Home » Баяндамалар » Неліктен үштұғырлы тіл саясаты заман талабына айналып отыр?

Неліктен үштұғырлы тіл саясаты заман талабына айналып отыр?

Тіл – ұлттың болашағы, бары мен базары деп алсақ, қателеспеген болар едік. Қазақ даналары: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп болашақ ұрпаққа бекер айтпаған. Соған орай, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі – қазақ тілін өркендетуде көптеген іс-шаралар жасалуда. Тәуелсiздiк алғаннан берi, елiмiзде тiл саясаты Елбасымыз Н.Назарбаевтың тiкелей басшылығымен салиқалы да сындарлы түрде жүзеге асырылуда. Ол дәстүрлі Қазақстан халқына Жолдауында тiл саясатына, оның iшiнде қоғамдағы мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру мәселесiне тоқталмай өткен емес. Қазір де тіл саясаты – назар аударарлық мәселелердің бірі. Оның тіл мәселесіне айналу себептерінің бірі қазақ тілінің қазіргі жағдайы болса, тағы бірі үштұғырлы тіл саясаты болып табылады. Үштұғырлы тіл саясаты – Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілетті ел болуының бірден – бір себепкері. Дегенмен бұл саясатты дұрыс түсінбеудің әсерінен үштұғырлы тіл саясатына кері көзқараспен қарайтындар да жеткілікті. Барлығымызға белгілі, Қазақстанда  үштілді қатар оқытатын Назарбаев Зияткерлік мектептері, түрлі деңгейдегі дарын мектептері және қазақ-түрік лицейлері қарқынды жұмыс жасауда. Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі осы мектептердің оқушылары үштілділіктің Қазақстан Республикасының дамуына көмегі тиетінін біледі. Ал мемлекетіміздің мақсаты үштұғырлы тіл саясатының қаншалықты қажет екендігін басқа Қазақстан тұрғындарына да түсіндіру деп ойлаймын. Сол себепті де қазіргі кезде Қазақстанның жалпы орта мектептері мен орта мектептерінде де, сонымен қатар жоғарғы оқу орындарында да үштұғырлы тіл саясаты кеңінен қолдану қолға алынуда. Осының барлығын бақылап қарағанда, үштілділіктің неліктен соншалықты маңызды екенін білуге деген құштарлық туады. Сол сияқты мен де үштұғырлы тіл саясатының заман талабына айналу себебін білгім келгендіктен нақ осы тақырыпты талдағалы отырмын. Бұл өте өзекті тақырыптардың бірі, себебі жоғарыда көрсетілгендей үштілділік саясаты Қазақстанның әлемдік бәсекеге қабілетті елдер қатарына кірігу тәсілі және шет елдермен дипломатиялық, достық және сауда-саттықтағы қарым-қатынасты жақсартудағы жақсы мүмкіндіктердің бірі.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Жаңа әлемдегi жаңа Қазақстан» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстан халқы бүкiл әлемде үш тiлдi пайдаланатын жоғары бiлiмдi ел ретiнде танылуға тиiс. Бұлар: қазақ тiлi – мемлекеттiк тiл, орыс тiлi – ұлт аралық қатынас тiлi және ағылшын тiлi – жаһандық экономикаға ойдағыдай кiрiгу тiлi»-деген болатын. Сол себепті 2007 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен елімізде «Үштұғырлы тіл саясаты» қолданыс таба бастады. Қазіргі таңда кеңінен тарап, кең қолданысқа ие болған бұл саясат Қазақстанның барлық салада дамуына үлесін қоса бастады. Үштұғырлы тіл саясаты, негізінен, Қазақстан азаматтарына үш тілді – ағылшын тілін, орыс тілін және мемлекеттік тіліміз – қазақ тілін еркін меңгеруді мақсат қояды. Әрине, үштілділік саясатына ағылшын тілінің енуі көптеген адамдарды қызықтырары анық. Сонымен, ағылшын тілінің осы үш тілдің қатарына кіру себебін талай зерттеулерден байқауға болады. Зерттеулерге қарасақ, жұмыс бойынша ағылшын тілі жаңа әлемдiк мәдени өмiрде ең кең тараған дүниежүзiлiк қатынас құралына айналып отыр. Сонымен қатар, ағылшын тілі білімдерді бір тілден екіншісіне аударып тарату қызметін атқарады; халықаралық коммуникация мен ақпарат құралдары қызметін атқарады; адамдар арасында бүкіл әлемдік ой- пікірлер алмасу түрі болып табылады. Осындайда ойға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Оразкүл Асанғазы шенеуніктерге күні-түні тынбай, қазақ тілін оқып меңгеруге үндегені оралады. Рас, бұл оңай жүзеге аса салатын іс емес, қиын мәселелердің бірі. Дегенмен қиындықсыз даму ешқашан және ешбір жерде болмайды. Үштұғырлы тіл мәдениетін қалыптастырып, саясатты толықтай жүзеге асыру қазақ тілінің өркендеуіне өз әсерін тигізбей қоймайды, және ол тек зиянды әсер етеді деген пікір айтушылар да жеткілікті Соған қарамастан, көптеген елдерде көптілділік моделі қолданылуда. Мысалы Азияның, Европаның, Американың, Африканың макроаймақтарында 2 тілділік саясат қолданылуда. Ал 14- ке жуық елдерде 2 тілден көп тілділік саясаты бар. Ол елдердің қатарына Сингапур және Швейцария – 4 тіл, Оңтүстік Африка Республикасы – 12 тіл, Маврикия – 5 тіл иеленуімен кіреді. Сондай-ақ тілдердің технология саласына да тікелей қатысы бар, әсіресе, ағылшын және қытай тілінің маңызы зор. Қазіргі кезде кез келген сайт немесе бағдарлама құру үшін код ағылшын тілінде енгізіледі. Сонымен қатар технология атаулары да ағылшын тілінде болады. Сол себепті де Қазақстан үшін үштұғырлы тіл саясатын қолдану еш зиянын тигізбейді. Әрине әр нәрсенің жағымды мен жағымсызы болады. Сол себепті осы саясаттың жағымсыз жақтарын ескермей, оны Республика пайдасына қолдана білу қажет. Сонымен  Қазақстандағы үштұғырлы тіл саясаты еліміздің өркендеуіне әсер етіп, дамыған елдер қатарына қосылуға деген ұмтылысты бір қадам жақындата түседі. Сонымен қатар ағылшын тілі қарым-қатынас тілі болып саналады және Еуропа, АҚШ сынды алпауыт, экономикасы жақсы дамыған елдермен тәжірибе алмасу үшін таптырмас құрал.

Әрине үштілділіктің заман талабына айналу себептері жайлы сұрақ көп. Бұл сұраққа алуан түрлі жауап алынады. Онда бұл саясаттың заман талабына айналуының басты себебі ретінде технология көрсетілген. Себебі қазіргі заманда барлық технология тілі, яғни бағдарламалардың кодтары ағылшын тілінде жазылған. Жаңа технологияны меңгеріп, жаңа заманға сіңісу үшін тіл білу керек. Тек ағылшын тілін ғана емес бірнеше тілді меңгеру технология саласы үшін өте маңызды. Қазіргі таңда ғаламторсыз күнді тіпті елестете алатындар жоқтың қасы. Сонымен қатар шет елдермен әртүрлі типтегі қарым-қатынас өте маңызды болып саналады. Сондай-ақ дамыған елдер қатарына кіру үшін ел экономикасын жоғары деңгейге жеткізе білу қажет. Сондай-ақ шет елдермен тәжірибе алмасу, білім саласында үлкен рөл атқарады, сол себепті де тіл білу қажет деген сияқты пікірлер білдіру арқылы респонденттер үштұғырлы тіл саясатының заман талабына айналу себептерін көрсетіп өтті.

Үштұғырлы тіл саясатының басым жақтарына Қазақстан Республикасының шет елдермен дипломатиялық, достық және саяси қарым-қатынас орнатуын жатқызуға болады. Осындай қарым-қатынас кезінде жүргізілген келіссөздердің қай тілде жазылғанына байланысты мәселелер туындамайды. Сонымен қатар, бұл саясат білім жүйесінде де, шет елдермен тәжірибе алмасуға және ел тұрғындарына бірнеше тіл білу арқылы өз интеллектін жоғарылатуға мүмкіндік береді. XXI ғасыр – технология ғасырында болып жатқан жаңалықтардан хабардар болуы да үштілділіктік басым жағы. Тек бұл емес, ел қамын ойлар болашақ ұрпақтың ақылды, бірнеше тілді еркін меңгерген және интеллекті жоғары болуының да кепілі болып табылады. Жұмысқа тұрар кезде немесе жоғары оқу орнына оқуға түсер кезде тіл білімі жайлы талаптар қойылатыны барлығына мәлім. Сол себепті үштілділік саясаты үштілді білетін азаматтардың жұмыспен қамтамасыз етілуіне кепіл бола алады.

Бірақ үштілділік саясатын қолдана отырып, Республикамыздың өркендеуіне алып келетін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Оның ең маңыздысы, әрине, Қазақстан Республикасының бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылу мүмкіндігі. Тілдердің үштұғырлығы саясатының мақсаты үш тілді, нақтырақ айтқанда қазақ, орыс және ағылшын тілдерін ел азаматтарының бірдей меңгеруін көздегенімен, негізгі мақсаты мемлекеттік тіл, қазақ тілінің, қолданыстағы орыс және ағылшын тілдерімен тең дәрежеде қолданылатын биікке жеткізіп, әлемдік тілдер қатарына қосу үшін нақты ұмтылыс жасау болып табылады. Ал бұл мақсат қазақ тілінің дами түсуі үшін керемет мүмкіндіктер ашады. Сондай – ақ, үштілділік саясаты елімізді бүкіл әлемге паш етіп, яғни Қазақстанның кереметтерін танытып, шет елдермен тереземіздің тең болуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Үштілділік саясатын қолдану қандай қауіп тудыруы мүмкін?

  • қазақ тілі деңгейінің төмендеуі, яғни қазақ тілінде сөйлейтіндер санының азаюы;
  • Сонымен қатар ағылшын тілін мемлекеттік тіл ретінде қабылдану болжамы да қауіпке жатады;
  • елімізде қолданыста жүрген қазақ және орыс тілінің ысылып қалуына алып келеді;
  • жұмысқа тұру үшін талаптар күшейтіліп, ағылшын тілін білмейтіндер жұмыссыз қалуы мүмкін;
  • ағылшын тілін азаматтарға үйрету мақсатында шет елден көптеген мамандар келіп, Қазақстандағы жұмыссыздар саны артуы мүмкін;
  • мектеп оқушылары үшін қиындық туғызатын жағдай, яғни үш тілді қатар үйрету үшін 11 жылдық жүйенің ұзаруы мүмкін;
  • бұл халықтың наразылығын тудыру қаупі бар.

Бірақ бұл қауіп-қатер мен әлсіздікті жою мүмкін емес дегенді білдірмейді. Саясаттың күштері мен мүмкіндіктері арқылы әлсіздіктері мен төніп тұрған қауіп-қатерді жоюға болады. Мысалы жоғарыда көресетілген әлсіздікті, адамдарға үш тілді қатар оқытуды ерте бастан бастау арқылы жоюға болады. Сондай-ақ, қазақ тілінде сөйлейтін адамдар саны азаю қаупін мектеп оқушыларына бірдей үш тілді үйрету арқылы, яғни қазақ тілін және қалған екі тілді білу міндетін қою арқылы жоюға және қазақ тілін дамыту үшін жүргізілетін іс-шараларды мемлекеттік деңгейде жүргізу арқылы жоюға болады. Жұмыссыздық сияқты қауіп-қатерден де үш тілді еркін меңгеру арқылы құтылуға болады. Сонымен қатар, үштұғырлы тіл саясатының мүмкіндіктеріне жол ашу да бұл саясаттың оң әсерлерін көбейте түсуге болатынын білдіреді. Солайша саясаттың жаңа мүмкіндіктері мен күштері арқылы кез келген әлсіздікке тұсау қойып, қауіп-қатерден құтылу жолдарын табуға болады.

Үштұғырлы тіл саясатының заман талабына айналу себебіне байланысты пікірімді  қорытындылай келгенде, талқыланып отырған мәселенің қаншалықты маңызды екені байқалды. Пікір алаңын саралай отырып, үштұғырлы тіл саясатының заман талабына айналуына түрткі болған жағдайлардың қандай екендігін де білуге болады. Себебі үшінші тіл ретінде қарастырылып отырған ағылшын тілінің қазіргі қоғамда ойнайтын рөлі айқын және үлкен. Үштұғырлы тіл саясатының әсер етпейтін саласы жоқпен тең.Үштұғырлы тіл саясаты алда келе жатқан « EXPO – 2017 бүкіләлемдік көрмеге» де тікелей әсер етеді. Бұл ғана емес, 2017 жылы елімізде өткен 28 – ші бүкіләлемдік қысқы универсиада да үштұғырлы тіл саясатының  ықпалы байқалды.  Ол жерлерде Республика тұрғындарының тіл білу деңгейінің қандай екендігі көрінеді, сонымен қатар шет елдермен әртүрлі келіссөздер жүргізіледі. Сол себепті үш тілді еркін меңгеру маңызды болып табылады. Бұл саясаттың жастарға алып келер пайдасы да мол, себебі олар үш тілді еркін меңгере отырып, шет елдерге оқуға бара алады. Сондай- ақ, жастар болашақта шет елдермен әртүрлі қарым – қатынас орнату қажет болып табылады. Бұл жұмыстың сәтті болуына кепіл болған ақпараттардың бірі. Сонымен  зерттеу жұмысында үштұғырлы тіл саясатының заман талабына айналу себебін біліп, осы саясаттың маңызды әрі қажет екендігіне көз жеткізуге болады. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» демекші, тіл көп білген сайын жарқын мүмкіндіктер ашыла түседі. Сол себепті болашақта үштілділік саясатымен келіспейтін адамдардың ойын өзгертуге және оларға үш тілді меңгерудің қаншалықты маңызды екенін түсіндіруге атсалысатын боламын.

Куланова Фариза Акимжановна

Шымкент қаласындағы

химия-биология бағытындағы

Назарбаев Зияткерлік мектебінің өнер пәнінің мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.