Адами капитал сапасын жақсарту – Қазақстан Республикасының дамуындағы басымдықтардың бірі. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты өз Жолдауында еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев былайша атап өтті: «…Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеру тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет».
Республикамыздың орта білім беру жүйесіне жаңартылған оқу бағдарламаларының енгізуіне байланысты 2016 жылдан бастап «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының барлық филиалдарда мұғалімдер үшін біліктілікті арттыру курстары жүргізіліп келеді. Курс бағдарламасы білім берудегі негізгі өзгерістерді сипаттай келе, білім беру саласындағы халықаралық үрдістерді, оқу бағдарламасының теориясын, оқыту әдістемесінің теориялық негіздерін ескереді. Курс бағдарламасының мақсаты – білім беру бағдарламасын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу тұрғысынан мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру. Курстың міндеттерінің бірі – курс тыңдаушыларын жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес педагогикалық тәсілдер мен оқу материалдарын пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз ету болып табылады.
Курс бағдарламасының аясында оқу үдерісі ересектерді оқыту әдістемесін қамтитын Дэвид Колбтың моделін пайдалану негізінде жүзеге асады. Колбтың оқыту теориясы төрт кезеңді оқу циклінен тұратын төрт негізгі оқыту стилінен тұрады (бұл «оқу циклі» деген атаумен де түсіндіріледі). Колб бойынша оқудың ең бірінші кезеңінде ересектерге «жеке тәжірибесімен» бөлісу ұсынылады. Өзара тәжірибесімен бөлісу – «бақылау мен қайта ойлаудың (рефлексия)» негізі болып саналады. «Бақылау мен қайта ойлау» қатар келе отырып, өз кезегінде «жаңа тәжірибе» жасауға мүмкіндік беретін, әрекеттің жаңа мағынасын қамтамасыз ететін «абстрактілі ұғыну» немесе «теория» ұсынылады. Колбтың айтуынша, мінсіз жағдайларда бұл үдеріс оқу циклін немесе спиральді білім беруді алға тартады, осының арқасында білім алушы «барлық негізбен танысады», яғни жеке тәжірибе жинақтау, ойлану, ойлау және әрекет. Мұнда пайдаланылған немесе дәл анықталған тәжірибе бақылау мен ойлауға әкеледі. Кейіннен бұл ойлау адам белсенді байқап көре алатындай жаңа тәжірибе алуға мүмкіндік беретін, әрекет үшін мәнді абстрактілі түсінік ретінде қабылданады.
«Нақты тәжірибе» кезеңінде курс тыңдаушыларымен сабақ жүргізу барысында біз олардың тақырып бойынша жеке тәжірибелерін анықтау үшін ширату (стартер) қолданамыз. Сондай-ақ тақырыптық сергітулер, тренингтер, бас қатырғыш жаттығуларын өткіземіз, яғни теориялық негізбен танысқанға дейін жаттығулар орындауды ұсынамыз: тақырып бойынша өзара тәжірибесімен бөлісуді ұсынамыз. Мысалы, оқушылардың оқудағы жетістіктерін бағалау тақырыбын қарастырған кезде, курс тыңдаушыларына оқу ісіндегі қандай да бір мүлікті бағалау ұсынылады. Кейін Колбтың «бақылау» немесе «рефлексия» кезеңі бойынша бағалау нәтижелері салыстырылып, неліктен бір жұмыстың нәтижесі әртүрлі бағаланғаны жөнінде пікір алмасу жүргізіледі. Оқытудағы белсенді әдістер арқылы коллаборативті ортаны ұйымдастыру мен сабаққа қатысушыларға тәжірибе алмасу мен сабақ тақырыбын талдау тапсырылады. Бұл жерде қатысушылардың рефлексиясының – «тәжірибенің кез келген түрін қабылдаудың» өзіндік орны бар (А.Буземан) [4]. Алдымен кішігірім топтарда, кейін жалпы талдауларда бірін-бірі тыңдай отырып, басқа топтардың мүшелерін бақылай келе, өз әрекеттерін бақылап және тәжірибе алмасып, қорытынды жасалады. Курс тыңдаушыларға өзгені сыни тұрғыдан және өзін-өзі бағалауда білімі мен түсінігін дамытуға көмектесу үшін оларға пікірін еркін жеткізуге мүмкіндік беру маңызды. Мысалы, «критериалды бағалауды» ұғымын түсіндіруде тыңдаушыларға Г.Андерсен ертегісінің кейіпкері Дюймовочканың сырт келбетін бағалауды ұсынып, сонан соң «жұлдызқұрттар мен зауза қоңыздарының» Дюймовочкаға жағымсыз баға берген үзіндісін мультипликациялық фильмінен көріп талқылау жүргізуге болады. Сондай-ақ тыңдаушыларға үй суретін салуды ұсынуға болады. Оны бағалау барысында тренер үй өлшемін, қағаздағы үйдің орналасуы, терезе, перде, есік, тұтқа және үй (қақпа, ауладағы гүлдер, ағаштар мен бұталар, күн, бұлт және т.б. қосымша салуға болатын заттар) есепке алады. Үйдің бөлшектектері мен айналасында қосымша салған заттардың санын есептеп, сурет бағаланады. Әрі қарай оларға бағалаудағы осы тәсілі ұнады ма және суретті объективті бағалауда тренерге не істеу қажеттігі сөз етіледі. Тыңдаушылар тапсырманың орындалғанға дейін күтілетін нәтиже қандай болуы тиіс екенін білу үшін жұмыстың орындалуы немесе нәтижесі қалай, қандай критерийлермен бағаланатынын ескертуді немесе бірге талқылауды атап көрсетеді. Осылайша, оқытушылар критериалды бағалауға енгізуді қамтамасыз ету туралы қорытынды жасайды.
Оқытылмақшы тақырыптың теориялық шарттары таныстырылым немесе баяндама түрінде «абстрактілі ұғыну» кезеңінде жолға қойылған. Аталмыш кезең оқытушының білім беру бағдарламасының негізінде жатқан теорияны түсінуі мен оны тәжірибеде қолдануына бағытталған. Бұл кезеңде таныстырылым материалдары, оқу ресурстары, ақпараттық мәтіндер мен бейне материалдар қолданылады. Теориялық алғышарттарды шолып өткен соң тыңдаушылар оқу бағдарламасының мазмұны мен оқу жоспарларын «белсенді эксперименттеу» арқылы шыңдайды. Сонымен қатар тыңдаушылар ықшамсабақ өткізуге дайындық үстінде жалған сынып ортасында эксперимент жасай отырып, оқылған материалдарды пайдалануға мүмкіндік алады. Тыңдаушылар критериалды бағалау жұмыстарын, саралау (дифференциалды) тапсырмалары мен олардың дескрипторларын жасақтауды, қысқамерзімді сабақ жоспарларын даярлау барысында белсенді оқу тәсілдерін пайдалануға жаттығады.
Мұғалімдердің курста жұмыс жасау формаларының бірі ықшамсабақ беру болып табылады. Аталған сабақ өткізу курстың бастапқы кезеңдерінде «тәжірибе» болады және «рефлексия» мен талқылауға ұласады. Ары қарай оқу барасында ұстаздарға жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша теория («абстрактілі ұғыну») ұсынылады, кейін «ықшамсабақ өткізуде» («эксперименттеу») қолданылады. Осылайша, жалпы оқу барысында Колбтың оқыту циклінің әртүрлі кезеңдері пайдаланылып отырады.
Курста мұғалімдар оқу үдерісінде Колб әдісі бойынша сабақ жүргізудің сан қырлылығын атап өтеді. Төменде Колб қағидаттары бойынша құрылған ең кең таралған интерактивті сабақ құрылысы көрсетілген:
- Жаңа тақырыпты жарнамалау мен уәждеу (мотивация);
- Өтілгенді нақтылау (қайталау);
- Жаңа материалдарды игеру;
- Бағалау;
- Сабақ қорытындысын жүргізу (дебрифинг, рефлексия). Сабақтың әр кезеңін дәлірек көрсетейік:
Уәждеу (мотивация) – білім алушының назарын оқытылып жатқан материалға бағыттайтын, қызығушылығын арттыратын, материалдардың қажеттілігі мен пайдасын көрсететін сабақтың бастапқы кезеңі.
Нақтылау (бекіту) – материалдың толықтай игерілуін, білім алушының қызығушылығын ғана емес, олардың логикалық білім құрылысына сәйкес танымы мен аталмыш пәнде қолданатын әдісін де көрсететін сабақтың маңызды кезеңі.
Негізгі материалды игеру – білім алушы жаңа білім алатын сабақтың маңызды да мақсатты кезеңі. Бұл кезеңде, жоғарыда айтылғандай, оқытушыларға тапсырмалар таңдалып берілуі тиіс: оларды орындауда білім алушылар қажетті білім мен қабілетке қол жеткізеді. Тапсырманы жүйелеу кезінде ұстаздар «Мен естимін және ұмытамын, көремін және есімде сақтаймын, орындаймын және түсінемін» деген қытай мақалын есте ұстау қажет.
Бағалау – сабақтың маңызды әсер етуші компоненті. Бағалау жан-жақты, тура, ойдан шығарылмаған және әділ болуы тиіс. Тек осы кезде ғана ол ынталандырушы секілді әрекет етеді, ал керісінше жағдайда ол пәннен ажырау мен қызығушылықтың күрт төмендеуіне әкеп соғады, сондықтан бұл жерде өте абай болған жөн, өзара бағалау, өзін-өзі бағалау, командалық бағалау, т.б. әдістерді қолданған тиімді.
Дебрифинг – сабақтың қорытындысын жүргізу. Әдетте мұғалім сабақта не өзекті болғанын сұрайтын, бұйымтайлар мен ескертулерді жинақтап, өтілгенді жалпылай қайталайтын және ары қарайғы өзіндік жұмыстануды, материалды одан да терең игеруді талап етуге бағытталған сабақтың қорытынды кезеңі .
Осылайша, орта білім берудегі жаңару аясында мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарында қолданылатын педагогикалық әдістер білім алушының белсенділігіне қозғаушы күш болатын және оны қамтамасыз ететін ортаны құрумен, олардың педагогикалық талаптары, тәжірибелік бағыттарын, кәсіби бағдарылығын жүзеге асырумен; іздеуге ұмтылатын технологияларды пайдаланумен, шығармашылық жұмыстармен сәйкеседі.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2017 жылғы 31 қаңтар «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» / http://adilet.zan.kz/rus/docs/K1700002017
- Мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы. – Екінші басылым. – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
- Фокин Ю.Г. Преподавание и воспитание в высшей школе. Методология, цели и содержание, творчество.
- Мұғалімге арналған нұсқаулық. – Екінші басылым. – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы, 2015
- Мұғалімге арналған үлестірме материалдар. – Үшінші басылым. – «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, Педагогикалық шеберлік орталығы, 2017
Жумагалиева Динара Шылболатовна
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»
акционерлік қоғамының филиалы
«Батыс Қазақстан обысы бойынша
педагогикалық қызметкерлердің білілктілігін арттыру институты»
мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық қолдау кафедрасының меңгерушісі
Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы