Home » Мақалалар » М.Әуезовтің көркем образ жасаудағы шеберлігі

М.Әуезовтің көркем образ жасаудағы шеберлігі

Ұлы суреткер М.Әуезов шығармаларының тағылымы  таусылмас қазына екені белгілі. Осы ретте М.Әуезовтің «Қилы заман» повесі жайында айтылар ойдың көп болмағы да осыдан. 1927 жылы М.Әуезов Қарқара жәрмеңкесінде: «Көп қорлық көрген ел екен. Қарсылық білдірдің деп жазықсыз атып, шауыпты, соны жазайын деп жүрмін» деген. М.Әуезовтің бұл жүрекжарды сөзі С.Қожамқұловтың «Ереуіл төбе» атты естелігінде бар. М.Әуезов тарихтың осы бір қыртысы мол, қалтарысты оқиғасын ашып-жарып көрсетуді мұрат тұтқан. Осылайша Албан көтерілісі «Қилы заманның» тақырыптық нысанына айналған. Автор Қарқара жәрмеңкесінде басталған халық көтерілісін болған күйінде, қатысқан адамдарына дейін нақты суреттей отырып, бүкіл қазақ жеріндегі ұлт-азаттық көтерілістер тарихының негізгі себебін үлкен сыншылдықпен көрсеткен.

Көркем шығармаға жан бітіріп, оны өнердің биік туындысына айналдыратын, өнермен қауыштыра табыстырып, оқырмандар жүрегіне мәңгі ұялататын – әдебиеттегі адам бейнесі.  Әдеби терминмен айтсақ – образдар жүйесі. «Қилы заманда» елуге тарта кейіпкерлердің аты айтылып, олардың оқиғаға қатысуы тұрғысынан әр қилы сипатталады. Ондағы кейіпкерлер тартысы – сол кезеңдегі өмір шындығынан туындайтын сюжеттік желі арқылы өрілген.

Бірінші желі – ғасырлар бойы ел басына үйірілген қанау мен қорлауға қарғыс айтып, қарсы көтерілген халық қозғалысы болса, екінші желі – сол жойқын күшті бұғаулап айуандықпен тұншықтыруға қандай жол болса тайынбайтын озбыр ойрандаушылар әрекеті. Жазушы екі топ өкілдерін де өте күрделендіріп, шытырман оқиғаларға қатыстыра отырып, сом тұлғалар жасай білген.

Шығармада халық қозғалысының көш басшысы болып, ел тізгінін ұстап, ұлт-азаттық күрестің жолына бастарын тіккен екі қаһарман оқырман көңілін ерекше аударады. Олар Ұзақ батыр мен Жәмеңке қарт.

«Кішілеу дөңгелек денелі, бурыл сақалды ер Ұзақ – қажымас мықты қайрат иесі, ержүрек батыр болатын.

… Ұзақ та суырылып көп сөйлемейді, сөйлесе кесіп байлап, бір-ақ айтатын» (189-б.). Бұл Ұзаққа берілген автор мінездемесі. Бұдан кейінгі батыр бейнесі тек іс-әрекет арқылы сомдалады. Ұзақтың бүкіл рухы, жан-дүниесі халық философиясымен, ел салт-санасымен суарылған. Ол барлық өмір құбылыстарын, қоғам дамуын осы тұрғыдан бағалайды. Оқымаған, саяси сауаты жоқ, аңғал батырдың шытырман оқиғаларда шырғалаңға батып, адаса беретіні де сондықтан. Алғашқы шалыс басуы – ауылдастарының арандатуына сеніп, жалғыз қызы Бәкейді құрбан етуі болса, кейінгіcі оязды сатып алмақ болып, аузы күйіп, содыр күшке басуы да сол заман ауқымының шындығы. Бірақ өз халқына деген адал ниет, шындықтың шыңын іздеген моральдық беріктік, оны тура жолдан тайдырмайды. Өткеніне өкіне отырып «Дайынмын, ал мені… Қалқамның алдына қара жүзді болып бармайтындай қылып, көп ниетінің құрбандығы қылып ал!.. Ел тілеуінің үстінде, мойнымдағы бұршағым, кеудемдегі жалыныммен ал…» (207-б.) деген ақ махаббат құрбаны Бәкей қыздың аруағы алдындағы ақтық анты батырдың ішкі жан-дүниесін жарқырата ашады. Бірақ батыр арманына жете алмай, абақтыға түседі. Абақтыда Ұзақ өз ойынан қайтпайды, болашаққа деген сенімі оның үмітін кеспейді. Өз өмірі үшін емес, ел қамы үшін қайысқан халық батырының бейнесі жүрекке күрес отын жағады. Бұл халықтың «батыр» деген кең ұғымды сөзіне сай жасалған ұнамды образ.

Ұзақ ерліктің, іс-әрекеттің адамы болса, Жәмеңке өткір ойдың, шешен тілдің, ақыл парасаттың адамы. Ол бар жан-тәні халық жағында, қандай қиыншылық болсын қарсы алуға бар. Сонысымен де жұртқа қадірменді ақсақал. Елді бұйрыққа көндір деп тергеушілердің жығыла жабысуы Жәмеңкенің ел арасындағы салмағын сезінгендіктен. Кейіннен аяулы қартқа у беріп өлтірулері, патша жендеттерінің халық қаһарынан қорыққандығынан. Ұзақ пен Жәмеңке екеуі де ауыр тағдырдың адамдары. Үзеңгілес жүріп өмір кешіп, бір мақсатқа ұмтылған екеуінің де арманды өлімдері оқырманды қатты толғантады. Ұзақ «ел үшін» деп өлсе, Жәмеңке «Абақтыда жау қолында өліп барам. Соны арман қылмасам, өзге арман жоқ… қан майданында, қарсыласып өлмедім…» (280-б.) – деп, қамығады.

Повесте өз күрделігімен назар аударатын тұлғалардың бірі – Әубәкір. Ол Дөңгелексаздың болысы, болыс болғанмен ел қамын жеген, билікпен елге бір пайда істесем, туған халқын бір жақсылыққа жеткізсем деген ақ ниеттегі жас жігіт. Шындығында ол билікті де, байлықты да халық үшін құрбан қылып, патша чиновниктеріне ел талабын батыл қоя білген отты бейне. Осы идеяда Ұзақ Жәмеңкелермен тізе қосып, дос болып, соңына дейін күрес жолын бір кешеді. Әуезовтің суреткерлігі де осындай кесек бейнелерді жасау арқылы ерекшеленеді. Сонымен қатар повесте Серікбай, Тұрлықожа, Жансейіт, Айтбай, Көкбай сияқты сәтті шыққан жағымды бейнелер де бар. Шығармада билік өкілдері де ішкі қатпарлары ақтарыла, өзіндік ерекшеліктерімен терең ашылады. Олардың өзін ішінара екі топқа бөлуге болады. Бірінші топ – қазақтан шыққан бай шонжарлар, ел билеушілер, азды-көпті оқыған тілмәштар болса, екінші топ – отаршыл патша үкіметінің итаршылары.

Алғашқы топтың ірі тұлғаларының қатарында Дәулетбақ пен Тұңғатар бай тұрады. Тұңғатар Ұзақтың ағасы, қыруар малы бар, сол мал үшін арын, жанын садаға еткен бай болса, Дәулетбақ та мінез-келбеті мен іс әрекеті өзінше дараланғанмен осы типтес бейне. Ұзақ пен Тұңғатар екеуінің арасы жер мен көктей. Бірі – елім деп еңіреген ер, бірі – өзім дегенде өзегі үзілген, қазымыр қазақ байы.  Жазушы ағайынды екі адамды қарсы қоя отырып, үлкен контраст жасаған. Жалған намысқа шауып, аңғал батырдың адал қызын айуандықпен өлтірген, ел басына күн туғанда арам малымен бар жанын сақтамақ болған Тұңғатар – арамдық пен пасықтықтың символындай. Осы іспеттес бейненің бірі – Далашықтың байы – Дәулетбақ. Ол ата даңқымен, жымысқы қылықтарымен, жалған әрекеттерімен ел сеніміне ие болған адам. Ондағы бар ниеті – байлығы мен ұлық алдындағы дәрежесін сақтау. Осы тілекте бүкіл халықты да сүріндіруден тартынбайды. Тұңғатар екеуі бір жолда болғанмен, Дәулетбақ жоспары, жымысқы әрекеттерімен ел тілегі үшін қауіптірек. Бұл екі образ да – қазақ байларының әр қырынан алынған реалистік тұлғалар.

«Қалың Албан тобынан адасқан қаздай жырылып Далашықтың байы Дәулетбақ қалды. Текестің, сырттың тас-тасына, ұры қойындарына тығылып, жүрмек болып, Тұңғатар бай қалды» (329-б.) деген автор суреті бұларға берілген ауыр жаза іспеттес.

Шығармада Әубәкір тұрған таразының екінші басын басатын – Рақымбай образы бұлардан басқарақ. Бұл аздап орысша білетін, қулық-сұмдыққа епті, пысық жігіт. Бар білімін, тұла бойындағы бар қабілетін ұлық алдындағы дәрежесін көтеруге жұмсайды. Ұлық атынан айтылған алғыс ол үшін таптырмас бақыт, үлкен дәреже. Бар мақсаты байлық пен үстемдікті шайқалтпай ұстап тұру. Оның бірден-бір жолы – отаршыл патша үкіметіне арқа сүйеу, сол арқылы халық толқуын тұншықтырып отыру. Рақымбайдың бар іс-әрекеті осы мақсатқа негізделген. Бірақ бұл әрекетін ашық жүргізуге дәрмен жоқ, тек жасырын жолдармен іске асыру. Рақымбай – шаңырағы шайқала бастаған феодалдық қоғам билеушілерінің капиталистік қатынастарға қарай бейімделе бастаған өкілдерінің жиынтық бейнесі.

«Базар ортасында ұзын биік ағашқа аспандатып көтерген ақ жалауда екі басты самұрықтың суреті желпілдейтін. Бұл қомағай қарынды жалмауыз тілекті ертегі обырының айқын тұрған белгісі еді. Обырды туғызған ана жат пішінді, жалмауыз түсті ұлық. Соның айқын таңбасы – ертегі айдаһарындай екі басты жайын түсті самұрық» (172-б.). Бұл шығармадағы патша үкіметінің сипаттамасы. Шығармада отаршыл, озбыр үкіметтің қулығы мен сұмдығын, айласы мен айуандығын бойына сіңірген “жалмауыз түсті ұлық – Подпороковтің характері жан-жақты ашылады. Бұл – қазақ арасында көптен бері сіңген, аңғал халықтың бар психологиясын бойына сіңірген, сол азды-көпті білімін, тәжірибесін елді алдап, арбауға жұмсаған қулық-сұмдыққа келгенде алдына жан салмайды. Сол қылығы үшін «Ақжелке» деген ат алған арамза пристав. Албан елін бір шыбықпен айдаған Ақжелке, халық алдына қарсы келгенде дәрменсіз, бұрынғы айбаттан айырылып, жымысқы қулыққа көшіп отырады. Автор июнь жарлығын оқығандағы Ақжелке келбетін: «кәрі қасқырдың тұмсығы жанына жайлы тиетін шуаш иісті қой құйрығының иісін сезіп-біліп, қуанып жайнап кетті» (177-б.) – деп үлкен образдылықпен берсе, халық алдындағы ұлықтың екі беткей психологиясын: «ол өңі қуарып, көптің айдынына тіктеп қарауға шыдай алмай, ыға жөнелді» – деп жеріне жете әшкерелейді. Аяғында көтерілісшілер тегеуірініне шыдамаған ұлық жәрмеңкені тастап түн жамылып қашып кетеді. Жалғыз кетпей «үйірін ерткен қасқырдай» өз сыбайластарын қоса ала кетеді. Бұл шегініс – Ақжелкенің ғана шегінісі емес, Ақжелке сияқтылар билеген биліктің шегінісі болатын. Повесте сонымен бірге Плотников, Хлыновский сияқты патша чиновниктерінің де алаяқ сипаттары шағын детальдармен жете әшкереленеді.

«Қилы замандағы» ауыр тағдырымен назар аудартатын қаһарманның бірі – Ыбырай. «Ол дөңгелек үлкен жаурынды, зор жуан қызыл жігіт болатын. Жасы отыздың ішіне келген, қылдай қатты, саяу қара мұрты, шоқша сақалы бар ер жігіт еді. Қызыл бөрік ішінен өзіне сайлап он шақты мықты жігіттерді ертіп алып, қалмақтан, қырғыздан, айналадағы қазақтан үйірлеп жылқы алып, бірінен-біріне өткізіп, ат үсті суық жүріс жүретін.

Атағы шыққан ер, өжет, қырағы сергек ұры еді. Соңғы шақта қашқындау болып жүрген» (246-б.). Ыбырайдың арғы-бергі өмірінен берілетін мәлімет осы. Осындай жат жолдағы адам халық көтерілісінің бір қанатын бастап, ерекше қайрат көрсетеді. Оның бұлай суреттелуі идеялық жағынан дұрыстыққа саймайтын сияқты болып та көрінуі мүмкін. Бірақ Ыбырайды ұрыға, қашқынға айналдырған – сол заман, патша үкіметінің шектен асқан қанауы, содан туған жоқшылық сызы. Бүгінде сол озбырға бүкіл халық қарсы тұрса да, одан Ыбырай қалай бас тартсын. Ыбырайдың бұл күрделі жолы Бақтығұл, Базаралы образдарымен ұштасып жатады.

Шығармада бұлардан басқа ерекше жиіркенішпен сипатталған тілмаштар – Оспан мен Жебірбаевтар қылықтары, бар қулық-сұмдықтары, екі беткейліктерімен әрең ашылады.

“Ынсапсызға не керек,

Істің ақ пен қарасы.

Нан таппаймыз демейді.

Бүлінсе елдің арасы”, – деп, Абай жырлаған қазақ оқығандарының типі. Жебірбаев «орысша тілге олақтау, жазба сөзіне әсіресе шорқақ, жем жағын жақсы қарастырса да, білім, сана жағын жадағай тастаған әдіс, құлқыны арамдығын ғана жақсы білген тілмаш» (181-б.) болса, Оспан «тілге жақсы, елге де салмағы бар, сырт пішіні де, мінезі де, қазақ көзіне, ұлық көзіне де жайлырақ тиетін ажары бар жігіт» (182-б.). Осы сияқты жеке бастарының ерекшеліктері болмаса, іс-әрекет жағынан екеуі бірін-бірі толықтырып отырады. «Бойға сіңген дағды бойынша қызметке кіріскеннен бергі көздеген нысана мал мен атақ, жылы, жайлы орын табуға ғана арналғандықтан, бұнда да сырт көрінісі болмаса, ішінде құралған негізді пікір, бағыт жоқ еді. Ел қамы, көп мұңы дегеннен қалың жұрт тұрмысына жайлы жайсыз болар ма? – деген сұрақтардан бұның басы да, жүрегі де аман болатын» (182-б.) деген Оспанға берілген мінездеме тілмаштар психологиясын ашып көрсетеді. Жебірбаевтың да іс әрекеті осы, мінездеудің төңірегіндегі іске асып жатады. Жинақтап айтқанда бұл образдар:

Аз білгенін көпсінсе,

Көп қазаққа елсінсе

Кімге тиер пайдасы?

деп, Абай қойған сұраққа жауап беретін қазақ оқығандарының өзгеше бір тобының сипаты.

Жазушының кейіпкерлерді айқындап, ашып көрсетуде қолданған әдісінің бірі – образдарды қарама-қарсы қоя отырып сипаттауы. Повестегі Әубәкір – Рақымбай, Ұзақ – Тұңғатар, Мұқамбеткәрім – Сұлтанмұрат сияқты бейнелер бір-біріне идеялық жағынан да, іс-әрекет жағынан да ерекше қарама-қайшы адамдар. Автор осы контраст арқылы олардың бар болмысын жан-жақты ашып көрсеткен. Образ жасаудағы тағы бір ерекшелік кейіпкерлерді қосарлап суреттеу. Мысалға Ұзақ пен Жәмеңке, Тұңғатар мен Дәулетбақ, Оспан мен Жебірбаев сияқты образдар жеке бастарының сипаты жағынан қанша өзгеше болса, алған мақсаты, іс-әрекеті, тағдыр жақтарынан соншалықты бірбеткей, бір-бірлерін типтік жақтарынан толықтырып тұратын бейнелер.  Сонымен қатар повесть қаһармандарынан ұлттық характер ерекше байқалады. Мұны Ұзақ мінезіндегі аңғалдық пен албырттық, адуындық пен кесектік, өмірге деген өзіндік көзқарасынан көруге болады. Бұл сол заман тұрғысынан суреттелген ұлттық бейне. Ал оның отарлық езгі мен қанауға қарсы бүкіл халықты көтеруі, әділеттік жолында қаза табуы тек Ұзаққа ғана тән дүние ме? Немесе сол Ұзақты шығарған қазақ қауымының ғана қайғысы ма? Жоқ, бұл сол кездегі отарлық езгідегі тағдырлас халықтар басындағы ортақ күйзеліс. Бұл трагедиялық жағдай – тек Ұзақ емес, сол халықтардан шыққан батырлар үшін ортақ тағдыр. Басқа кейіпкерлер жөнінде де осыны айтуға болады.

Қорыта келе айтарымыз М.Әуезовтің «Қилы заманында» ел тарихының көркем шежіресі жатыр. Жазушы оқырманды ерлікке, батырлыққа, патриоттыққа баулитын ірі сом тұлғалар жасады. «Қилы заман» тек мазмұн байлығымен ғана емес, көңілді елітер ғажап картиналарымен, көз алдыңа құбылысты бұлжытпай елестететін образды шешен тілімен де бағалы.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

  1. М.Әуезов. Шығармаларының елу томдық толық жинағы. Алматы: «Ғылым». 5-т. 2001. 374-б.
  2. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. 1 том. Өлеңдер мен аудармалар. Алматы, 1995. 335б.

Болсынбаева Аманғайша Жолдыханқызы

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»

Акционерлік қоғамының филиалы

«Алматы облысы бойынша педагог

қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты»

Мұғалімнің кәсіби дамуын педагогикалық-

психологиялық тұрғыдан қолдау

кафедрасының аға оқытушысы

 

 

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.