Home » Баяндамалар » ӘДЕБИЕТ ПӘНІН ОҚЫТУДА ОҚУШЫ БОЙЫНА АДАМИ ҚАСИТЕТТЕР МЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ СІҢІРЕ ОТЫРЫП, ОЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ

ӘДЕБИЕТ ПӘНІН ОҚЫТУДА ОҚУШЫ БОЙЫНА АДАМИ ҚАСИТЕТТЕР МЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫ СІҢІРЕ ОТЫРЫП, ОЛАРДЫҢ ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҒЫН АРТТЫРУ

Қазіргі күні қоғам алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі — өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін, адамзаттық мәдениетін, адами қасиетін терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу болып отыр. Бұл бүгінгі таңда — өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Ұлттық мәдени құндылықтар – белгілі бір ұлтқа, ұлт азаматына тән зат, адами қадір-қасиет, яғни халық ғасырлар бойы жинақтаған ұлттық рухани және материалдық құндылықтар. Қоғамдағы адамдар жасаған рухани, материалдық, мәдени құндылықтардың алмасуы оқыту процесі арқылы жүзеге асырылады. Соның бірі – оқушыларды оқыта отырып, функцоналдық сауаттылығын арттыру. Функционалдық сауаттылық – адамның сыртқы ортамен қарым-қатынасқа түсе алу қабілеті және сол ортаға барынша тез бейімделе алуы мен қарым-қатынас жасай алу деңгейінің көрсеткіші. Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады. Ал кең мағынасында ол тек білік пен білімділік әлеміне барудың жолы ғана емес, ол – ұлттың, елдің немесе жеке адамдар тобының мәдени және әлеуметтік дамуының өлшемі. Осындай сапалық сипаты тұрғысынан қарағанда, функционалдық сауаттылық жеке адамды дамытудың тетігі ретінде қолданылады. Зияткерлік деңгейі жоғары тұлғаны қалыптастыру үшін, оны оқытып қана қою жеткіліксіз. Оны тұлға ретінде жан – жақты дамытуға қолайлы, оқытудың шығармашылық формасын жасау қажет, яғни шығармашылық оқу әрекетін туғызу қажет. Бұл баланы, берілген оқу материалын жаттап алу ғана емес, керісінше өз бетімен білім алу үшін ізденуге үйретеді. Қазіргі кезеңде мектеп табалдырығынан бастап білім беруде ел тарихын терең қозғап, әдебиет сабақтарында қазақ зиялы қауымының еңбектерін, қоғам дамуына қосқан үлесін айтып түсіндіру арқылы оқушылардың адами құндылық қасиеттерін қалыптастыра аламыз. Күнделікті қолданыста жүрген ұлттық салт-сананың өмірдегі көріністері: рәсімдер, ырымдар, тыйымдар, сенімдер, перзенттік парыз, адамгершілік борыш, ұрпақтық міндет іске асырылып ұлттық қасиеттерге айналуы қажет. Оқушы бойына меймандостық, кісілік, сыйласымдылық, имандылық, кішіпейілділік, кеңпейілділік, салауаттылық, тіршілікке бейімділік, өнерпаздық, шешендік, ақынжандылық, сыпайылық, мәдениеттілік т.б. қасиеттерді күнделікті және алдағы уақытта да өмірде қолдана алатындай болуға жетелеу қажет. Осы қасиеттерді оқушы бойына сіңіру негізінің бірден-бірі – мектепте оқытылатын әдебиет пәні сабақтары екендігі анық. Оқушы бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, оны жан-жақты дамыту мен қалыптастыру мәселесі Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Мағжан Жұмабаев, Шәкәрім Құдайбердиев, Жүсіпбек Аймауытовтардың шығармаларының негізгі арқауы болған. Әсіресе ұлы ғұлама Абайдың еңбектерінде адам бойындағы негізгі қасиеттер: қайрат, ақыл, жүректің сапалық деңгейіне қарай және олардың өзара қатынасына байланысты қалыптасатын «Толық адамды», ол, түсіндіріп айтқанда білімді, адамгершілігі жоғары, парасатты, жан-жақты жетілген тұлға тәрбиелеп жетілдіру мақсаты көзделеді. Оқушыларға 8-сыныпта Абайдың он жетінші қара сөзін оқыту барысында тақырыпты өмірлік жағдаятатармен байланыстыру кезеңінде «Қара сөзде берілген ақыл, қайрат, жүрек туралы сендер не айта аласыңдар? Ақыл дегеніміз не? Адам үшін бұл үшеуінің қандай маңызы бар?» деген сұрақтарға оқушылар тарапынан «Ақыл — адамды басқа тіршілік иелерінен ерекшелейтін аса маңызды қасиет. Ақыл — жақсы нәрсені де, жаман нәрсені де ойлап табады. Адам денесінің патшасы — жүрек. Жүрек болмаса ақылдың да қайраттың да қажеті жоқ!!! Адам үшін бұл үшеуінің де маңызы зор «Қайрат пен ақыл жол табар, қашқанға да қуғанға»- деп Абай атамыз айтып кеткендей ақыл мен қайрат жақсылыққа да, жамандыққа да қызмет етеді. Барлық игі істер жүректен бастау алатыны белгілі! Бірақ толыққанды өмір сүруге қабілетті болу үшін бұл үшеуінің бірлігі керек. Неге? Өйткені, қазір қайрат жетіспегендіктен, адамдар өз өміріне қол жұмсап, мына жарық дүниемен қоштасып жатыр. Мен өйттім, мен өмір сүргім келмейді, ел-жұртқа мазақ болдым, т. с.с сылтаулар уыздай жастардың өмірін қиып жатыр, сонда адамға не жетіспейді, әрине қайрат! Қайрат болса, ол мен өмір сүре аламын, мен өзімнің олардан еш төмен емес екенімді дәлелдеймін деп өмір сүру керек, ең болмағанда..өлдің ал.. Ата-анаңды, бауырларыңды, жақын достарыңды аңыратып, жүректеріне жазылмас жара салып кеткенде не болады? Өзінің жарасымен бүкіл жақын адамдарын улайтынын неге түсінбейді, артында қалған туыстары кінәні өздерінен іздеп қиналатынын неге ойламайды, осы жерде міне ақыл жетіспейді! Ақылмен бір істің алды-артын ойлау керек, және сол іс тек ізгілік жолына бағытталу керек, бұл жерде әлбетте жүрек керек! Сондықтан, бұл үшеуін бөле жару мүмкін емес деп ойлаймын» деген сияқты ашық, нақты өз ойларын, пікірлерін жеткізіп айта білгендігін келтіре кетуге болады.
Жалпы білім беретін орта мектептегі оқушыны жеке тұлға ретінде және оның ұлттық сана-сезімін, өзіндік, дүниетанымын, азаматтық ұстанымын, рухани құндылықтарын қалыптастыруға негіз болатын әлемдегі аса бай, мазмұнды, көркемдік деңгейі жоғары әдебиеттердің қатарындағы қазақ әдебиеті пәнін жүргізудің өзіндік қыры сан қилы.
Әдебиет – оқушыға беймәлім өмірді танытатын қуатты құрал. Әдебиет арқылы біз оқушыларға ұлттық болмысымызды, асыл қасиеттерімізді танытамыз. Адамға тәрбие беруші әуелі, ата-ана, сонан соң ұстаз, мектеп, қоршаған орта екені баршамызға белгілі. Әдебиет адамға өмірді танытып қана қоймайды, ол адамды тәрбиелейді. Адамның өмірге көзқарасын танытады, мінез-құлқына ықпал етеді, күллі тіршілігіне әсер етеді. Қазақ әдебиетіндегі көркем туындыларды оқыған сайын өмір сырын, Отан, ерлік, елдік, жақсылық, жамандық, секілді ұғымдардың мәнін оқушы терең аңғарады. Олар өнерді сүйетін, одан рухани ләззат ала білетін, көркемдік талғамы бар, адамгершілікті, нәзік сезімді болып өседі. Дөрекілікке, бойкүйездікке, жамандыққа аяқ баспайды.
Әдебиет арқылы оқушы бойында өмір туралы дұрыс талғам, түсінік қалыптастырамыз. Қазақ әдебиетіндегі көркем туындылар қалаған мамандықты игеріп, өмірден өз орнын табуларына, қалаулы азамат болып өсулеріне тигізетін әсері көп. Ұрпақ бойында ұлттық ұғымдарды сіңіру үшін, біз оқушыға өткен тарихымызды танытуымыз керек. Пән мұғалімі оқушының назарын аудару үшін сабақ кезінде әртүрлі тақырыптық, пәнаралық, сыныпаралық байланыс орнатып, қызықты әңгімелерді сахналық көрініс ретінде өтуді ұйымдастыра білуі қажет. Сонымен қатар, түрлі көрнекілік құралдарын қолдану, сұрақ-жауап, талдау, жинақтау, ажырату, тақтаға жазу, айтқан ойды мысалдармен дәлелдеу, сөздікпен жұмыс, проблемалық мәселелерге жауап беру, нақтылы және жалпылама тапсырмалар беріп, шағын шығармашылық жұмыстарды орындату, оқушының бірін-бірі сынауы, өзіндік пікір білдіруі, т.б. алуан түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануы керек. Осындай әдіс-тәсілдерді түрлендіріп, жүйелі түрде өткізу шәкірттерді өз бетімен жұмыс істеуге тез үйретеді.
Кез келген білім ордасының мақсаты мен мұраты алдыңғы қатардағы өркениетті елдердің қатарынан көрінетін, жер мен жер байлықтарын ысырапқа салмай игере білетін сауатты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу болып табылады. Ол үшін бүгінгі жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие бере отырып, елдің өткенін, ұлттың мәдениетін, тарихын, салт-дәстүрін, табиғат  ерекшеліктерін үйретуі керек.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары. Мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан жүктелетін міндет өте ауыр» деген болатын. Осы ғылым мен білімнің негізін тереңдету нәтижесінде ғана еліміз өзінің елдігін басқа елдер алдында көрсете алады. Ал ел тағдыры, оның келешекте кемелді ел болуы мектептің қандай негізде құрылуына байланысты болған.Адамның бойына жақсы адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуы, өнер-білімді игеруі – тәрбиеге, өскен ортаға, үлгі-өнеге берер ұстазға байланысты. Осыны жақсы түсінген халқымыз “Ұстазы жақсының — ұстамы жақсы” деп ұлағатты ұстаздың еңбегін текке кетпейтіндей өсиет еткен. Тәрбиенің түп қазығы үлгі берер ұстазда. Сондықтан да бүгінгі күні бала өмірінде мұғалім ерекше роль атқарады. Оқушылардың білімді де, білікті, парасат пайымы мол, саналы да сабырлы азамат боп жетілуі, тәлім мен тәрбие беретін мұғалімге тікелей байланысты болмақ.

Ресми дерек бойынша, мектеп жасындағы балалардың 40 пайызы әдеби мәтінді түсінуге қиналатындығы дәлелденген. Әдеби шығарма оқымаған, түсіне алмаған бала бойында ешқандай ұлттық құндылық та, имандылық та, жоғарыда айтылып кеткен рухани байлық та дарымайды және ол оқушыны сауатсыздық дертіне шалдыққан деп есептей беруге болады.

Болашақ азамат өз ұлтының асыл мұрасымен сусындау арқылы туған халқының тарихымен, мәдениетімен жете танысып, білімін кеңейтеді. Рухани бай, өз халқының әдебиетін, мәдениетін терең меңгерген оқушы, қоғамның кез-келген саласында қиналмай жұмыс істеп, өзінің функционалды сауаттылығын көрсете алады.

Қорыта келгенде, оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіре отырып, олардың функционалдық сауаттылығын дамыту – бүгінгі заман талабы. Сол үшін әдебиет пәнін дұрыс үйрете білу өте маңызды. Педагогтің сабақ өту шеберлігі, яғни шығармашылық пен жауапкершілікті ұштастыруы, бұл заман талабынан туындап отырған мәселе. Өз мамандығын толық меңгерген оқытушының  алдынан шыққан оқушы – өмір айдынындағы өз жолын адаспай табады, азамат болып қалыптасады. Ұрпағымызды парасатты да білікті, мәдениетті де білімді етіп тәрбиелеп, рухани дүниетанымын жалпы адамзаттық деңгейде дамытамыз десек, бүкіл қоғамдық өмірдің өзегін келешек ұрпақ тәрбиесіне, соның ішінде ұлттық құндылықтар негізінде оқыта отырып тәрбиелеуге бағыттаумыз қажет.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Жұмабаев М. Педагогика. – Алматы: Рауан, 1994.
  2. Мырзахан А. Ел болудың жолы – ұлттық тәрбие // «Ана тілі», 20 қазан, 2011.
  3. Пірәлиев С. Ұлттық тәрбие және жаһандану // «Егемен Қазақстан».

    Оразбаева Ж.К.,
    №59 ЖББОМ, Қарағанды қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.