Home » Мақалалар » Оқушылардың бойында қазақстандық патриотизмнің негізгі құндылықтарын қалыптастыру

Оқушылардың бойында қазақстандық патриотизмнің негізгі құндылықтарын қалыптастыру

Бүгінгі таңда республикамыздың егемендiгi мен бейбiтшiлiгiн сақтауда тұлғаның патриоттық құндылықтарын дамыту арқылы Қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға үлкен мән берiлiп отыр. Қазақстан Республикасы Мемлекеттiк “Бiлiм” бағдарламасында тәрбие жүйесiн жетiлдiруге байланысты алдына қойған негiзгi мақсаты — “қазақстандық патриотизм, азаматтық, iзгiлiк және жалпыадамзаттық құндылықтар идеяларының негiзiнде тәрбиеленушiнiң жеке тұлға ретiндегi сапалық қасиетiн қалыптастыру” – деп бүгiнгi ХХI жаһандану ғасырында ұлттық мәдениет пен өркениеттi өзара кiрiктiре отырып, жеке тұлға қалыптастыру көзделiп отыр [1; 27]. Еліміздің алдыңғы қатарлы 50 мемлекеттердің қатарынан көрінуі, экономикалық еркiн аймаққа мүше болуға ұмтылысы, бiздiң алдымызға үлкен маңызды мiндеттердi жүктейдi. Бүгінгі жаһандану үрдісінде патриотизм ұғымы тек мемлекеттiк тұрғыда ғана емес, әлемдiк деңгейде бейбiтшiлiк пен тыныштықты сақтау мәселесi тұрғысынан қарастырылады. Қазақстандық патриотизмді әлемдiк тыныштық пен бейбiтшiлiктi сақтаудың негiзгi бiр тұғыры деп айтуға болады.

Дегенмен, қазіргі таңдағы «патриот» қандай кейіпте? «Патриот» дегеніміз кім? деген сауал мені ғана емес, көпшілікті толғандырады деп ойлаймын. Менің түсінігімдегі патриот тұлға – Отанына деген сүйіспеншілігі шексіз, оны сезіммен, сөзбен ғана жеткізетін емес, нақты ерлік іспен, нәтиже көрсете алатын тұлға. Бүгінгі жаһандану, ақпараттық заманда жастардың бойында нағыз патриоттық сезім бар ма? Әрине, бар. Тәуелсіз, егеменді елде өмір сүріп отырған әрбір азамат өзін патриот деп есептейді. Ал, сол азаматтар елінің, туған жерінің тарихын, тілін, ұлттық құндылықтарын жете меңгерген бе? Елімізді сан мың жаудан қорғап, жерімізді сақтап қалған тарихи тұлғалар, батырлар туралы қаншалықты хабардар? Тіпті, тұрып жатқан ауылы, не қаласының туу, даму тарихы туралы не біледі? Мақаламның өзектілігі, осы сұрақтарға жауап беру болмақ.

Отансүйгіштік сезімі туа біте пайда болатын қасиет. Сәбидің бойында ең алдымен анасына, өз отбасына, өз үйіне, туған жеріне деген жылы сезімнен бастау алатын, тұлға есейген сайын біртіндеп ұлт, халық, әлеумет, мемлекет деңгейіне көтеріле беретін бұл сезім адамның бүкіл ғұмырына жалғасып жатады. «Отан отбасынан басталады» деп дана халқымыз айтқандай, отбасындағы бала тәрбиесінің маңызы зор. Өсе келе, бала балабақшаға барып, одан тәлім алады. Балабақшада патриоттық әндер тыңдап, ұлттық ойындар ойнау арқылы баланың сана сезіміне әсер етеді. Одан кейін мектеп табалдырығын аттап, мектеп оқушысы болады. Мектеп қабырғасында жеке тұлғалық қасиеттері қалыптасып, дүниетанымы кеңейіп, үлкен өмірге дайындалады. Баланың жан-жақты, дамыған, жеке тұлға болып қалыптасуында мектептің рөлі зор. Сондықтан да, оқушының бойына патриоттық сана-сезімді қалыптастырып, дамыту сатылы, кезеңмен жүргізілуі тиіс. Бастауыш сынып оқушыларына отбасына, туған жеріне, қаласына деген сүйіспеншіліктерін арттыру керек болса, орта буын оқушыларына кіші Отан туралы, оның тарихы мен даму кезеңдері, тарихи тұлғалары, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер туралы түсінік беріп, Отан-Ананы құрметтеуге, ұлтжанды, елжанды болуға, Отан үшін күрескен ерлердің қаһармандығы мен ерліктерін әрдайым үлгі ете білуге үйрету қажет. Ал, жоғарғы сынып оқушылары толыққанды патриоттық сезімдері қалыптасқан азамат болып, туған елі алдындағы борышы, Отанның дамуына қосар үлестері туралы жоспары бар, кіндік қаны тамып, туып-өскен мекенін, табаны тиіп тұрған топырақты бәрінен артық көріп, дулығалы ата-бабаларымыздың кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғап, мақтан ететін нағыз патриот азамат болып қалыптасуына баса назар аудару қажет.

Патриоттық тәрбие мен Отан түсінігі – бір-бірінен ажырамас ұғымдар. Отанға құрмет көрсету тұрғысындағы сезім жалпы адам баласына тән туған түйсік-қасиет, оның еліне, туған жеріне, өз тілі мен мәдениетіне, ұлттық құндылықтарына жеке қатынасын, өзіндік бағасын, қуаттап-қолдауын пайымдайтын сезім көрсеткіші болып табылады. Патриоттық сезімнің нысаны мен қайнар көзі – Отан десек, оның мазмұны — туған жер, табиғат, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар, оның рәміздері. Олардың адам көкірегінде жылылық, жақындық, туысқандық сезімдерді ұялатып, ізгі де игі де ерлік істердің қайнар көзіне айналуы патриотизмге тәрбиелеудің арқауы болады. Менің тәжірибеме сүйеніп, пайымдауым бойынша патриоттық тәрбие – өлшемдер ретінде таңдап алынған, бірнеше бөліктерден тұратын сабақтас сапа. Оған мыналар жатады:

  1. Өзін өз мемлекетінің азаматы ретінде санау;
  2. Мемлекеттік рәміздер мен дәстүрлерді қастерлеу;
  3. Қазақ халқының тарихын бағалайтын қасиет.

Әр ұрпақ өзінен бұрынғы ұрпақтың жалғасы болғанымен, өз дәуіріне өзінше үн қосып, соны соқпақ іздейді. Отаншылдыққа тәрбиелеу ұлттық ерлік дәстүрлерге сүйене отырып, жас өскіннің ішкі жан дүниесі, ой-санасы мен сезімін дамытып, қалыптастыруға бағытталуы керек. Ел Президенті Қазақстан халқына Жолдауында «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз…» — деген болатын [2; 61]. Қазақстан – түрлі тарихи аласапыранды басынан өткеріп барып, тәуелсіздікке қол жеткізген, көп ұлтты республика. Сондықтан оның берік болуы патриоттық тәрбиені дұрыс жолға қоя білуге байланысты болмақ.

Қаһарман жазушы Б. Момышұлы «ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті, өз халқына деген сүйіспеншілігі, өз халқымен қан жағынан  және шыққан тегі, территориясы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері қалыптасқан, тарихи дәстүрлері жағынан да әбден айқын әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты» дейді [3; 142]. Бұдан шығатын тұжырым: Б. Момышұлы көрсеткен рухани ерекшеліктерді сақтау ұлттық патриотизмнің критерийі болып шығады. Жас мемлекетіміздің болашақ тіректерін патриотизмге тәрбиелеуде, міне, осы негізгі ұғымдар басшылыққа алынғаны жөн деп санаймын. Б. Момышұлы айтып отырған белгілер – тұлғаның патриоттық сана-сезімін қалыптастыру, патриоттық іс-әрекетін ұйымдастыру, мінез-құлқына патриоттық сипат беру – мектептегі оқу-тәрбие ісінің өзегі болуы керек. Бұл – оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдардың мазмұнынан бастама алып, сабақтан тыс тәрбиелік жұмыстарда жалғасын табуы тиіс.

Қазіргі тарихи шақта, тәуелсіздік кеңістігінде күндей жарқырап отаншылдық рух пен туған жерге деген махаббат сәуле шашып тұруы керек. Әр қазақстандық өз елінің картасына көз салып, байтақ өлкесін, туған жерін мақтан тұтуға тиісті. Қазақстандық патриотизмнің арқауы – қазақ мемлекетіне деген сүйіспеншілік, ұлтына сенімі, нанымы, саяси көзқарасына қарамастан, әрбір қазақстандық өзі өмір сүріп, күн көріп отырған мемлекетін «Отаным» деп тануы, оның негізін салып отырған қазақ ұлтына сыйластық, оның заңдарына бас ию, рәміздеріне құрмет, ел жетістігіне сүйсіну және мақтану, кемшіліктерін болдырмаудың жолын қарастыру  қазақстандық патриотизмнің белгілері. Оның туындап, қалыптасып, тәлім-тәрбие айналымына енуі тағы да ата-ана мен ұстаздарға тікелей қатысты.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ұсынып, жас ұрпақтың бойына сүйіспеншілік, патриоттық сезімді қалыптастыру керектігін атап өтті [4; 15]. «Туған жерге туыңды тік!» – деген дана халқымыз. Бұл – әрбір адамның кіндік қаны тамған жеріне сүйіспеншілікті білдіреді. Яғни, кез-келген азамат өзінің тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне терең бойлау білуі керек. Бағдарламаның тұжырымдамалық негізгі мұраты – туған өлкені, жерді, ауылды қастерлеу арқылы елін сүюге, жалғыз Отанымыз – Қазақстанды сүюге тәрбиелеу. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерілеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.

Қорыта келгенде, адам баласы бар жақсы қасиетті туған жердің топырағынан алады. Туған топырағынан жаралған әр адамзаттың болашаққа деген сенімі мен көзқарас еркіндігі тек қана бейбіт өмірі қамтамасыз елде қалыптаспақ. Әрбір елдің болашағы өз Отанына шексіз берілген патриоттық рухы жоғары, ержүрек, қайсар ел азаматын тәрбиелеуден бастау алады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев отансүйгіштікке баулып, патриоттық сезімін ояту мақсатында: «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, адамзаттық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып — көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!» деген болатын [4; 17].

Бейбіт өмір! Осынау сөздің астарында азаттық пен еркіндікті және бас бостандығын білдіретін үлкен мағына жатыр. Бейбіт өмір қалыптасқан жерде әрбір ұлттың жер бетінде жасауы да сан ғасырларға жалғаса бермек. Бабадан қалған кең байтақ жерімізде өмір сүріп отырған барша халық «Тәуелсіз Қазақстан» деген жас мемлекетке бірікті. Ендеше, олардың мүдде, мақсаты, күнкөріс жағдайлары бір бағытты ұстануы керек. Осының өзі «қазақстандық патриотизм» ұғымын қалыптастыру мақсатын қояды.  Қазақ халқының өткені мен бүгінін таразыға сала отырып, келешегіне отаншылдық туын арқау еткен асқақ, жандары таза жас ұрпақты тәрбиелеу мен қасиетті отанның қадірін ұғындыру, ар, намыс, ождан сөздерін ұлт, атамекен, халық сияқты киелі түсініктермен байланыстыру арқылы болашаққа бағыт сілтеу әрбір ұстаздың міндеті.

Мен оның түнін сүйем, күнін сүйем,

Ағынды өзен, асқар тау, гүлін сүйем,

Мен оның қасиетті тілін сүйем,

Мен оның құдіретті үнін сүйем.

Бар жәндігін сүйемін қыбырлаған,

Бәрі маған: «Отан!» деп сыбырлаған… [5; 19]- деп

Мұқағали Мақатаев жырлағандай патриот-азаматтар көп болғай!

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1.     Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011 – 2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы

2.     Ел Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстанның

үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік».

  1. «Жалпы білім беретін мектептерде патриоттық тәрбие беру», «Тәрбие құралы» 2007 ж. №3
  2. Н.Ә. Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы
  3. Б. Шаймерденов «Ертеңіміз — жастар», «Егемен Қазақстан» 2004 ж.     24 ақпан

Достияр Гүлнұр Жұмағұлқызы

орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

«Сәтбаев қаласының №1 мектеп-гимназиясы» КММ

Сәтбаев қ.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.