Үстіміздегі жылдың 2-сәуірінде Орал қаласындағы Деркөл шағынауданында «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында бой көтерген 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. ЖОББ №48 мектептің ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев арнайы қатысып, ұстаздар мен оқушылардың қуанышына ортақтасты.
Елбасының білім саласына қамқорлығы ерекше екенін атап өткен облыс басшысы Алтай Сейдірұлы: – «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған жаңа мектеп – көптен күткен қуаныш. Алдағы уақытта облысымыздың Бөкей ордасы, Зеленов, Ақжайық, Теректі аудандарында салынып жатқан мектептер де қолданысқа беріледі. Соңғы үш жылда білім саласындағы бюджетіміз 20 млрд.-қа көбейді. 2015 жылы 47 млрд., 2016 жылы – 57 млрд. теңге болса, 2017 жылды 65 млрд. теңгемен аяқтадық. Биылғы жылға жоспарларымыз көп. Мақсатымыз – білімді ұрпақ тәрбиелеу. Әрине, ол үшін мұғалімдеріміздің білім-біліктілігі жоғары болуы маңызды. Оған Мемлекет басшысы айрықша назар бөліп отыр. Биылғы Жолдауында жаңа формат бойынша оқуға көшкен ұстаздардың жалақысын 30 пайызға көбейтуді тапсырды. Қазіргі уақытта ол үшін республикадан тиісті қаражат күтудеміз, – дей келе, жаңа білім ордасы ашылған Деркөл шағынауданында соңғы жылдары көптеген жұмыстар атқарылғанын мәлімдеді.
Жалпы аумағы 8,5 мың шаршы метрді құрайтын мектеп ғимаратында заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған сынып бөлмелері, кітапхана, екі спорт залы, мәжіліс залы және асхана бар. Сонымен қатар шәкірттерге іскерлік бағыт-бағдар беретін «Бастау» бизнес инкубатор бөлмесі жұмыс жасайды деп күтілуде.
Құрылысын «Алтим» ЖШС жүргізген үш қабатты еңселі ғимарат – биылғы оқу жылында қалада ашылған үшінші мектеп. Деркөл шағынауданында бұған дейін де жаңа білім ошағы пайдалануға берілген болатын. Қуаныштары еселенген деркөлдіктер, ардагерлер өскелең ұрпақтың алаңсыз білім алуына жағдай жасаған Мемлекет басшысына, жергілікті билік өкілдеріне алғыстарын жаудырды. Бұған дейін шағынауданның орталығындағы №12 орта мектепке қатынап оқыған 400 оқушы енді су жаңа білім ұясында оқитын болады. Оған қоса мектеп жанындағы шағын орталыққа 100 бүлдіршін қабылданбақ.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
Орал