Home » Жаңалықтар » «Н. НАЗАРБАЕВ: ДӘУІР, ТҰЛҒА, ҚОҒАМ» КӨШПЕЛІ КӨРМЕ ЖОБАСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА. ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ ТАНЫСТЫ

«Н. НАЗАРБАЕВ: ДӘУІР, ТҰЛҒА, ҚОҒАМ» КӨШПЕЛІ КӨРМЕ ЖОБАСЫ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНДА. ЖӘДІГЕРЛЕРМЕН АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫ ТАНЫСТЫ

3 қыркүйекте Қордай ауданы Әлжан ана ауылының Мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының көшпелі экскурсиясы өтті.

Оның шымылдығын ашқан Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов жергілікті тұрғындарды «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрме жобасымен қысқаша таныстырды:

– Елбасы кітапханасының қызметкерлері «Тұңғыш» экскурсиялық концепциясының аясында  сіздерге арнап «Тарихи таңдау» ғылыми-экспозициялық жобасына тақырыптық экскурсиялар дайындады. Сіздерге арнайы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы мен тәуелсіз Қазақстанның даму тарихынан сыр шертетін деректі фильмдердің көрсетілімі өтеді. Аудан тұрғындарының назарына Елбасы кітапаханасының музей қоры мен Елбасының жеке архивінен жасақталған «Елбасы және жаңарған Жамбыл өлкесі» фотосуреттер көрмесі де ұсынылып отыр.

Іс-шараға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекова да қатысты.

–  Жамбыл облысына жол тартып келген көрме жобасы сирек кездесетін, құнды жәдігерлерін әуелі аудан тұрғындарының назарына ұсынып отыр. Бұл бастаманың жергілікті халыққа деген құрметтің белгісі екені сөзсіз. Оны тамашалауға жиналған азаматтар үшін мұндай сый – үлкен абырой. Ұлт тарихын қастерлейтін жандар елдің ертеңін де ойлайды. Сол себепті сіздер мен біздердің Мәңгілік ел тізгінін ұстауды парыз санауымыз орынды, — деді ол. Өз сөзінде әкім орынбасары Елбасы кітапханасының ұжымына алғыс білдіріп, қызметіне сәттілік тіледі.

Елбасы кітапханасының директоры Әмірхан Рахымжанов Қордай ауданы әкімінің орынбасары Б.Жамангөзовке алғыс хат пен «Н.Назарбаев. Өмірбаян», «Назарбаев моделі» кітаптарын табыстап, Мәдениет үйінің кітапханасына құнды басылымдардың жинағын тарту етті.

«Тарихи таңдау. Бастау», «Тарихи таңдау. Өрлеу», «Қазақстанның спорттық даңқы» тақырыптық экскурсиялары «Тұңғыш» экскурсиялық концепциясына негізделеді. Олардың аясында Қордай ауданының тұрғындары сирек кездесетін бейнематериалдардың, фотосуреттер мен архив құжаттарының, жәдігерлердің бірегей кешенін тамашалады. Бұл материалдар кезінде ҚазКСР Министрлер кеңесінің төрағасы, Қазақстан КП ОК бірінші хатшысы, Жоғарғы Кеңес төрағасы болған Н.Ә.Назарбаевтың еңбек жолын комсомол-металлург кезінен бастап ҚР Тұңғыш Президенті атанған кезеңіне дейін баяндайды. Келушілер отандық және шетелдік спортшылардың Н.Ә.Назарбаевқа тарту еткен сыйлықтары мен марапаттарымен де танысты.

Олардың қатарында болған Арайлым Қасымова экскурсиялардың құндылығын жоғары бағалады:

– Ел тәуелсіздігі негізін қалаған тұлғаның дара жолы кез келген қырынан маңызды оқиғалар мен парасатты шешімдерге толы. Мұны бейнелейтін бүгінгі көрме өткенге саяхат жасап, көпке мәлім бола бермейтін деректерді ұсынады. Мектеп мұғалімі ретінде бірегей құжаттардың, бейнематериалдар мен суреттердің арқасында білімін толықтырған оқушыларым үшін ризамын. Шалғай жердің тұрғындарына деген бұл қамқорлыққа алғысымыз мол, — деп бөлісті ол.

Аталмыш экскурсиялармен Шу ауданының тұрғындары 4 қыркүйекте, сағат 11.00-де таныса алады. Іс-шара Шу қаласының С.Сейфуллин атындағы орта мектебінде ұйымдастырылады.

Көшпелі экскурсиялар Елбасы кітапханасы көрме жобасының аясында ұйымдастырылады. Ауқымды жоба ғылыми-білім беру, мәдени-ағартушылық іс-шараларды қамтиды. Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу тарихындағы Елбасының шешуші рөлін жүйелі баяндайтын «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» қор көрмесі бұл жобаның ең маңызды іс-шарасы болып отыр.

2017 жылғы қарашадан бастау алған «Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көшпелі көрме жобасымен Алматы, Шымкент қалалары мен Алматы, Түркістан, Атырау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарының 900 мыңға жуық тұрғыны танысып үлгерді.

«Н. Назарбаев: дәуір, тұлға, қоғам» көрмесі Жамбыл облысында 2019 жылғы қазан айының соңына дейін жалғаспақ.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.