Home » Балабақша » Наурыз келді, алақай!

Наурыз келді, алақай!

Пазылбекова Гулзира Каликуловна

Астана қаласы, №7 «Аққу»

балабақшасының тәрбиешісі

Мақсаты: балаларға мерекелік көңіл күй сыйлау, қуаныштарын үлкендермен бөлісуге, мейрімділікке тәрбиелеу. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен кеңірек таныстыру, әртүрлі ұлттық ойындар арқылы баланың тілін дамыту.

Зал мерекеге орай безендірілген. Балалар музыка әуенімен кіріп келеді.

Жүргізуші: Армысыздар, халайық!

Бармысыздар, халайық!

Наурыз тойын жұп жазбай,

Жылда қарсы алайық!

Мереке Наурыз жыл басы,

Наурыз тойы құтты болсын!

Дендеріңіз сау болсын!

Аман-есен болайық!-деп, бүгінгі Наурызға арналған мерекелік ертеңгілігімізді бастауға рұқсат етіңіздер. Қымбатты ата-аналар, балалар, қонақтар, құрметті әріптестер, көптен күткен Наурыз жаңа жылымызды алып ортамызға қайта оралды. Наурыз — мұсылман қауымның ұлттық мейрамы. Наурыз — жыл басы. Наурыз — ұлыстың ұлы күні. Бұл күні ата-аналарымыз бен әжелеріміз үй-үйді аралап, наурыз көжеден дәм татады, баталарын береді. Ал, енді, «тойдың көркі — ән»,-дейді халқымыз. Сіздерге деген балаларымыздың жылы лебіздерін қабыл алыңыздар. «Наурыз — біздің жаңа жыл» әні (балалар көрпешеге отырады, тақпақ айтатын балалар шығады)

М.Әлимхан:

Шалқытып мерекеде ән салайық,

Би билеп, ән, өнерге тамсанайық.

Аңызбен, ертегімен бізге жеткен

Наурызды, қонақтарды қарсы алайық.

Нұрай:

Жылдың басы — Наурыз,

Жырдың басы — Наурыз,

Мерекеге арналсын

Бүгінгі жыр — әніміз.

Әдемі:

Кел балалар ойнайық

Наурыз тойын тойлайық,

Баянды болып, мереке

Қыр гүліндей жайнайық.

Жүргізуші: Рахмет, жарайсыңдар, балалар! Ал, енді, балалар, айтыңдаршы, Наурыз мейрамы жылдың қай мезгілінде бізге келіп отыр?

Балалар: Көктемде

Жүргізуші: Дұрыс, көктемде. Ал көктемді қалай сипаттауға болады?

Балалар: Күн жылынады. Жер көгере бастайды. Гүлдер өседі.

Жүргізуші: Иә, табиғат құлпырып, бізді бір әдемі әлемге алып барады.

Би «Қамажай». Қыздардың орындауында

Олай болса, қазір «Қамажай биін » тамашалайық. Өте тамаша. ал, енді, тақпақтарымызбен мерекемізді жалғастырайық.

Сабина:

Ойнаймыз шаттана,

Ішеміз күнде айран

Балаға, қартқа да,

Ортақ қой бұл мейрам.

Данияр:

Уа, ағайын, халайық,

Мұнда назар салайық!

Мерекесі халықтың

Наурыз тойын бастайық!

Е.Айша:

Наурыз тойын әдемі,

Әжем еске түсірді

Біздерге арнап әдемі

Наурыз көже пісірді.

Асылмұра: 

Өмір бағы жайнасын,

Бақта бұл бұл сайрасын

Өркендесін тіршілік

Өсірілсін бір шыбық

«Тазша бала» музыка ырғағымен кіреді.

Жүргізуші: Біздің балалар қазақы салт-дәстүрлі ойындарды да біледі. Тазша бала, қанекей бізбен бірге ойна .

Ойын: «Қамшы тастамақ»

«Қол күрес» ойын

Жүргізуші: Ой, балалар жарайсыңдар, бәрекелді.

Әже кіреді. Немересімен келінімен келеді.

Жүргізуші: Қазақтар бала қаз-қаз тұра бастағанда «болды, енді жүреді» деп байлам жасап, сәбиді өмірдің келесі кезеңіне — жүру, тұру процесіне дайындаған. «Тұсау кесу рәсімі, міне, дәл осы кезде атқарылады. Тұсаукесер — әр бала үшін міндетті түрде орындалатын салт.

Осы кезде шашу шашылып, тұсау кесу жыры айтылады (Бұл тұсау кесу жырын бір адам жеке дауыспен немесе жиналған жұрт бірігіп, қосылып айтса болады

Қаз-қаз, балам, қаз балам,

Қадам бассаң мәз болам.

Күрмеуіңді шешейін,

Тұсауыңды кесейін.

Қаз-қаз, балам, қаз, балам,

Тақымыңды жаз, балам.

Қадамыңа қарайық,

Басқаныңды санайық.

Қаз-қаз, балам, жүре ғой,

Балтырыңды түре ғой.

Тай-құлын боп шаба ғой,

Озып бәйге ала ғой.

Қаз баса ғой, қарағым,

Құтты болсын қадамың!

Өмірге аяқ баса бер,

Асылардан аса бер.

Жүгіре қойшы, құлыным,

Желбіресін тұлымың.

Елгезек бол, ерінбе,

Ілгері бас, шегінбе.

Тұсау кесу — қазақтың өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасаған ырымы.

Тәрбиеші: Әже, біздің балаларымыз наурыз көже туралы тақпақ айтқылары келіп тұр екен, олай болса кезекті балалар тақпақтарына берейік.

Айлин:

Арпа, бидай, тары бар

Қатық, малта, тағы бар

Ішілетін, жейтінің

Бұл көжеде бәрі бар.

Жантоған:

Бата беріп атамыз,

Бата беріп әжеміз

Тәтті болып жасаған

Көжеден дәм татамыз

Н.Айша:

Құт бауырсақ шашылып,

Наурыз тойы ашылсын

Бір бірімен мына жұрт

Көрімдігін асырсын

Жүргізуші: Дастарханымыздан ешқашан ырыс береке кетпесін дей отырып кезекті Наурыз мереке әніне береміз.

Ән «Наурыз мереке »

Тәрбиеші: Қасиет еткен халқымыз,

Жаңғыртар дәстүр салтымыз

Сән салтымен ел көрікті

Салт дәстүрді сыйлау үлкен міндет.

Әжелер, халқымыз Жаңа жыл табалдырықтан аттағанда жалғыз сәуле жарық болмас деп төрге қос шырақ жаққан екен. Жыл бойы «ақ мол, дән таусылмасын, жауын шашын көп болсын» деген ниетпен Қыдыр күні ыдыс атаулыны ырысқа (тары, бидай), аққа (сүт, айран), кәусар бұлақ суына толтырады екен.

Әжелер ортаға шығып шырақ жағып көрсетеді, алдын ала дайындаған ыдыстарға қажетті тағамдар мен суға толтырады.

Жүргізуші: Біздің халқымыз осындай тамаша, тәрбиелік мәні зор салт дәстүрге бай халық. Ал біз кезекті халқымыздың, яғни мұсылман халықтарының төл мерекесі Наурыз мейрамына арналған тақпақтарға береміз.

Айым:

Күттіріп келген жыл басы

Бізбен бірге жырлашы

Дастарханға елімнің

Береке ырыс сыйлашы

Раяна

Ой, халайық, халайық

Әсем әнге салайық

Наурыз тойын көңілді

Бірге қарсы алайық

Мирас:

Осыншама жақсылық

Алып келген Наурызым

Төрлет бізге нұр беріп,

Шуақ шашып ақ жүзің!

Б.Айзере:

Бәйшешек гүл ашады

Мұздар сайға қашады

Суға толып өзен көл

Кемерінен асады.

Жүргізуші: Наурыз қазақ халқының ұлттық мейрамы. Сондықтан да халқымыздың ұлттық аспаптарына тоқталып өткен жол болар. Соның ішінде бәрімізге жақсы таныс домбыра. Домбыра қазақ халқының мақтан ететін киелі аспабы. Сондықтан да халқымыз «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» деп бекер айтпаса керек.

Н.Амирхан:

Домбырасыз сән қайда

Домбырасыз ән қайда

Ән мен күй бар өмірде

От та лаулап жанбайма

Дилназ

Құрманғазы Тәттімбет

Домбырамен сайраған

Жүрекке от жақсын деп

Елге күйін арнаған

Күй «Сертпе» күйі Санаттың орындауында .

Жүргізуші: Рахмет, жарайсын.

Жүргізуші: Балалар, қонақтар, сүйінші Қыдыр ата келе жатыр.

Қыдыр ата: Армысыздар халайық. Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Жүргізуші: Қош келдіңіз

Ұлыс күні қазан толса

Ол жылы ақ мол болар

Ұлы кісіден бата алсаң

Сонда олжалы жол болар, деп өзіңізден бата сұраймыз. Қыдыр ата бата береді.

Ұлыс оң болсын. Ақ мол болсын!

Қайда барсаң, жол болсын

Төрт түлік ақты болсын,

Ұлыс береке берсін,

Бәле-жәле жерге енсін

Айтқаныңыз келсін, Қыдыр ата!

Жүргізуші: Әжелер,

Ал келіңдер қонақтар

Досқа құшақ ашайық

Өлең жырға басайық

Қазақтың бір салты деп

Тойға шашу шашайық!

Әжелер шашу шашады.

Жүргізуші:

Жаңғыртқан дәстүрімізді рахмет елім,

Тербетсін шаттық әні қазақ жерін

Той бастаған қадамын құтты болсын,

Дәстүрлі тамыр алып, өркен жайсын

Қош болыңыз, Наурызым ардақты

Халқым саған бар үмітін жалғапты!

Жылда осылай келе берсін жарасып!

Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Наурыз береке-бірлік әкелсін!

Сау болыңыздар!

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.