Home » Мақалалар » Оқулықтар сүзгіден қалай өткізіледі немесе олар неге кері қайтарылды?

Оқулықтар сүзгіден қалай өткізіледі немесе олар неге кері қайтарылды?

Соңғы кездері ата-аналар арасында мектеп бағдарламаларының күрделенуіне қатысты, оқулықтардың салмағы мен сапасына қатысты сын-пікірлер жиі айтылып жүр. Бірақ кез-келген адам осы оқулықты әзірлеудің бастапқы сатысында арнайы портал арқылы сараптауға қатысып, өз үлесін қоса алатынын білсе де зер салмай келеді. Сондай-ақ, бүгінгі жас ұрпаққа оқулықтар ұсынылмас бұрын қандай кезеңдерден өтетінінен де бейхабар. Осы орайда мектеп оқулықтарына қатысты сананы жаулаған сан сауалдардың жауабын алу үшін Білім және ғылым министрлігі «Оқулық» Республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры Бейбіткүл Сәрсемханқызы Кәрімоваға арнайы жолыққан едік.

— Бейбіткүл Сәрсемханқызы, заман ағымына қарай білім беру сапасына қойылатын талаптар күшеюде. Осыған орай мектеп оқулықтарын әзірлеуде қандай өзгерістер бар?
— Дұрыс айтасыз, ғылым мен технологияның қарқынды дамуы білім беру мақсаттары мен оқыту әдістемесіне де түбегейлі өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Білім беру үлгісі мен мазмұнына жаңаша көзқарастар пайда болды. Білім берудің басты құралы оқулыққа да қойылатын талаптар өзгерді. Қазіргі оқулыққа оқушылардың бойына рухани құндылықтарды сіңіру, ғылыми дүниетанымын кеңейту, заманауи өмір талаптарына сай білімі мен құзыреттіліктерін қалыптастыру міндеттері қойылып отыр. Оқулықта теориялық материалдар мен мәтіндердің көлемі азайтылып, оқып-жаттауға лайықталған тапсырмалардың орнына баланы өздігінше ойлануға және ізденуге жетелейтін шығармашылық тапсырмалар мен олардың түрлі тәжірибелік дағдыларын дамытуға бағытталған оқу материалдары көбейтілуде.
— Жоғары талаптар қойылып отырған оқулықтарды жазуға авторлар әзір ме, жалпы оларды кімдер жазады және неге сүйеніп жазады?
— Біріншіден, неге сүйеніп жазылады деген сұрағыңызға келетін болсақ, Қазақстан Республикасы Үкіметі қабылдаған мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты, одан соң Білім және ғылым министрлігі бекіткен типтік оқу бағдарламаларына сүйенеді. Білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2016-2019 оқу жылдарында білім мазмұны толық жаңартылуда. Жаңа стандарт бойынша, білім беру оқушыларымыздың жан-жақты сауаттылығын дамытуға бағытталуы керек. Бұрын оқушылардың мектеп қабырғасынан қандай білім алып шыққаны маңызды болса, қазір сол білімді өмірде қалай жүзеге асыра алады деген мәселені қамту маңыздырақ. Жаңартылған мазмұндағы бағдарлама оқушыларды өз бетінше ізденуге, алған ақпараттарын сыни тұрғыдан ой елегінен өткізе білуді үйретуге бағытталған. Оқулықтар да осы контексте құрастырылуы қажет.
Оқулықтарды баспалар әзірлейді. Бүгінгі күні елімізде оқулық жазумен 20-ға жуық баспа айналысады, яғни оқулық жазу бәсекелестік ортада жүзеге асырылады. Авторлар ұжымын әрбір баспа өздері жасақтайды. Ал сол баспалардың жазған оқулықтары білім беру ұйымдарына жеткенше сараптаманың бірнеше сатысынан өтеді.
Оқулықтың сапалы жазылуы ең алдымен авторлардың біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты екені түсінікті. Бұл орайда олардың жоғарыда атап өткен жаңа талаптарға сай білімдерін ұдайы жетілдіріп отыруы маңызды. Бұл — баспалардың басты міндеттерінің бірі.
Біздің орталық тарапынан да осы тұрғыда авторлар мен сарапшыларға ғылыми-әдістемелік көмек көрсетілуде. Білім беру саласында болып жатқан жаңалықтардан педагогтар мен авторлар, сарапшылар қауымын хабардар етіп, жаңа талаптарды түсіндіру мақсатында жыл сайын Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар мен форумдар өткізіп келеміз. Осындай іс-шаралар аясында оқыту курстарын ұйымдастыру дәстүрімізге айналған. Мысалы, үстіміздегі жылдың сәуір айында Астана қаласында «Заманауи білім беру ақпараттық ортасы: дәстүр және инновация» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткіздік. Конференцияға еліміздің әр өңірінен 500-ге тарта адам қатысты. Іс-шара барысында Швейцария, Нидерланды, Ұлыбритания, Венгрия, Ресей елдерінен келген және отандық ғалымдар баяндама жасады, білім беру саласындағы технологиялар мен құрал-жабдықтардың соңғы үлгілерінің көрмесі ұйымдастырылып, шеберлік сыныптары өткізілді.
Сондай-ақ, 2017-2018 оқу жылында оқу процесіне енгізілетін жаңартылған мазмұндағы 2,5,7-сыныптарға арналған оқулық авторларының брифингі ұйымдастырылып, авторлар жаңа оқулық құрылымының ерекшеліктерімен таныстырды. Авторлар мен мұғалімдер арасындағы осындай тікелей пікір алмасу өте пайдалы іс-шара болғаны анық.
Келесі оқу жылында оқу процесіне 3, 6 және 8 сынып оқулықтары енгізілу жоспарланған. Авторларға қазір, яғни осы оқулықтарды әзірлеуге кірісіп жатқан мерзімде, әдістемелік көмек берудің маңызы өте зор. Осыны ескеріп, маусым айында Алматы қаласында оқу әдебиеттерінің авторларына арнап «Жаңартылған мазмұндағы оқулық: әзірлеу және сапасын қамтамасыз ету мәселелері» тақырыбында оқыту семинарын өткіздік. Семинарда заманауи оқулықтарды әзірлеудің әдіснамалық тәсілдемелері, оқулық сапасын бағалаудың нормативтік негіздері талқыланды. Жаңартылған мазмұндағы оқу бағдарламаларының ерекшеліктері бойынша Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, оқушылардың білімін критериалды бағалау бойынша Назарбаев Зияткерлік мектептерінің, оқулықтарды әзірлеудегі лингвистикалық талаптар жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, оқу әдебиеттеріне қойылатын санитарлық-гигиеналық талаптар бойынша Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг орталығының өкілдері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оқулық әзірлеуге қатысты мәселелерді жан-жақты қамти отырып өткізілген осы семинардың оқулық авторларына нақты көмек болатынына және әзірленетін оқулықтардың сапасының жақсаруына ықпал етері сөзсіз.
— Оқулықтар оқу процесіне енгенге дейін іріктеудің бірнеше сатысынан өтеді дедіңіз, осы жүйе туралы толығырақ айта кетсеңіз.
— Оқулықтарды әзірлеу, сынақтан және сараптамадан өткізу Білім және ғылым министрлігінің бекіткен қағидалары бойынша жүзеге асады. Сараптама жүргізудің ең негізгі сатысы — ғылыми-педагогикалық сараптама. Сараптаманы сапалы жүргізу үшін орталығымызда білікті ғалымдардан, жоғары санатты мұғалімдерден және әдіскерлерден тұратын сарапшылар базасы жасалған. Сарапшылар базасына педагог-мамандар жоғары оқу орындарының, Алматы және Астана қалалары мен облыстық білім басқармаларының ұсыныстары бойынша енгізіледі.
Орталыққа келіп түскен оқулықтарға біздің сарапшылар нақты критерийлер бойынша ғылыми және педагогикалық сараптама жүргізеді. Сараптама нәтижесі бойынша түзетуге болатын ескертулері бар оқулықтар баспаларға қайта өңдеуге жіберіледі. Ал сараптама критерийлеріне мүлдем сәйкес келмеген оқулықтар іріктеуден түсіп қалады. Ережеге сәйкес, ғылыми-педагогикалық сараптама кезінде оқулықтардың макеті «Оқулық» орталығының «Қоғамдық бақылау» порталына ілінеді. Бұл да сараптама жүргізудің міндетті бір бөлігі. Сараптама жүргізудің алғашқы сатысынан бастап-ақ, Қазақстанның әрбір азаматы бұл маңызды іске өз үлесін қоса алады. Бұл портал іске қосылғалы екі жыл ішінде өзінің тиімділігін көрсетті. Мысалы, биылғы жылы 2, 5, 7-сынып оқулықтарына сараптама жүргізу кезінде порталға педагогтар мен ҚР-ның азаматтарынан 5000-нан аса ескертулер мен ұсыныстар келіп түсті. Бұл ұсыныстардың барлығы баспаларға жіберіліп, өңдеу барысында ескерілді. Алдағы уақытта да www.expert.okulyk-edu.kz сайты осы тәртіппен жұмыс істей береді.
Бастауыш сыныптар үшін бірыңғай базалық оқулықтар енгізіле бастағаны белгілі. Яғни 1-4 сыныптар үшін әрбір пәннен бір ғана ең үздік оқулық таңдалып алынады. Бұл оқулықты іріктеп алу жұмысының жауапкершілігін одан әрі арттыра түсті. Сондықтан бастауыш сынып оқулықтары сараптамаға қосымша пилоттық мектептерде практикалық сынақтан өткізілуде. Былтырғы оқу жылында 1-сынып оқулықтары, биылғы оқу жылында 2-сынып оқулықтары 30 мектепте сынақтан өтті. Негізгі және жалпы орта білім беру деңгейлерінде бірыңғай базалық оқулықтар 2020 жылдан бастап енгізілмекші. Әзірше бұл деңгейлер үшін оқулықтар баламалы негізде енгізілуде.
Алғашқы сараптамадан соң өңделіп, қайта сараптамадан табысты өткен оқулықтар Пәндік комиссия қарауына ұсынылады. Пәндік комиссия жұмысын Білім және ғылым министрлігі ұйымдастырады. Биылғы жылы министрлік Пәндік комиссия құрамын кеңейтті. Комиссия құрамында оқулықтар сапасын бағалауға Парламент депутаттары, қоғамдық ұйым өкілдері, білікті ғалымдар мен ұстаздардан тұратын 120-дан астам адам қатысты. Бұдан кейінгі іріктеудің ең соңғы сатысы – Республикалық комиссия. Республикалық комиссия Пәндік комиссия мүшелері ұсынған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін білім беру ұйымдарына пайдалануға ұсыну туралы шешім қабылдайды. Биылғы сараптама нәтижесі бойынша сараптамаға келіп түскен 2, 5, 7 – сыныптарға арналған 239 оқулықтың ішінен 131 оқулық, яғни 54.8 % 2017-2018 оқу жылында білім беру ұйымдарында пайдалануға ұсынылды.
— Сараптамаға кімдер қатысатынын жоғарыда айтып кеттіңіз. Ал осы сарапшыларға қойылатын талаптар қандай?
— Сарапшыларға қойылатын талаптар арнаулы Нұсқаулықта жазылған. Сараптамаға тартылатын сарапшы осы жұмысқа қатысты нормативтік-құқықтық құжаттар мен олардың мазмұнын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік құралдарға қойылатын дидактикалық, психологиялық-педагогикалық талаптарды, оқулықтардың құрылымдық компоненттерін бағалау критерийлерін, олардың сапасын талдау әдістерін білуі қажет. Педагогикалық өтілі 10 жылдан кем емес, сала бойынша ғылыми еңбектері мен атаулы жетістіктері және бірінші немесе жоғары санаты, ғылыми дәрежесі (ғалым үшін) болуы қажет.
— Қазіргі кезде оқулық салмағына қатысты мәселе жиі көтеріліп жүр. Сараптама кезінде осыған көңіл бөліне ме?
— Біздің орталық негізінен оқу әдебиеттерін мазмұндық тұрғыда барлық талаптарға сай келуін қарастырады. Яғни баспалар оқулықтарды әзірлеп болған соң, оның санитарлық талаптарға сәйкестігі туралы қорытындыны Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінен алуы тиіс. Осы құзырлы мекеме бекіткен талаптар бойынша 1-4 сыныптардың оқулығы 300 грамнан, 5-6 сыныптардың оқулығы 400 грамнан, 7-9 сыныптардікі 500 грамнан, 10-11 сынаптардікі 600 грамнан аспауы тиіс. Бұл талаптардың орындалуы аса маңызды. Жаңа мазмұндағы оқулықтардың ерекшелігі — қосымша оқушы дәптерлерінің болуы. Олардың салмағының ауыр екендігі айтылып жүр. Ал оқулықтар мен жұмыс дәптерлерін бірнеше бөлімге бөліп шығару жолға қойылуда. Жалпы оқушы портфелінің ауырлығын оқу кестесін тиімді құру арқылы да ішінара реттестіруге болады деп ойлаймын.
Қоғамды толғандырып жүрген сауалдарға жауап бергеніңіз үшін көп рақмет! Еңбектеріңіз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан Қуантай Амантайұлы
«Білім Айнасы»

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.