Home » Мақалалар » Оқушылардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру

Оқушылардың рухани-адамгершілік құндылықтарын қалыптастыру

Адамгершілік іс-әрекет дегеніміз адамның жалпы игілік, жақсылық және тұлғаның ерік-күйі, адамгершілік мақсаттарға жетуге бағытталған және сол бойынша адамгершілік жағынан дәлелденген тәсілдер арқылы жүзеге асқан іс-әрекетті реттейтін адамның белсенділігін, оның қоршаған дүниемен өзара қатынасының өзіндік түрі, нысаны деуге болады.

Жеке тұлғаның іс-әрекеттерінде адамгершілікке тәрбиелеу мақсатын айқындаудың бірнеше өрістік құрылымдарына назар аударылады:

  1. Когнитивтік өріс – шәкірттерді өз өмір-тіршілігінде тәрбиелеу, білім алу барысында “құндылық”, “адамгершілік”, “адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруда өзін-өзі айқындау” ұғымдары оның құрамды бөлігі болып есептеледі. Жеке тұлғаның қарым-қатынасы құндылықтың маңызы, оны игерту барысында өндіріледі, дамыту өрнектеліп, мәнін көрсете түседі;
  2. Интеллектуалды өріс – ауқымды құрылымды адамгершілік қасиеттер туралы білімдердің қажетті көлемі, мөлшері, тиянақтылығы, тереңделігі, әсерлілігімен сипатталады;
  3. Мотивациялық өріс – көлемді құрылымды жеке тұлғаның сұранысы, оған жауап іздеуі, оған табылған дәлелді жауаптарды қабылдауы басты қозғаушы күш болып табылады. Жалпы адамгершілік қасиетті түсіну – күрделі, айталық әлемдегі ең жоғарғы мәндегі құндылықтар, олар бәрімізге нәр беретін бар тіршілігіміздің тірегі, адамның арқауы – нан, екінші – адамның өміріндегі жинаған білім, ғылым, практика тынысын жеткізуші, қасиетті, сарқылмас, еш уақытта мәнін жоймас ғажап дүниелер көзі – кітап, үшіншісі – азаматтық дамуын жалғастырушы, тоқтап қалуға жол бермеуші, әлемнің жарығын сыйлаушы – аналар;
  4. Эмоциялық өріс – оқушылардың жеке тұлғасының моральдық қалыптарын және адамгершілік ұстанымдарына сай жан ашуы, рахметі, көңіл-күйі, ар-намысы, ықыласы пайда болып, біртіндеп уақыт өте қалыптасады. Тәрбиелеу мен ыждағаттылықты қажет ететін үдеріс. Егер де өз өмірімізге шолу жасасақ бірнеше тұжырымдар шығады:

— Жеке тұлға өзінің өмірлік адамгершілік құндылықтарына сай қоғамдық қажеттіліктерді қанағаттандыратын тәсілдерді таңдайды;

— Жеке тұлға өзінің қажеттіліктерін де, өзінің сезімін де өзі басқарады;

— Жеке тұлға өзінің білімдері мен өмірлік тәрбиесін талғауды дұрыс жасай алса, дұрыс жолдарды саралай алатын болады.

  1. Ерік-жігер өрісі – оқушылардың алдына қойған мақсатына жетуге қажетті табандылық, тәртіптілік, танымдық сияқты қасиетін дамыту, мақсатты тиянақты, тереңдете талпыныстар жасау орын алуын қажет етеді.

Тәжірибе көрсеткендей, арманын өзі толық түсінген адамның алдына қойған мақсаты жауапкершілігін арттыратын қозғаушы күшке айналады. Адамның өзін-өзі реттеуі, тәртіпті болуы, табандылығы, білімдері мен тәжірибесіне сүйенуіне қосымша біліктілігі ерік жігерін тәрбиелеуге негіз бола алады;

  1. Өзін-өзі реттеу өрісі – жеке тұлғаның ар-ұят, өзін-өзі бағалау, өзін-өзі сынау, басқалармен салыстыру, өзін-өзі тануы, өзіне-өзі есеп беруі, бәрі қосылып өзін-өзі мінез-құлқын, жүріс-тұрысын реттеуге жеткізеді. Өзін-өзі реттеу дегеніміз – жақсы істерге әрекеттену, тек іс-қимыл жасау ғана емес, соны қалыптастыру. Өзін-өзі реттеу үрдісінде субъектінің белсенділігі мақсатына, қабілетіне, ұйымдастырушылығына байланысты.
  2. Заттың тәжірибелік өрісі – жеке тұлғаның адамгершілік құндылықтар негізінде әрекет жасау, амал табу, қиындықтардан қашпау сияқты мәселелерді ұтымды ойластыру және жүзеге асыруға қатысты болмақ. Психологтар кез-келген іс-әрекет қабілеттілікті дамыта алмайды, жеке жетілген қабілет дамыта алады деген пікірді білдіреді. Олай болса, жеке тұлға өз қабілетін пайдалану арқылы адагершілік тәрбиені игеріп және оларды жемісті түрде іске асыруға болатын тәсіл таңдайды;
  3. Іс-әрекеттерге деген сапалы қатынас, адамгершілік жағынан өзін-өзі жетілдіруге ұмтылыс, әрбір тұлғаға адамгершілікпен, ізгі ниетпен қарым-қатынас жасап, жақсылық жасауды дамытады. Ең ізгі тілек, жақсылық жасасаңыз да, жамандық жасасаңыз да жауабы болады деген ойды ұмытпаңыз, демек жақсы ниетте болыңыз, жақсы ойда жүріңіз. Өзін-өзі сыйлауды, адамдарға деген дұрыс қатынасты, әлеуметтік өзара қарым-қатынас, достық, адамгершілік қасиеттерді қалыптастырудағы өзіне керек деген оң тәлім-тәрбиені қалыптастыруға талпыныс жасайды.

Айтылған өрістер бір-бірімен өзара байланысты, сонымен қатар сабақтас, бірімен-бір астарластық мақсатты әрекеттердің орындалуын талап етеді:

— Шәкірттердің жеке тұлғасының психологиялық үрдісінің сыңарларын біріктіру мақсатында адамгершілік іс-әрекет пен қарым-қатынасты ұйымдастыру;

— Этикалық жағдаяттарға талдау жасау, оларды әрбір жеке тұлға айналасымен қарым-қатынаста, мінез-құлық пен іс-әрекеттердің адамгершілік үлгілерін таңдау;

— Ұжымдық еңбекті ұйымдастыру және уәждемелеу.

Нақты мәселені сөз ететін болсақ, шәкірттердің адамгершілік тәрбиесін игеруге бағытталған оқу-тәрбие жұмыстарын арттыру, жеке тұлғалардан үлгі алу нақтылық жағдайда өмірмен тікелей байланысты, жеке тұлғаны тәрбиелеуге бағытталған іс-шаралардың өзіне талдау және саралау жасап жетілдіріп, пысықтап отырамыз.

Адамгершілік тәрбиені игеру, талдау мен жинақтау, қорытындылау мен болжамдау арқылы байланыстар жасауда білімнің сапасын дамытуы үшін үдеріс пен таным нәтижелерінің рефлексиясы қажет. Адамгершілік тұлға қасиеттері қалыптасуы мынандай рефлексивті әрекеттер: құндылықтарды талдау, салыстыру, қорытындылау арқылы жүзеге асырылады деген пікірге көптеген еңбектерде тиісті қолдау байқалды. Талдау, салыстыру, қорытындылау амалдары құндылықтары мен іс-әрекетті сынау, мінез-құлық пен әрекетті қайта жобалау, жоспарлау, тиісті қорытынды жасау деген пікірге алып келеді.

Рефлексивті әрекеттерді игерудің нәтижелігін оқушылардың өздерінің өмірлік мәселелерді, адамгершілік-этикалық жағдайдағы қарама-қайшылықтарды тиімді шеше алуларынан байқауға болады. Олай болса, өмірдегі нақты жағдайларды талдау, салыстыру сияқты рефлексивтілікті дамытатын жолдарды мұғалім ойластыра қолдану және ұжым болып оңтайлы жолды іздеуге сай жағдайларды қарастырғаны жөн. Шындығында, өмірде күрделі жағдайлар орын алғанда ең дұрыс жолды табуда, әрине, күрделі, рефлексивті әрекеттер, амалдар үдерісін қолдануға тура келеді.

Сынып жетекшісі мен мұғалімдер оқушыларға тәрбие беру мен жасөспірім тұлғасын қалыптастыру үдерісінде олардың бойында адамгершілік қасиеттерді, құндылықтарды жетілдіру мен белсенділігін арттыруға бағытталған жұмыстарды мақсатты түрде жүргізуі тиіс.

Адамгершілік құндылықтарын қалыптастыруға әсер ететін негізгі төрт құндылық қасиеттері бар. Олар тәрбие үдерісінде – жасөспірімдердің өзін-өзі тануын қалыптастыру процесінде өте нәтижелі. Олар: ұжымдық, ізгілік, мейірімділік мінез-құлық, әдептілік іс-әрекеттерден тұрады. Болжау, диагностикалау, кешенді жұмыстар, пікірлесу, кешенді ойлаулар – адамның жан-жақты дамуына әсер ететін ізгі қасиеттер болып табылады.

“Құндылыққа бағдарлау – бұл моральдық түсініктің жалпы бағалаушылық тұрғыдан оқушының ынтасын туғызып, оның әрекетін қамтамасыз етуші білік, мінез-құлықтың мақсатты бағытта реттелуі” деген А.Е. Әбілқасымованың анықтамасын еске ала отырып, адамгершілік құндылықтарды тереңірек зерттеуге бағдар береді.

Адамгершілік құндылыққа бағдарлау күрделі психикалық жаңа құрылымы ретінде екі құрамдастықтан тұрады. Бірінші құрамдастық уәждемелік — қажеттілік, оның басты мәні – тұлғаның өз өмірінің басты мақсаты мен оларды қанағаттандыру сияқты іс-әрекетке талаптанудан өзін-өзі танып, мүмкіндіктеріне қарай өзін-өзі тәрбиелеуі.

Құндылықты бағдардың екінші сыңары, яғни құрамдасы — жеке тұлғалардың басты мән-мазмұны нысанының бағалау белгілері – оқу және еңбек. Адамгершілік тәрбиенің рухани белгілерін өз нысаны ретінде жобасын, жоспарын ұйымдастыру, түзетулер енгізу, ойлау, көріністі талдау, т.б. белгілері арқылы қабілеттері дамуы мүмкін.

Адамгершілік, жақсылық, батырлық, ерлік, қарапайымдылық, кішіпейілділік, әділдік, адалдық, шыншылдық, ұяттылық, әдептілік, имандылық, инабаттылық барлығы бірімен-бірі тығыз байланыста екендігін өмірлік тәжірибелер анықтап отыр. Сондықтан оқудағы, еңбектегі жетістіктерді талдаудың негізгі құралы адамгершілік құндылықтарының жеке ойлау түсінігінің динамикасы оқушылар санасында тиянақты орын алып, жан-жақты қалыптасуына жағдай туады.

Қазіргі қоғамдық жағдайда адамның рухани-адамгершілік тәрбиесін қалыптастыру міндет етіп қойылуда. Бұл міндетті шешудегі маңызды істің бірі – рухани-адамгершілік тәрбиелілікті, адамгершілік сана, адамгершілік сезім, адамгершілік мінез-құлық, адамгершілік дамуды қалыптастыруды мектептегі сыныптан тыс жұмыстардан бастау. Осыған байланысты, біздерге жасөспірім жасындағы оқушыларға рухани-адамгершілік тәрбие берудің мазмұнын құру қажет. Оқушыларға сабақ кездерінде рухани-адамгершілік тәрбие беру мәселесінде қазіргі педагогика ғылымының теориясы мен практикасында үш нобай қалыптасқан.

Біріншісі – көп пәнді нобай, мұнда дәстүрлі пәннің мазмұнына бөлім, тақырыптар және бұрыннан бар тақырыптардың мазмұны рухани-адамгершілік мәліметтерімен байытылады.

Екіншісі – бір пәнді нобай, орта мектепте тәрбие жоспарына арнайы рухани-адамгершілік нормасын енгізу арқылы жүзеге асырылады.

Үшіншісі – аралас нобай, мұнда адамгершілік тәрбиенің жеке мәселелері дәстүрлі пәндерде қарастырылады. Содан соң, олардың басын біріктіріп, қорытындылап, арнайы пән оқылады. Қазіргі кезде екінші нобай теориялық жағынан жете негізделген. Сондықтан, ол мектеп практикасында жиі қолданылуда. Мен өз зерттеуімде бір пәнді үлгі есебінде (нобайды) негізге алдым. Бұл бағыттың мақсаты – баланың ойлау қабілетінің, психикалық және әлеуметтік дамуы мақсатындағы жұмыстарды жүйелі жүргізу. Қазіргі таңда білім берудің жаңа әдістері қолданылуда, ол дегеніміз – тұлғаға бағытталған педагогикалық іс-әрекет. «Тұлғаға бағытталған көзқарас — педагогикалық іс-әрекеттің әдіснамалық жаңа бағыты, яғни баланың қайталанбас дара тұлға ретінде өзін-өзі тануын, өзін-өзі жетілдіре отырып дамытуын қамтамасыз ететін өзара тығыз байланысты идеялар, түсініктер және іс-әрекеттердің жиынтығы» деп анықтама беруге болады. Бұл нобай оқушыларға сыныптан тыс жұмыстар арқылы да адамгершілік тәрбиелікті меңгерту, адамгершілік қарым-қатынас, адамгершілік мінез-құлық нормалары мен, адамгершілік сапаларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Сонымен, құндылықтарды игеру механизмі адамның өзін-өзі айқындау құндылығы арқылы жүзеге асады. Өзін-өзі айқындаудың алғашқы кезінде оқушы игеретін құндылықтардың мәнін аша келе, адамгершілік құндылық бағдарына ие болады. Бұдан келіп, оқушы өз бойындағы және басқалардың адамгершілік құндылықтарын, адамгершілік құндылық бағдарлары негізінде іс-әрекеттері мен қарым-қатынасын ұйымдастыруын салыстырады, әрекеттер мен мінез-құлыққа талдау жасау барысында ол адамгершілік құндылықтарды анықтап, өзін-өзі айқындау жүзеге асады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. Төлеубекова Р.К. Жоғары сынып оқушыларын жаңа әлеуметтік-мәдени жағдайда адамгершілікке тәрбиелеудің ғылыми-педагогикалық негіздері. –Алматы, 2001ж.
  2. Өтебаева Ә.Т. Рухани-адамгершілік тәрбие берудің қазіргі кездегі маңызы // Білім. 2007, 44-47 беттер.
  3. Баширова Ж., Өтебаева А. Мектеп оқушыларын рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі отбасының ықпалы // Өзіндік таным, 2007 ж., №2, 12-14б.
  4. Өтебаева Ә. Рухани-адамгершілікке тәрбиелеудің шарттары.// Қазақстан Мектебі, 2006ж., №10, 70-73б.

Акбембетов Болат Ескалиевич

педагогика ғылымдарының кандидаты

«Өрлеу» БАҰО» АҚФ ПҚБАИ

ИТжҒЖ(Г)ПОӘ кафедрасының меңгерушісі

         Акбембетова Лаура Болатовна 

Облыстық мүгедектерді оңалту орталығының психологі

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.