Home » Мақалалар » ҚАРАПАЙЫМ  ХАЛЫҚ  МҮДДЕСІ  БИІК  ТҰР

ҚАРАПАЙЫМ  ХАЛЫҚ  МҮДДЕСІ  БИІК  ТҰР

ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауы 

Біз Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа алғашқы Президенттік Жолдауын жариялаған Мемлекет басшысының осыдан аз-ақ уақыт бұрын өзінің  сайлауалды тұғырнамасында атап, белгілеп көрсеткен мақсаттары мен міндеттерін түбегейлі қолға алып, жүзеге асыра бастағанының куәсі болудамыз. Расымен де сындарлы қоғамдық диалог — мемлекетіміздің тұрақтылығының негізі, Қазақстанымыздың қарышты өркендеуінің кепілі болмақ. Бұл тұрғыда Қасымжомарт Кемелұлы ең алдымен еліміздегі ішкі саяси әрі әлеуметтік мәселелерге кеңінен тоқталды. Мемлекеттік институттардың ролін көтеру, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау туралы шараларды көрсетіп, экономиканы қалай жаңғыртудың жолдарын талдап түсіндіріп берді. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру жайы да мейлінше жатық айтылды. Бес басым бағытты айқындап, келешекке жаңаша көзқарастың қажеттігін меңзеген  Жолдауда білім беру сапасын жақсарту туралы, медициналық сақтандыру, денсаулық сақтау саласы туралы тармақтар, соның ішінде, әсіресе, көптен бері қамқорлықтан кенжелеп қалған мәдениет саласына жасалатын жағдай туралы айтылғандар  көпшіліктің көңіл түймесін дөп басты.

Еліміздің ішкі саяси және әлеуметтік мәселелерінде қордаланып қалған жайттар аз емес. Оның ең бастысы — тұрғын үйлердің жеткіліксіздігі, яғни баспана және жұмыссыздық. Халықты жұмыспен қамту проблемасы кезек күттірмейтін проблема екені әмбеге аян. Арнаулы орта және жоғары оқу орындарын бітіруші түлектердің, жастардың жұмыспен қамтылуы қазіргі күні ең өзекті тақырыпқа айналғаны шындық. Сондықтан осы аталғандардың қай-қайсысын болмасын Жолдаудың ішкі мазмұнында жан-жақты қамтыған Президент соңғы уақыттарда жұрт ішінде аса зор уайым мен дүдәмал күдіктер туғызған  сауалдардың барлығының  дерлік жинақтап алып шешімін тауып,   ортаға жайып салды.

«Мықты Президент, күшті Парламент және есеп беретін Үкімет» сынды үштағанның бірлесе отырып атқаратын ісін нақты мысал еткен Жолдаудың ерекшелігі — сол мемлекет саясатының белортасында қарапайым  халық мүддесінің биік тұғырда тұрғандығы.

Үш жылдың көлемінде барлық тұрмыс-жайлары келіспеген, мекен-жайлары жоқ, үйлері жоқ, күйлері жоқ, ұзыннан-ұзақ кезекте тұрған отбасыларды түгел баспанамен қамтамасыз ету — өте орынды қойылған мәселе. Ұйымдасқан жемқорлықпен күрес, қазақ тілін ұлтаралық тілге айналдыру, салық кодексінде қарастырылмаған барлық төлемдерге тыйым салу, осы іспеттес басқа да түрлі әлеуметтік ахуалды жақсартуға бағытталған тетіктер — осы Жолдауда қарастырылып, тиісті орындарға нақты міндеттер жүктелді.

«Жалпыдан — жалқыға. Сөзден — іске» принципін ұстанған мемлекет басшысы қарапайым сөзбен халықтың үдесінен шығатын нақты мәселелерді атады. Ұлттық қордан шағын және орта бизнеске жағдай жасалынатын болды, оның ішінде олардан алынбайтын алым-салық жайлы жүргізілетін шаруаларға жүз миллиард теңгедей қаржы бөлінбекші. Демек кәсіпкерліктің тамырына қан жүгіртіледі деген сөз. Тексерістерге мараторий жариялау да соған септігін тигізетін негізгі қадам екені даусыз. Қоғамның әлжуаз тобына да жылы сөзін арнаған Қ.Тоқаев «Мен халыққа берген уәдемді міндетті түрде орындаймын» деп  халыққа жігер берді. Зейнетақы қорындағы қаржыға қатысты халыққа жағымды жаңалық жеткізді. Бүгінде қорда қазақстандықтардың он триллионнан астам қаржысы бар екен. Оны тек зейнетке шыққанда ғана алуға рұқсат бар. Қ.Кемелұлы бұл тәртіпке өзгеріс енгізілуі мүмкін екенін айтты. Адамдардың бұл қаржыны зейнетке шыққанға дейін қолдану ниеті түсінікті. Сондықтан үкіметке жыл соңына дейін жұмыстағы азаматтардың зейнетақы жинақтарын мысалы, баспана сатып алу үшін, немесе білім алу үшін, секілді мақсатты пайдалану мәселесін пысықтауды тапсырамын, деп атап көрсеткен мемлекет басшысы  Реформаны тек реформа үшін жүргізбеу керектігін, министрлер мен әкімдерде нәтижелі жұмысты дәлелдейтін көрсеткіш болуы керектігін қатаң ескертті.

Жердің шетелдіктерге сатылмайтынына тағы да  кепілдік берген Президент бірақ оны тиімді пайдаланып, елдегі суармалы жерлердің көлемін 2030 жылдарға қарай бірнеше миллион гектарға жеткізуді  тапсырды. Бұл қадамның арқасында ауыл шаруашылық өнімдердің көлемі төрт жарым есеге ұлғаюы  тиіс екен.

Барлық салаға мән берілмей қалмаған бұл Жолдауда үкімет пен атқарушы билік органдарына тапсырылатын шаруалардың өзектілігі мемлекет басшысы тарапынан өткір қойылды, көлеңкелі жағымыздың да бары бүркемеленбеді. Ащы әрі ашық  сынға алынды.

Президентіміздің айтуынша, мемлекет халықты әлеуметтік қолдауға арналған қаражатты 2017 жылдан бері он жеті есеге арттырыпты. Бірақ «Ебін тауып ала берсем»деген жатыпішерлік түсініктен арылмағандардың ішінара кездесетініне қынжылыс білдірді. «Мемлекет мұндай жандарды қолдауды жалғастыруда. Бірақ соңғы уақытта қабылданған шаралар тиімді болды деп айта алмаймын. Сол қамқорлықтарға қарамастан жұмыс істегісі келмейтін адамдардың жылдан жылға артуы алаңдатарлық жайт. Ең сорақысы — олар әлеуметтік көмек алу үшін өз табыстарын жасырады. Тіпті ауқатты адамдардың да атаулы әлеуметтік көмек алып келгені белгілі боп отыр» — деді Қасымжомарт Кемелұлы мемлекетімізге масылдық танытатындар жайлы.

Жолдаумен танысу барысында Президент әкімшілігінде азаматтардың мемлекеттік органдарға жолдаған талап-тілектерінің қаралу сапасын бақылауға алатын арнайы бөлім ашылғанынан хабардар болдық. Орталықтағы және жергілікті шенеуніктердің «саңыраулық» немесе салғырттық танытып, көзжұмбайлыққа баруының салдарынан адамдардың президентке жүгінулеріне тура келетін жайттардың көптеп орын алғаны жасырын емес еді. Енді осыған кәдімгідей тосқауыл қойылатын сықылды. «Сарапшылардың пікірінше қаржылық қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр. Жергілікті әкімдер ұйымдастыру жұмыстарын талапқа сай орындамаған. Соның салдарынан салық және зейнетақы төлемдерін арттырып, жергілікті бюджетті нығайтуға жағдай туғызылып отырған жоқ» деген ол  осыған орай, есеп комитетіне және қаржы министрлігіне  қаражаттың жұмсалуын қатаң бақылауға алуды тапсырды.

«Үкімет тариф пен бағаны реттеу мәселесін де дұрыстап қолға алуы тиіс. Біздің елде киім-кешектен бастап азық-түлікке дейін қымбат екені рас. Мәселен, негізгі авиатасымалдаушының билеттері неліктен еуропалық бағадан отыз есе қымбат? Біздің әуежайлардың қызмет құны неліктен жоғары? Осының кесірінен қазақстандық авиация саласы өзінің халықаралық  бәсекеге қабілетін жоғалтып отыр» деп, темір жол және өзге де билеттердің жетіспеушілігі қолдан жасалып отырғанын дүйім жұртқа әшкере етті.

Қ.Тоқаев адам зорлығы, түрлі деңгейдегі қылмыстар туралы Заңнамаларды күшейту туралы сөз етті. «Біз заңды ізгілендіреміз деп жүріп адам құқығына қатысты кейбір мәселелерді бақылаудан шығарып алдық. Сондықтан жедел түрде жұмысты зорлық-зомбылыққа, педофилияға, есірткі таратуға, адам саудалауға, әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылыққа, тұлғаға, әсіресе, балаларға жасалатын, өзге де ауыр қылмыстарға қарсы күреске бағыттап,  қолданылатын жазаны қатаңдатуды тапсырамын» дегенінде, ол кісінің шешіміне риза болмаған жан жоқ шығар. Өйткені, «Тәртіпке бағынған құл болмайды» (Б.Момышұлы). Осыған дейін баспасөз ақпарат құралдарында, алуан әлеуметтік желілерде «педофилия туралы Заңның» тым солқылдақ екені  ашына жазылып,  ол қылмысқа байланысты жазалау шарасын қатаңдату туралы оқырмандар мен желі қолданушылары тарапынан ұсыныстар мен пікірлер көптеп білдірілген болатын-ды. Осы тақырып Президент назарынан да тыс қалмағанына көзіміз жетті. Президенттің қарапайым көпшіліктің сөзіне құлақ асуы осы емес пе?! Қоғамдық диалог деген осы! Ендеше, Жолдау — атқарушы билік пен қарапайым xалықтың ортасында орнатылған қоғамдық диалогтың арқасында алдағы ел дамуын ілгерілетер бағыт-бағдар болатынына сеніміміз кәміл.

Үміт  БИТЕНОВА, ақын,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,
ҚР Білім беру ісінің және ҚР мәдениет саласының үзігі,
Талас ауданының Құрметті азаматы.

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.