Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында: «Оқыту жастарға білім беріп қана қоймай, оларды қолдана білуге үйретуі тиіс. Оқытудың тәрбиелік компонентін күшейту маңызды. Патриотизм, мораль мен адамгершілік нормалары, ұлтаралық келісім, толеранттылық, денсаулық және рухани даму, заңтыңдаушылық. Бұл құндылықтар барлық оқу орындарында , олардың меншік түріне қарамастан, игерілуі тиіс», деп атап көрсетті. [ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Әлеуметтік-экономикалық модернизациялау Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауы,2012ж 27 қаңтар. Астана]
Өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесі- мейірімділікке, қайырымдылыққа ,өзара көмек көрсетуге бағытталған адамдағы ізгіліктік құндылықтарды ашуды көздейтін мектептің ең маңызды міндеті, оқу-тәрбие үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады.
Сондықтан мектептегі тәрбиелік үдеріс оқушыларға жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген тәрбие мен оқу қызметтерін біріктіретін жаңа дүниетанымды ашу керек.
Әр оқушыны жалпыадамзаттық құндылықтармен таныстырып, оның адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған, мақсатқа бағытталған, кешенді, жүйелі, басқарылатын тәрбие үдерісін жалпыадамзаттық құндылықтар негізіндегі мектептегі адамгершілік тәрбиесі деп қарастырамыз.
Білім беру жүйесіндегі рухани-адамгершілік тәрбиенің жаңа сапалы сатысы –бұл мектептің бірыңғай білім беру кеңістігіне, оның іс- әрекетінің барлық түрлеріне және мектептегі білім берудің дәстүрлі әдістемелері кеңістігіне «Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік білім беру бағдарламасының интеграциялануы.
Оқудан тыс жұмыс – бұл мектептегі оқушылардың бос уақытын ұйымдастырудың формасы болып талылатын оқу-тәрбие жұмысының құрамдас бөлігі. Мектептегі тәрбие үдерісі мен оқудан тыс жұмыс рухани және зияткерлік бағыттарының байланысында жоспарланып, құрылуы керек және оқудан тыс іс-әрекет оқушыларда жалпыадамзаттық құндылықтарды анықтау бойынша басталған жұмыстың логикалық жалғасы болуы тиіс. Рухани – адамгершілік тәрбие беру осы жұмыстың жетекші бағыты болып табылады. Сонымен бірге тәрбие жұмысы мазмұнының бағдарламаларын, жоспарларын әзірлеуде мектептің тәрбиелік кеңістігіне «Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік бағдарламасын интеграциялау жолдары ескеріледі және жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде бала тұлғасын дамытуда бірізділік сақталынады. Оқудан тыс жұмыс жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде оқушылардың рухани-адамгершілік дамуы үшін кең мүмкіндіктерді қамтамасыз етеді. Мектептерде оқудан тыс жұмыстардың сан алуан түрлері пайдаланылады, олар оқушылар үшін маңызды емес, өткені оқушылардың ерікті таңдауына байланысты және олар оқушылардың түрлі танымдық, шығармашылық сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған. Оқудан тыс жұмысқа оқушылардың қатысуымен өтілетін түрлі тәрбиелік білім беру сабақтары жатады. Мазмұны жағынан оқудан тыс сабақтар түрлі болады: білім беру, қоғамдық – пайдалы, дене шынықтыру, спорттық, экологиялық , эстетикалық, музыкалық, өнердің түрлерімен байланысты сабақтар. Оқу- тәрбие жұмысы мен оқудан тыс сабақтардың арасында тығыз байланыс бар. Оқу сабақтары оқушылардың білімге қызығушылықтарын дамытып, оқудан тыс жұмыстың ұйымдастырылуына ықпал етеді, сонымен қатар оқудан тыс жұмыстар оқушыларға игерген білімді кеңейтіп, тереңдетеді, яғни оқушылардың рухани-адамгершілік дамуына ықпал етеді. Оқушыларды оқыту мен рухани-адамгершілік тәрбиелеуде оқудан тыс жұмыстың тәжірибелік,тәрбиелік,жалпы білім беру және дамытушылық маңызын ескере отырып, әр мұғалім оқудан тыс жұмыстың пайдасын және оның тәрбиелік әлеуетінің кеңдігін түсінеді.
Оқудан тыс жұмыстарға төмендегідей талаптар қойылады:
— мектептің тәрбиелік және білім беру іс-әрекеттері арасындағы тікелей байланыстың болуы, мектептің тәрбиелік кеңістігіне «Өзін-өзі тану» рухани – адамгершілік білім беру бағдарламасын интеграциялану;
— жалпыадамзаттық құндылықтар, оқушылардың іс-әрекетін ұйымдастыру және тәрбиелік жұмыстың тиімділігі мен сапасын бақылау негізінде рухани-адамгершілік білім берудің әдістерін үйлесімді пайдалану;
— отбасы мен қауымдастықтың арасындағы қатынастарды , мектептің тәрбиелік және білім беру жұмыстарының әрекеттерін үйлесімді ету;
— оқушыларды ерікті түрде үйірмелер мен секцияларға жаппай қатыстыру;
-шығармашылық жұмыстың сипатын оқушылардың ерікті түрде таңдауы;
— тәрбиелік жұмыстың жаппай, топтық және жеке түрлерін үйлесімді қолдану;
Білім беру ұйымдарында оқудан тыс жұмысты ұйымдастыру үшін келесі шарттардың сақталуы маңызды:
— білім беру ұйымындағы моральдық психологиялық ахуал: сүйіспеншілік, сенім, шабыттанған шығармашылық ахуалын, өзін-өзі зерттеуге жағдайлар жасау, өзін-өзі тануда интуицияны дамыту;
— рухани-адамгершілік білім берудің мектептің тұтас педагогикалық үдерісіне интеграциялануы;
— рухани-адамгершілік білім беру мен тәрбие үдерісінде оң және ізгі әдістерді қолдану;
Осы мақсатта өз тәжірибемде жүргізілген жұмыстарға тоқтап өтсем деймін.
Оқудан тыс іс-әрекеттерді ұйымдастыру жұмыстарының тәжірибесі
Оқудан тыс тәрбие жұмысының ерекшеліктерін ескере отырып, оның тиімділігінің айқындаушы талаптарын басшылыққа алдым:
- оқудан тыс жұмыстарды ұйымдастыруда және өткізуде міндетті түрде мақсат қою;
- бастамас бұрын күтілетін нәтижені анықтап алу қажет (бұл жалпы мақсатқа жетуге септігін тигізетіндей , міндеттерді дұрыс қоюға көмектеседі)
- оқудан тыс тәрбие жұмысында әр балаға риясыз сүйіспеншілікпен, оңтайлы тәсіл қажет;
- оқудан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыру барысында педагог үнемі шығармашылықпен ізденісте болуы керек;
Оқудан тыс іс-әрекетті ұйыдастыратын кезде мектеп психологтарымен ақылдаса отырып, үйден оқитын, мүмкіндігі шектеулі оқушыларды қатыстыра отырып, қайырымдылық акциясын өткізуді жоспарладым.Сынып оқушыларына акцияның жоспарын, мақсатын алдын ала таныстырдым. Жобаның дайындық кезеңінде сынып оқушыларымен бірге үйден оқитын мүмкіндігі шектеулі балалардың үйлеріне барып, олармен танысып, сабақтарына жәрдем бердік
«Біз әрдайым жаныңдамыз»тақырыбында өткен қайырымдылық акциясына 9 «В» сынып оқушылары, мектептің «Жас ұлан» қоғамдық бірлестігінің мүшелері, ата-аналар мен мұғалімдер қатысты. Акцияның мақсаты: мектептегі «Жас ұландар» тобы мен үйден оқитын балаларды бірін-бірімен достық қарым-қатынас жасауға, сыйлауға, құрметтеуге тәрбиелеу.Мүмкіндігі шектеулі балаларды шығармашылық жұмыс жасауға , өзін-өзі тануға мүмкіндік жасау.Оқудан тыс іс-әрекет жобасының мазмұнында көрсетілген Бағдарламаның идеялары жүзеге асырылды.
Мектеп бойынша үйден оқитын балалар саны -15. Біз төрт оқушыны осы шараға шақырдық. Оларды ата-аналары бірге алып келді. Қонақ оқушыларды төрге орналастырып, қошемет көрсеттік. Слайд арқылы сынып оқушыларының үйден оқитын балаларға сабақтарына көмек көрсетіп, рухани демеу беріп жағдайларын білуге барған суреттер көрсетілді.
Шара барысында Жас ұландықтар әдеби-музыкалық қойылым арқылы жас достарына ұйым туралы жалпы мәлімет беріп өтті. Қонақ оқушыларды «Жас ұлан» ұйымына қабылдау рәсімі өтті. Олар ант қабылдағаннан кейін шараға қатысушы мұғалімдер олардың мойындарына көгілдір түсті галстук тағып, құттықтады. Сол кездегі балалардың көздеріндегі қуаныш, бойларындағы шаттықты сезіндік. «Досыма сыйлық» айдарында сынып оқушылары жас достарына өз қолдарымен жасалған заттарын, оқыған кітаптарын, тіпті жақсы көретін ойыншықтары мен доптарын шын жүректерімен сыйға тартты. Сыйлық алған бала да, сыйлық берген бала да үлкен әсер алды. Олардың достығы, өзара қарым – қатынасы беки түскендей. Жүректері қуанышқа толды. Мектеп психологы қонақтарымызды ортаға алып, оқушылармен бірге тренинг , ойындар жүргізді. Мектеп өнерпаздарының концерттік бағдарламасы да қонақтарымызға ұнап, оларды шаттыққа бөледі.Сергіту сәтінде барлық балалар флешмоб биіне ортаға шығып билеп, көңілдерін көтерді. Шарадан алған әсерлерін қонақтарымыз смайликтер арқылы көрсетіп, ризашылықтарын білдірді. «Еркін микрофон» айдары кезінде қонақтар өз жүректерінен шыққан шынайы ықыластарын білдірді.
Жобаға қатысушылардың әсерлері, пікірлері, сөздері;
Ақерке 9 сынып оқушысы: Мен бүгінгі шарадан жақсы әсер алдым. Жаңа достар таптым. Олардың жан дүниесін түсінгендей болдым.Олардың үйлеріні барып көмек көрсеткен күні мен өзімді жеңіл сезініп,жақсы бір әсерде болдым. Мен де көмекке мұқтаж жандарға көмек көрсете алатыныма қуандым.Жақсылық жасағаныма қуандым. Бүгінгі достарымның шарада қуанып , көңілді отырғанына қуандым.
Рамазан: Бүгінгі шара ерекше өтті. Қонақ балалармен етене араласып, оларға жақсы көңіл-күй сылағанымыз үшін риза болдым. Достарым көбейді. Оларға деген сүйіспеншілігім мен қамқорлығымды аямаймын.
Ерасылдың анасы: Бүгінгі шара үшін сіздерге көп рахмет. Балам көңіл көтеріп демалып қалды.Оның қуанғаны мен үшін бақыт. Ол үйде іші пысады. Бүгін мектепке келіп, балалармен араласып жақсы әсер алды деп ойлаймын .
Тәрбие ісінің меңгерушісі Жақсылықова А: Бүгінгі қайырымдылық акциясы өте жоғары деңгейде өтті.Шараға келген мүмкіндігі шектеулі балалар үшін нағыз мереке болды. Қатысқан оқушылар да, ата-аналар да үлкен әсер алды.Оқушыларға рухани- адамгершілік тәрбие беруде бұл шараның маңызы зор болды.Ұйымдастырушыға шығармашылық табыс тілеймін.
Жоба жүзеге асырылғаннан кейінгі жобаға қатысушылардың пікірінше олардың санасында орын алған өзгерістер байқалды.Оқушылардың жүрегінде мейірімділік, қамқорлық, ізгілік қасиеттері орын алды деп ойлаймын. Олар әр баланы көріп, өздерінің дені сау болып мектепке келіп білім алып жүргендеріне шүкіршілік ететіндерін пікірлері арқылы жеткізді. Адамның бәрі бірдей, оларды кемсітіп бөлуге болмайтынын, мүгедек балалардың жүрегінің кеңдігін , көздеріндегі өмірге деген құштарлықтарын байқады. Осы шарадан кейін үлкен сауап іс жасағандай болғандарын сезді. Ұйымдастырушы ретінде менің өзім де үлкен әсер алдым. Дәл осындай әсерлі болады деп ойламаппын. Барлығы шынайы болды. Жасанды ештеңе жоқ. Осындай мейрімді, қамқор оқушыларға тәрбие бергеніме қуандым.
Қонақ балаларымыз көп сөйлей алмайды. Араларында Асылжан ғана шын жүректен шыққан ризашылығын білдірді.Қалған балалар шараның ұнағанын айтып, рахметтерін жеткізді. Бердаулет дұрыс сөйлей алмаса да «Керемет» деген бір ауыз сөзімен барлық ризашылығын білдірді.
Жобада қол жеткізген нәтиже оқушыларымның бойында мейрімділік, қамқорлық, адалдық қасиеттерінің көрініс беруі. Келген қонақ балалардың өмірге деген қызығушылық көзқарастарының дамуы.
Осы жобаны алдағы уақытта жүзеге асыру бағытында оқушылар , жас достарымен арадағы байланысты үзбей, нығайтуды жоспарлады. Ол үшін кезектесіп сабақтарына көмек беріп, мерекелерде шараларға шақырып, оларға әрқашанда рухани көмек көрсету керек екенін айтты.
Қорытындылай келе мейрімді , қамқор болуды сөз жүзінде айтқаннан, оқушыларға іс жүзінде өздеріне жасатқан өте тиімді екенін түсіндім.
Балалардың әлемі ерекше әлем. Олардың өмірге деген риясыз сүйіспеншілігін, жаңаға деген құштарлығы, пәк көзқарасы,адал жүрегі адам жанын елжіретпей қоймайтыны белгілі. Сол балалардың болашағы жарқын болуы үшін жасалып отырған қамқорлықтар қаншама десеңші. Сондай қамқорлықты балалар өздері жасағаны үшін риза болды.
Бұл жобаны 2- кезеңі «Жаныңда жүр жақсы адам» тақырыбындағы қайырымдылық акциясымен жалғасты. Бұл шараға мүмкіндігі шектеулі мектепте оқитын оқушылар қатысты. Шара брысында қонақ оқушылар сынып оқушыларымен бірге ойын ойнап, білім сайысына қатысып, білімдерін саралады. Домбырашылыр ансамблімен бірге ұрмалы аспаптарда ойнап, өз өнерлерін де көрсете білді. Оқушыларым қонақ балаларға өздері оқыған кітаптарын, сонымен қатар өздері қолдан жасаған әшекей бұйымдарын сыйлыққа берді.
Осы шаралар арқылы оқушыларды рухани-адамгершілік тұрғыда дамуытуда аз да болса нәтижеге қол жеткіздім деп ойлаймын.
Қорыта келгенде оқудан тыс тәрбие жұмысы әртүрлі қызметтердің жиынтығын құрай отырып, оқушыны рухани-адамгершілік тұрғыда дамытуда үлкен міндеттерге ие.
Біріншіден, қызметтің сан алуан түрлері оқушының өзін –өзі тануына және өзін-өзі дәріптеуіне, өз мүмкіндігі мен күшін бағалауға, өзіне сенуге, өзін жақсы, жағымды жақтан қабылдауға септігін тигізеді.
Екіншіден, оқудан тыс тәрбие жұмысы оқушылардың жалпыадамзаттық құндылықтарын ашуға, дамытуға ықпал етеді.
Үшіншіден,оқудан тыс жұмыстардың әр түріне қатыстыру оқушының жеке тәжірибесін, оның адамдар қызметтерінің әртүрлілігі туралы білімін байыта түседі.
Төртіншіден, оқудан тыс жұмыстардың сан алуан түрлеріне оқушылар ұжымда өмір сүруге, бір-бірімен іскерлікке, өз жолдастарына қамқор болуға, өзін басқа адамның орнына қоя білуге үйренеді.
Сонымен, оқудан тыс жұмыс оқушылардың бос уақыттарын ұйымдастыруды, жалпыадамзаттық құндылықтар негізінде оқушыларды рухани- адамгершілікке тәрбиелеуді , оның дамуын және әлеуметтенуін біріктіреді.
Мектептің оқу-тәрбие үдерісінде мұғалім тұлғасының ұлы рөлі туралы тағы да еске салудың артықтығы жоқ. Мұғалімнен бала тәрбиелілікке , әдептілікке және адамгершілік тәжірибені қабылдауға үйренеді. Сондықтан, ол бұған дайын болуы тиіс және ішкі тазалығы, қайырымдылығы, шыдамдылығы және өзінің игілікті ісінде табандылығы болуы қажет. Мұғалім тәрбиеленушінің өмірінде ата-аналарымен бірге басты рөл атқарады, оқушы білім алуға ғана емес, сонымен бірге жанының қайырымдылығына және адамгершілікті мінез құлыққа ие болуға талпынады.
Мұғалім баланың үйлесімді дамыған, рухани бай тұлғаға айналуына ықпал етеді.
Қымбатты әріптестер, өз оқушыларымыздың тазалығына лайықты болайық және оларды Рухани биікке талпынысында қолдайық!
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1.Мұкажанова Р.А., Г.А.Омарова., Р.Мұратханова «Мұғалімге арналған нұсқаулық. Негізгі деңгей», Алматы «Бөбек» ҰҒПББСО, 2015
2.Бірыңғай білім беру кеңістігінде «Өзін-өзі тану» рухани адамгершілік бағдарламасымен ықпалдасқан тәжірибелік мектептерде оқудан тыс жұмысты ұйымдастыру. Мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал./ ӘкімбаеваЖ.Ж. Ахметова А.И/ -Алматы, «Бөбек» ҰҒПББСО, 2014ж
3.Қазақстан Республикасының Президенті Н.А. Назарбаев «Әлеуметтік-экономикалық модернизациялау Қазақстан дамуының басты бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында (Астана қ., 27 қаңтар 2012 жыл)
Жананшева Алтын Нағыметқызы
Қызылорда облысы Жалағаш ауданы №201 мектеп-лицей