мен сынып жетекшілерінің кеңесін, отбасы мен мектеп ырғағының бірлігін еске алуы тиіс. Отбасында күн тәртібінің негізгі құрамды бөліктері — еңбек, демалыс, ойын, сабаққа дайындалу, тамақтану, ұйқы, т.б. дұрыс алмасып отыруы қажет.Отбасында балалардың тәрбие процесіне табысты ықпал жасайтын басқа жағдайлар:

  • отбасының этникалық құрамы және құрылымы: толық емес отбасы, бір балалы, көп балалы отбасы, бір ұлттық, көп ұлттық отбасы.
  • тіршілік әрекетінің жағдайлары: отбасы мүшелерінің білім дәрежесі, еңбектену, кәсіптік ңүрамы, бюджеті, жалпы материалдық әл-ауқаты, ауылдық және қалалық отбасы.
  • отбасының мәдени потенциалы: күнделікті тұрмыстың жалпы  мәдениеті, күн ырғағы, демалыс, оның формалары, кітапхананы, теледидарды, музыка аспаптарын пайдалана білуі, спорт-пен айналысу, отбасылық дәстүрлік мерекелер.
  • ішкі отбасылық қатынастар микроклиматы отбасындағы көзқарастың бірлігі және айырмашылығы, отбасы мүшелерінің өз міндеттеріне көзқарасы.
  • қоғамға көзқарасы: еңбек пен қоғамдық міндеттерге, қоғамдық тәрбие институттарына қатысы.
  • отбасының тәрбиелік мүмкіндігі: отбасылық тәрбие, әдістер, ата-аналардың және басқа мүшелердің педагогикалық мәдени дәрежесі. Отбасының осы ерекше белгілерінің тәрбиелік ықпалы зор, оларды тәрбие барысында ескеру қажет [6].

Отбасындағы тәрбие түгел іске асып отырмайды. Тәрбиенің сәтсіздікке үшырауының басты себебі — тәрбиені жүргізіп отырған адамның педагогикалық көзқарастарының жеткіліксіздігі, адамның көңіл-күйі мен материалдық, әлеуметтік жағдайының нашарлығы. Отбасылық тәрбие тиімсіздігінің себептері:

  • отбасындағы өктемдіктің баланы өзін-өзі басқарудан, билеуден айырып, өз күшіне, мүмкіншілігіне сенуден қалып, оған қарсы қоярлық ішкі күш-жігерінің төмендеуі, сезімінің мұқалуы;
  • баланы өз еркімен жіберушілік, еркелік, бәрін кешірушілік. Баланың дегеніне көніп, жетегіне еру оны өзімшілдікке тәрбиелейді;
  • отбасында бірыңғай талаптың болмауы, ересектер арасындағы алауыздықты пайдаланып, баланың екіжүзді және жағымсыз нәрсеге бейім болып өсуі;
  • ата-ананың баланы ұжымнан аулақтатып өсіруге тырысып, баланың қалыптасуына кері әсер етуі;
  • ата-ананың баласының іс-әрекетіне немқұрайды қарап, жауапсыздық танытып, баланың кездейсоқ, күмәнді адамдармен танысуға мүмкіншілік алуы [7].

Ата-ана абыройы дегеніміз — бала көзімен көріп тұрған, жасы үлкен кісінің күдіксіз қасиеті, күші, ішкі қуатты берік логикаға негізделген ісі мен қасиеті. Осы қасиеттерді баланың бойына сіңіре білу — отбасы тәрбиесінің мақсаты, борышы, міндеті.
Мектеп пен отбасы ынтымақтастығының бірнеше нысандары бар. Мектеп пен отбасы байланысының басты формасы — ата-аналар жиналысы. Онда күнделікті өмір, еңбек, демалыс, оқушылардың бос уақыты, кәсіптік бағдар, оқу және тәрбие жұмысы, т.б. талқыланып, оларды одан әрі жетілдірудің нақты жолмен қарастырылады. Сынып ата-аналары жиналысында ата-аналаар комитеті, олардың төрағасы сайланады.
Ата-ана мектеппен  байланысын  күшейтуі  арқылы ғана бала тәрбиесінде жақсы  жетістікке қол жеткізе алатыны ақиқат. Ал, ата-ана мен ұстаздар  арасындағы  қарым-қатынасынан  мықты нәтиже болары анық. Бар әдемілік пен әдептілікті бойына  жинаған, халықтық тәрбиемен сусындаған, өз отбасына, өз ұстаздарына, өз мектебіне, сыныптас достарына, еліне құрмет сезімі қалыптасқан  жеке тұлға қалыптастыра аламыз.

Әдебиеттер:

  1. Ж.Б. Қоянбаев, Р.М. Қоянбаев. Педагогика. — Алматы, 2000.
  2. Е.Сағындықұлы, Педагогика (дәстүр курсы). — Алматы, 1999.
  3. А.О. Пинт. Ата-аналар, сіздер үшін. — Алматы, 1972.
  4. Ю.П. Азаров. Отбасы педагогикасы. — Москва, 1985.
  5. В.А. Сухомлинский. Ата-ана педагогикасы. -Алматы, 1983.
  6. Қ.Жарықбаев, С.Қалиев. Қазақтың тәлім-тәрбиесі. -Алматы, 1995.
  7. К.Ж. Қожахметова. Сынып жетекшісі. — Алматы: Әлем, 2000.

Айнұр ЕРТАСОВА,
Жамбыл облысы,
Тұрар Рысқұлов ауданы,
Құмарық ауылы,
Өнер мектебінің психология пәні мұғалімі.

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.