Home » Білім және тұлға » Ойы мен ісі үйлескен тұлға

Ойы мен ісі үйлескен тұлға

«Жақсының жақсылығын айт» жобасы бойынша

     Қайырғалиева Балауса Төлеуғалиқызы – Астана қаласындағы №46 «Самал» санаториялық балабақшасының меңгерушісі. Ол 1977 жылы 29 шілдеде Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласында дүниеге келді. Мектепті тәмамдаған соң, 1994-1997 жж. М. Әуезов атындағы Семей педагогикалық колледжінің «Мектепке дейінгі тәрбие» мамандығын;      1997-2001жж. Шакәрім атындағы Семей Мемлекеттік университетінің «ағылшын тілі» мамандығы бойынша бітіріп, 2001-2003 жж. С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «жоғары мектеп педагогикасы» мамандығы бойынша, біліктілігі педагогика ғылымдарының магистрі атағын алды. Ал 2003-2005 жж. С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінің Аспирантурасының «жоғары мектеп педагогикасы» біліктілігі бойынша аяқтады.

Мектеп – кеме, білім – теңіз демекші, мектепті, жоғары оқу орнын, тіпті магистратура мен аспирантураны тәмамдаған дарынды кейіпкеріміз ілім-білімнің үлкен теңізінде кемел жетістіктерге жетті. Бұл жайында қарапайым әрі іскер кейіпкеріміз былай деді: «Ғылыми жетістіктерімді айтар болсам, тәрбие мен оқытудың және әдістемелік құрал бойынша 25 ғылыми мақалалардың авторы және бірлескен авторы. 2003 жылы «Білім беру реформасы» тақырыбында магистрлік диссертация қорғадым. Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған интерактивті оқыту бағдарламасы «Компьютерлік ойындар» әзірлеудің әдіснамасы мен технологиясы ғылыми жобасының ұйымдастырушысы болдым».

Ғылым мен білімде жетістіктерге жету үшін көп еңбектену қажеттігін Елбасымыз өз Жолдауларында айтып келеді. Ал, Балауса Төлеуғалиқызы еңбексүйгіш тұлға. Ол 2003 жылы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік университетінде педагогика кафедрасында оқытушы, 2004-2012 жылдары Астана қаласындағы Еуразия гуманитарлық институтында педагогика кафедрасында аға оқытушы, 2009-2012 жылдары қосымша «Ақбөпе» балабақшасында әдіскер қызметін атқарады.

Ал, Астана қаласындағы № 46 «Самал» санаториялық балабақшасында 2011 жылдан бастап меңгеруші қызметін атқарып жатқан кейіпкеріміз туралы мекеме ұжымы өте жылы сөздер айтуда. «Балауса Төлеуғалиқызы – білікті басшы, өте қабілетті әрі іскер тұлға, ұжыммен өте жақсы қарым-қатынас орнатуда», — дейді кейіпкеріміз жайында Астана қаласының          №46 «Самал» санаториялық балабақша ұжымы. Ал балабақшадағы өз жұмысының қызығы мен шыжығы туралы Балауса Төлеуғалиқызы былай деді: «Өз қалауыммен таңдаған мамандығыма қызығушылығым өте жоғары болғандықтан жоғары оқу орнында оқып жүрген сәттен тәрбиешілік жұмысыма кірісіп кеттім. 2012 жылы балабақшамыздың ауласына 46 қарағай ағашы отырғызып, «Астана самалы» саябағын аштық. Бүгінгі күні бұл саябақ жасыл желекті аулаға айналды.

Осындай жасыл желекке бөленген саябағымыздың арқасында 2013жылы Астана қаласы Білім басқармасының «Үздік білім ұясының аллеясы байқауында» «Жасыл желекті аула» номинациясы бойынша марапатқа ие болдық. Сонымен қатар, «Посади дерево.kz» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Астана қаласындағы филиалы балабақшамызға сыйға тартқан қарағайлардың тұқымынан эксперимент жүргізіп, кішкентай қарағайлар өсіруді әдетке айналдырдық. Білім беру жүйесінде педагогикалық технологияны қолдану, келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді шығармашыл болуына жағдай жасау әрбір педагогтың міндеті деп ойлаймын. Осы орайда біздің балабақшамызда Алматы қаласының «Парасат» ұлттық ғылыми-технологиялық холдингі акционерлік қоғамымен іс-тәжірибе алаңында бірлескен жұмыс жасалып, ҚР МЖМБС (мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты) негізінде “Мектеп жасына дейінгі балаларға арналған компьютерлік ойындардың” жұмыс нұсқасындағы дискілер жарық көріп, бүгінгі таңда қолданыс үстінде.  Мақсатымыз: жасыл желекті алаңда жүргізілген практикалық жұмысты ұйымдастырылған оқу қызметінде компьютерлік ойындар арқылы бекіту. Ол компьютерлік ойындарға «Ақ қайыңның шырыны неге тәтті?», «Бұл қай кезде болады?», «Жануарлар айтысы», «Наурыз мейрамы», т.б. жатады.   Бұл тақырыпты жүзеге асыруда компьютерлік ойындардың атқаратын маңызы зор. Осы компьютерлік ойындарды таныстыруда 2016 жылы Астана қаласы бойынша «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ұйымдастырған ІІ Республикалық педагогикалық оқуларының қалалық кезеңінде кәсіби шеберлігімен ерекшеленгені үшін Алиева Гулсая Кошербаевна І дәрежелі Дипломымен марапатталды.
2014 жылы ҚР Тәуелсіздік күніне арналған Республикалық «Самый образцовый детский сад-2014» конкурсының ІІ дәрежелі Дипломын жеңіп алдық. 2016-2017 оқу жылында Балабақшамыз Білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Тамыз конференциясында» үздік көрме жасауға атсалысқаны үшін Білім басқармасы және ИҚКК ӨҒТО «Астана дарыны» ұйымдары атынан алғыс хатпен марапатталдық.
2016 жылы Астана қаласы бойынша «Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы ұйымдастырған ІІ Республикалық педагогикалық оқуларының қалалық кезеңінде Әбіш Әсел Қайратқызы ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.
2017 жылы Мұхтар Әуезовтың туғанына 120 жыл толуына орай өткізілген «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық байқауында балабақшамыз «Ең үздік балабақша» номинациясы бойынша ІІІ орынға ие болып, дипломмен марапатталды.

Тәрбиеленушілердің жетістіктері: «Біз — өмірдің гүліміз» атты Республикалық байқауда І дәрежелі Дипломмен марапатталды. Мектепке дейінгі мекемелердің мектепалды даярлық топтарына арналған І қалалық зияткерлік олимпиадасының «Ертегілер білгірі» номинациясы бойынша бас жүлдені және ІІІ орынды иеленді. Дарынды балалар фестиваль-байқауының «Бал Бала жұлдызы» номинациясы бойынша Дипломмен           марапатталды.
Сонымен қатар, біздің мақсатымыз білім ғана емес, бүлдіршіндерді өнер жолында да қанаттарын қатайту. «Өнерімді Отаныма арнаймын» атты өнер фестиваліне шәкірттерін қатыстырып белсенділік танытқаны үшін Таласова Роза Арыстанбекқызы Дипломмен марапатталды.
Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары және «5 институционалдық реформа» бағдарламалық құжаттарында, “Мәңгілік Ел” идеясында білім беру жүйесінің мазмұнын жаңарту бойынша міндеттерді келтіруге, халықаралық стандарттарға сәйкес, нақты міндеттерді қойды.   Осыған байланысты отандық білім беру жүйесі қайта құруды, халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді және заман талабына лайықты азаматтарды даярлауды қажет етеді. Өзгермелі қоғамдағы жаңа формация тәрбиешісі-педагогикалық құралдардың барлығын меңгерген, тұрақты өзін-өзі жетілдіруге талпынған, рухани дамыған, толысқан шығармашыл тұлға болуы тиіс. Жаңа формация тәрбиеші табысы, біліктері арқылы қалыптасады, дамиды. Нарық жағдайындағы тәрбиеші – педагогтарға қойылатын талаптар: бәсекеге қабілеттілігі, білім беру сапасының жоғары болуы, кәсіби және әдістемелік жұмыстағы шеберлігі». Міне, кейіпкеріміз бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті болу үшін әрдайым білімді жетілдіріп, дамытып отыру қажеттігін де айта кетті. Кейіпкеріміз Елбасының сарабдал саясатын қолдап, оның мақаласы туралы: «ҚР Президенті — Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдауында қазіргі Қазақстанның басты рухани құндылықтары айқын көрініс тапқан. Елбасы ғылым, білім, мәдениет пен тарихты тұтастай қамтитын ұлттық рухани жаңғыру бағдарламасын халық назарына ұсынып отыр. Мемлекет басшысы ХХІ ғасырдағы жаңа ұлттың, жаңа қазақтың феноменін анықтап беріп отыр. Ең бастысы,бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын. Ендігі міндет осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету қажет деп есептеймін», — дей келе кең ауқымда ойлайтын, терең ойы мен ісі әрдайым бір арнаға тоғыса білетін мықты маман екендігін көрсеткендей.

Қорытындылай келе, балабақша мекемесі – бұл баланың тұлғасы мен сапасының дамуы орын алатын ерекше құнды, қайталанбас кезең. Сондықтан да, балабақшадағы білім үздіксіз білім берудің алғашқы баспалдағы.

 

Жансая Құрманғалиқызы,

Білім Айнасы,

Астана қаласы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.