Мақсаты: Ұлы отан соғысы жайында ерлік, батырлық, отаншылдық, елжандылық туралы жазылған ақын өлеңдері мен сазгер әндерін таныстырып, ұлы отан соғыс ардагерлерінің ерліктерімен таныстыру. Олардың соғыстағы ерліктерін паш ете отырып жас ұрпақты отаншылдыққа, ерлікке, ізеттілікке, имандылыққа, Отанға деген құрмет сезімдерін ояту, тәрбиелеу.
Мұғалім: Соғыс – күйретуші күш! Дәл солай! Барды жоқ ететін, тауды жер ететін. Жер бетіндегі тіршілік атаулының бәрін жалмап жұтатын тажал. Сол қанды кезеңді еске түсіріп, елестететін газет-журнал матералдары немесе радиотелехабарлар, кинолар аталар ерлігін мақтаныш тұта бізге жеткізді. Иә, содан бері жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, ешнәрсе де ұмытылған жоқ. Ұлы Отан соғысы… Бұл сол кездегі кеңес халқының ержүректілігі мен төзімділіктерін паш ететін, тарихта мәңгі қалатын күн. Бұл күнді соғыстың алғы шептерінде қайсарлықпен шайқас жүргізіп, ерліктің сан үлгісін көрсеткен ардагерлер тойлайды. Неменеңе жетістің бала батыр, Қариялар азайып бара жатыр Бірі мініп келместің кемесіне, Бірі күтіп, әнеки, жағада тұр, — деп тебіренген Мұқағали мұңында жұмырбасты пенде үшін теңдессіз құндылық ұрпақаралық қимастық, сыйластық сезімдері мөлдіреп тұр. Қариялар азайып бара жатқанын әсіресе олардың ортасында Ұлы Отан соғысынан аман орталған ақсақалдарымыздың қарасы жыл санап азайып барады емес пе?! Солардың жанымен, қанымен, терімен, көз жасымен, күшімен, ісімен, ерлігімен, атаның туын жықпай, ананың намысы үшін туған жердің топырағын жауға таптатпай, еңіреп жүріп жауды жеңіп, тауын шағып, туын жағап, жеңістің таңбасын басқан күн – Жеңіс күні. Бұл күннің толғағы ашшы болса да, туғаны бар халқы үшін қуаныш болған күн. Сондықтан да бұл Ұлы мереке. Оқушы өз шығармасы Алдеева Перизат Жер бетін тып-типыл етуге ұмтылған, аранын ашып, әлемге алақұйын жалын шашып, жан біткенді жалмауға жанталасқан заһарлы зұлмат — екінші дүниежүзілік соғыс туралы шығарма жазуды бастағанымда, бұл тақырыпты он бетке болсын, жүз бетке болсын сыйғызудың мүмкін еместігіне көзім жетті. Себебі, соғыс-уақытқа тәуелсіз, ешқашан өзгермейтін, ешқандай сынға берілмейтін азап. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, отты жылдардың елесі әлі күнге халық жүрегінен өшпегенін түсіндім. Өйткені, адамзаттың бүгінге дейінгі сапарындағы ең сұрапыл қырғын да Ұлы Отан соғысы екені әлемге аян. Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар, — деп ақындар жырлағандай, әр шаңыраққа, әр жүрекке салған жара жетпіс жыл өтсе де әлі жазылып қойған жоқ. Елдің елдігін, ердің ерлігін сынайтын нағыз тарихи аласапыран кезеңде:
Қасиетім менің,
Адалдығым менен ақтығым.
Жаныма қуат
Жүрегімнің таза пәктігі.
Тәңірімнен күнде
Көз жасыммен тілеймін
Өтсем екен деп
Тірі жанға болмай жаттығым, — деп ақын Әбділдә Тәжібаев жырлағандай, парасаттылық, адалдық, жүрек пәктігі сияқты ізгі қасиеттерді биік ұстап өткен Қазақ халқы ел басына күн туған қасіретті шақта Отанды қорғауға аттанды. «Адал адам Отанын сүйеді. Адал, ақ жүрекке Отан анасындай. Отанның дегенін істеу — қуаныш, мақтаныш. Отанға деген махаббатты бізде өлшеуге болмайды», — деп Баубек Бұлқышев айтқандай, жаратылысынан ақкөңіл, ақжүрек, батыр, намысты халық өз мүддесінен Отан мүддесін артық қойып, өмірін құрбан етуден асқан асыл мұрат жоқ екенін, Отанға деген махаббатын осылай дәлелдей білді.
Қазақ деген-батыр халық. Ол еңкейгенде еңкейеді, шалқайғанда шалқаяды. Шірене қалса, асқар-асқар тауларына сүйенеді, еңкей қалса, азаматтығына, өзінің парасаттылығына сенеді. Сөйлесе Қазыбек данадай шешендігі бар, Төле бидей көсемдігі бар, айтыса қалса, дауласа қалса Бөгенбайдай ерлігі бар, Қабанбайдай ірілігі бар, қолынан қиыстырып жол табар Абылайдай тірілігі бар ел. Қазір өз алдымызға мемлекет, тәуелсіз ел болсақ та, ол кездегі Кеңес Одағы барлық халықтардың ортақ мемлекет болып есептелгендіктен, батыстан жау шапқанда Отанымыздың абыройын, бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауда жаппай ерлік пен қайсарлықтың үлгісін көрсетті. Даламыз қандай кең болса, пейілі де сондай кең, жер қойнауы қандай бай болса, жүрегі де сондай бай халқымыз қан майданда елдік мінездері мен ерлік қасиеттері сынға түсті. Осы жолда қанша ардагер әкелеріміз, аталарымыз бен апаларымыз қанын төкті, жанын пида етті десеңші! Осылайша, біздің халқымыз соғыс барысында бүкіл әлем алдында бар ұлылығымен көрінді. Сол кездегі Кеңес Одағы халықтарының тұтасқан бірлігі мен мызғымас достығы, халық пен әскердің жаппай ерлігі Жеңісіміздің кепілі болды.
Аяулы Әлия мен Мәншүгімді, — деп есімдерін ән-жырға арқау еткен шығыстың қос жұлдызы Әлия мен Мәншүк есімі бүгінгі ұрпаққа ерліктің ғажайып үлгісі деп айтар едім. «Майданға жіберетін ешкімім жоқ, ағам да, апам да жоқ, сондықтан менің өзімді жіберуді өтінемін» деп Алматыдағы медицина интитутының жас түлегі Мәншүк Мәметова отан қорғаушылар қатарына өз еркімен қосылғысы келетінін білдірген болатын. Жас қыздың қайтпас қасарлығы таң қалдырмай қоймайды. Сол секілді мергендігімен талай жаудың көзін құртқан Әлия есімі тарих парақтарында алтын әріппен жазылып қалды. Мәншүк пен Әлиядан басқа халқының абыройын асырып, елінің даңқын шығарған, от пен оқтың арасында жүріп, жаралыларды өлімнен құтқарған көптеген Қазақ қыздары майдандағы ерліктеріне лайық орден, медальдармен, бас қолбасшының алғыс хаттарымен марапатталған. Алайда, осы сұрапыл қанды қырғында өмір мен өлімнің арасында жас өмірін сарп еткен Қазақ қыздары жөніндегі деректер өте аз, олардың көбісінің есімдері де белгісіз. Мұны майдангер Қазақ қыздары кешіре қоймас!
Сондықтан біз, ХХІ ғасыр жастары, осындай байтақ елде тұрып жатқанымызға бақыттымыз!
Жауды жеңіп табанға сап,
Жермен-жексен еткен ерім.
Қуан,қуан, күлші сақ-сақ
Шын жеңіске жеткен елім!
Слайд «Ұлы Отан соғыс» батырлар ерлігі
Мұғалім:Уақыт, тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Ешбір уақыт ұзақтығы, мерзім межесі көмескіленіп «көзден таса, көңілден ұмыт, қалдыра алмайтын жылдар, оқиғалар болады. Сондықтан халық соғыс әкелген қайғы қасіретті, миллиондаған адамның өмірін қиып өркениеті кейінге қайтарған, адам қолымен жасаған ұлы құндылықтарды талқандаған қантөгіс, сұрапыл соғысты ешқашан ұмыта алмайды. Иә, соғыс өзінің сұмдықтарын бүгінгі күнге дейін ұмыттырар емес. Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына міне 72 жыл болды. Бірақ, сол жылдар жаңғырығы адамзат жүрегін әлі сыздатуда. Иә, уақыттың тарих атты өз төрешісі бар.
«Ер өлсе де еңбегін ел өлтірмес,
Неше мың жыл өтсе де тарих білмек, — деп Сұлтанмахмұт
айтқандай бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған ерлеріміз ешқашан естен шықпайды, ұмытылмайды. Біздер соғыс қайталанбауы үшін, оның сұмдықтарын, сол кезде біздің өміріміз үшін жанын қиған азаматтарды ұмытуға құқымыз жоқ. Біздер барлығын есте сақтауға міндеттіміз.
Исламгазиева Калбике
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы,
Мұнайлы ауданы, №6 орта мектептің мұғалімі