Соңғы екі жылдың ішінде Орал шаһарында 25 спорттық алаң балаларға арналған ойын алаңқайымен бірге пайдалануға берілсе, соның 10-ы «Самрұқ Қазына Траст» компаниялар тобының әлеуметтік бағдарламасы шеңберінде бой көтерді.
Өткен аптаның сенбісінде «Самрұқ Қазына Траст» компаниялар тобы кезекті үш бірдей спорт алаңын балалар алаңқайымен қоса тапсырды. Соның бірі – ел тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойына орай ашылған Оқушылар сарайының ауласында орналастырылған. Нысанның ашылу салтанатына қатысқан Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғ.Оспанқұлов оралдықтарды спорттың алаңның қолданысқа берілуімен құттықтады. –Елбасының сарабдал саясатының арқасында бүгінде Орал қаласы көркейіп келеді. Жолдар салынып, көпірлер жөнделіп, әлеуметтік нысандар қолданысқа берілуде. Мұның барлығы – қоғамдағы татулық пен тыныштықтың, тұрақтылықтың, экономикалық өрлеудің арқасы. Демеушілеріміз «Самрұқ қазына» әл-ауқат қорының «Самрұқ қазына Траст» ұйымы жер қойнауынан шыққан пайдалы қазбалардан түскен қаражатқа әр өңірге қолдау көрсетіп келеді. Осындай спорт алаңдары облысымызда көптеп салынуда. Нәтижесінде Мемлекет басшысының бұқаралық спортты дамыту жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, спорттық инфорқұрылымдарды ел игілігіне пайдалануға берудеміз. Келесі жылы Елбасының шешімімен «Жастар жылы» болып бекітілді. Міне, соның арқасында өскелең ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім алып, еліміздің беткеұстар азаматы болып өсуіне жағдай жасайтын боламыз, – деді Ғабидолла Абдоллаұлы. Аталмыш компаниялар тобының демеушілігімен биыл пайдалануға берілген бес спорттық алаңның екеуі – аудандарда, қалған үшеуі – Оралда бой көтеріпті. – «Самрұқ қазына траст» компаниялар тобына «ҚазТранс Ойл» компаниясы да кіреді. Басты мақсатымыз – салауатты өмір салтын насихаттау. Алдағы уақытта бұл жұмыстар жалғасады. Облыс және қала әкімдігіне құрылыстың қарқынын арттырғаны үшін алғысымызды білдіреміз, – деді «ҚазТранс Ойл» АҚ-ның Оралдағы өкілі Кәкім Төлеуішев. Айтуынша, әр спорттық алаңның құны – 20 млн. теңгеге жетіп жығылады. Жалпы «Самрұқ қазына траст» Қазақстан бойынша осындай 41 алаң салыпты. Өз кезегінде Орал қаласының әкімі М.Мұқаев халықтың, соның ішінде жас буынның денсаулығын шыңдауға бағытталған жобаның демеушілеріне тұрғындар атынан алғысын білдірді. Ал Оқушылар сарайының жас спортшыларына футбол доптарын сыйлады. Елбасының тапсырмалары шеңберінде облыс орталығында бірқатар жұмыстар атқарылғанын айтқан шаһар басшысы Мұрат Рахметұлы: – Соның ішінде Елбасымыз тұрғындарды салауатты өмірге бейімдеу, спорттық алаңдар қатарын көбейту ісіне айрықша көңіл бөлуде. Соңғы екі жылдың ішінде осындай заманауи 25 спорттық алаң ашылды. Соның 10-ы – «Самрұқ қазына траст» компаниясының әлеуметтік жобасының жемісі. Аталған мерзімде Оралда 52 аула абаттандырылып, бес үлкен тынымбақ салынды. 120 шақырымды құрайтын 117 көше жөнделді. Әдемі мекеннің гүлденуіне меценаттар да өз үлестерін қосуда, – деді. Сондай-ақ «Самрұқ қазына траст» компаниялар тобымен бірлесе алдағы уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық салу жоспарланғанын жеткізді.
Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ,
«Білім айнасы»,
БҚО, Орал