Home » Жаңалықтар » Оралдық өрендердің қоржынында – үш алтын медаль

Оралдық өрендердің қоржынында – үш алтын медаль

Оралдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары Алматыда өткен «INFOMATRIX-ASIA» халықаралық конкурсынан жүлдемен оралды. Бұл жөнінде білім ордасының баспасөз қызметі хабарлады.

Атап айтқанда, 10-11-сынып оқушылары Ержан Жамашев пен Данияр Жарқынұлы «Компьютерлік бағдарламалау», ал 9-сынып оқушысы Эламир Кадыргалеев «Жабдықтарды басқару жүйесі» секциялары бойынша білімдерін сарапқа салып, алтын медальді иеленген.

Ержан мен Даниярдың бірлескен «Mojidet» жобасы – қызмет көрсету сапасын анықтаудың автоматтандырылған жүйесі. Яғни, арнайы камераның көмегімен тұтынушының көңіл күйін анықтауға болады. Жас бағдарламашылардың айтуынша, аталған жобаны мектеп оқушыларынан құралған команда дайындаған. – Жазда акселерациялық бағдарламаға өтінім бермекпіз. Бұдан кейін жобамызды дайын өнім ретінде ұсына аламыз, – дейді жеңімпаз  Данияр. Алдағы жоспарымен бөліскен Ержан: – Идея көп. Біз тек жоба жұмыстарымен айналысып қоймай, мектеп оқушыларын қатарымызға қосылуға шақырамыз. Ол үшін арнайы клуб ашқымыз келеді, – деді. Айта кету керек, қос зияткерге Қазақстан-Британ техникалық университетінің гранты тағайындалды. Сонымен қатар Ержан Сүлеймен Демирел атындағы университетте оқуға 50% жеңілдік алды.

Ал сайыстардан жүлдесіз қайтпайтын Эламирдің «Novel.Oculos» деп аталатын жобасы көзі көрмейтін жандарға арналған екен. Бұл арнайы бағдарлама айналадағы заттарды  тануға мүмкіндік береді. Жаңашыл оқушының бұл жобасы қазылар тарапынан жоғары баға алыпты.

Аталған халықаралық конкурста Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан және т.б. елдерден келген қатысушылар да өз жобаларын таныстыруға мүмкіндік алған.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,

«Білім айнасы», Орал

 

 

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.