Home » Айтарым бар » Орта білім беру мазмұнын жаңартуда біліктілікті арттыру курстарының басымдықтары

Орта білім беру мазмұнын жаңартуда біліктілікті арттыру курстарының басымдықтары

 

        Қазіргі ғаламдану заманында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, индустрияның қарыштап өсуі, дамудың жаңа дәуірінде ұлттық мәдени-тарихи, рухани құндылықтарымызды бойына сіңірген азаматтарға қоғамның сұранысының өсуі мектептерде жас ұрпақ бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, білім жетістіктерін өркениетті елдердің білім деңгейіне көтеруді қажет етіп отыр.

Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Соған орай оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды.

Орта мектепке арналған оқу бағдарламасының ғылыми сипаты басым және тым ауқымды болуы тиімді оқытудағы негізгі кедергі болатын. Осы себептен жаңартылған оқу бағдарламалары оқушының бұрынғы өзінің оқу тәжірибесіне бағытталған. Осы жерде танымал педагог Ж.Аймауытұлы «Жұмыстау негізіне баланың бұрынғы өз тәжірибесі перне қоры, мағлұматы салынып, дәл айтқанда, балаға танымал жақын нәрседен басталғаны абзал» деген ой-пікірінің ескерілгенін байқауға болады.

Қазіргі таңда орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру және кәсіби даму мүмкіндіктерінің аясы кеңюде. Біліктілік арттыру курстары бойынша Отандық және шетелдік ең озық үлгідегі ғылыми-теориялық бағдарламалар педагогтар тарапынан туындайтын кешенді проблемаларды көтеріп, жалпы орта білім беретін мектептердегі педагог қызметкерлердің кәсіби құзырлығы мен зияткерлік әлеуетін дамытуға және критериалды бағалау жүйесін енгізуде педагогикалық шеберлікті жетілдіруге бағытталады.

Бұдан соң мұғалімдер білім беру бағдарламасының нақты пәндік аспектілерін меңгеруге кіріседі. Мұғалімдер білім беру бағдарламасына негіз болған теориямен танысып қана қоймай, бұл теорияны тәжірибе жүзінде іске асыруға қабілетті болуын қамтамасыз ету үшін оқыту тәжірибе жүзінде және белсенді өтеді.

Біліктілігін арттыру курс кезеңінде мұғалімдер оқу бағдарламасы мен сабақ жоспарын талдай отырып, пәнді оқытудың жаңа әдістемесімен танысады. Оқудың аяғында мұғалімдер өзара рефлексия және метатану тапсырмаларын араластыра отырып, біліктілікті арттыру курсының оқу мақсаттары тұрғысынан өздерінің алға ілгерілеуін қарастырады. Курс барысындағы мұғалімдердің дайындайтын ықшамсабақтары өздерінің оқыту тәжірибесіне «эксперимент» жасау болмақ, ол рефлексия және талқылау кезеңдерімен ұласады. Пәннің ерекшеліктері қарастырылатын сабақтар кезінде жаңа теория «абстрактілі ұғыну» ұсынылып, ол ықшамсабақтардың келесі сатысында іс жүзінде қолданылады.

Мұғалімдер өздерінің оқыту қызметі білім беру бағдарламасының іске асырылуына қолдау көрсететініне, ал бағалау тәсілдері оқушыларға қажетті ақпаратты жеткізуге және олардың жетістіктеріне қолдау көрсетуге көмектесетініне сенімді болуы керек. Оқушылар табысты оқуы үшін мұғалімдер бұл үш компонент – білім беру бағдарламасы, оқыту тәсілдері мен бағалау жүйесін өзара үйлестірудің жолдарын қарастырады.

Сонымен қатар, оқушылардың белсенді жұмысқа тартылуын көздейтін оқыту және оқудың белсенді әдіс-тәсілдері ұсынылған. Қызметтің мұндай түрлері оқушылардан өздері тапқан ақпаратты талдау және түсіндіру үшін зерттеу және жоспарлау дағдыларын қолдануды талап етеді, болашақта өз дағдыларын жақсарту мақсатында басқа нәтижелерді бақылауды және талдауды қажет етеді.

Мұғалімдер белсенді білім алу стратегияларын не үшін, қайда және қалай, қандай жағдайларда қолданылатыны туралы ойлана отырып, тілдік дағдыларды үйрету барысында пайдалана алады.

Ал енді осы және басқа да оқу үдерісіндегі оқушының іс-әрекеті қалай бағаланады деген сауалға тоқталсақ.

Оқушылардың оқу жетістіктерін бағалау критериалды бағалау негізінде жүзеге асады. Бұл – оқушылардың жоспарланған оқу мақсаттары мен шынайы нәтижелерінің арасындағы сәйкестік деңгейлерін орнату. Критериалды бағалау алдын-ала белгіленген критерийлерге сәйкес оқушының жеке оқуын түзеуге, дағдыларын дамыту деңгейін бағалауға мүмкіндік береді. Ең маңыздысы – оқу үрдісінің өзі, жетістік критерийлері арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп, өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді.

Міне, орта білім беру мазмұнын жаңарту жағдайындағы біліктілікті арттыру курстары осындай басымдықтарға ие. «Мақсатыңыз қолжетімсіз екеніне көзіңіз жеткен кезде мақсатыңызды емес, әдісіңізді ауыстырыңыз» — деген екен белгілі шығыс ойшылы. Олай болса, білім беру мазмұнын жаңарту жағдайында белгіленген басымдықтар мен міндеттер мұғалімдердің кәсіби дамуына негіз болар еді.

 

М.Б. Сулейменов

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ,

тұлғаны әлеуметтендіру және тәрбие кафедрасының

                     аға оқытушысы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.