Home » Жаңалықтар » Наурыз мейрамы тойланды

Наурыз мейрамы тойланды

Шадыман шаттығын жетелеп Әз-Наурыз келді. Самарқанның көк тасы еріп, тіршілік атаулыға жылулық әкелетін молшылық мейрамы №26 гимназия-мектебінде кең ауқымда аталып өтті. Таң атқаннан балаларын жетектеген ата-аналардың қарасы қалың. Жұрт бар жақсысын киіп, бір-біріне жақсы тілектер айтуда. Мектеп директоры бастаған ұстаздар қауымы күнделікті костюмдерін қазақы шапан мен камзолға ауыстырды. Қай сыныпқа бас сұқсаң да қаз-қатар жасау-жабдығы келісіп қойылған. Дастархан жайылып, мерекенің думаны қыза түскен. Әсем әннен шашу шашылып, күй төгілуде.

«Жақсыны көрмек үшiн» дегендей, 1 «Ә» сыныбы «Баянауыл», «Амандық, «Болашақ» ауылдары болып үш топқа бөлініп, көрер көздi сүйсiндiрдi. Негiзiнде жыл басының астарында «Наурызда жақсы атаулының бәрiн халыққа көрсетiп, ұсынады» деген түсiнiк қалыптасқан. Осыған орай әрбiр ауыл киiз үйдiң жасауын өз ерекшелiгiмен бiр-бiрiнен үстем түскiсi келгендей бар жақсысын жайып салыпты. Қонақтар тек мейрам жөнінде ғана емес, қазақтың салт-дәстүрлерін, ұлттық тағамдары жөнінде білуімен шектелмей, киіз үйдегі бай дастарханнан дәм татты. Наурыз дастарханында көпшілік наурыз – көже, қазы-қарта, құрт, ірімшік және тағы басқа да ұлттық тағамдардан ауыз тиді.

Ал оқушылардың қатысуымен ата-аналар да өз өнерлерін Наурыз мейрамында аянбай ортаға салды. Мәселен, «Баянауыл» және «Болашақ» ауылдарының ата-аналары «Тұсау кесу» рәсімдерін өздіктерінше ерекше етіп өткізді. «Амандық» ауылы «Көрісу» мерекесін паш етті. Жас балғындар азд болсын қазақтың салт-дәстүрлерінен мағлұмат алды. «Тәй-тәй» басқан баланы жетектеп мәз болысты.

Тап осындай мереке 3 «А» сыныбында да қызықты өтті. Бүлдіршіндер де өз өнерлерін көрсетіп, өз алдына думан жасап, көпшiлiктi мерекелiк концертiмен баурап алды. Мәдени мұра ретiнде туған халқымен қайта қауышқан «Қара жорға» биiн ұлдар, қыздар аналарымен бірге «Қамажайды» биледі. Бекнияз Бекетай «Біз өмірдің гүліміз» әнін шырқады. Түрлі өнерлерiн көпшiлiкке ұсынған балақайлардың төбесi көкке жеткендей болды. Күштерін сынап көремін деушілерге арнайы арқан тарту, қол күрестіру ойындары ойналды.

Айдана АЙТУҒАН,

Екібастұз қаласы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.