Home » Баяндамалар » Жалпы білім беретін мектеп жағдайында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметін ұйымдастыру

Жалпы білім беретін мектеп жағдайында психологиялық-педагогикалық қолдау қызметін ұйымдастыру

Білім беруді дамыту саласындағы мемлекеттің басты міндеттерінің біріне әрбір балаға сапалы білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады. Даму мүмкіндігі шектеулі балалардың сапалы білім алу құқықтары Қазақстан Республикасының Конституциясында, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы», «Білім туралы», «Кемтар балаларды әлеуметтік-медициналық және педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы», «Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы» туралы Заңдарында қарастырылып, бекітілген.
Қазіргі таңда психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінсіз инклюзивті білім беруді жүзеге асыру мүмкін емес. Психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі – оқу-тәрбие үдерісінде әр баланың мүмкіндігі мен қажеттілігін ескере отырып, әртүрлі мамандардың жүйелі ұйымдасқан әлеуметтік, психологиялық, педагогикалық көмек көрсетуі.
Жалпы білім беретін мектептерде мүмкіндігі шектеулі балаларды психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мектептің педагогтер ұжымымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасайды. Мектептегі психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі мектеп басшысының бұйрығымен құрылады. Қолдау қызметінің құрамына мектеп директоры, оқу-тәрбие жұмысы бойынша директордың орынбасары, логопед мұғалім, педагог-психолог, дефектолог мұғалім, әлеуметтік педагог, ЕДШ нұсқаушысы және т.б. кіреді. Бұл жағдайда мектеп директоры оқу-тәрбие үдерісін ғана емес, сонымен бірге психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің жұмысын да басқарып, бақылауға міндетті.
Директордың оқу жұмысы жөніндегі орынбасары арнайы мамандардың жұмысын ұйымдастыру, оқушыны психологиялық-педагогикалық қолдаудың жеке бағдарламасын әзірлеу және жетілдіруге бағытталған түрлі іс-шараларды жүргізуге міндетті.
Директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары сыныптан тыс уақытта арнайы және әдеттегі сынып оқушыларын біріктіруге қатысты жауапкершілікті өзіне алуға міндетті. Мектептің педагогикалық кеңес құрамына психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің мамандары да кіруі қажет. Қолдау мамандары мектеп мұғалімдеріне мүмкіндігі шектеулі оқушылардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері, оқушылар арасындағы сабаққа үлгермеушіліктің себептері мен алдын алу жолдары, үлгерімі төмен оқушылармен жүргізілетін педагогикалық жұмыстар, оқушыларға жеке дара ықпал етудің әдіс-тәсілдері туралы мағлұматтар береді.
Психологиялық-педагогикалық қолдау қызметінің құрамындағы логопед мұғалім тізімге алынған оқушылардың ауызша сөйлеу тілі (дыбыс айту, сөздік қоры, байланыстырып сөйлеу тілі) мен жазбаша сөйлеу тіліндегі (оқу және жазу дағдылары) кемшіліктерді түзету, алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады. Дефектолог мұғалім тізімге алынған оқушылардың танымдық үдерісі мен оқу бағдарламасын табысты меңгеруіне бағытталған түзете-дамыту жұмыстарын жүргізсе, педагог-психолог оқушыларды әлеуметтік бейімдеу, әлеуметтендіру және танымдық үдерістерін түзете-дамыту, тұлғалық қасиеттерін дамытуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырады.
Балаларды психологиялық-педагогикалық қолдауды қамтамасыз ететін дефектолог мұғалім, педагог-психолог, логопед мұғалімнің және басқа да мамандардың кабинеттері түзете-дамыту құралдарымен, оқыту құралдарымен (оның ішінде техникалық), арнайы оқу-әдістемелік және дидактикалық әдебиеттермен жабдықталуы керек.
Қорыта келе, инклюзивті білім беру табысты іске асырылуы үшін жалпы білім беретін мектептерде психологиялық-педагогикалық қолдау қызметі тиімді ұйымдастырылып, басшылық тарапынан бақыланып, қолдау мамандары бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс жасауы тиіс.

Жунусова Жанар Азатбекқызы,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы
Алматы облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты,
«Мұғалімнің кәсіби дамуын психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қолдау»
кафедрасының аға оқытушысы

Сіз не дейсіз оқырман?

Е-мэйлыңыз жарияланбайды.