Home » Балабақша » Оралдық бөбекжайда – мерейтойлық жыл

Оралдық бөбекжайда – мерейтойлық жыл

Оралдағы «Кең дала» шағын ауданында орналасқан №38 «Жазира» бөбекжайының ашылғанына биыл – 10 жыл. Бір белесті артқа тастаған бөбекжай ұжымы алдағы күнге де үлкен үмітпен қарайды.

2009 жылы Орал қалалық білім беру бөлімінің бұйрығымен салтанатты түрде ашылған «Жазира» бөбекжайын қазіргі уақытта білікті педагог, іскер басшы Меңдігүл Мұқанова басқарып отыр. Бөбектердің тәтті күлкісіне, ерекше жылылыққа толы жайлы да жаңа ғимаратқа кірсең, балалық шаққа қадам басқандай боласың.

Мерейтойлық жыл басын аталмыш ұжым он жыл ішінде осы ортада қызмет атқарған, мекеменің гүлденуіне үлес қосқан әріптестерімен бірге қарсылауды жөн көрді. Бөбекжайдың бұрынғы қызметкерлері мен Валентина Казгулова, Жангүлім Қадемова, Бақыт Мұхтарова сынды меңгерушілер және бөбекжай түлектерінің қатысуымен өткен шара – соның дәлелі. Мерекелік кеш бөбекжай тәрбиешілері А.Макарова, Ж.Сұлтанғалиева, Н.Сәрсенова, З.Ерекешовалардың орындауындағы «Бақ Жазирам!» ән шашуымен басталды. Одан әрі мерекелік шара тәтті естеліктермен жалғасты. Он жылдық тарихқа есімдері енген бұрынғы бөбекжай меңгерушілері өздері қызмет атқарған кезеңдегі мекеменің жетістігін ортаға салса, тәрбиешілер мен бөбекжай түлектері өз өнерлерімен кештің қызығын арттырды.  Келген қонақтар жылы лебіздері мен ыстық ықыластарын жеткізіп, түрлі ойындарға қатысты. Әсерлі шара тәрбиешілер орындаған «Бөбекжай әнұранымен» түйінделді.    

Он жыл болды, бүгін міне қуаныш,

Әр көңілде – мейірім мен жұбаныш.

Асқақтай бер, Жазирам, көркейе бер, Жазирам!

Бөбектердің ақ арманын алып ұш! – деп әндеткен бөбекжай тәрбиешілері өздерінің ұйымшылдықтарын байқатты. Мұндағы әрбір іс-шараның жоғары деңгейде өтетіні де жасырын емес. Бұл ретте ұжымының ортақ іске мақсатты түрде біріге жұмылатынын бөбекжай басшысы Меңдігүл Төлеқызы да мақтанышпен айтып өтті.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.