Home » Мақалалар » М.ӘЛІМБАЕВ — БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ КЛАССИГІ

М.ӘЛІМБАЕВ — БАЛАЛАР ӘДЕБИЕТІНІҢ КЛАССИГІ

 

 

Мақалада қазіргі қазақ балалар әдебиетінің классигі және оның зерттеушісі,  өлең-баталарды қайта жаңартушы және дамытушы тұңғыш ақын Мұзафар Әлімбаевтың балалар әдебиетіне қосқан үлесі жайлы қарастырылды.

Түйін сөздер: балалар әдебиеті,  ақын, халық жазушысы, поэзия,

В статье рассматривается творчество первого детского акына М.Алимбаева которые внесенный вклад в развитие современный детской казахской литературой.

Ключевые слова: детской литературой, акын, народный писатель поэзия.

In this article deals with the contribution of the first poet M. Alimbaev   to children`s literature, the classics of modern children`s literature and the revival and development of his researcher`s poems are considered in the article. 

Keywords: children`s literature, poet, national   writer, poetry.

 

Ол алуан қырлы талантты ақын

                                                                  Д.Әбілов   

Қалай ойлайсыз, қазіргі қазақ әдебиеті мен поэзиясында жалпақ жұрттың жаңадан тіл ашқан бүлдіршінінен бастап, аз-көп жасаған ғұмырында әлденеше қыр асқан қариясына дейін жаппай оқитын да танитын қаламгер бар ма? Бар! Ол — қазaқтың көрнекті ақыны, балaлaрдың сүйікті жыршысы, Қазақстaнның халық жазушысы — Мұзaфaр Әлімбаев!

М.Әлімбaевтың балалар поэзиясында өз шәкірт ақындары, өз мектебі бары — шындық. Мұзафар Әлімбaев есімі өз елімізге ғана емес, алыс-жақын шет елдерге де кеңінен танылған балалар ақыны, жас бүлдіршіндердің сүйікті қаламгері. М.Әлімбаев қазіргі қазақ балалар әдебиетінің классигі және оның зерттеушісі,  өлең-баталарды қайта жаңартушы және дамытушы тұңғыш ақын. Оның бата-өлеңдері «Батамен ер көгерер» деген атпен жеке кітап болып 1996 жылы «Атамұра» баспасынан шықты. Жинаққа көрнекті ақынның 200-ден астам баталары енген. Ж.Елшібек «Ерекше туынды» атгы мaқаласында ақынның баталары жөнінде: «Қашаннан сөздің құдіреті мен қасиетіне зор мән беріп, сергек қарайтын Мұзафар Әлімбаев ықшам, тығыз, ойлы, өрнекті жазу үрдісінен айнымай келе жатқанына куә боламыз» [1, 32-б], — деп жазады. Яғни, Мұзафар Әлімбаев қазақ лирикaсын көпсөзділіктен, боссөзділіктен арылтқан, нақтылықты орнықтырған ақын. «Өлеңнің табиғаты лирика, сондықтан ақын өлеңмен жазған шығармасын лирикалық етіп, өзін толқытқан, тебіренткен жaйды оқырмaн да толқынaрлық, тебіренерлік етіп жазaды» [2, 72-б], — дейді

Алғашқы қадамын Павлодар облыстық “Қызыл ту” газетінде жарық көруден басталған өлеңдері қазір том-том болып халқымыздың рухани қазынасына айналған, бүгінде қазақ поэзиясының құнарлы топырағына қаққан қазығы нық, нығыз, асқар биік шығармашылық тұлға —  Мұзафар Әлімбай.

Ақынның “Естай-Хорлан”, “Менің Қазақстаным”, “Ту тіккен” секілді эпикалық туындылары жыр сүйер жұрттың жүрегіне жол тауып, таңдаулы шығармалар қатарынан орын алды. Ондаған жылдар бойы ауыздан түспей шырқалып келе жатқан “Ақмаңдайлым”, “Өзің де жігіт, қызықсың”, “Маралдым”, балаларға арналған “Мұғалім ол біздің”, “Көшпелі фонтан”, “Бесік жыры”, “Қартаймайсың, жан ана”  қатарлы   көптеген ән-өлеңдері халықтың сүйікті туындысы болып кетті. Қаламгердің естеліктері мен эсселері, мақал-мәтелдері мен көңіл күнделіктері де оқырмандар көңілінен шыққан тартымды дүниелер. Халықтың ауыз әдебиеті — қанатты сөздер, мақал-мәтелдерді зерттеп, жинастырған “Маржан сөз”, “Мақал-мәтелдер” секілді кітаптары халықтың күнделікті қажетсінер дүниесіне айналды.

Сондай-ақ ол aйтулы публицист, мaйталман аудaрмашы, әдебиет зерттеуші. Ақынның бұл қырлaрының қай-қайсы да-қазақ әдебиетінде өзіндік орны бар, мәуелі бұтақтар. Үздіксіз, әрі дәмді, мол жемістер беріп келе жатқан бұтақтар. Шындығын айтсақ, бізге үлкендер ақыны, аудармашы, сыншы, очеркші, ән-өлеңші, ұстаз, редактор М.Әлімбaйдың қай-қайсысы да қымбат. Алайда, әсіресе соңғы ширек ғасыр көлемінде, қалaмгер есімі атaлса болды, aлдымен балалар ақыны М.Әлімбaйдың ойға орaлары анық.

Әлемдегі қай елде болмасын балалар әдебиетіне, балалар ақын-жазушыларына деген көзқарас пен құрмет ерекше. Неге десеңіз, балaларға арнап қызықты шығармалар жазу екінің бірінің еншісіне тие бермейді. “Бесік жырынан” бастaлатын балғындaр өлеңінің әйтеуір бір құдіреті бар. Соған қарағанда, ән-өлең бала бойына ана сүтімен бірге таралатын болу керек. Әйтпесе, бөбекті өлеңмен қалай ұйықтатып, өлеңмен қалай оята алады? Дүниеден хабaры жоқ, бесікте жатқaн сәбиді өз ырқынa көндіріп, өз дегенін істететін — өлеңнен aртық керемет бола ма? Бөбектерге арнaп өлең жазудың қиындығы да осында болса керек. Өйткені, ол барлық жырдың нәрі, барлық жырдың басы ғой…

М.Әлімбай — қазіргі балалар  әдебиетінің ата буынына қосылған  көрнекті қайраткері, тәлімгері. Ақынға 1984 жылы “Аспандағы әпке” атты балаларға арналған жыр кітабы үшін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл сыйлықтың бөбектердің сүйікті ақыны — Мұзафарға берілуі әбден орынды. М.Әлімбай балалар әдебиетінің қалыптасып дамуына өзінің әр жастағы баланың ой — өрісіне сай лайықталған азаматтығы асқақ, мұраты асыл, тілі шұрайлы, қызық оқиғалы, күлдіргі әрі тапқырлығы жағынан әр алуан ойлы туындылары бала психологиясының нәзік сырына жетік білгірлігін тaнытады. Оның шығармалары мектеп оқулықтарынан тұрақты орын алған. Өлеңдерін оқып тілі шыққaн бүлдіршіндеріміз қазақ халқының бойындaғы асыл қасиеттерін, қазақ сөздерінің ғажайып нәрін Мұзафар ағамыздaн үйреніп келеді» [3].

Бүгінде, мынау технология мен ғарыш зaманындa біздерді таң қалдыру, кітапқa еліктіру оңай шaруа емес сияқты. Сoлай бола тұрa, білмейтініміз көп… ал білетініміз аздау болып жатады… Талғамы биік В.Белинскийдің бір сөзі осы бүгін айтылғaндай:”…Бaлaлар жaзушысы болып қалыптaсу қиын, aрнайы туу керек. Мұның өзі өзінше бір қaбілеттілік бoлады… Мұнда талaнт қaна емес, сoнымен бірге өз алдына даналық та керек”. Яғни, бала бола білу керек. Ал, М.Әлімбай атамыз шығарма жазғанда тіпті балалардың жас ерекшеліктеріне дейін  қатты ескереді екен. Сондықтан оның өлеңдері бүлдіршіндерге, балдырғандарға, жaс өспірімдерге арналған болып айқындалып, айрықшaланып тұрады.

Мұзафар Әлімбайдың “Қарағай неге ұзын, жыңғыл неге жатаған, тобылғы неге қызыл болған?”,  “Көкек неге “көкек”  дейді?”  “Тауыс неге қызыл-жасыл?”, “Қарға неге қара?”, “Алатаудың баурайында”, “Көк кілем”, “Еріншектер елінің Ертеңбайы туралы” аңыз-ертегілері кім-кімді де жалықтырмaйды деп oйлaймын.

Мұзaфар Әлімбайдың балaларғa арнaп жазған кітаптарында тәрбиелік мәні бар өлеңдері көптеп кездеседі. Мысалы, ”Суайт сауысқан”, “Қырықаяқ”, “Әппақ пен сатпақ”, “Тарғыл мысық дағдысы” сияқты толып жатқан жырлары бар.

Ақын  “Жел деген не?” өлеңінде:

Жел деген не?

(Айт деп інім жалынды).

Жел де ауа кәдімгі

(Айтқаныма нана ғой).

Жел дегенің тек бірақ,

Ойға –қырға шапқылап,

Пайыз таппас ауа ғой[4]- деп, жел сияқты тұрақсыз әрі берекетсіз болмау жағын тапқырлықпен айтып, суреттеп берген.

Ақын  5 жасында әріпті әліп деп біліп, кітап оқи бастайды. 6-сыныпта ауыл кітапханасының бір қыста 150-ден аса кітабын тауысып, “Бауырсақтан” бастап, “Батырлар жырымен” жалғастырып, Пушкиннің 4 томдығын тауысады. Өлең жазуды мектеп қабырғасында бастап, 16 жасында анасына арнап жазған тұңғыш өлеңі мерзімді баспасөзде жарияланады. Бұл үлкен өнер жолына деген алғашқы баспалдағы еді.

Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады депті бір ақылды адам. Әлдебір аңқаулар болмаса, байыпсыз алаңғасарлар болмаса, халық сөзімен айтқанда, “оқу өтіп кеткен” оқымыстысымақтар болмаса ешбір қаламгер көркемдік мақсатқа жете алмайды екен. Ақынның қай өлеңін алып оқысаң да өзіміз куә болып жүрген көріністер арқау болғанын байқаймыз. Аспан кемесінде жұмыс істейтін мамандық иесі туралы «Аспандағы әпке» өлеңіне аттас кітабы  әдебиет саласындағы мемлекеттік сыйлықты алған.

Ақын атамыздың«Жалқау винт» деген өлеңіндегі:

   Жалқау бір винт жасынан,

Жылжып болттың қасынан,

Түсіп қалды қырсығып,

Тоқтасын,-деп,-машинам!.

Оған несін қарасын?!

Бұрап алып жаңасын.

Жүріп кетті машина

Шарлап совхоз даласын.

Жапанда винт тек жатыр,

Жаңбыр-батыр, жел жатыр.

Жарамаған кәдеге

Көк темірді жеп жатыр[4] – деген өлең жолдарынын көпшіліктен

бөлектенбей, қашанда қайырымды болып, басқа біреуге қастандық ойламауға үйрететінін байқаймыз..

Ақынның көптеген өтірік өлеңдері тақырып, таным жаңалығымен ерекшеленеді. Атап айтсақ:

Қақ жарып шоғын жұлдыздың,

Ұшқанын көрдім құндыздың.

Құдықтың суын төктім, төңкердім де,

Теңізді жалдап өттім, жөн көрдім де.

Құлынның мүйізіне мініп аттай,

Бүгін –ақ барып қайттым ертең күнге.

Алдайды деп аптықпа,

Үйір емен дақпыртқа:

Ай қасында түнедім,

Орандым да ақ бұлтқа.

Ұлу озды елікпен жарысқанда,

Тышқан жеңді аюмен алысқанда.

Арбама атты қойып, қоңыз жектім,

Бір емес қатарынан тоғыз жектім[4].

Ақынның тағы бір өнері  —  әнге өлең жазу. Оның 1949 жылдан бастап 300-ге жуық өлеңі ән-әуенге айналыпты. Ол әндердің көбі балаларға арналған: “Мен — баласы даланың”, “Мұғалім ол біздің”, “Менің  атам — майдангер”, “Көктем дала — Алматы”, “Біздің балабақшада”, «Жұлдызым» тағы басқа көптеген өлеңдері.

Көп  еңбектенетінін ақын көп еңбектенуді кімнен, қалай үйренгендігі жайлы өзі былай дейді: «…Дімкәс әке-шешеміз бізге кезекпен үй сыпыртатын, су әкелдіретін. Алты-жеті жаста мал жайлауды үйрендім. Тезек теру, шілік шабу, отын жару — бала шақтағы күнделікті үрдісіміз еді. Ауаны қалай жұтсақ, суды қалай ішсек, бұлар да сондай үйреншікті машық еді, арба жегу, етік жамау, түйме қадау, кір жууды да жатырқаған емеспін, кейде апама болысып, сиыр сауған күндерім де болды… Осының бәрінің өсе келе пайдасы тиді, әсіресе әдебиетте. Солардың бәрі еңбектене білуге, еңбектен ләззат табуға үйретіпті”[5] —  деп есіне алады.

Ақынның еңбекқорлығы жайында Ғафу Қайырбеков: «Мұзафар   Әлімбаев — шынтуайтқа келсек, нағыз ғылымның адамы. Оның ғылымға тән таланты, миының зеректігі, асқан төзімділігі мен мүлде ерінбейтін еңбекқорлығы, уақытының көбін қағаз арасында, кітап ішінде өткізуі — бәрі де оның ғалымдық қасиетін айтып тұрған жоқ па?”» [6]  — деп естелік айтады.

Шәкірт болсаң,

Шоқандардай озық бол,

Оқу-білім бейнетіне төзіп көр.

Ертеңгі істі бүгін ойлап, бейімде,

Бүгінгіңді ысырма тек кейінге.

Қадари-хал талабы бар әркімнің,

Жастан шырқа әнін туған халқыңның.

Кітап құмармен сырлас бол,

Кластастармен мұңдас бол.

Қылқалам, бояу сөйлесін,

Сал туған ауыл бейнесін!

Үлкеннен үйрен,

Кішіге үйрет.

Жаманнан жирен,

Тозғанды күйрет[7], — деп Мұзафар атамыз барлық оқырмандарына арнап өсиет жолдапты.

“Асыға асқаныңда қайқаң белден.

Алдыңнан ауыл шығар ойпаң жерден,

Айна көл ақшыл тартып жатар тымық,

Секілді қымыз құйған жайпақ зерең”[7]. Бұл — ақынның туған жерінің суреті. М.Әлімбайдың  туған өңірі Маралды атырабы да (Павлодар облысы, Шарбақты ауданы) әнші–күйшілердің, ақын-жыраулардың, ертегіші-хикаяшылардың, ділмәр шешендердің думан құрған өнер төріндей болды.  Солардың тәтті сазын, татымды сөзін, тартымды ғибрат-тағылымын қаршадайынан құлағына құйып өсті. Ақынның жастық шақ, есею жылдары, толысу кезеңдері де кілең бір өнегелі ортада, білікті үлкендердің қасында, таланттылардың жанында өтті.

Анасын, балалық шағын: “Әкем   ескіше оқыған, Уфадағы медресе “Ғалияны” бітірген, жәдитше мектепте дәріс берген. Анам Зейнеп те хат таныған. Жарқын мінезді, тілді, тумысынан ақын кісі еді…Әкесіз өткізген жылдарда тапшылық, тіпті жоқшылық тауқыметін талай тартсақ та, асыл ананың арқасында жетімдік көрмейтіндеймін. Қайран ананың жүрек жалыны тірі қалған екі баласын әлпештеуге әкеміздің көзі жоқтағы тұста да мол жетіпті.  Алғаш рет Бұқар жырау, Көтеш, Абай, Сұлтанмахмұт, Иса, Естай, Сәбит Дөнентаев… аттарын да, жырларын да апамнан естідім. Қаншама ертегі, қиссаны апам жатқа айтушы еді. Өзі де жанынан жырлар шығарушы еді. Ақындықтың алғашқы ұрығына аппақ нұр, асыл нәр беретін де ана әлдиі, ана” жыры, ана әңгімесі шығар. Қаламгерлердің қайсысы болса да, анасын ақ сүті үшін де, рухани сусын бергені үшін де ақ жүрегінен алғысын айтып, еске алатыны содан-ау”-[7], деп еске алады ақынның өзі.

Қандай жанның да балалық шағы — болашағының баспалдағы. Кім-кімнің де ат жалын тартып, азамат жасына келгенде қандай адам болмағы, оның балалықтан алған әсер -байлығына көп байланысты. Оның үстіне Мұзафар Әлімбай, негізінен, балалар ақыны. Сол себепті балалар ақынының тағы да балалық шақ әсері туралы естеліктеріне ден қоялық…

“…Мен үйде және интернаттар мен пансионаттарда тәрбиелендім. Үздік оқыдым, қоғамдық жұмысқа белсене араласқан пионер болдым, сурет салуға да құмар-ақ едім, қабырға газеттерін шығару қай мектепте де менің сыбағама тиетін-ді. Көбіне тақпақ оқитынмын. Суфлер будкасынан сыбырлап отырғаным көп баланың қолы жетпес дәреже көрінетін маған.

Павлодар педучилищесі — менің поэтикалық бесігім, журналистік жолымның бастауы. Бірінші жырды  соның қабырғасында жаздым. Сол училищеде оқып жүргенімде тырнақалды туындым облыстық “Қызыл ту” газетінде 1939 жылы 18 маусым күні жарық көрді. Сол жылдары аяулы ұстаздарымнан әдеби ғана емес, адами тәлім алып өстім.Облыстық газет қасындағы әдеби бірлестікке де белсенді мүше болдық, бірақ бірде-бір әдеби кештен қалып көргеміз жоқ. Сөйтіп жүріп, “ақын бала” атана бастадық,” [7]деп еске алады ақын.

Қиын жазған қаныммен де, теріммен

Қимасымды тартып алған өлімнен,

Менің төрт жол отты жолым-төрт жылым

Қызыл бояу, ірі әріппен терілген.

1941 жыл… Соғыс бұрқ етті. Он сегізден жаңа ғана асқан жасөспірім жігіт соғысқа өз еркімен сұранып қанды майданға шеру тартты. М.Әлімбайдың балғын жастығы жойқын жорықтың аласапыран алаңында, көк ала түтіннің ішінде, оқ топанының астында өтті. Жас солдат қиын-қыстау күндерде қару мен қаламды қатар ұстады. Өрт оранып отырып, солдаттың оғындай ұшқыр, қаһарындай кекті алғашқы өлеңдерін жазды. Ақын өлеңдерінде жауға деген жалыны лапылдаған, дауылы бұрқап ұйтқыған өшпенділік жатты. “Ата, батырға да жан керек”, майданда қорыққан оқиғаларыңыздың еске түскенін айтып беріңізші” деген журналистің сұрағына, атамыз былай жауап беріпті: “Бұл сонау алыстағы сұрапыл жылдарда болып еді…Ұрысқа түнде кірдік. Аға лейтенант Чернов екекуіміз артта қалып қойыппыз. Сөйтсек, немістердің шегінгенде қалып қалған бір артиллерия батареясының дәл тұмсығының астынан шығыппыз. Енді сәл жүрсек не тірідей, не “басқаша” қолға түседі екенбіз. Орманды тасалап зытып бердік. Олар да оқты жаудырып берді. Әйтеуір, тигізе алмады. Сонда қорықтым”[9],- деп сөзін аяқтапты Мұзафар атамыз. Майданнан жеті жарым жыл өткен соң офицер — танкист атанып туған үйіне  оралады.  Бір кездегі балаң жігіт жай ғана оралмай, уақытты бағалауды, өмірді қадірлеуді, Отанды қастерлеуді үйреніп қайтады.

         1948-1956 жылдар аралығында “Пионер” журналының поэзия бөлімін басқарып, өлеңсүйгіш жасөспірімдердің талап-тұлпарын қамшылап, қамқорлады. 1956-1958 жылдарда “Қазақ әдебиеті” газетінде басшылық бедерін қалдырады.

Ұстаздыққа бейім әрі балажанды мінез  қазақтың жас жеткіншектерінің тілін сындырып-ұстартатын, туған тілімізге деген құрмет-құштарлығын арттыратын тәрбиелік бір басылым — құрал керегі туралы іштей ойлап, толғанып жүретін. Арманына 1958 жылы қолы жетті, шуақты шілдеде дүниеге келген «Балдырған» балалар журналы республика бүлдіршіндерінің – бірнеше буын ұрпақ өкілдері балалық шағының базары мен ажарына, киелі сөз өнері бастауларына баулитын байыпты — ұқыпты бағбанына, адамдық әліппесінің ережелеріне үйрететін үлкен мектепке айналды. «Балдырған» басылымының өзгелерге ойыншықтай оңай көрінетін ауыр жүгін жазушы Мұзафар Әлімбай ширек ғасырдан астам уақыт арқалады. 1958-1986 жылдар аралығында журналға тапжылмастан редакторлық етті.

Соғыстан кешігіп келген солдат әдебиеттің бейбіт майданына да кешігіп кірді. Алғашқы кітабы 29 жасында жарық көрді, құралыптас-құрдастарының бірқатары баяғыда-ақ бірді-екілі кітаптардың авторы болып үлгерген-ді. Алайда аз ұйықтап, азапты көбірек шексең, қалам сыбағасын толтыруға әбден болады екен. Бүгінде әдебиеттің әр түрлі жанрындағы (поэзия, әдеби зерттеу, фолклортану, халық тағылымы, эссе, очерк, естелік, ән өлеңдері) 50 төл туындының авторы. Абай атындағы мемлекеттік сыйлығын 1984 жылы «Аспандағы әпке» атты балалар жинағы үшін алды.

М.Әлімбайдың “Ана” деген тұңғыш өлеңі 1939 жылы облыстық “Қызыл ту” газетінде басылды. Ал алғашқы кітабы “Қарағанды жырлары” деген атпен 1952 жылы жарық көрді. Одан кейінгі лирикалық және азаматтық әуенге жазылған «Құрбыма” (1954), “Лирика”, “Жолдар жырлар”, “Жүрек лүпілі”, “Өшпес от” жинақтары шықты. “Менің Қазақстаным”, “Құрбымның күнделігі”, “Естай — Қорлан” лиро-эпикалық поэмалары – осы жанрды дамытуға қосылған елеулі туынды.

Мұзафар Әлімбай поэтикасының үш тағанды тірегі іспетті «Естай-Хорлан» ғашықнамасы, «Ту тіккен» және «Құрыш қазақ» ерлік – қаһармандық дастандары дүниеге келген тұсында   қазақ поэзиясының ортақ жаңалық-жеңісі болды[10].

«…Нақтылық, ойлылық, жинақылық — Мұзафар өлеңдерінің ең басты қасиеттерінің бірі.

Мұзафар — біздің із-өкшемізді басып келе жатқандардың ішіндегі ең бір ірі ақын. Оның өзіндік беті бар, қолтаңбасы бар. Әрбір өлеңін жарыққа шығарарда әрбір сөзі үшін күресетін, өзіне-өзі сыншылық жасайтын сарабдал ақын.

Лирик ақын Мұзафар Әлімбаев өлеңдерінен заманның эпикалық зор тынысы, мол құлашы сезіледі» [11] —  дейді  Сырбай Мәуленов.

Мұзафар Әлімбаев ақындық бақыты туралы айтқанда оның қазақ балалар әдебиетіне сіңірген еңбегіне тоқталу шарт. Ұзына тарихы қырық жылға жуықтаған «Балдырған» журналын Мұзафар Әлімбаев қолымен құрып, 25 жыл бас редактор ретінде басқаруы қазақ балалар әдебиеті үшін ырыс-құт болды. «Балдырған» журналы арқылы дүниежүзі балалар әдебиетіндегі бар дәстүрлер мен эксперименттер қазақ топырағына ағытылды. Қазақ топырағында бойындағы бар жұпарын балаларға арнайтын шын мәніндегі балалар қаламгері «Балдырған» арқылы қалыптасты.

Қорыта айтқанда М. Әлімбаев қазақ балалар әдебиетінің қатардағы қаламгері ғана емес. Ақын, прозашы, аудармашы, сыншы, жинақшы, ұйымдастырушы. Әдебиетте талант бейімі болмай, ештеңе де өнбейді, әдебиет зорлықпен жасалмайды. Мұзағаңның да балалар поэзиясына туа бітті бейімі болғаны анық. М.Әлімбаев қазақ балалар әдебиетін дамытуға көп еңбек сіңірді. «Менің ойыншығым», «Отпен ойнама», «Орақ — олақ», «Шынықсаң — шымыр боларсың» тағы басқа кітаптары қазақ балалар әдебиетіне қосылған елеулі үлес болды. «Аспандағы әпке» жинағы үшін Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы берілген. М.Әлімбаев мақал — мәтелдерді жинау, зерттеу, басқа халықтар мақалдарын қазақ тіліне аудару жұмыстарымен де айналысып келеді. «666 мақал мен мәтел», «Мақал — сөздің мәйегі», «Өрнекті сөз — ортақ қазына», т.б. жинақтар мен зерттеу еңбектері бар. Сын — зерттеу саласында еңбектері жарық көрді. Әлем әдебиетінің кейбір үздік шығармаларын қазақ тіліне аударды. Жазушының өлеңдері 38 тілге аударылған[11].

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Елшібек Ж. «Ерекше туынды» Жыр шашу: Ақын Мұзафар Әлімбаев туралы // Ұлан.-1993.-25 мамыр.- Б.8
  2. Әлімбай М.2 томнан тұратын таңдамалы шығармалар жинағы “Санат” 1997 ж
  3. Сарбалаев Б. Бүлдіршін күнмен бір күлсін: [Балалар ақыны М.Әлімбаев туралы] // Сарбалаев Б. Өткірдің жүзі.-Алматы: Жазушы, 1992.- Б. 176-188
  4. Әлімбаев М. Балдәурен, шіркін, балалық: Өлеңдер, әндер, аңыздар, ертегілер, дастандар.-Алматы: Жазушы, 1973.-376 б.
  5. Садыр Б. Мұзағаң асқан Мұзарттар: [Қазақстанның халық жазушысы, Қаз. Мемл. Сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын М.Әлімбаев туралы] // Егем. Қазақстан.-1998.-7 қараша.- Б.4
  6. Қыдырбеков Ғ. Сарабдал сөз сардары. — Егем. Қазақстан.-1993.-29 қазан.- Б.5
  7. Әлімбаев М. Таңдамалы: 2 томдық.- Алматы: Жазушы.-367 б.
  8. Әлімбай М. Айтары барды аузынан қақпас болар: [Жазушымен сұхбат. Әңг. Н.Жұмаханұлы] // Қазақ әдебиеті.-2001.- 23 наурыз.- 7 б.
  9. Достықтың төл перзенті — ұлы жеңіс!: [Майдангер, сөз өнерінің майталман ұстазы, қазақтың біртуар перзенті Мұзафар Әлімбаймен әңгіме] // Жас алаш.- 1999.- 8 мамыр.- Б. 3
  10. Ахметов Ш. Мұзафар Әлімбаев.- Кітапта: Ахметов Ш. Қазақ Совет балалар әдебиеті: Жоғары оқу орындары мен педучилище студенттеріне арналған оқу құралы.–Алматы: Мектеп, 1976.- Б.210-215
  11. Мәуленов С. Талғам таразысы: [Ақын М.Әлімбаев туралы] // Мәуленов С. Сыр мен жыр.- Алматы: Жалын, 1991.- Б. 221-230

 

Тәжмұхаметова Айсәуле Аманғалиқызы,
Ш.Қ.О. Семей қаласы Абай ауданы
Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті,
гуманитарлық факультетінің ІІ курс магистранты

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.