Home » Білім және заң » Оралдық ұстаздар ортақ мақсатқа жұмылуда

Оралдық ұстаздар ортақ мақсатқа жұмылуда

Орал қалалық білім беру бөлімінде жаңартылған білім мазмұны бойынша ауқымды жұмыстар атқарылуда. Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында да білім саласына айрықша көңіл бөлінгені белгілі. Оралдық ұстаздар Жолдауда жүктелген міндеттерге ден қойып, нәтижелі жұмыс атқаруға жұмыла кірісуде.

Бұл туралы қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Айгүл Рамазанова мәлімдеді. Мемлекет басшысы осы жылғы дәстүрлі Жолдауында білім беру саласына баса назар аударып, сала өкілдерінің алдына нақты мақсат-міндеттер қойды. Соның ішінде мектепке дейінгі білім беру ісі мен жалпы орта білім беру саласына айрықша тоқталған, – деген Айгүл Есенқызы шаһардың білім беру саласында жасалған жұмыстардан хабардар етті. Бұған дейін Оралдағы мектепке дейінгі ұйымдарда мамандардың тұрақтамауы үлкен проблема туғызып келіпті. Жаңа балабақшалардағы педагогтардың білім сапасының төмендігі алаңдатқанын да жасырмады. Алайда бұл мәселе бүгінде өз шешімін тапқан. Айтуынша, биылғы оқу жылының өзінде бұл көрсеткіш 15 пайызға жоғарылаған. Ал орта білім беру саласындағы маңызды жұмыс – сыныптардың жаңартылған білім мазмұнына сатылап көшуі, педагогтарды жаңа бағдарлама бойынша оқыту және біліктіліктерін арттыру. Бұл мәселе де ел Президентінің биылғы Жолдауында көрініс тапқаны белгілі. Осы ретте қалалық әдістемелік кабинет меңгерушісі А.Рамазанова күні бүгін 1319 оралдық мұғалім жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім жетілдіру курстарынан өткенін айтты. – Олар – бастауыш сынып және пән мұғалімдері. Әрине, әлі де қамтылмаған оқытушыларды жоспарлы түрде курстардан өткізетін боламыз, – деді ол. Жаңартылған білім беру мазмұнына өткен оқу жылында 1-сыныптар көшірілсе, биылғы оқу жылында 2, 5, 7-сыныптар жаңа бағдарламамен оқытылуда. Алдағы оқу жылында 3, 6, 8-сыныптар жаңартылған білім беру мазмұнына көшіріледі деп күтілуде. Айгүл Есенқызы биыл қосымша сол сыныптарға сабақ беретін мұғалімдерді оқыту жоспарда бар екенін жеткізді. Яғни, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады деген сөз.

Шәкірттің жақсы болмағы – ұстазынан. Ұстаздар қауымының біліктілігін арттыру, мектеп басшылары мен олардың орынбасарларының жұмысын заман талабына, жаңа технологияға сәйкес бейімдеу – басты міндет. Оралда мектеп әкімшілігін арнайы курстардан өткізу шаралары өз мәресіне жеткен. Ендігі кезекте мектеп мұғалімдерін толықтай қамту көзделуде. Бұл жұмыс үйлестірушілер мен тренерлер курстары арқылы шешімін табуда. – Яғни, курстан өткен үйлестірушілер мен тренерлер мектептерде күнделікті жұмыс барысында мұғалімдерді оқытумен айналысады. Сол себепті мектептерде білім берудің жаңа әдіс-тәсілдерін меңгермеген ұстаздар болуы мүмкін емес, – деген Айгүл Есенқызы жаңартылған білім беру мазмұнын сала мамандарының толыққанды қабылдайтынына сенімді. Пән мұғалімдеріне білім жетілдіру курсынан ақылы және ақысыз негізде өту мүмкіндіктері қарастырылған. Осылайша қала мектептерінің 1030 мұғалімі тегін оқытылса, 386 оқытушы ақылы негізде өз пәні бойынша курстан өтіпті.

– Жолдауда көрсетілген негізгі бағыттың бірі – көптілділік. Яғни, оқушыларға үш тілді қатар меңгерту. Мемлекеттің қабылдауы бойынша ағылшын тілін меңгерту төрт пән бойынша жүргізіледі. Олар – физика, химия, биология және информатика. Осыған байланысты бүгінгі таңда біздің қаламызда 268 мұғалім курстан өткізілді. Бұл мамандар А1, А2 деңгейлерін алып отыр. В1 деңгейін алған оқытушы көп емес. Ендігі мақсатымыз – келесі оқу жылында мұғалімдердің ағылшын тілін меңгеру сапасын В2 деңгейіне жеткізу. Қазіргі уақытта облысымыз бойынша 146 адамға тапсырыс келіп тұр. Оларға бес айлық курс ақпан айынан басталады деп күтілуде, – дейді қалалық білім беру бөлімінің өкілі.

Қала мектептері оқушыларының жаратылыстану және математика саласы бойынша білімдерін көтеру де – күн тәртібіндегі басты мәселе. Дарынды балалардың білімін шыңдауға бағытталған «Олимп» клубының жұмысы да нәтижесіз емес. Оған қоса жаратылыстану және математика бағытындағы – математика, физика, гуманитарлық бағыттағы – қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, жаратылыстану бағытындағы – география, биология, химия пәндері қауымдастықтары жұмысының да маңызы зор. Мұндағы мақсат – әрбір пән бойынша жиырма мұғалімді тізіммен таңдап алып, оларға сауалнама жүргізу арқылы қиындық туындатқан тақырыптарына орай көмек көрсету. Осындай іргелі істер оралдық шәкірттердің білім додаларында биіктен көрінуіне септігін тигізген. Жуырда ғана өткен облыстық пән олимпиадасында қала мектептерінің оқушылары физика, математика, информатика пәндерінен жүлделі орындарды иеленген. Жеңіске жеткен балғын жерлестеріміз білім сайысының республикалық кезеңінде өз бақтарын сынамақ.

Жалпы қала мектептерінде биылғы оқу жылында 3459 мұғалім еңбек етіп жүргенін білдік. Қалалық әдістемелік кабинет ұстаздармен бірлесе ауқымды жұмыстар атқарған. Нәтижесінде оралдық ұстаздардың қалалық, облыстық, республикалық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүргені көңіл марқайтты. Ал өткен оқу жылында Орал қалалық білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтында өткізілген байқауда республика бойынша 3-орынға ие болған. – Жыл сайын мектепке келетін магистр дәрежесіндегі мұғалімдер мен жас мамандардың қатары көбеюде. Білім саласында көш бастайтын тәжірибелі, іскер мұғалімдеріміз де жетерлік. Елбасы Жолдауын ата-аналарға түсіндіру жұмыстары да жүргізілуде. Барлығымыз ортақ мақсатқа жұмыла отырып, маңызды құжатта белгіленген мақсат-міндеттерді орындауға күш саламыз, – деп сөзін түйіндеді Айгүл Есенқызы.

Айта кетсек, Орал қаласында барлығы 49 мектеп бар. Жуырда ғана қаланың қамқорлығындағы Деркөл елді мекенінде жаңа білім ордасы пайдалануға беріліп, оқушылар мен мұғалімдердің қуанышы еселенген еді. Сонымен бірге тағы да екі жаңа мектеп шәкірттерге есігін айқара ашады деп күтілуде. Ол күн де алыс емес. Сонымен қатар 50 мемлекеттік, 28 жеке балабақша жұмыс жасайды. Бір қуантарлығы, Орал қаласында мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жеке балабақшалар ашу ісі қарқынды жүргізілуде. Осы жобаның арқасында жеке балабақшалар қатары әлі де көбейе түсері сөзсіз.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,
Орал қаласы,
«Білім айнасы»

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.