Бүгін, 1 қазан күні Елбасы кітапханасында «Сіз бағалайтынның бәрі – ядролық қарудан азат әлем үшін» халықаралық көшпелі көрмесінің тұсаукесері өтті.
Іс-шараны Жапониядағы Қазақстан Республикасы елшілігінің қолдауымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы, «Soka Gakkai International» (SGI), Ядролық қаруды жоюды қолдайтын Халықаралық компания (ICAN) ұйымдастырды.
Көрме Семей ядролық сынақ полигонындағы соңғы жарылыстың 30 жылдығына (1989 жылғы 19 қазан), «Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 10 жылдығына (2009 жылғы 5 қаңтар), Қазақстанның ағымдағы жылдың 29 тамызында әлемдегі 26-шы ел болып Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты ратификациялаған атаулы күнге арналған. Сондай-ақ, аталған көрме — Елбасы кітапханасының жаһандық қауіпсіздік тақырыбына арналған халықаралық жобасының жалғасы. Оның алғашқы бөлімі а.ж. 19 қыркүйекте Токио қаласында өткен Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» тақырыбындағы көрмесі мен конференциясы болды.
Көрмені ашқан Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдардың докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов іс-шараның тек қана Қазақстан мен Жапония халқын ғана емес, барша адамзатты толғандырып отырған жаһандық қауіпсіздік мәселесі екеніне тоқталды.
– Бүгінгі көрменің Қазақстанда өтуі кездейсоқтық емес. Қазақ жері Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалалары сынды ядролық қарудың қасіретін шеккен мемлекет. Семей сынақ полигонында 40 жылдан астам уақыт ядролық сынақтар өтіп, 1,5 миллионнан астам қазақстандық зардап шекті, қазір де түрлі сынақ зардаптары байқалады.
Осыдан 30 жылдай бұрын, 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жапқан, Орталық Азияда ядросыз аймақ қалыптастырып, 29 тамызды Ядролық сынаққа қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялауға бастамашылық еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті, жаһандық антиядролық қозғалыстың көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін барша әлем біледі. Сондай-ақ, Жапонияның жоғары наградасы – Үлкен лентадағы Хризантема (Бақытгүл) орденінің, Гои қорының Бейбітшілік мәдениеті арнаулы сыйлығының иегері, Хиросима қаласының айрықша құрметті азаматы Нұрсұлтан Назарбаев МАГАТЭ-нің қолдауымен еліміздің аумағында уранның төмен байытылған банкінің орналасуына, Иранның ядролық мәселесін реттеу ісіндегі Қазақстанның делдалдық күш-жігеріне, Ядролық құрудан азат әлем құру туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының жалпыға ортақ декларациясымен жаһандық тұрақтылық пен сенім негізін нығайтуға мол үлес қосып, қазіргі уақытта да Ядролық қарусыз әлем қалыптастыру ісінде жетекші рөл атқарып келеді. Бүгін Сіздер танысатын көрме – осыдан он күн бұрын Токио қаласында өткен Елбасы кітапханасының жаһандық қауіпсіздік тақырыбына арналған халықаралық жобасының жалғасы. Жапония қоғамдастығы Елбасы кітапханасының «Қазақстан-Жапония: ядролық қарусыз әлемге жол» тақырыбындағы көрмесі мен конференциясын жылы қабылдағанын ерекше атап өткім келеді, — деді Әмірхан Мұратбекұлы.
Өз кезегінде Сока Гаккай Интернэшнл ұйымының вице-президенті Хироцугу Тэрасаки, Елбасы кітапханасына қонақжайлық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, Сока Гаккай Интернэшнл Президенті Дайсаку Икеданың «Сіз бағалайтынның бәрі – ядролық қарудан азат әлем үшін» көрменің ашылуына арналған құттықтау сөзін оқып берді.
— Мен Қазақстанның ядролық қарусыз әлем құру жолында күрмеуі қиын күрделі сынақтарды жеңе білген қажырлы күш-жігеріне шексіз құрметімді білдіргім келеді. Ядролық қаруды жоюдың халықаралық компаниясымен (ICAN) бірлесе құрылған бұл көрме осы бағыттағы күш-жігеріміздің ажырамас бөлігі. Осы уақытқа дейін көрме әлемнің 20 елінің 90 қаласында өтті. Ал Қазақстан аталған көрме ұйымдастырылған 21-ші мемлекет болды. Бұдан басқа, көрме алғаш рет орыс тіліндегі нұсқамен көпшілік назарына ұсынылуда. «Енді зинһар ғадаләт, шапағаттан босанбаңдар», — делінген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының 38-ші қара сөзінде. Ендеше біз, SGI мүшелері қазақстандық қадірлі достарымызбен бірлесе отырып, бейбітшіліктің ғаламдық қоғамын құру мен ядролық қару қауіп-қатерінен азат әлемде үйлесімді өмір сүруге бірлесе күш салуға сенім білдіреміз, — делінген Дайсаку Икеданың құттықтау хатында.
Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Тацукихо Касаи былай деді:
– Атом бомбасынан зардап шеккен Жапония мен Қазақстанның тарихы ортақ. Ядролық қарусыз әлем тақырыбы маған өте жақын, өйткені мен атом бомбасынан зардап шеккен үшінші буын өкілімін. Менің әжем Нагасаки эпицентрінде атом бомбасынан зардап шеккендерге көмектесемін деп көп мөлшерде сәулеге шалдыққан еді. Осыған байланысты, мен ядролық қарудан азат әлем құру ісіне арналған барлық күш-жігерді қолдаймын және бүгінгі көрмені ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіремін.
Жапониядағы ядролық жарылыстан зардап шеккендерге көңілін білдірген Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты, саяси қайраткер Қуаныш Сұлтанов:
– Бұл алапат жойқын қаруға тек екі ел ғана емес бүкіл адамзат қарсы. Осыны әсіресе, ядролық сынақтар қасіретін басынан кешкен Қазақстан жұртшылығы жақсы біледі. Еліміз тәуелсіздік алмай тұрып-ақ қазақстандық қоғамдастық жер бетіндегі тіршілікті жоятын қаруға қарсы шыққан болатын. Қазақстандағы алғашқы антиядролық қозғалыс өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында басталды. Біздің Тұңғыш Президент — Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Министрлер Кеңесінің Төрағасы лауазымында болған кезден бастап Мәскеудегі жоғары деңгейлерден бірнеше мәрте ядролық сынақтарды тоқтату туралы мәселені тікесінен қойды. Оны қазақстандықтар қолдап, белгілі ақын Олжас Сүлейменов басқарған «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылған болатын, — деді.
«Сіз бағалайтынның бәрі — ядролық қарудан азат әлем үшін» көрмесі қаруды жоюдың маңыздылығы мен өзектілігін кеңінен таратып, бұл мақсатқа мүдделі адамдардың қатарын кеңейтуді көздейді. Бұл көрме алғаш рет 2012 жылғы тамызда Хиросима қаласында өткен «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық конференциясында (IPPNW) көрсетілген болатын. Кейін аталмыш көрме БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық штаб-пәтерінде, Мексикада өткен Ядролық қарудың гуманитарлық әсер етуі жөніндегі конференцияда, сондай-ақ Чикаго университетінде және әлемнің басқа да көптеген жоғарғы оқу орындарында қойылған болатын.
Көрме материалдары Орталық Азияда бірінші рет орыстілді нұсқада ұсынылып отыр. Көрме экспозициялары үш тақырыптық бағыттардан тұрады:
«Біз үшін не қымбат?» бөлімі Хиросима мен Нагасаки атом бомбаларының тарихи дәлелдерін келтіре отырып, қазіргі уақытта да ядролық қару қаупінің бар екенін баяндайды.
«Ядролық қару мәселесі туралы көбірек біліңіз» атты екінші бөлімде ядролық қару мәселесі гуманитарлық, экологиялық, экономикалық, адам құқықтары, моральдық-этикалық, гендерлік және басқа да әртүрлі тұрғыдан қарастырылады. Мұнда түрлі сын-қатерлерге төтеп беру үшін бұл салаларда қабылданып жатқан күш-жігер туралы ақпарат ұсынылған.
«Біз қалайтын болашақ – әлемге деген көзқарасымызды өзгерту» деп аталатын үшінші бөлім қарусыздану саласында жеткен жетістіктермен таныстырады. Олар — ядролық қарудан азат аймақ құру, Жаяу әскерге қарсы қойылатын миналарға тыйым салу туралы шарт және Кассеталық оқ-дәрілер жөніндегі конвенция. Бұл бөлім ниеттестік пен ынтымақтастықтың күрделі мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік беретінін көрсетеді.
Soka Gakkai International (SGI) – бейбітшілік, мәдениет және білім саласындағы қызметті халықаралық деңгейде жүзеге асыратын ұйым. Ол әлемдегі елдер мен өңірлердің 93 ұйымы мен 192 мемлекетте өмір сүретін 12 миллион адамды біріктіреді. Қауымдастық 1957 жылдан бастап ядролық қаруды қолдануды адамзатқа қарсы қылмыс деп есептеп, ядролық қаруға тыйым салу декларациясын ұстанады. SGI штаб-пәтері Жапонияда (Токио қ.) орналасқан. Атап айтқанда, ол әлемде БҰҰ-ның үкіметтік емес ұйымы ретінде бейбітшілік пен қарусыздандыру бойынша ағартушылық қызметімен танымал.
Ядролық қаруды жоюдың халықаралық компаниясы (ICAN) – 2007 жылы «Әлем дәрігерлері ядролық соғысқа қарсы» халықаралық конференциясының (IPPNW) негізінде құрылған қоғамдық ұйым. Қазіргі уақытта әлемдегі 100-ден астам мемлекеттің 500-ге жуық ұйымы серіктес ретінде ерікті түрде оның қызметін қолдайды. 2017 жылғы шілдеде БҰҰ қабылдаған «Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартты» жүзеге асыруға қосқан үлесінің азаматтық қоғам тарапынан танылу белгісі ретінде 2017 жылғы желтоқсанда аталған ұйым әлемдік Нобель сыйлығын алды.
«Сіз бағалайтынның бәрі — ядролық қарудан азат әлем үшін» көрмесі 2019 жылғы 13 қазанға дейін жалғасады.