Home » Мақалалар » Отбасы мен мектеп арасындағы өзара әрекеттесу арқылы кіші мектеп оқушыларында отбасылық құндылықтарды қалыптастыру

Отбасы мен мектеп арасындағы өзара әрекеттесу арқылы кіші мектеп оқушыларында отбасылық құндылықтарды қалыптастыру

Құндылықтар жүйесі жеке тұлғаның дамуының маңызды аспектісі болып табылады. Құндылықтарды көптеген ғылымдар зерделеп жатыр. Құндылық сөзінің түсінігі өте кең. Мысалы, философиялық сөздік құндылық сөзін былай түсіндіреді:  құндылықтар – объектінің жағымды немесе жағымсыз жақтарын білдіретін философиялық-әлеуметтік ұғым. Психологиялық сөздік: құндылықтар – қоғам үшін әлеуметтік-тарихи маңызы бар, «жеке тұлға» өмірінің болмысын анықтайтын құбылыс деп анықтама берілген.  Міне, осы анықтаманы біз негізге аламыз. Құндылықтар – ұлт болмысын қалыптастыратын қалып, ұлттың тарихи өмірін анықтайтын бағдар. Құндылықтар негізінде ұлттық мәдениет қалыптасады.

Құндылық бағдар жүйесі адамның  барлық өмір барысында тәрбие мен әлеуметтену үрдісінде қалыптасады. Тұлғаның құндылық бағдар жүйесінен қандай да бір әрекеттерді орындауға қажет саналы негіздеме болып саналатын іс-әрекет мотивациясы шығады. Әрбір адам белгілі бір қоғамда өмір сүре отырып, өзінің рухани, материалды, әлеуметтік, физикалық қажеттіліктерін қанағаттандыруға тырысады.

Жалпыадамзаттық құндылықтар арасынан біз отбасылық құндылықтарды бөліп алып, қарастырауға тырысамыз.

Қоғамның ең кіші ұясы болып саналатын отбасы әлеуметтік топ болып саналыды, ол отбасылық құндылықтар мен дәстүрлерді  ұрпақтан ұрпаққа сақтайды, жалғастырады және дамытады. Әр адам үшін отбасылық құндылықтарды қалыптастырудың бірінші және маңызды қайнар көзі болып ата-аналары мен қоршағын ортасы екендігі талас тудырмайды. Осы балалық шағында бойына сіңірген отбасылық құндылықтары адам өмірінің соңына дейін оған бағыт-бағдар беріп отырады.

Орыстың ұлы педагогы В. Сухомлинский: «Отбасында тамыр түзеледі, одан содан кейін сабағы да, гүлдері де, жемістері де пайда болады. Отбасының адамгершілік қағидатына мектептің педагогикалық ақылы құрылады».

Кіші мектеп жасы – бұл даму, тәрбиелеу мен өзін өзі тәрбиелеу үшін отбасы мен мектептің белсенді өзара әрекеттесу арқылы отбасылық құндылықтарды қалыптастыру үшін маңызды уақыт. Бұған баланың өзін жүзеге асыру үшін өз мүмкіндіктері мен қабілеттерін де қосуға болады, бұлардың қалыптасуына отбасында тәрбиенің алатын орын бөлек.  Қоғам не деп айтса да, баланы тәрбиелеудегі отбасының рөлі маңызды катализатор болып қала береді.

Кіші мектеп оқушыларының отбасылық құндылықтарға деген көзқарастарын зерделеу барысында, осы аталған жастағы балалардың отбасылық құндылықтары базалық білім беру компоненті болып табылады, өйткені отбасында адамгершілік негіздері қаланады, оның психологиялық денсаулығы мен өзіндік тұлғалық ерекшелігі байқала бастайды. Аталған отбасының ересек мүшелері қандай қызығушылықтар мен құндылықтарды бастапқы орынға қойса,  олардың балалары да сол бағытта дамиды және солар секілді өсіп шығады. Әдеп-ғұрып және дәстүрлерімен нығайтылған отбасылық құрылым, отбасылық жайлы психологиялық жайлылықты құру арқылы ересектер мен кішілер арасында өзара қарым-қатынас жүйесі қалыптасады, осы арқылы бала әлемді және қоршаған адамдарды қабылдайды, қарым-қатынас дағдылары мен бірге өмір сүру тәжірибесін алады. Сондықтан да отбасылық құндылықтардың басым болуы маңызды, осы арқылы бала өзінің отбасына, ата-анасына және отбасылық жәдігерлерге, өз туысқандарына мейірімді және  толерантты болуды үйренеді.

Зерттеушілер кіші мектеп жасындағы оқушының отбасында отбасылық құндылықтардың келесі құрылымы болуы мүмкін деген тұжырым жасады:

— кіші мектеп жасындағы оқушылар отбасылық-тұрмыстық дәстүрлерді дәстүрлі отбасылық құндылықтардың қарапайым қалпында қабылдайды;

— кіші мектеп жасындағы оқушылар отбасылық құндылықтарды мына компоненттер арқылы түсінеді: бағалау, талқылау және тәртіптік;

— кіші мектеп жасындағы оқушылар отбасылық құндылықтарды мәдениет құндылықтары ретінде қабылдайды;

— кіші мектеп жасындағы оқушылардың қызығушылықтары мен қажеттіліктері құндылық бағыттарымен астасу арқылы оның тәртібін реттейді.

Отбасылық дәстүрлерді түсіну және оны қалдай отыру кіші мектеп жасындағы оқушыларға отбасылық құндылықтарды түсінуді үйретеді, оған ұқыпты қарайды және оны құрмет тұтады. Өмір көрсетіп отырғандай, отбасы – бұл отбасы мүшелерінің адамгершілік қағидаттарының мектебі, осы жерде кіші мектеп жасындағы оқушылары жеке тұлға болуға алғашқы қадамдарын жасайды.  Егер ата-аналардың әрекеттерінің белсенді қоғамдық бағыты отбасы өмірінде көрініс тапса, онда олардың отбасында идеяға берік балалар тәрбиеленіп шығады.

Сонымен, кіші мектеп оқушысы тұлға ретінде отбасылық құндылықтарға терең мағына береді, осы құндылық қарым-қатынастарды мұғалімді сауатты түрде бағыттауы қажет. Егер сабақтан тыс уақытта отбасы тақырыбына сай сыныптан тыс сабақтарды қосса, қағаз жүзінде емес, шынайы өмірде ата-аналар мен мұғалімдер жүйелі түрде өзара әрекеттессе, ата-аналар мен оқушылардың бірлескен жиналыстары, мерекелік және спорттық іс-шараларды, құрметті белгілі адамдармен кездесулер ұйымдастырылып тұрса, онда мектепте кіші мектеп оқушысының отбасылық құндылықтарға деген қатынасын тәрбиелеу үрдісі нәтижелі болады. Егер бастауыш мектеп тәрбиелік жағынан отбасы секілді, от басын сақтаушы болса, онда мұғалімдерге өздерінің тәрбиелілік әрекеттерін отбасылық тәрбиемен ұштастырып, сенімді және кепілді субъектілері болуы тиіс.

Отбасы – бұл бір-біріне жақын адамдардың шағын әлемі, махаббат, жылулық, құрмет пен келісім қайнары, адам өсіп және дамитын, қоршаған орта мен кеңістіктен барлық жамандық пен жақсылықты сіңіріп алатын орын.

Отбасылық құндылықтар – бұл ұрпақтан ұрпаққа берілетін әдеп-ғұрып, дәстүр, тәртіп ережелері мен көзқарастары. Бұл отбасы өмірін құрайтын негізгі принциптер болып табылады.

В.А. Сухомлинскийдің айтуынша, кіші мектеп жасында балаға жалпы адамзаттың адамгершілік нормаларын ашу қажет, өйткені осы уақытта баланың жаны эмоционалдық әрекеттерге «көнгіш» келеді. Мектеп пен отбасы баланың моралдық-адамгершілік бейнесін, рухани дамуына әсер ететін маңызды институттар болып табылады.

Осыған байланысты кіші мектеп оқушыларында отбасылық құндылықтарды қалыптастыру мәселесінде жүйелі-әрекеттік бағытқа ерекше назар аударылып отыр.

Кіші мектеп оқушыларында отбасылық құндылықтарды қалыптастырудың келесі педагогикалық принциптерін ұсынады:

— отбасы, оның дәстүрлері, әдеп-ғұрыптары, баланың өмір сүру салты мен тәрбиесі;

— отбасы мен мектеп оқушысын психологиялық-педагогикалық қолдау;

— отбасындағы толеранттылық қатынастар;

— балаға деген құрмет пен адамгершілік талаптарын ұтымды пайдалану;

— отбасында еңбек атмосферасын құру және еңбек дағдыларын тәрбиелеу.

Мектеп ата-аналар мен балаларға отбасылық құндылықтарды түсіну және қалыптастыруға, ата-аналар мен мұғалімдер бір бағытта жұмыс жүргізуі үшін, рухани және адамгершілік жағынан дамыған нағыз адамды тәрбиелеу үшін бірлескен жұмысты ұйымдастыруға көмек беруге тиіс. Отбасы және отбасылық құндылықтар – бізде бар жақсы нәрсенің бірі.

Баланың өмірі екі маңызды салалардан тұрады: өзгеріске ұшырайтын, дамитын мектеп және отбасы. Қоғам дамуының заманауи кезеңінде басқа нәрселермен бірге, отбасылық құндылықтарды жоғалту, демографиялық мәселелердің бірі. Сондықтан, маңызды мәселелердің бірі – бұл мектеп пен отбасының өзара серіктестігі. Бүгінгі күні осы жұмыстың өзектілігі кіші мектеп оқушысын тәрбиелеудегі отбасы мен мектептің рөлі мен функциясы туралы сұрақ туындап отыр. Аталған жастағы балаларды тәрбиелеу мәселелері, ерекшеліктері ерекше маңызға ие және өзіне зейін салуды талап етеді. Білім алудағы қиындықтар, баланы тәрбиелеудегі басты рөл мектепке ғана емес (мұғалім, психолог, әлеуметтік педагогтарға), сонымен қатар отбасына қатысты екендігін тәрбиелеудегі сәтсіздіктердің себептері көрсетіп отыр. Тәрбиелеу үрдісінде отбасына маңызды рөл беріліп отыр, баланы тәрбиелеу үрдісінде отбасы тәрбиенің іргетасын қалайды.

Бақытты және тату отбасы – балаға толыққанды өмір сүруіне, өсуіне және дамуына, әр күнге қуануына мүмкіндік беретін қорған. Отбасы құндылықтары және оның дәстүрлерін қайта жаңғыртып және жандандырып,  сақтап отыру қажет. Отбасылық құндылықтарды қалыптастыру – ұзақ та шығармашылық үрдіс. Бұл үрдіс өз ата-аналарының отбасынан ең үздік отбасылық құндылықтарды өзінің отбасына аудару үрдісі: жылы және достық қарым-қатынастарды құру, құрмет пен сенім, өз қылықтары үшін жауапкершілік, кешірімді болу, мейірімділік пен қамқорлық, сүйіспеншілік пен шыдамдылық.

Сонымен, біз кіші мектеп оқушыларында отбасылық құндылықтар, оның мәні және функциясын  қалыптастыру үрдісіне теориялық талдау жасап шықтық.  Заманауи ғылымда отбасылық құндылықтарды шартты түрде төрт топқа бөледі: мәдени-ұлттық және отбасының қандық құндылығы; отбасында рухани-адамгершілік құндылықтарын тәрбиелеудегі табиғи-географиялық негіздері; отбасы мен отбасылық тәрбиенің қоғамдық-мемлекеттік негіздері;  отбасының жоғары рухани-адамгершілік құндылықтары.

Әдебиеттер:

  1. Байбородова, Л. В. Взаимодействие школы и семьи: Учебно-методическое пособие / Л. В. Байбородова. — Якутск: Академия развития, 2003. — 224 с.
  2. В диалоге с семьей. Cерия: «Ребенок, семья, общество, творчество», СПб.: ГДТЮ, 2004.
  3. Выготский, Л. С. Проблема возраста / Л. С. Выготский // Соб.соч.: в 6 т. — М., 1984. — Т.4 — С.244-268.
  4. Дьюи, Дж. Общество и его проблемы / Дж. Дьюи. — М.: Идея-Пресс, 2002.
  5. Сухомлинский, В. А. Мудрость родительской любви / В. А. Сухомлинский. — М.: Просвещение, 1990. — 172 с.
  6. Сухомлинский, В. А. О воспитании / В. А. Сухомлинский. – М.: Политическая литература, 1982. — 270 с.

 Бекмаганбетова Г.К.,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалының
мектепке дейінгі, бастауыш оқыту және
тұлғаны тәрбиелеу кафедрасының
аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.