Рухани – адамгершілік білімнің адам өмірінде маңызды рөл атқаратыны баршамызға мәлім дүние. Бүгінгі қоғам рухани байлықты, адамгершілікті, адами асыл қасиеттерді бойына сіңірген, ізгі адамдарды тәрбиелеуге тиіспіз. Рухани-адамгершілік сана-сезімі оянған адам ғана мәңгі құндылықтарды уақытша құндылықтардан, шынайылылықты жалғандықтан ажыратып, бақытты болып, өзгелерді бақытты ете алады.
Рухани-адамгершілік білімді мектептің тұтастай педагогикалық үдерісіне интеграциялау бойынша Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы №4 орта мектебінде бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атап айтатын болсақ өзін-өзі тану пәнінен ашық сабақтар, жаратылыстану пәндерінен интеграцияланған сабақтар, сыныптан тыс іс-шаралар және ата-аналар жиналысы. «Өзін-өзі тану» пәні бойынша сабақ жүргізген Л.А.Даулеткулова сабақтарын өте жоғары деңгейде өткізді. Сабақтың рухани тереңдігін аша білді. Сабақтың құрылымы мен әдістемесін жақсы меңгерген. Интеграция сабақтары жаратылыстану бағытында жүргізілді. Бастауыш сыныпта дүниетану, орта буында география, жоғары буында информатика пәндері болды. Интеграцияланған сабақтар ішінен бастауыш сыныпта дүниетану пәнінен «Ауаны ластаушы заттар. Ауаны қорғау» тақырыбында өткізілген А.Асаубаеваның сабағын атап өтуге болады. Сыныптан тыс іс-шара театрландырылған қойылым түрінде жүргізілді. Оқушылар белсенді қатысып, өздеріне берілген рөлдерді сомдап шықты. Аталмыш іс-шарада оқушылар өздерінің рөлдерін орындау барысында олар өз бойларынан шынайы өткізіп, өз елінің патриоты болатынын, туған жеріне риясыз қызмет ету азаматтық парызы мен борышы екенін сезінді. Тіпті залда отырған бізде көзімізге еріксіз жас алдық, балалар көрерменге жеткізген материал арқылы азаматтық борышымыз бен міндетімізді таныған үстіне тани түстік.
Ата-аналармен жиналысы «Адамның бір қызығы бала деген…» тақырыбында өткізілді. Семинар барысында ата-аналармен жасалған бірлескен жұмыс жалпыадамзаттық құндылықтарды бала бойына сіңіретін ата-ана тәрбиесі, ал оны дамытуға ықпал ететін мектеп екенін ата-аналарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Семинар барысы «Жағымды көңіл күйге келу» әдісімен басталды. Ата-аналар өте жақсы қабылдады. Семинар бірнеше бөлімнен тұрды. Бірінші бөлімде тек ата-аналар Менің балам қандай? Кім болғысы келеді? деген сұрақтарға жауап жазды. Келесі бөлімде оқушылар келіп ата-аналарының жанына отырды. Оқушылар Мен қандаймын? Кім боламын? деген сұрақтарға жауап берді. Ата-аналары мен балаларының жауаптары сәйкес келген оқушылар өздерінің қағаздарын қайта қайтарып алды. Бұл жерден ата-ана мен бала арасындағы ынтымақтастықты көруге болады. Жалпы семинар барысында мектеп пен ата-аналардың арасында тығыз байланыс орнатылғанын аңғаруға болады. Себебі, ата-аналар мектепке келгісі келетінін жеткізді, сондай-ақ мектептегі іс-шаралардың балалары үшін маңызды екендігін түсінеді.Семинар соңына қарай балаларға алғыс айтып шығарып салғаннан кейін ата-аналарға «Менің кінәм не?» деген тақырыптағы бейнеролик көрсетілді. Ата-аналар көздеріне жас алып, өз пікірлерін білдірді. Семинар соңында ата-аналар пилоттық ұйым жобасының идеясын қолдап, бұл бағдарламаның біздің болашағымыз үшін керек екендігін, қазіргі таңда біздің қоғамда ауадай қажет деген қорытындыға келіп, мектеп ұжымына алғысын білдіріп кетті.
Абдикеримова Назира Жорабекқызы,
педагогика ғылымдарының магистрі
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Жамбыл облысы
бойынша педагогикалық қызметкерлердің
біліктілігін арттыру институты
Деңгейлік бағдарламалар орталығының
«Өзін-өзі тану» пәні бойынша тренері
Абдикеримова Асыл Октанқызы,
№4 орта мектебінің география пәнінің мұғалімі