Home » Жаңалықтар » Назарбаев Зияткерлік мектебінде облыстық «Rubik’s Cube» жарысы өтті

Назарбаев Зияткерлік мектебінде облыстық «Rubik’s Cube» жарысы өтті

  

Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде облыстық «Rubik’s Cube» жарысы өтті. Дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын сайыстың ауқымы жыл сайын кеңейе түсуде. Биыл қатысуға өңіріміздің 26 мектебі өтініш білдірді. Әрқайсысынан 2×2×2, 3×3×3, 4×4×4, 5×5×5 номинациясына 4 оқушыдан қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша сайысқа түскендердің саны көп болғандықтан жарыс тартысты өтті.

—    Рубик текшесін құрастыру ойынының мақсаты – оқушылардың кеңестік, шапшаң ойлау, шығармашылық қабілеттерін арттыру, өздерін емін – еркін ұстай білуге үйрету болып табылады. Ойын барысында қатысушылардың Рубик текшесіне қызығушылықтары жоғары екенін байқадық, — деді математика пәнінің мұғалімі Бибігүл Бисмельдинова.

Жарыс қорытындысы бойынша қатысушылардың арасында ең шапшаң құрастырғандар анықталды. Атап айтсақ, орташа уақытпен есептегенде 2×2×2 номинациясы бойынша «Жас дарын» мектебінің оқушысының Жамиль Есімов 7,7 секундта, 3×3×3 номинациясы бойынша №25 жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Алдияр Хасен 15,30 секундта, 4×4×4 номинациясында Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Асқар Ислямов 67,9 секундта, 5×5×5 номинациясында Ы. Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия-интернаты Арсен Мақсұтхан 262,5 секундта Рубик текшесін құрастырып, І орынға ие болды.

Ал командалық есепте жақсы нәтиже көрсеткен Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі алға шығып, І орынды жеңіп алды. ІІ орынға «Жас дарын» мектебі, ІІІ орынға №25 жалпы білім беру мектебінің командалары ие болды.

Сатыбалдинова Арнагүл Айтмұратқызы,
Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.