22 ақпан қасиетті жұма күнге белгіленген Астана қаласы әкімдігінің №90 «Еркежан» балабақшасында көркемдік –эстетикалық бағыт «Өнер» кластері бойынша тақырыптағыдай интеллектуалдық ойын өтті.
Шабытына шабыт қосып, қиялына қанат бітіретін өнер айдынына өзінше құлаш сермеп, жиналған жұртшылықты сан түрлі өнерімен тамсандырып жүрген бұл кластер бағытына жетекшілік ететін №38 «Шаттық» балабақшасымен серіктес балабақшалар №60 «Арай», №69 «Еркем-ай», № 87 «Қадір», №33 «Алтын дән» балабақшаларының педагогтары қатысты. Әріптестері «Еркежан» балабақшасының педагогтары дайындаған интеллектуалдық ойындарға екі топқа бөлініп іркілместен жауап берді.
Әр шараны жазар алдында әуелі артықшылығынан бастауды жөн көрсек, ұжымның да әріптестеріне ой салар екі тілдегі әртүрлі тақырыпта қойған сұрақтары ізденіспен дайындалып, өзгеден ерекшелеп өткізуге тырысқан балабақша әдіскері Шинабекова Айгүл Николаевнаның еңбегі деуге әбден лайық. Осы бағытта өткен өзге балабақшалардағы семинарлардан қалмай қатысып, белсенділік таныта білетін әдіскердің өз ұжымы алдында да беделді әрі ұйымдастырушылық қабілеті басым екендігін айта кетейік.
Музыкалық жетекші Ержанова Сандуғаш Жумагуловна жүргізген ойында қазақтық ұлттық өнері күй мұралары, балаларға ертегіні сахналап ойнатудың түрлері жайлы сан түрлі сұрақты еліміздің әр өңіріндегі ұстаздар есімін атап қойғаны ұтымды шықты. Балабақша ұжымының шығармашылық жұмысы әріптестерінің ұмыт болған дүниелерін есіне түсіруіне көп көмектерін тигізді. Өзара ақылдаса отырып, береке-бірлікте жауап беруге топ болып жұмылуға үйрететін бұл ойынның артықшылығы өзара білімдерін сынауға жетеледі.
Балабақша ғимаратына кіргеннен қабырғаларына салынған ертегі кейіпкерлерінің бейнесі бірден көзге түседі. Бейнелеу өнерінің нағыз маманы екендігін көрсете білген Сәрсенбаева Жадыра Абдыназаровнаның еңбегі шын мәнінде көрер көзге тартымды. Ойын арасында жиналған қауымға өздерінің концерттік бағдарламаларын тарту еткен тәрбиеленушілердің өнері тіптен керемет.
Екі жыл бұрын 240 орындық балаға шақталып салынған балабақшада 12 топқа бөлінген орыс, қазақ тепе –тең екі тілде тәрбиеленіп келеді. Білім ошағының өзге балабақшалардан айырмашылығы мұнда арнайы екі коррекциялық топтар, сөйлеу тілі мен ойлауында кемшілік бар науқас балапандарға тәлім-тәрбие беретінін ескерсек бұл ұжымның әріптестерінен де жауапкершілік жүгі басым. Логопед Баймуханбетова Айгүл Жанұзаққызы, қос педагог-психолог Тұяқбаева Толқын Сұлтанқызымен Арыстанбекова Эльзира Ерланбайқызы өздеріне мұқтаж әр бүлдіршінге көмек көрсетіп келе жатқан мамандар.
29-ға жуық педагогтың көмекке зәру балапандарымызды әлеуметтік ортаға бейімдеуге бар күш жігерлерін салып келе жатқаны үшін жеке-жеке аттарын атауды жөн көрдік. Меңгеруші Самбетова Жаңылай Айсаковна басқарған ұжымда Алтынай Абилдаева, Райхан Абдрахман, Айгерім Аяжан, Маржангүл Байтенова, Айша Бейсенова, Гүлдана Есентаева, Бинур Жунусова, Динара Жусупова, Маржан Қадекова, Динара Қалыбекова, Ұлжан Қаратаева, Мархабат Қауашова, Наталья Кравчук, Клара Насреддинова,Динара Омарова, Нурул Сабитова, Сәуле Сабитова, Жадыра Сарсенбаева, Әселхан Сафар, Гульнар Сейдагаламова, Қарлығаш Сулейменова, Айгерим Медетпек талай жарыстарда топ жарған бүлдіршіндерді тәрбиелеп келеді.
Ашылғанына қысқа ғана уақыт болса да балабақша тәрбиеленушілері әр түрлі спорттық, музыкалық байқаулармен интеллектуалдық олимпиада, «Жұлдызды жол», «Бал-бала» байқауларында тек жүлделі орындарға ие болған. Жетістігімен жеңіс тұғырынан көрініп жүрген Адель Нұрмұханбет, Гаухар Шөкенова, Гауһар Шакенова, Еркінбек Ермұхамбет, Қожагелді Айбар, Амина Түлкібай, Марден Оспанов Асаналидай шәкірттері білім ордасының мақтаныштары.
Шахмат , сенсорлық бөлме, работатехника, құм терапиясы, ретмикалық үйірмелер жұмыс жасайтын білім ошағы жан-жақты тәлім-тәрбие беруге қауқарлы.
Хореограф Динара Жанибекқызы Жусупованың осы семинар күнгі өнер көрсеткен шәкірттерінің жанарындағы ұстазға деген сенім, көтеріңкі көңіл-күй ұстаздарын тыңдай білетін талантты балғындар екенін аңғартты. Психолог Эльвира Нұрланқызының өзіңді тануға үйреткен бұл күнгі «Саусақтар арқылы мінезді анықтау» тренингі жиналған көптің көңілінен шықты. Иә, адам өзгені тану үшін, әуелі өзін білуі тиіс. Көрген жан мақтап кетуі үшін өз ісіне деген сүйіспеншілігі көзінде тұрса дейсің. Дәл міне осы қасиеттерді көре алмаған бұл ұжымдағы педагогтардың ұяңдығы, тартыншақтығы ұстаздардың серпіліс пен рухты көтерер жылы сөздерге зәру екенін аңғартқандай…..
Жанын салып, ұжымын өрге қарай итермелеген әдіскер Айгүл Николаевнаның еңбегін ерекше атап өткенді жөн көрдім. «Алты алаш» жиналған жерден төр ұсынар ұстаздарымыздың мәртесі әрқашан биік болсын. Бала үшін барын берген жанашыр жандарға ұрпаққа өнегелі жол сілтеу үшін шабыттарыңыз ешқашан сарқылмасын дегім келеді.
Әлия Ғалымбекқызы,
«Білім айнасы», Астана қаласы.