«Жадырап күн сәулесі нұрын төккен, Әз-Наурыз келіп жетті көптен күткен». Жуырда, дәл осындай тақырыппен Алматы қаласы , Алатау ауданына қарасты №177 бөбекжай-балабақшасында мерекелік кеш болып өтті. Балабақша меңгерушісі Нуршаева Эльмира ханымның айтуынша, шараның мақсаты ұлттық мереке қарсаңында бүлдіршіндерге халықтың сан ғасырлардан бері тойлап келе жатқан мейрамының құндылығын ұғындыру. Мән-маңызы жас ұрпақ тәрбиесінде айрықша орын алатын шараға қонақ ретінде балабақша тәрбиеленушілерінің ата-аналары, балабақша ұжымы қатысты , сонымен қатар, балалар да арнайы шақырту алды. Шараға атсалысып, айрықша еңбек сіңірген әдіскер А.К. Елгезекова, музыка жетекшілері А.Жарылгапова, М.Өтебайдың жетекшілігімен ұйымдастырылған бүлдіршіндердің мерекелік концерті жиналған қауымның көңілінен шыға алды.
О баста ұл-қыздардың өлең-жырларымен басталған кеш, артынша қазақтың «Тұсау кесер», «Бесікке салу» сынды дәстүрлерінің көрінісіне ұласты. Бұдан кейін ұлттық ойындарға кезек тиіп, «Қыз қуу» мен «Арқан тартыстың» сахналық қойылымдары көрсетілді.Кеш соңында сөз алған Эльмира ханым: «Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті – Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт-береке, бақыт пен молшылық әкелсін! Барлық игілікті істер табыспен аяқталып, жемісті еңбек тек қана қуаныш әкелсін. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!»-, деген ізгі ниетін білдіре кетті. Ал шараның соңында, наурыздың дәмді сыйы наурыз көже үлестіріліп бүлдіршіндер мен келуші қонақтарды бір марқайтып тастады.
Дінмұхамед МҰХАМЕТЖАН