Козбеков Бауржан Араппаевич,
№10 Күреңбел орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, тарих пәні мұғалімі
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз ұлттың тарихи санасын қалыптастыру жұмысын жалғастыруымыз керек… Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық…» [1], — деп атап өткен болатын. «Мәңгілік Ел» ұлтына, ата-тегіне, дініне және басқа да ерекшеліктеріне қарамастан барша Қазақстан азаматтарын біріктіріп, ортақ мақсатқа жұмылдыратын идея.
Осымен байланысты «Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында Елбасы «Мәңгілік Қазақстан» жобасын ұсынып, «Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан!… Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы» [2], — деп тұжырымдап, мәңгілік ел идеясы – қазақстандық патриотизмнің түпқазығы болып табылады деді. Сонымен қатар, Президент аталған халыққа Жолдауында Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыру жолында басты назар аударатын төмендегідей жеті іргелі мәселеге тоқталып өтті:
«Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы.
Екіншіден, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім.
Үшіншіден, бұл – зайырлы қоғам және жоғары руханият.
Төртіншіден, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім.
Бесіншіден, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы.
Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы.
Жетіншіден, бұл – еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы» [2]. Бүгінгі таңда осы құндылықтар еліміздегі жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізі болып табылады. Әрі бұл құндылықтар жастарға этнопедагогикалық негізде білім беріп, патриоттыққа тәрбиелеу ісіне нұсқау әрі оның қажеттілігін айқындайтын бағдарлама болып табылады.
Ал, «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент Н.Ә.Назарбаев: «2015 жыл – ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы. Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын атап өтеміз. Осынау тарихи белестер Жаңа Қазақстандық Патриотизмді ұрпақ жадына сіңіруде айрықша рөлге ие. Біз 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жарияладық. Елдің тұтастығы мен бірлігі, татулығы мен тыныштығы ең басты назарда» [3], — деп 2015 жыл – ұлттық тарихымыздың ұлықталатын жылы екенін еске салды. Жолдаудағы бұл тұжырым патриоттық тәрбие жүйесін нысаналы дамыту арқылы жас ұрпақтың бойындағы жоғары патриоттық сананы қалыптастыруды, өз елі үшін мақтаныш сезімін оятып, Отанның мүдделерін қорғау жөніндегі азаматтың борышы мен конституциялық міндеттерін орындауға деген дайындығын тәрбиелеу мақсатын алға қояды.
Осыған орай мемлекеттің өзекті мәселелерінің бірі өскелең ұрпақтың пат¬риоттық рухын көтеру болып табылады. Қазақстандық әрбір жастың бойында азаматтық, отаншылдық, іскерлік, жауапкершілік қасиеттерді қалыптастыру үшін нәтижелі патриоттық тәрбиені жүзеге асыру қажет. Патриоттық тəрбие – бұл ғаламдану заманында ұрпақ тәрбиелеудегі әлемдегі әр мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Патриоттық тəрбие – бұл мінез-құлықтың моральдық-еріктік сипаты (шешім, ниет, мотивация) мен азаматтың бағытталған іс-әрекеттерінің (іс-әрекет пен мінез-құлық, дағдылар мен әдеттер), патриоттық сана-сезімнің (білім, көзқарас, пікірлер, баға, армандар) қалыптасуы [4]. Қазақстан қоғамында патриоттық тəрбие деген ұғым — Отанға деген, өзінің халқына деген махаббат, адалдық, азаматтық жəне қоғам игілігі үшін қызмет ету деген сияқты түсініктер ретінде қалыптасқан. Бұл ретте жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді орнықтыруда Президент Жолдауында айрықша басымдық берілген жаңа қазақстандық патриотизмді дамыту мәселесінің орны ерекше. Жолдау барысында «жаңа қазақстандық патриотизм – біздің көпұлтты және көпконфессиялы қоғамымыз табысының негізі болуы тиіс» [1] деп мәлімдеген Елбасы: «Қазақстан патриотизмінің іргетасы – барлық азаматтардың тең құқылығы және олардың Отан намысы алдындағы жалпы жауапкершілігі. Өз бойымызда және балаларымыздың бойында жаңа қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуіміз керек. Бұл ең алдымен елге және оның игіліктеріне деген мақтаныш сезімін ұялатады», — деп атап көрсетті. Осы орайда Президент «Бірақ бүгінде қалыптасқан мемлекеттің жаңа даму кезеңінде бұл түсініктің өзі жеткіліксіз. Біз бұл мәселеге прагматикалық тұрғыдан қарауымыз керек.
Егер мемлекет әр азаматтың өмір сапасына, қауіпсіздігіне, тең мүмкіндіктеріне және болашағына кепілдік беретін болса, біз елімізді сүйеміз, онымен мақтанамыз. Осындай тәсіл ғана патриотизмді және оны тәрбиелеу мәселесіне прагматикалық және шынайы көзқарасты оятады» [1], — деген пайымдама жасады.
Қазақстандық патриотизмді қоғамдағы өскелең ұрпақтың сана-сезіміне сіңіру мен оны әрі қарай дамыту ісінде қазақ халқына үлкен жауапкершілік жүктеледі. Себебі, қазақ ұлты республикадағы барлық ұлт өкілдерін топтастыратын, Қазақстан азаматтарының бәріне ортақ ділді қалыптастыруға мұрындық болатын жетекші ұлт болып саналады. Қазақ ұлты әр қазақстандықтың «мен – Қазақстан Республикасынанмын», «мен –қазақстандықпын» деген қасиетті сөздерді мақтаныш сезімімен айтуына тек жоғары деңгейдегі білім, адамшылық, ақыл-ой дәрежесімен, іскерлікпен, сондай-ақ, жан-жақты мәдени қатынас жасаудың арқасында қол жеткізе алады. Сондықтан еліміздің әрбір азаматының өз Отанына деген патриоттық сезімі мынадай принциптерге сүйенуі тиіс:
— өз ұлтын, ана тілін, дінін, туған жерін жанындай сүйетін, қорғай білетін;
— өз ұлтын әлемге танытатын;
— өз халқына деген отансүйгіштігі, бауырмалдығы жоғары;
— отандық өнімдерді, ұлттық тағамдарды әрқашан тұтынатын;
— өз елінің салт-дәстүрлерін қастерлейтін және үнемі насихаттайтын;
— мемлекеттік рәміздерді қасиет тұтатын және қорғай білетін;
— отансүйгіштік ой-санасы жетілген, ары таза;
— батыр-билеріміздің ерлігін, үлгі-өсиетін өнеге тұтатын болуы керек.
Сондықтан қазақстандық патриотизмді дамыту ісі «қазақстандық патриотизмді орнатамыз» деген ұранға айналмай, табиғи және еркін түрде жүргізілгені жөн. Бұл ретте «…Патриотизмді, әсіресе жастардың арасында, біздің балалардың бойында барша қоғамның ортақ күш-қуатымен қалыптастыру керек. …Өз Отаныңның патриоты болу – бұл Қазақстанды өз жүрегіңде ұялату», — деген терең мәнді тұжырымға сүйенудің маңызы зор [5]. Ең алдымен оның мықты ұлттық, рухани, адамгершілік, құқықтық, саяси негіздерін орнықтыру шарасы қолға алынса дұрыс болады.
Демек, қазақстандық патриотизм елімізді мекендеген бүкіл ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәріне қатысты дүние. Ешкімді де елін, Отанын зорлықпен, күштеп не үгіттеп сүйгізе алмайсың. Елін сүю — әркімнің жеке ісі, өз арының ісі.
Отансүйгіштік сезімі әр адамның бойында туғанынан пайда болатын қасиет емес. Ол адамның саналы өмірімен қабаттас қалыптасатын психологиялық, саяси -әлеуметтік құбылыс. Өмірге келген сәбидің бойында ең алдымен анасына, өз отбасына, үйіне, туған жеріне деген жылы сезім бастау алатыны белгілі. Осы бауырмалдық сезім адам есейген сайын біртіндеп ұлт, халық, әлеумет, мемлекет деңгейіне дейін көтеріліп, оның бүкіл ғұмырында жалғасын табары анық. «Бұл сезім әркімде әр кезеңде (яғни, әр түрлі жаста) оянып, кейін кәмелетке келгенде біржола буыны қатып, тәжірибемен, жаспен, уақытпен, біліммен, қоршаған ортаның ықпалымен, мемлекеттік және қоғамдық социологиялық институттардың (балабақша, отбасы, мектеп, жоғары оқу орындары, бұқаралық ақпарат құралдары, қоғамдық ұйымдар, әр түрлі саяси ұйымдар мен қозғалыстар) әсерімен қалыптасады», — деп көрсетеді философ-ғалым Ә.Қалмырзаев. Осылайша, Отанды сүю — әр адамның бойында біртіндеп қалыптасатын құдіретті сезім.
Сондықтан жастардың санасына патриоттық сезімді сіңіру мәселесі адамзат тарихының өн бойындағы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы мақсат болып саналады. Аталған мақсатты іс-шаралар ауқымын жүзеге асыру сатылы түрде, яғни, отбасында («Отан отбасынан басталады» деген халық даналығына сәйкес), балалар бақшасында, білім беру мекемелерінде, еңбек ұжымдарында, қоғамдық ұйымдарда үзбей жүргізілуі тиіс. Әр өскелең жасқа ес білген кезінен бастап өз мемлекетінің төл ерекшеліктері мен рәміздері, рухани құндылықтары мен нышандары жайында айтылып, түсіндірілгені ләзім. Сондай-ақ, Мәңгілік Ел идеясы – патриотизмнің, отансүйгіштіктің қайнар бұлағы болуы үшін үнемі баспасөз құралдары мен теледидар, радио хабарламалары арқылы насихатталып, оның мән-маңызы тұжырымдалып берілуі қажет. Міне, сонда ғана қазақстандық қоғамдағы әрбір жас адамның бойында өз мемлекетіне деген мақтаныш сезімі, патриоттық көзқарасы мен нанымы қалыптасатыны анық.
Осы орайда халқымыздың бойындағы патриоттық құндылықты жас ұрпақтың санасына сіңірудің мәні ерекше. Мәселен, көне түркі заманынан бастау алған патриоттық құндылық Күлтегін жазбаларында былайша суреттеледі: «Елтеріс қағанның алғырлығы, еліне деген сүйіспеншілігі Күлтегіннің қанына ана сүтімен сіңді». Сол сияқты жастарды отан¬сүй¬гіш¬тік¬ке бау¬лу¬да баға жетпес құ¬рал – батырлардың қаһармандық бейнесі және оның қазақ ауыз әдебиетінде, тарихында, көркем шы¬ғармаларда сомдалуы болып та¬бы¬лады десек еш қателеспейміз. Одан қазақ батыр¬ла¬ры¬ның бойындағы елдік қасиет¬тер¬дің жиынтығы да, азамат¬қа тән адам¬гершілік болмысы да, «сегіз қыр¬лы, бір сырлылық» та, шешенге тән алымдылық та, данаға тән білгір¬лік те, биге тән көсемдік те, әулие¬ге тән көрегендік те табылады. Сөзіміз дәлелді болу үшін қазақ халқының өз елін шапқыншылықтан қорғауда ерлігі аңыз болып өлең-жырға қосылған Қобыланды, Алпамыс, Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Қосай, Қамбар, Ағыбай, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Баян, Қарқабат, Сұраншы, Саурық, Сырым, Исатай, Махамбет және т.б. сияқты батырлардың ерлігі мен олар жайындағы жырлар қазақтың елін, жерін, Отанын сүюуінің негізі болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда Ер Төс¬тік¬тің қаһармандығын, Бекет ата¬ның бойындағы әулиелігін, Исатай батырдың ел бастаған билігін, Сырым батырдың шешендігін және т.б. ерекше атап көрсетуге болады.
Өз заманында білімді де жетелі, халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүр, рәміздерін, ата жолы заңдарын мейлінше мол меңгерген, озық ойлы, әділ де көреген, батыл да батыр адам болған Қаз дауысты Қазбек бидің қайраткерлік қызметі мен шешендік өнерінің де бүгінгі өскелең ұрпақты отансүйгіштіккке тәрбиелеуде маңызы зор.
Алғаш рет қалмақ қоңтайшысы Цэван Рабданға барғанында Қаз дауысты Қазбек би 14 жаста екен. Қылышынан қан тамған қаһарлы қалмақ ханының алдында қазақ билері жасқаншақтық танытып, күмілжіңкіреп қалған сәтте жасөспірім Қазыбек: «Дат, тақсыр!» деп жұлқынып алға шығады да:«Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәмі, тұзын ақтай білген елміз, асқақтаған хан болса, хан ордасын таптай білген елміз. Атадан ұл туса, құл боламын деп тумайды, анадан қыз туса, күң боламын деп тумайды. Ұл мен қызды қаматып отыра алмайтын елміз. Сен қалмақ болсаң, біз қазақ, қарпысқалы келгенбіз, сен темір болсаң, біз көмір, еріткелі келгенбіз, қазақ, қалмақ баласы табысқалы келгенбіз; танымайтын жат елге танысқалы келгенбіз, танысуға келмесең, шабысқалы келгенбіз; сен Қабылан болсаң, мен арыстан, алысқалы келгенбіз; жаңа үйреткен жас тұлпар жарысқалы келгенбіз; тұтқыр сары желіммен, жабысқалы келгенбіз; берсең жөндеп бітіміңді айт, бермесең дірілдемей жөніңді айт, не тұрысатын жеріңді айт!» — депті.
Жас баланың бұл сөздерінен бас алыспақ батырлықты да, ынтымаққа шақырған ізгілікті де аңғарған қалмақ ханы әділдікке жығылып, өжеттігі мен шешендігіне риза болып: «Дауысың қаздың дауысындай екен, бұдан былай сенің есімің Қаз дауысты Қазыбек болсын», – деген екен. Соның арқасында елшілік жау қолындағы 90 тұтқынды шабылған мал, тоналған мүлігімен шашау шығармай қайтарып алып, елге олжалы оралған екен. Қазыбек бұдан кейін де жоңғарларға екі рет елшілікке барып, ел намысына дақ түсірмей, көздеген мақсатын орындап қайтқан [6].
Еліміздің тарихында қазақ халқының батыр ұлы Бауыржан Момышұлының өнегелі өмірі мен шығармашылығы бір төбе. Батырдың ерлікке, патриоттық, сезімге толы «Офицердің күнделігі» (1952), «Бір түннің тарихы» (1954, орыс тілінде), «Офицер жазбалары» (1962), «Артымызда Москва» (1963), «Генерал Панфилов» (1965), «Куба әсерлері» (1969) «Жоңарқа» екі томдық шығармалар жинағы (1969), «Адам қайраты» (1981), «Соғыс психологиясы» (1996), «Қанмен жазылған кітап» (1991), «Ұшқан ұя» және т.б. кітаптарды жазғаны белгілі. Б.Момышұлы өз шығармалары арқылы халықты ерлікке, патриотизмге тәрбиелеп, жан жарасын жазуда өнер мен әдебиеттің, музыка мен көркемөнердің құдіретінің маңызын, олардың өмір үшін күресте рухани күшті құралдар болғанын соғыс эпизодтарынан нақты мысалдар келтіре отырып баяндаған.
Жазушының көптеген еңбектерінің ішінен «Соғыс психологиясы» атты шығармасын ерекше атап өтеміз. Өйткені, мұнда Б.Момышұлы «патриотизм – Отанға деген сүйіспеншілік. Жеке адамның аман-саулығы, қоғамдық, мемлекеттік қауіпсіз¬дікке тікелей байланыстылығын, өзіңнің мемлекетке тәуелді екеніңді сезіну, мемлекетті нығай¬ту дегеніміз жеке адамды күшейту екенін мойындау; қысқасын айтқанда, патриотизм дегеніміз мемлекет деген ұғымды оны жеке адамның барлық жағынан өткені мен бүгінгі күнімен және болашағымен қарым-қатынасын біріктіреді», — деп патриотизм хақындағы өрелі пікірін тұжырымдап көрсеткен.
Сонымен қатар, қаһар¬ман жазушы еңбектерінде «ұлттық патриотизм», «қазақстан¬дық патриотизм» ұғымдарына философиялық анықтама беріп, «ұлттық патриотизм – бұл ұлттың ішіндегі жеке адамның асыл белгісі мен қасиеті – өз халқына деген сүйіспен¬шілігі, өз халқымен қан жағынан да және шыққан тегі, террито¬риясы, тілі, тұрмыс-тіршілігі, мінез-құлқы, психологиялық және этнографиялық ерекшеліктері, қалыптас¬қан тарихи дәстүрлері жағынан да әбден айқын, әрі дербес басқа қасиеттері және ерекшеліктерімен де байланысты», — деген пайымдама жасаған. Осы орайда Б.Момышұлы көрсеткен рухани ерекшеліктерді сақтау ұлттық патриотизмнің критерийі болып табылады. Жаңа қалыптасып келе жатқан тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы – жас азаматтарды қазақстандық патриотизмге тәрбиелеуде, міне, осылар оның негізгі ұғымдарын құрауы керек. Айта кететін маңызды жайт, Б.Момышұлы айтып отырған белгілердің саяси негізі жастардың патриоттық сана-сезімін қалыптастырудың, патриоттық іс-әрекетін ұйымдастырудың, олардың мінез-құлқына патриоттық сипат берудің және отандық оқу-ағарту мен тәрбие ісінің өзегі болуы керек.
Сондай-ақ, Бауыржан Момышұлы артына жетпіске жуық мақал- мәтелдер қалдырған. Ол «Ердің туы – намыс», «Ерлік білекте емес, жүректе», «Ерлік — елдің қасиеті, жүректілік — жігіттің қасиеті», «Отанда опасызға орын жоқ», «Тізе бүгіп тірі жүргеннен, тік тұрып өлген артық», «Ежелден ер тілегі – ел тілегі. Адал ұл ер боп туса – ел тірегі», «Тәртіпке бас иген құл болмайды, Тәртіпсіз ер болмайды» және т.б. мақал-мәтелдерінде кейінгі ұрпақты Отанды сүюге, адалдыққа, тәртіпке шақырады.
Осылайша, Бауыржан Момышұлының ерлік істері мен оның соғыс қимылдары жөнінде жазып қалдырған еңбектері мен естеліктері, халық арасында «Бауыржан айтқан екен» деген әңгімелері кейінгі ұрпаққа, өз еліне деген сүйіспеншілік пен махаббаттың, ерлік пен елдіктің үлгісі болып қалды. Өз кезегінде әр өскелең жастың бойына ата-ананы сүю, Отанға деген сүйіспеншілік сезімін егуде қиын-қыстау шақта Отанын жаудан қорғаған батырлардың қаһармандық ерлік істерін насихаттаудың маңызы зор.