Home » Мақалалар » Әскери эстафета жастарды шыңдайды

Әскери эстафета жастарды шыңдайды

Өскелең ұрпақтың бойына бауырмалдық пен адамгершілікті, отансүйгіштік пен ауызбіршілікті сіңіру мен үйретуде әскери шаралардың маңызы ерекше. Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің дене тәрбиесі және эстетика әдістемелік бірлестігінің күнтізбелік жоспарына сәйкес, 8-11 жоғары сынып оқушылары арасында қалалық әскери эстафета өтті. Еліміздегі 1 мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күні мен 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне арналған шараға Зияткерлік мектептің екі командасынан бөлек №21, 26, 34 білім мекемелері, «Батыр» әскери – патриоттық клубының тәрбиеленушілері қатысты
Әскери эстафетаға төрелік ету үшін қонақ ретінде қаламыздағы алғашқы әскери дайындық орталығының бастығы, майор Бекен Үкібасов пен тәжік –ауған шекарасындағы қақтығыстардың ардагері Есенғали Оразбаев шақырылды.
Команда құрамы 6 оқушыдан бекітіліп, оған 3 ер, 3 қыз баладан алынды. Эстафета жер бауырлап жүру, Калашников автоматын жартылай шашып-жинау, автомат магазинін оққа толтырып, бұзу, пневматикалық мылтықтан оқ ату, гранатаны нысанаға дәл тигізу және газға қарсы тұмылдырықты кию сынды кедергілерге толы 6 кезеңнен тұрды.
Жарыс өте тартысқа толы өтті. Соның ішінде қыздардың ер балалардан қалыспай, бір сапта көрінуі эстафетаны тамашалаушы төменгі сынып оқушыларына ерекше әсер сыйлағаны сөзсіз. Өз мектебінің командаларына үздіксіз қолдау білдірген жанкүйерлерге арқа сүйеген болашақ сарбаздар намысқа тырысып, «жүзден жүйрік» шығуға бар күштерін салды. Жарыс қорытындысы бойынша өзгелерден оқ бойы озып шыққан Семей қаласындағы физика –математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы бірінші орынды жеңіп алып, Кубокты иеленді. Жүлделі 2 – ші орын №26 орта мектебіне бұйырса, 3-ші орын №34 орта мектептің қанжығасында кетті. Жүлдегерлер мақтау қағаздарымен медальдармен марапатталды.
Сан ұлтты еліміздің тыныштығы ауызбіршілікте сақталумен бірге замануаи үлгіде қаруланған, білімді де білікті, рухани –физикалық дайындығы мығым әскерилерімізге тікелей байланысты. Болашақ отан қорғаушыларымызды жауапты да ауыр борышқа осы бастан әзірлеуіміз керек. Ол үшін мектеп бағдарламасындағы пән сабақтарынан бөлек, осындай шараларды жиі өткізіп тұрғанның пайдасы мол. Бүгінгі эстафета соны көрсетті. Ел бірлігі бекем болып, әскерлеріміздің әлеуеті арта берсін, -деді қалалық алғашқы әскери дайындық орталығының бастығы, майор Бекен Үкібасов.
Эстафетаның берері мол екендігіне көз жеткізген ұйымдастырушылар оның өміршең болуы үшін бірлесе жұмыс атқаруға уағдаласты.

Қуаныш Мұхамадиев,
Семей қаласындағы физика – математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің АӘД пәні мұғалімі

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.