Ақпанның 13-і күні Орал қаласындағы Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасында мектеп оқушылары арасында мәнерлеп оқу байқауы өтті.
Облыс көлеміндегі мектеп шәкірттері арасында өткен бұл жыр кеші Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын ӘбділдаТәжібаевтың 110 жылдығына орай «Толағай тұлға тарлан еді» деген атаумен ұйымдастырылды. Аталмыш кітапхана ұжымы ұйымдастырған байқауда жетпістей оқушы ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жырдан шашу шашты.
Кеш жүргізушілері алдымен балаларды қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар қаламгер Ә.Тәжібаевтың өмір жолы мен шығармашылығынан хабардар етті. Бұдан әрі көрнекті ақынның поэзиялық туындыларын жаттап келген оқушыларға кезек берілді. Поэзияға құштар жеткіншектер кезекпен жырдан шашу шашып, әр туындыны жүректерге жеткізе оқуға тырысты. Қазылар алқасы олардың өлеңді мәнерлеп оқу нақыштарына, көптің алдында өздерін ұстау мәдениеттеріне, өлеңді жаттау шеберліктеріне назар аударды. Әрине, байқауда өздерін еркін ұстағандар да, толқыныстарын жасыра алмағандар да болды. Өлең жаттағанды жақсы көретін №25 орта мектептің 8-сынып оқушысы Камила Сахипова ақынның «Бір досқа», «Өз қиялдарымнан» өлеңдері мен «Сыңар жарық» топтамасынан үзінді оқыды. «Қазақ ақындарынан Мұқағали Мақатаевтың, Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің өлеңдерін сүйіп оқимын» дейді ол. Өлең оқып қана қоймай, өзі де өлең шығаратын дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 қазақ мектеп-интернат кешенінің 8-сынып оқушысы Әмина Жеңіс ақынның «Сыңар жарық», «Күзгі жарық», «Күзгі жапырақтар» топтамаларынан үзінділер келтірді. – Өзім өлең оқығанда ақынның ішкі сезімін, толқынысын сезінгендей боламын. Мектепте әдебиет, тарих пәндерін сүйіп оқимын, – деді Әмина. Бастауыш сыныптан бері ана жайлы, жыл мезгілдері туралы өлеңдер және ақындарға арнау жазатын жерлесіміз ұстаздар отбасында тәрбиеленіпті. Әсіресе, көпшіліктің назарын аударған орыс мектебінен келген оқушылардың Әбділда Тәжібаевтың өлеңдерін оқуы болды. Солардың бірі – №17 орта мектептің 8-сынып оқушысы Елизавета Шапшенко. Абай, Ыбырай секілді қазақ қаламгерлерінің өлеңдерін оқып, қазақша сөйлеуге үйреніп жүрген орыс қызы мұндай шараларға қатысу өзінің білімін шыңдауға, шеберлігін жетілдіруге көмектесетінін айтты. Үлкен аудиторияның алдында өлең оқығанда қобалжитынын да жасырмады. Елизаветаның ұстазы Арсен Сүйінішқалиев өзге ұлт өкілдерін мәнерлеп оқу байқауларына қатыстыру айтарлықтай нәтиже беретінін айтты. – Қазіргі уақытта жаңартылған бағдарлама бойынша мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін біріктіріп білім берудеміз. Сонымен бірге сабақтан тыс уақытта оқушыларды сайыстарға дайындаймыз. Әсіресе, өзге ұлт өкілдері қазақ ақындарының өлеңдерін жаттап қана қоймай, тіл үйренеді, қазақ әдебиетінің өкілдерімен етене танысады. Оларға өлеңді жаттауға бермес бұрын мағынасын түсіндіріп, одан соң мәнерлеп оқу нақышына үйретеміз, – деді №17 орта мектепте 10 жылдан астам уақыттан бері жұмыс жасайтын Арсен Құрманғалиұлы.
Байқауға ерекше дайындықпен, ұлттық киіммен келген облыстық көру қабілеті бұзылған балаларға арналған арнаулы мектеп-интернатының қыздары да назар аудартпай қоймады.
- Шешем маған түйе жүн шекпен тікті,
Ойланды да ақылмен, еппен тікті.
Өскеннен соң жігіт боп киесің деп,
Өлшеп қойды он жылды алдан тіпті…
Бұл өлең жолдарын аталмыш арнаулы білім ордасының 7-сынып оқушысы Гүлден Жүрсінбаева оқып берді.
Барлық үміткерлерді толықтай тыңдап шыққан қазылар алқасы байқаудың бас жүлдесі Асан Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының 7-сынып оқушысы Әділжан Сәбитовке лайық деп бағалады. Ал І дәрежелі дипломды №22 орта мектеп оқушысы Ж.Закариянова мен С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің оқушысы Ә.Жеңіс иеленді. М.Өтемісұлы атындағы сауықтыру мектеп-интернатының оқушысы А.Нұрлан мен зерде бұзылыстары бар балаларға арналған мектеп- интернатының оқушысы Д.Сәрсенов ІІ дәрежелі дипломды өзара бөлісті. Жыр мүшәйрасының ІІІ дәрежелі дипломы №19 орта мектептен А.Мендыбаевқа, С.Сейфуллин атындағы №11 облыстық қазақ мектеп-интернат кешенінің оқушысы Н.Қайырғалиеваға, ЖОББ эстетикалық бағыттағы мектеп-гимназия шәкірті А.Халеловқа бұйырды.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы», БҚО